• Мәдениет
  • 22 Шілде, 2021

Жалпыұлттық бірлікті нығайту

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының құрамында  Қазақстан халқы ­Ассамблеясынан 9 депутат сайланған. Ел болашағы жолында қызмет етіп жүрген халық қалаулылары өңірлерді аралап, халықпен кездесу ұйымдастырды. Алматы облысы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Достық Үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вакиль Гусейнұлы Набиев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер, аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, жетекші журналистер мен сарапшылар клубының өкілдерімен, «Жаңғыру жолы» облыстық штабының белсенділерімен кездесті. ­Жиынды Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар бөлімінің бас маманы Әбілхайыр Оралов жүргізді. 

Модератор аймаққа ат басын бұрған халық қалаулысына тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеу жер-жерде игі шараларға ұласып жатқанын жеткізіп, Тәуелсіздіктің жемісі болған Қазақстан халқы ­Ассамблеясы екенін айрықша атап өтіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, елдегі барлық этностардың жалпыұлттық бірлігін одан әрі нығайтып, сақтауда Қазақстан Халқы Ассамблеясының белсенді жұмысын жалғастыру екенін айтқан халық қалаулысы көпшілікті қолда бар алтынның қадірін білуге шақырды.

– VI шақырылымның бірінші сессия­сын ел басшылығы бастамашылық еткен әлеуметтік-экономикалық шаралар мен саяси реформаларды заңнамалық қолдау сессиясы деп атауға болады. Бүгінгі таңда депутаттардың жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, сондай-ақ сессияның ашылуында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта депутаттық корпус Үкіметпен бірлесіп ұлттық экономика мен кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ тәуелсіздік пен демократияны одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Атқарылатын бұл жұмысқа бәріміз де белсене атсалысуымыз керек. Қазіргідей қиын қыстау кезеңде бір-бірімізді қолдап, қолдан келгенше жақсылық жасап, егемен еліміздің жарқын болашағы жолында әрқайсымыз аз да болса өз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Тәуелсіз еліміздің басты құндылығы саналған татулық пен достықтың туын ешқашан да құлатпауымыз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы 130-дан аса этностардың бірлігін нығайтуға мол мүмкіндік берді. Бүгінгі күнге дейін бүкіл Қазақстан халқының дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін дамытуға қолдау көрсетілді. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиясы. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыздың өзі біз үшін үлкен мәртебе. Қаншама этнос өкілдері бір атаның баласындай бейбіт күнде егемен елде алаңсыз ғұмыр кешуінің өзі біздің бақытымыз екенін ұмытпайық. Осынау елдегі татулық, сыйластық, тұрақтылық мәңгі болуы үшін, ертеңгі болашақ ұрпақтың бетіне тік қарау үшін жүйелі, нәтижелі еңбек етуіміз керек. Біздің көздеген мақсатымыз да осы. Ал жер жаннаты саналған Жетісуда өмір сүріп жатқан әр адам осы татулық пен тұрақтылықтың салатанат құруына аз да болса өз септігін тигізетіні анық. Себебі бұл өңірде этнос өкілдері көптеп шоғырланған. Олардың әрқайсы татулықтың, береке мен достықтың қадірі мен қасиетін өте жақсы біледі. Десе де, осы мақсатта атқарылатын жұмысты жүйелегеніміз жөн. Осы кездесуге келген әр адам өзінің алдындағы міндеті мен мақсатын ұмытпаса біз алар асу, бағындырар белес болмайтыны анық. Алматы облыстық Қазақстан халқы ­Ассамблеясы пандемия кезінде мыңдаған отбасына қолдау көрсетті. Бұл қиын кезең халықтың бірлігі қаншалықты маңызды екенін көрсетті,   – деп атап өтті Вакиль Набиев.

Кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің III шақырылымының депутаты, Алматы облысының, Талдықорған қаласының және Ақсу, Алакөл аудандарының Құрметті азаматы, ҚХА жанындағы өңірлік Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов облыстық ҚХА-ның атқарып жатқан жұмысы және жоспарлары туралы айтып, жоғарыдан қойылған міндеттерге сәйкес негізгі қызмет Жетісуда тұратын барлық этностардың татулығы мен келісімін сақтауға бағытталғанын атап өтті. Соңдай-ақ Ассамблея өкілдері сөз сөйлеп, елдің стратегиялық бағыты тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен республиканың дамуына негізделгенін атап, Ассамблеяның негізгі ықпалы мен мүмкіндігі тұрғысында өз ойларын ортаға салды. Баяндамашылардың әр сөзін асқан мұқияттылықпен тыңдаған халық қалаулысы ұсыныс пен талап-тілекті жоғарыға жеткізетінін айтты.

Халық қалаулысы арнайы жұмыс сапары барысында Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен І.Жансүгіров атындағы әдеби музейін аралап, жастарға қызмет көрсету орталығының ғимаратында «Жаңғыру жолы» облыстық штабының белсенділерімен кездесті. Бұл кездесуде облыс жастарын Қазақстан халқы Ассамблеясына тарту мәселесі кеңінен талқыланды. ­Кездесуде «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының төрағасы Руфина ­Усанова облыстағы белсенді жастардың атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстағы жас кәсіпкерлер мен жас инноваторлар арасындағы дәстүрлі STARTUP жобаларының сайысы да жыл сайын өтіп тұрады. Ал осындай жастарға мемлекет тарапынан да көп қолдау бар. Белсенді жастардың ұйымдастыруымен «Мен қазақты сүйемін», «Адал жол», «30 ізгі іс», «Маска киіңіз», «Біз біргеміз», «Ізгілік эстафетасы» атты ­акциялар, «Қымызмұрындық» ­жайлауына шығу сынды форумдардың көптеп өткізілуі жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Ең бастысы патриоттық сезімді оятып, мейірімділік, жанашырлық, қайырымдылық қасиеттерінің артуына зор ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының жұмысы жастарға ерекше көңіл күй, шабыт сыйлайды.

Кездесуге қатысушылар жастар ­бастамаларын қолдауға және жас­тар үшін әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды талқылады. Жастар ұйымдарының көшбасшылары алдағы уақытта ҚХА-ның көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін жобалар туралы айтып берді. Депутат Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар мен оның жобаларына белсенді қолдау көрсетіп, барлық жағынан көмек беру керегін айтты.

–  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі жастарға қатты көңіл бөліп келеді. Оқимын, қызмет етемін деген әр жасқа барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Ал қазіргідей білімнің, жаңа ақпараттық технологияның дамыған заманында көштен қалмай, алға ұмтылудың өзі білім мен біліктілікті талап етеді. Ал елімізді дамыған елдердің қатарына қосу үшін бізге бірінші ­кезекте білімді жастардың саны артқаны маңызды. Осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар жобаларын дамыту және жастар қауымдастығымен өзара іс-қимылын күшейту орталығына айналуға тиіс. Жастар үнемі қолдауды қажет ететінін ұмытпаған жөн. Бір-бірімізді сыйлап, бір-бірімізді түсініп, бірлесе еңбек етсек қана жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Ең бастысы татулық, сыйластық, достық, тұрақтылық бәрінен биік болуы керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ­Вакиль Набиев.

Халық қалаулысы Талдықорған қаласындағы сапарын таяуда ашылған орталық жүзу хауызын аралаумен ­тамамдады.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

1798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы