• Мәдениет
  • 29 Сәуір, 2021

БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. «Ырыс қайда барасың, Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөзді ту еткен халқымыз береке-бірлік пен ынтымақтың арқасында талай қиындықты еңсеріп, жеңісті жолмен жүріп келеді. 
«Кең болсаң, кем болмайсың» қағидасымен ашаршылық  жылдарында өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, қолындағы бір үзім нанын бөліп берген ата-бабамыздың көрегендігі еліміздегі татулық пен ауызбіршіліктің символы еді. Қиын-қыстау кезеңдегі қазақтың жанашырлығы мен бауырмалдығын бүгінгі ұрпақ әсте ұмытпас. 
Бүгінде бір шаңырақ астына жиналған ұлт пен ұлыс өкілдеріне қамқорлық ерекше. Олардың салт-дәстүрінің сақталуына, мәдениеті мен әдебиетін дамытуына, тілінің жетілуіне барынша жағдай жасалып келеді. Әр ұлттың өз тілінде оқытатын мектебі бар. Бұдан бөлек, кәсіби мәдени орталығы, газет-журналы және т.б. деректі көптеп келтіруге болады.   
Мереке қарсаңында біз тарихшы-саясаттанушы ғалымдардан, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен пікір алған едік. Төменде назарларыңызға ұсынамыз. 

ТІЛ – ТАТУЛЫҚ  ТІРЕГІ

Берекет Кәрібаев, 
ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор:

Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі – елдің саяси экономикалық тұрақтылығының негізгі факторы дейміз. Сәл әріден бастасақ, 1 мамыр елімізде 1996 жылдан бері Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде аталып келе жатыр. Бұл жайдан-жай аталатын мереке емес. Бұрын кеңес­тік кезеңде 1 май – еңбек мейрамы, бейбітшілік мейрамы деп аталып өтілетін. Ұлтаралық қатынас тілі болып орыс тілі саналатын.
Ал тәуелсіздік алар қарсаңда қазақ халқының үлес салмағы Қазақстан халқының жартысына жуықтады. Осындай жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан Республикасы ең алдымен, еліміздегі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық тыныштықты қалыптастыруды алдына мақсат етіп қойды. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттің саясаты керек болды. Сол мақсатта 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп аталды. Ол дұрыс, дегенмен, отыз жылдың ішінде Қазақстан көп өзгерді. 
Біріншіден, Қазақстанда қазақ халқының үлес салмағы 70 пайыздан асты. Демек, бұрынғы қалыптасқан жағдайға байланысты саясатқа да өзгеріс керек. Мерекенің мәнін сақтай отыра, оның мазмұны өзгерісті қажет етіп отыр. Енді Қазақстанда ұлтаралық қатынас тілі – қазақ тілі болуы тиіс. Қазақстандағы ынтымақ пен татулықтың, береке-бірліктің алғашқы кілті осында жатыр. Екіншіден, Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері, ұлт өкілдері бар, олар өзге тілдерде сөйлейді. Олардың діні мен тілдеріне нұқсан келтірмей, қазақ тілін меңгеруді қажеттілік деп түсіндіру қажет.
Сондай-ақ елімізде қоғамдық қатынас­тардың тереңдеуіне байланысты бізде әлеуметтік теңсіздік күн сайын белең алып барады. Осыған байланысты мемлекеттің ішкі саясатының басты мақсаты, бүкіл Қазақстан халқының алдына тұрған ұлы Мұраттан туындау керек. Ұлы мұрат жолындағы бірлік дейтін бар, яғни идея бірлігі, мақсат бірлігі. Қазіргі кездегі ел сая­сатының басты тетігі – осы. Бұл тетіктерді жүзеге асырса, бізде ұлтаралық тыныштық та, дінаралық тыныштық та және т.б. тұрақтылық та қалыптасады. Ал тыныштық болған жерде, саяси тұрақ­тылық болған жерде, тек қана алға қарай даму болады. 

ДОСТЫҚ ДӘНЕКЕРІ

Наталья Дементьева, 
Парламент Мәжілісінің депутаты, 
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Қазақстан халқы тәуелсіздік жылдарында Елбасының стратегиялық басшылығымен ғасырға бергісіз жолдан өтті. Әлем картасында еліміз қарқынды нарықтық экономикасы бар, демократиялық қоғамдық құрылымы қалыптасқан тәуелсіз егемен мемлекет ретінде орнықты.

 Қазақ халқы өзінің байырғы жерінің шынайы иесі ретінде айналасына 100-ден астам этносты шоғырландырып,  дінаралық диалогтың халықаралық мінберіне айналды.

Біздің ата-бабаларымыз өткен ғасыр­дың 30-шы, 40-шы жылдарындағы қиын-қыстау  заманда тағдырдың тәл­ке­гіне ұшырап, қазақ жеріне жер аударылып келген ондаған өзге этностарға дарқандық, кеңпейілділік танытып, ­бауырына басты. Қазақ халқы баспанасына кіргізіп, қолындағы нанымен бөлісті. Бабаларымыздың сол қамқорлығының арқасында ешкім де далада қалған жоқ. Керісінше, қазақ даласында өсіп-өркендеп, ұрпақтарын оқытып, жет­кізіп, өзінің тілін, дінін, салты мен мәде­ниетін сақтап, Қазақстанда бірлік пен достықты нығайтып жатыр.

Еліміздегі ұлтаралық келісім мен жарастық мәселелеріне үлкен ықпалын тигізіп келе жатқан ұйымдардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Жиырма  алты  жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан осы қоғамдық институт халықтар мен ұлттардың біртұтастығын сақтауды қамтамасыз етудегі басты міндеттерді тиімді түрде шешіп келеді.

Елбасының  Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның  уықтары іспетті дегені бәрімізге мәлім. Елбасы: «Біздің ең қымбат қазынамыз – халықтар достығы, бірлік пен толеранттылық» дейді.  Осы қағидалардың бәрін  қалыптастыруға көптеген буынның өкілдері атсалысты. Ал бүгінде өз тарихымызды қайтадан сүзгіден өткізіп қарасақ та, біз бұл байлығымызды, ізгі дәстүрлерімізді жоғалтуға қақымыз жоқ.

Бүгінде кез келген қазақстандық ұлттық немесе діни ұстанымына қара­мастан өз елінің тең құқылы азаматы саналады. Бұл жерде мемлекеттік тілдің атқарар рөлі ерекше. Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл – дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші фактор ретінде ықпал ететін болады. Қазақ тілі бүкіл ұлт өкілдерін біріктіретін достық дәнекері.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде бірлігімізді сақтай білсек, же­тістіктерге жететінімізді айтып келеді.  Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын!

КӨШБАСШЫ БОЛУҒА ЛАЙЫҚПЫЗ

Әскер Пириев, 
«Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Қазақ халқы ежелден бірлік пен тату­лыққа мән беріп, оны өмірлік ұстанымы етіп, іс жүзінде жүзеге асыра білген дана халық. Бірлігі бар ел түбінде ұтатынын данагөй қарияларымыз, аузы дуалы шешен-билеріміз кезінде айтып кеткен.

Елдегі ынтымақ пен тату бірлікті арттыру мақсатында құрылған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы – елдегі мәдениетаралық және этникааралық диалог құратын бірегей институт екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Өмірге келген күнінен бастап өткізіп келе жатқан түрлі іс-шаралардың түп-тамыры – елдегі ауызбіршілікті сақтау.

Әлемдегі жағдайға зер салған кезде бірлігі бұзылған, сөзі бұзылған, татулығы болмаған елдердің жағдайының қиын екенін, ал, керісінше, бірлігі бар ел қандай қиыншылықтан өткенін де көріп отырмыз. Мысалы, алысқа бармай-ақ ел ішіндегі жағдайды алайықшы. Әртүрлі құбылыстар, апаттар болған кезде Қазақ елі бір әкенің, бір ананың баласындай бірігіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бүкіл қиындықты бірлесіп, бәріміз бастан кешіргеніміздің куәсі болдық. Келешекте жаһандану, ғаламдану заманында қандай қиын жағдай болса да, қандай қиын мәселе күтсе де біздің ауызбіршілігіміздің арқасында кез келген қиындықтан оңай өтеміз, әлі алдымыздан кездескен талай асуларды асамыз, талай белестерді бағындырамыз деп сенемін.

1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне орай оқырманды, қазақ елін осы мерекемен құттықтаймын. Ауыз­біршілігіміз жарасып, жетістікке жете берейік. Әлемдегі беделді елдердің арасынан өз орнын тапқан және өзін дәлелдеген елдердің көшбасшысы болуға біз әбден лайықпыз. Әр Қазақстан азаматына мықты денсаулық, әр отбасына бақ пен береке, бақыт тілеймін.  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әзірлеген

Бағдагүл Балаубаева

 

8522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы