• Тіл
  • 10 Наурыз, 2011

ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ, ЕЛДІК ТҰҒЫРЫ

d0bed181d0bfd0b0d0bdd0bed0b2-d0bad0b5d0bcd0b5d0bb1. Азаттықтың таңы атқалы 20 жылдың жүзі болды. Осынау тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтерген тұста мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін біраз ауқымды істердің атқарылғаны анық. Осы уақыт аралығында тіл мәселесі төңірегінде қалада жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. 2. Тіл мәселесін шешуде түрлі кедергілердің де кездеспеуі мүмкін емес. Соларды атап айтсаңыз. 3. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесі аясында қала көлемінде атқарылар бірқатар шаралардың жоспарымен бөліссеңіз.

Кемел ОСПАНОВ , Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

1. Жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл» деген болатын. Осынау ғибратты сөздің егемен еліміз Қазақстан үшін маңызы ерекше. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы – Тәуелсіздігіміздің жемісі, елдік тұғыры. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзі бас болып жүргізіп келе жатқан салмақты да сындарлы тіл саясатының арқасында Қызылжар өңіріндегі жағдай мүлдем өзгерді. Оның бір дәлелі – 2005 жылы жалпы облыс бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 40%-ды, кіріс құжаттарының үлесі 22%-ды құраса, ал 2010 жылы облыс бо­йынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі 96%-ды, кіріс құжаттар 69 %-ды құрады. Барлық аудандарда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері жанынан ересектерді оқытуға арналған жеке қазақ тілі бөлмелері жабдықталды. Олардың негізінде мемлекеттік тілді оқыту орталығының филиалдарын ашуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, әдіскер бірлігі енгізілді. Бүгінгі күні барлық аудандарға арнайы талаптарға сәйкес әдіскер маман қызметке алынды. Қала тұрғындары және зиялы қауымның ұсынысымен Мемлекеттік тілді оқыту орталы­ғы негізінде «Қазақ тілінің анықтама бюросы» ашылды. Телефон арқылы бюроның білікті маманы қала тұрғындарының тілге қатысты кез келген сұрақтарына жауап береді. 1990-1991 оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ балаларының небәрі 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, өткен 2009-2010 оқу жылында бұл көрсеткіш 61,9 пайызға жетті. Осы кезеңде Петропавл қаласында бес қазақ мектебі ашылды. Соған қарамастан, қазір де қаладағы ағайындардың өз балаларын қазақ тілінде оқытуға деген сұранысы толық қанағаттандырылып отыр дей алмаймыз. Өйткені қаладағы қазақ классикалық гимназиясы мен №6 мектептегі оқушылар саны тым көп. Бұл білім ордаларының қазіргі ғимараттары тарлық қылғандықтан, сабақтар екі ауысымда жүргізіледі. Осы жағдайды ескеріп, облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлы Біләловтің тапсырмасымен Петропавлдағы жарым-жартылай бос тұрған орыс мектептерінде қазақ сыныптары ашыла бастады. Соған орай қаладағы №2 және №7 орта мектептерде қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптар ашылды. Ал 2009 оқу жылында тағы төрт орыс мектебінде қазақша бірінші сыныптар ашылып отыр. Бұған қоса, қаладағы 11 орыс мектебінің жанынан қазақ тілінде оқытатын мектеп алдындағы сыныптар мен шағын орталықтар ашылғандығын да қуана құптаймыз. Балаларына қазақ тілін үйретуді ниет еткен өзге ұлт өкілдері үшін облыс орталығында есігі айқара ашылған «Айгөлек», «Росинка» балабақшаларының қатарын соңғы екі жылда «Балапан», «Балдырған» және «Снежинка», «Нұрбөбек» толықтырды. Жалпы, өңірімізде бар­лық балабақшаларда қазақ тілін тереңдете әрі жеделдете үйрету үшін жағдай жасалған. Мектепке дейінгі тәрбие мекемелері тәрбиешілерінің арасында бүлдіршіндерге тілді үйретудегі үздік әдіс-тәсілдерді анықтау мақсатында байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Ана тілімізде білім алған Юля Маркова, Ольга Лизун, Ирина Эрнест және тағы басқа өзге ұлт өкілдері облыстың әртүрлі әлеуметтік салаларында қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында қызмет атқаруда. Қазірдің өзінде қазақ тілі және әдебиеті факультетіне келіп түсіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренуге қызығушылығы күннен- күнге артып, сұранысқа ие. Облыстық ономастика комиссиясының бастамасы бойынша М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің ғалымдарымен бірлесе отырып, «Атамекен атаулары» атты ғылыми-анықтамалық басылым жарық көрді. Солтүстік Қазақстан облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2007 жылы «Солтүстік Қазақстан облысы елді мекендерінің тізімін» орыс және қазақ тілдерінде басып шығарды. Аудандар және ауылдық округтер бойынша жиналған тізім ғана болғанымен, бұл құжаттар елді мекендердің тарихын саралап-тексеруге, сол арқылы тиісті ономастикалық шаралар жүргізуге таптырмас құрал деп ойлаймын. Қызылжар өңірінде де Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап бірқатар ономастикалық шаралар жүзеге асырылды. Бұл маңызды мәселеге облыс әкімдігі тарапынан ұдайы назар аударылып, аудандар басшыларына атаулары қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейтін елді мекендердің аттарын өзгерту туралы хаттамалық тапсырмалар беріледі. Осыған орай басқарманың жұмыс жоспары бойынша өткен тексерістер барысында ауылдық округтер әкімдері арасында семинар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құжаттарды облыстық ономастика комиссиясына ұсыну жөнінде үлгілік үлестірме материалдар таратылды. Нәтижесінде осы жылдар аралығында 42 елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды және заманға сай қазақша атауға ие болды, 27 елді мекеннің транскрипциясы қазақ тілінің нормаларына сәйкестендірілді. Атқарылған істердің арқасында облысымызда қазақ тіліндегі елді мекендер атаулары 6 пайызға өсіп, 242-ге жетіп отыр. Бүгінгі күні Тимирязев ауданынан өзге аудан атаулары қазақша аталады. Аталған ауданға ұлы жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқанов есімін беру мәселесі облыстық деңгейде толық шешіліп, Астанаға – республикалық органдардың қарап, бекітуіне жіберілді. Жалпы, облыс бойынша 714 елді мекеннің 34 пайызы қазақша атауларға ие. Облыс орталығы Петропавл қаласында Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдан бастап 53 көшенің атауы жаңартылды. Бұл қызылжарлықтар үшін біткен аз шаруа емес. Қызылжар өңірінің топонимдерін қайта жандандыру, жер-су атауларының пайда болу себебін анықтау, әрбір атаудың мән-мағынасын ашу, әсіресе, жастардың туған өлкеге деген ыстық ынта, патриоттық сезімін күшейту, мектеп оқушылары мен қалың көпшіліктің туған жер туралы білім дәрежесін арттыру мақсатында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластыра облысымызда алғашқы рет мектеп оқушылары арасында «Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің» атты шығармалар байқауы жарияланды. 2. Бұл, әсіресе, көрнекі ақпаратты рә­сім­деуде жиі кездесетін үрдіс. Барлық жарнама агенттіктері мемлекеттік тілдегі мәтіндерін басқармадан бекітіп алғанымен, жарнаманы әзір­леуші маманның өзге ұлт өкілі болғандық­тан, қателерді жиі жібереді. Ол әсіресе қазақ тілінің төл дыбыстарына байланысты. Бірде «қ» дыбысы «к»-ге айналса, «ғ» - «г» болып жазылады. Осы орайда жарнама агенттіктерінде қызмет атқаратын қазақ азаматтарының жоқтығы көңілге қонымсыз. Әр өңірде секілді біздің қаламызда да шет тілінде немесе өзге де тілдегі атаулар баршылық. Заңды тұлғалар субъектіге немесе объектіге атау берген кезде Әділет органдарына тек атауды ғана тіркетеді. Алайда ол атаудың түптөркіні зерттелмейді. Ал дүкен, шаштараз және өзге де халыққа қызмет көрсету объектілері иесі салық органдарында өз аты-жөні, тегі бойынша тіркеледі. Ал дүкеніне, дүңгіршегіне қандай атау беріп жатқаны еш жерде тіркелмей, атаудың мән-мағынасына, ел мүддесіне сәйкестігі қадағаланбауда. Жер-жерде түрлі атаулардың пайда болуы да сондықтан. Осы мәселе де белгілі бір ережелерге сәйкес реттелсе дұрыс болар еді. Жалпы, облыстық Тілдерді дамыту басқар­ма­сы тарапынан көрнекі ақпаратты Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдардың талаптарына сәйкестендіру мақсатында тоқсан сайын тексерістер өткізіледі, облыстағы жарнама агенттіктерімен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылады. Өз меншігіне шет тілінде атау берген адамдардың өз Отанына деген сүйіспеншілігінің қандай дәрежеде екендігін аңғартса керек. Осыған орай мемлекеттік тілді басқа этностардың, тіпті исі қазақ кейбір азаматтардың жиырма жылдың көлемінде жете үйренбеуі – ойланарлық жайт. Осы орайда: • Жоғары оқу орындарында және колледждерде қазақ тілін оқыту бірінші екі курста ғана емес, оқу үдерісінің соңына дейін жалғастырылса; • «Ономастика және көрнекі ақпарат» туралы Заң қабылдау; • Әр санаттағы барлық қызметкерлерді «Қазтест» жүйесімен сынақтан өткізу; • Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандардың және лауазымдардың тізбесін бекіту; • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінде мемлекеттік қызметшілердің аттестациядан өту кезінде «Тіл туралы» Заңның сынаққа енсе деген ұсынысымыз бар. 3. Үстіміздегі жылғы 28 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!” атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу мәселесі ерекше аталды. Тәуелсіздік мерекесі аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің маңыздылығы зор. Осы бағытта облыстық Тіл­дерді дамыту басқармасы көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл шаралар маңызды, бүгінгі күннің тарихымен байланысты болып жыл сайын жаңа үрдіспен өткізіледі. Ұлы мереке аясында Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығына орай «Жыр алыбы» шығармалар байқауы, «Мағжан оқулары», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты пікірсайыс ойынын өткізу жоспарлануда. Әсіресе, 20 жылдыққа арналған үлкен шаралар­дың бірі ретінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін «Тәуелсіздік – елдік тұғыры» дөңгелек үстелі мен «Тіл – достық бірлігі» кешін атауға болады. Сөз соңында айтарым, қазақ тілі жарасымды тірлікті, достық пен бірлікті одан әрі нығайта берсін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтілді басылымдардың журналистеріне бер­ген сұхбатында «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап» дегені белгілі. Сөздік қоры бай, көркемдік қуаты жоғары, тарихы терең қазақ тілі тұғырлы да ғұмырлы болсын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, абыройын асырар орайын тапқан өрелі істер солтүстік өңірде де әлі де жалғаса бермек.

4568 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9064

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7232

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4972

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4357

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4321

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4281

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4016

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4008

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы