• Cұхбаттар
  • 24 Маусым, 2021

ТҮРКІСТАН – ТУРИЗМ ӨЛКЕСІ

Дамир ЖҮНІСОВ, 
Түркістан облысының қоғамдық даму 
басқармасының басшысы: 

– Дамир, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметіне келдің. Үлкен жауапкершілік артар қызметке кірісер кезде бойыңда қорқыныш болды ма?

– Жоқ, қорқыныштан бұрын жауапкершілік болды. Ішкі саясат – қайнап жатқан әлем. Облыстың ішкі саясаты, жастар ісі, дін мәселесі, қоғамдық дамуы  – бұл ұлттың дамуының кепілі. Әр облыстың ішкі саясатын, жастар ісі мәселесін дұрыс жолға қоя алсақ, онда мемлекеттің болашағы да жарқын деген сөз.

 Мектепте, университетте қоғамдық істерге аралас­тым, дебатқа қатыстым. Студент кезімде әке-шешеме салмақ салмай өз күнімді өзім көрдім. Бірінші курсты бітірген кезімде Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасына (Ол кезде облыс пен Шымкент бөлінбеген) «келісімшарт немесе қоғамдық негізде жұмыс болса да істейін, жұмыс бар ма?» деп жұмыс сұрап келдім. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев еді. Ішкі саясаттың қызметкерлері «Құрылыс отрядында жұмыс бар. Қаражат әзірге елу адамға бөлінген. 250 жұмысшыға қаржы бөлдіру керек. Сонда сен де, сенімен бірге оқитын жастарға да жұмыс табылады» деді. Жұмат Шанин атындағы театрда әкім қатысқан жиын болды. Жастардың атынан сөз алып, «Өмірзақ аға, ауылдан келген жас едім. Бізге, жастарға жұмыс керек еді. Нұрсәт ауданы салынып жатыр екен. Кәсіпкерлерді жұмылдырып ақша бөлсеңіз, біз 250 адам жұмыс істеуге дайынбыз» дедім. Шөкеев Құрылыс басқармасының басшысына «Жұмыс істейін деп тұрған жас­тарды қолдау керек. Жастарды жұмысқа алдыңдар ма, жоқ па, тексерем. Жастар ауылдарына барғанда не істейді? Жұмыс істеп, ақша тапсын» деді. Содан ауылға барып, шөп ордым. Қалаға келіп, жатақханадағы бөлмеме бояу жағып жатсам, «ректор шақырып жатыр, тез жет» деген хабар келді. Ректор: «Өткенде әкімнен жұмыс сұрап едің, студенттерді жина, жұмысқа шақырып жатыр» деді. Содан құрылыста қарашаға дейін істеп, 2500 доллардай таптық. Ол кезде ақылы оқуда оқитынмын. Оқуымды өзім төлеп, қатты қуандым.

Сосын Ішкі саясатта келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданып, жұмыс істей бастадым.

 – Сеніңше, мемлекеттік қызметкерге керек ең негізгі үш қасиет?

– мемлекеттік қызметкерге керек ең бірінші қасиет: жан-жақтылық. Бір мәселені шешпес бұрын, сол мәселені жан-жақты зерттеу керек. Мәселенің негізгі нүктесін тапқан жөн. Оны шешіп жатсаң, тағы басқа мәселе шығып, ойың бөлініп, уақытың кетпес үшін жақсылап екшеген дұрыс. А нүктесінен В нүктесіне дейін сенде өзіндік көзқарас болмаса, бастаған ісіңнен еш нәтиже шықпайды.

Екінші қасиет: адам тани білу. Жұмысқа қабілетті адамды көре білуің керек. Мысалы, басшылар бір тапсырма тапсырады, жаныңда сенімді, іскер, білімді адамдар болмаса, оны жүзеге асыру қиын. «...Жалғыздың үні шықпайды».

Үшінші қасиет: түйсік. Түйсік бұл – компас.  

Біздің облыстың басты міндеті: Түркістанды жаңарту еді. Ол жұмыс жүріп жатқанда Мақтааралды су алды, Арыстағы жағдай шықты. Одан Түркістанның құрылысы баяулап қалған жоқ.

– Түркістанмен қызметіңнен басқа  не байланыстырады?

– Маған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ұнайды. Кесенеден рухани тазарып шығасың. Түркістан – жаңа мүмкіндіктер қаласы. Түркістанға арман қуған, ізденіске жақын жастар қоныс аударды. Біраз жас шыдай алмай Шымкентке қайтып кетті. Түркістаннан іссапармен басқа қалаға кетсем, Түркістанды сағынамын.

Түркістан –  рухани қала және  туризмді дамытуда мүмкіндігі жоғары қала. Басшылықтың алдына қойып отырған мақсаты: Түркістандағы су мәселесін шешу. Қазір бұл мәселені шешуді қолға алып жатыр.  Арыс каналы арқылы және жер асты суын пайдалану арқылы Түркістан келешекте Шымкент секілді жасыл қалаға айналады.

Түркістанда негізгі инфрақұрылымдар салынып бітті десе болады. Енді Төле би ауданын туристік кешенге айналдыру қолға алынады. Келешекте қазақ Еуропаға емес, Түркістанға ағылады. Еуропалықтардың Орта Азияны аралауға деген қызығушылығы жоғары. Болашақта еуропалықтар да Түркістанға көбірек келеді деп ойлаймын. Болашақта Түркістан мен Самарқандтың арасында теміржол салынады. Түркістанды көруге келген туристер Самарқандты, Самарқандқа келген ­туристер Түркістанды көруге келуі мүмкін.

 – Төңірегіңдегі адамдарға қандай мінездеме берер едің?

 – Біздің облыстың халқы еңбекқор. Баласына дейін жер тырмалап өседі. Адам саны көп болған соң, бәсекелестік бар.

Диқан – тәуекелшіл, еңбекқор халық. Өнімнің шығуы, оны баптау – бір мәселе, өткізу – тағы бір мәселе. Диқан­дардың өнімін өткізуге мемлекет жағдай жасау керек. Диқан «ертең өнімімді қалай сатам?» деген мәселеге бас ауыртпау керек.

– Әңгімеңе рақмет!

 

Әңгімелескен

Бақытгүл Қамбарова

7559 рет

көрсетілді

26

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы