• Ақпарат
  • 10 Маусым, 2021

Көркемдік деңгейі сын көтермейді

Кино – идеология құралы. Елімізде телеарналардан көрсетіліп жатқан отандық телесериалдар бұл үдеден шыға алып отыр ма? Жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева кино саласының мамандарын жинап, басқосу өткізген еді. Осы басқосуға қатыс­қан кинотанушы Ержан Жұмабековтен ондағы көтерілген мәсе­лелер жөнінде пікірін білген едік. 

– ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева Қазақстан киносыншылар қауымдастығын арнайы кездесуге шақырды. Бұл өте оңды бастама деп санаймын. Біріншіден, киносыншылар қауымдастығының жұмысын бағалау, қолдау болса, екіншіден, өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Өзара бірлесіп жұмыс істеудің механизмдері қарастырылды. 
Сын түзелмей, мін түзелмейді. Телевизиялық контентке байланысты мәселелер, оның ішінде күнделікті телеэкраннан көріп жүрген контенттің көркемдік сапасы жайлы айтылды. Телевизиялық салаға байланысты кәсіби сынның қажеттілігі туындап отырғаны назарға алынды. 
Қазіргі таңда телевизиялық салаға көп көңіл бөлініп, қаржылық жа­ғынан қолдап жатыр. Дегенмен, бізде сан бар, сапа тұрғысынан әлсіреп жатқан тұсымыз да бар. Түркиялық, кореялық, т.б. шетелдік өндіріске төтеп беретіндей өнімнің болмауы осының айғағы. 
Киносыншылар қауымдастығы тарапынан айтылған негізгі ұсыныстың бірі – БАҚ арқылы, яғни газет, журнал, сайт арқылы кәсіби маман өзінің мақаласын, пікірін, рецензиясын жариялап, кәсіби сынның болуына мүмкіндік жасау. Бұл – бір. Екінші, мамандарды, кәсіби сыншыларды телевизиялық салаға көптеп ­тарту. Мәселен, өндіріс барысындағы ­шаралар, талдаулар, эксперттік комиссия құрамына қосылу сынды арнайы телевизиялық бағдарламалар жасау, контентті талдауға, сынға арнау. 
Бізде телевизиялық сала ­бойынша үлкен мектеп болды. Мұндай тәжірибе өзге Орта Азия елінде болған жоқ. Ұлыбританиядан арнайы келген ­мамандар «Тоғысқан тағдырлар» мен «Қара шегірткені», яғни алғашқы сериалдарды түсірді. Көптеген отандық мамандар: актерлер, режиссерлар, сценаристер тартылды. Өкінішке қарай, бұл мектеп, бұл тәжірибе ары қарай өзінің жалғасын таппады.
Телевизиялық сериалдардың дең­гейіне келсек, арасында сапалысы да бар, бірақ көпшілігі телевизиялық контенттің бос орнын толтыру функциясын атқарып отырғанын ашық айтуымыз керек. Балалар тақырыбы, жасөспірімдерге арналған жанрлық фильмдер және т.б. қамтылмай жатқан тақырып өте көп. 
Отандық сериалдардың көркемдік деңгейі сын көтермейді. Оқиға аясы өте тар, тереңдік байқалмайды. ­Динамикасы әлсіз. Кейде актерлер бізді ұятқа қалдырып жатады. Жасанды, шынайылықтан алшақ. Телевизиялық экран көрерменін қанағаттандыру үшін бүгінгі күннің тыныс-тіршілігімен жүруі, уақытты сезінуі керек. 

Жазып алған 
Бағдагүл Балаубаева

 

1631 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы