• Руханият
  • 19 Тамыз, 2021

УЫЗ ТӘРБИЕ: ТОЛҒАМ

Азаматтың суреті

Кенжехан МАТЫЖАНОВ

БҰЛ ТӘРБИЕНІҢ ИЕСІ ДЕ, КИЕСІ ДЕ  – АНА

Бірінші қағида. Сәбидің дүниеге келуіндегі ананың орнын ешкім айырбастай алмайтыны сияқты, баланың рухани уызға сусындап өсуіндегі ананың орны да әрқашан төрде.

Әрине, бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Дегенмен, қазіргі адамзат қоғамындағы қылаң беріп жатқан келеңсіз құбылыстарға орай бұл мәселені тағы да нықтап айтуға тура келеді.

Қазір бала тәрбиесінде ер мен әйелдің орны тең деген пікір белең алып тұр. Бірақ уыз тәрбиеге, әсіресе баланың туғаннан үш жасына дейінгі кезеңіне бұл қағида жүрмейді. Табиғатқа, өмірге қараңыздаршы! Тіршілік иесін өмірге әкелетін, ақ сүт беріп емізіп, аяғынан тұрғызып, есейтіп үлкен өмір бәйгесіне қосатын ана емес пе? Әкесі қандай жақсы болса да сәбиге ананың беретінін бере алмайды.

Ана мен бала жүрегінің үндестігі құрсақта жатқанда басталатын көрінеді. Іште жатқанда ол ана жүрегінің дүрсілін естіп жатып тыныштық табады екен, шақалақтың жарық дүниеге шыққанда шарылдап жылайтыны содан көрінеді. Ұйып жатқан үндестік бұзылған кезде жыламай қайтсін?! Жарық дүниеге келіп жылап жатқан сәбиін ана құшағына басқан кезде сол үндестік қайта орнайтын көрінеді. Қазір ғалымдар нәресте жүйкесін тыныштандыру үшін ана жүрегінің дүрсіліне үндес ойыншықтар да жасап шығаруда.

Оның тиімділігін ғалымдар күшікке тәжірибе жасап дәлелдеген екен. Көзін ашпаған күшікті енесінен ажыратқан кезде, оны сағатпен бірге құндақтап қойса, алаңсыз ұйықтай беретін көрінеді. Қазір перзентханаларда босана салысымен баланы анадан айыру дәстүрінен бас тартуда, қайта шақалақты бұрынғыдай бірден ана құшағына беруге көшті. Өйткені нәресте табиғатында алғашқы сағаттар мен күндердің маңызы ерекше екендігі ғылымда дәлелденген. Бұл кезеңде ана мен баланың біз әлі де аша алмай жатқан табиғи жанды байланысы бар. Ал тәрбиенің алғашқы сәтінде сол табиғи байланыстардың маңызы өте жоғары.

Сәбиге ең алдымен керегі – ананың ақ сүті дейтін болсақ, ол шешесінің омырауында. Егер мұны тек баланың қорегі деп қана түсінетін болсақ, қателесеміз. Ананың баласын көкірегіне басып, емізгенінен бастап екеуінің арасындағы рухани құндылық – ана мен бала махаббатының тамырластығы басталады. Айналып келгенде уыз тәрбиенің бастау бұлағы осында. Осы сәттен бастап, сәбидің денелік өсуі мен рухани марқаюы қатар жүреді. Ананың омырауын ешқандай бөтелкеге кигізілген емізік пен жасанды сүт айырбастай алмайды.

Американың перзентханаларының бірінде ­мынадай тәжірибе жүргізіліпті: Жаңа туған сәбилерді екі топқа бөліп, бірінші топты балаларға ортақ бір бөлмеге бөлек жатқызып, кесте бойынша күтім жасап, тамақтандырып тұрыпты. Екінші топты, аналарымен бірге бір бөлмеге орналастырып, жылаған сайын аналары құшағына алып, айналып-үйіріліп, омырауларымен емізіп отырған екен.

Бірер  жылдан кейін зерттеушілер балалардың тілдік дағдыларын саралап көріпті, нәтижесінде алдыңғы топтағы балаларға қарағанда,  аналарымен бірге болған екінші топтағы сәбилердің сөйлеу мәнері әлдеқайда озық болған.

Міне, ана мен баланың жанды байланысының нәтижелері осындай. Әдетте, көпшілік ата-аналар балаларының балғын шағына жете көңіл бермейді, кейде тіпті, ертең балабақшаға, мектепке барғанда жетіліп кетеді деген немқұрайлылыққа салынады. Бұл – түбірінен қате түсінік. Ана өзіне табиғат берген мүмкіндікті барынша жете пайдалануға міндетті. Оның бала болашағына түбегейлі әсер ететін берік тұғыр екендігін ешқашан естен шығармауы керек.

Ана мен бала арасында тілсіз тылсым түсіністік бар. Емірену, елжіреу, сылап-сипау сияқты мейірімнің алғашқы белгілерін бала тұңғыш анасынан сезінеді. Ана тілінің сыңғыры мен музыканың үйлесімді үнін де анасының дауысы арқылы құлағына сіңіреді. Сәбидің шалықтап күлуінен бас­тап, апыл-тапыл басуына дейінгі адамзаттық өмірге аяқ басуының бағбаншысы – тек қана ана. Әсіресе бала дамуындағы ананың рөлі екі жасқа дейінгі кезеңде ерекше маңызды. Бұл мерзімде ана сәби үшін тәрбиешінің де, диетологтың да, психологтың да, дәрігердің де рөлін қабат атқарады. Осындай күрделі міндетті ойдағыдай атқарған ана ғана жақсы ана атағына ие болып, баласы да өнеге тұтарлық азамат болып шығады. Өйткені ананың бүкіл еңбегінің іргетасы осы екі жасқа дейінгі мерзімде жатыр. Бұл уақытта ананың рөлін ешкім айырбастай алмайды, қалған отбасы мүшелері оған тек көмекші ғана. Айналып келгенде, мұның барлығы балаға ананың кіршіксіз мейірімі арқылы ғана сіңетін рухани нәр. Мәселен, тек әке тәрбиелеген баладан жақсы м­аман, іскер басшы, қаһарман қолбасшы, тіпті данышпан ғалым да шығуы мүмкін, ал жан дүниесі мен мейірім-парасаты үйлескен жылы жүректі жақсы адамды тек ана ғана тәрбиелеп шығарады. Әсіресе нәрестенің 2-3 жасқа дейінгі балғын шағында ана мен баланың үйлесімді іс-әрекеті ­ауадай қажет. Күні бойы баласының жанында болып, оны қолынан түсірмейтін ананың сәбиінің мінез-құлқын дамытуға толық мүмкіндік туғызатыны жөнінде ғалымдар көп айтады. Бұл оның ақыл-ой дамуына ғана емес, сезімдерінің дамуына да ерекше әсер етеді екен. Егер ана осы қысқа мерзімді дұрыс пайдалана алмаса, онда кейінгі кезеңде ешқашан қайтарып ала алмайтын өкінішке қалады. Өйткені бала мен ана арасындағы табиғи тылсым байланыс дәл осы кезеңде өте күшті болады, одан кейінгі кезеңде ол байланыс жаңа кезеңге өтеді.

Сонымен қоса бұл уақытта бала ана қамқорлығына барынша тәуелді. Ол анасы арқылы берілетін ақпаратты, оның әрбір қимылы мен іс-әрекетін, айтқан сөзі мен әуенін ешқандай талғаусыз қабылдайды. Сондықтан да сәбидің есту қабілеті мен музыкалық жадының, тіпті ойлау қабілеті мен мінез-құлқының алғашқы негіздері осы жаста қалана бастайды. Демек, бұл уақытта анаға артылатын жауапкершілік жүгі де өте үлкен.

Түйіндеп айтқанда, уыз тәрбие үшін ананың орны соншалықты құрметті, бала тәрбиесінің иесі де, киесі де жалғыз өзі. Демек, отбасында анаға өз бойындағы бүткіл таланты мен ақыл-ой қабілетін, тәжірибесі мен тапқырлығын сарқа пайдалануға барынша жағдай жасау қажет. Әрине, бүгінгі буырқана дамып жатқан қайнаған өмірде ана мен бала тыныштығы оңай орнай қоймайтыны рас.

Бұл орайда, ең алдымен, анаға алапат төзімділік керек болады. Төзімділіктің ең басты тірегі ретінде өмірдің әлем-жәлем қызығымен салыстырғанда сіздің сәбиіңіздің болашағының бәрінен де қымбат тұратындығын есіңізге ұстаңыз. Сіздің атқаратын миссияңыз қандай жоғары лауазымды биліктен де, табысты кәсіпкерліктен де, атақ пен даңққа толы даңғаза, өткінші  қызметтердің барлығынан жоғары. Өйткені сіз адам тәрбиелеп отырсыз. Адамзат қоғамында одан мәртебелі, одан баянды қызмет жоқ.  Әлмисақтан бері солай және солай болып қалады. Ұлы мақсат биігіне уақытша қиыншылықтарды жеңе білген адам ғана ту тіге алады.

Екінші қағида. Уыз тәрбие – сәбидің бұла табиғатын өз ырқыңа күштеп бағындыру емес. Ана уыз тәрбиеде тәрбиешінің де, мұғалімнің де рөлін ойнамауы тиіс. Ол сәбиге бәрінен қымбат және құдіретті.

Біз, ата-аналар, әдетте баланы өз қалауымызша тәрбиелеп, оны өз білім-білігіміздің деңгейінде, өзімізге ұқсас етіп өсіруге бейімбіз. Көптеген ата-аналардың аузынан: «Мен сияқты болса жаман болмайды, ешкімнен кем болған жеріміз жоқ» деген сияқты сөздерді де жиі естиміз. Сөйтіп, сәбиімізді өз ыңғайымызға қарай бейімдеп, өзіміздің жеткен өреміздің деңгейінде тәрбиелей бастаймыз. Бір қарағанда онда тұрған үлкен оғаштық жоқ та сияқты. Бірақ сіздің сәбиіңіз өзіңіздің жеткен жетістігіңізден асып түсіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Шындығына келгенде, сіздің де, тіпті барша ата-ананың арманының өзі сол емес пе?!

Сондықтан да балаңызды тек өз білім-білігіңіздің айналасында шектеуге тырыспаңыз. Уыз тәрбиеде баланың бейкүнәлігін пайдаланып, табиғи талантын тежеп, тек өз айтқаныңа ғана бағындырып, даму көкжиегін тарайтуға әсте болмайды. Ата-анасының айтқандарының бәрі ақиқатқа санап, олардың қалағанының барлығын бұлжымай орындалатын ережеге бағындыру үлкен қателік болып табылады. Әрине, әлі әлжуаз, сізден, аялы алақан мен жанашыр қамқорлық қана күтетін ақжүрек нәрестеге  қалағаныңның бәрін істеуге болады, бірақ ол ертең зардапты нәтижелерге әкелуі мүмкін. Сіз баланың қалауынсыз табиғатынан тыс әрекет жасаттырсаңыз, оның алдымен өзіне, кейіннен сізге деген сенімін жоғалтасыз. Әдетте, тәрбиешілер мен мұғалімдердің көпшілігінің бүлдіршіндерге астамси қарап, оларды өз ырқына өктемдікпен бағындырып, білім мен тәрбие беруді балаға артық жасаған жақсылығындай көріп, оның қайтарымын дәметіп, міндетситіні  өкінішті. Ал нағыз тәрбие шектеусіз, ешқандай есепсіз, қайтарымсыз, өзара табиғи түсіністікте, риясыз берілуі керек. Міне, ана тәрбиесінің артықшылығы осында. Мәселен, ата-аналар өз баласына сөйлеуді үйретсе – ақын-жазушы, ән тыңдатса – әнші-күйші, санауды үйретсе – математик дайындап жүрмін деп ойламайды ғой. Олар бұны балама жақсылық жасап жүрмін деп те санамайды, оның қайтарымы туралы ойламайды да. Балаға деген риясыз сүйіспеншілік, еркіндік, мейірім мен ізгілік, өтеусіз, шынайы қамқорлық – уыз тәрбиенің ең басты шарттары болып табылады.

Ананың тілі, сезімі мен әдебі балаға білінбей беріледі және оның мінез-құлқы мен қабілеттерінің қалыптасуына барынша ықпал етеді. Былайша айтқанда, мұндай жанды қарым-қатынас тәрбие, білім берудің алғашқы бастау-бұлағы болып саналады. Баланы әртүрлі өмір дағдыларына баулу да – білімнің тәрбиемен астасқан әліппесі.

Тәрбиенің ең тамаша тәсілі деп баланың әлденені істеуге деген ынтасын ешқандай мәжбүрлеусіз мейіріммен оятуды айтуға болады. Яғни баланы жастайынан дамыту сәбидің ойындағысын тауып, ынталандыра білуіне тікелей тәуелді. Жақсы ата-аналар балаларын білімге зорлап үйретпеген, олар, ең алдымен, балаларының білімге деген ынтасын оятқан. Зорлықпен, қатігездікпен оқытқан білімнің нәтиже бермейтіндігін, біз ертедегі молдалардың оқыту тәсілінен де айқын көреміз.

Әдеттегі өкінішті жағдайдың бірі, аналардың өзім білемдікке салынатындығы. Мұндай келеңсіз жағдайдың жиі орын алатын себебі, ана баланың сәби кезінде онымен екеуара үнемі оқшау жағдайда болады. Олар бір-біріне әбден бауыр басып, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын сияқты көрінеді. Баласын бауырына жеке-дара басып, өз еркіне бағындыра түскен сайын анасының оған деген өктемдігі өрши түседі. Сөйтіп, өз баламды қалай бағып-қақсам да өзім білем, оның тағдыры менің қолымда деген өзімшіл менмендік ауыруы бас көтереді. Ондай дертке ұшыраған аналар балаға тек қана өктемдік жасап, жекірумен, «олай етпе, бұлай ет» деген тыйымдармен, ақылгөйсіген нәрсіз көпірме сөздермен тәрбие бере бастайды. Бұл – сәбидің табиғи ерекшелігімен, еркімен санаспау деген сөз. Сәби жастайынан ата-анасынан басқа да ортаның бар екендігін сезініп, еркіндікке ұмтылып өсуі тиіс. Ал еркінен айырылған бала өз бетінше ойлаудан, әрекет етуден, шығармашылықпен іс істеуден, қиялдаудан, армандаудан, алға ұмтылудан қалып, анасының айтқанына ғана құлақ асып, жасық, жігерсіз, ынжық, жағымпаз, қалыптан шықпайтын можантопай болып өседі.

Олай болмауы үшін ана өз-өзіне сын көзбен қарай білуі керек. Нәрестенің тағдыры үшін шын алаңдайтын болса, ең алдымен сәбиінің көзіне қарап, оның ішкі қалауын тани білуі тиіс, содан соң оның тәрбиесіне тек жалғыз өзі ғана емес, айналасындағы барлық мүмкіншілікті жұмылдыруы керек. Бала тәрбиесіне күйеуімен қоса, мүмкіндігіне қарай атасы мен әжесін де араластырып ақылдасып, кеңесіп отырғаны абзал. Тіпті көп жағдайда солардың көмегіне сүйеніп, баладан бір сәт қолын босатып, басқа тірлікке де араласып отырғаны артық болмайды. Бұл анаға да, балаға да пайдалы.

Бұл орайда,  тек өз ойыңдағыны ғана күйттеп, баланы үнемі өз ырқыңда ұстап, оған бала ғой деп шекеден қарап, үстемдік жасауды әдетке айналдырмас үшін, үнемі өз балаңның қас-қабағын бағып, соқыр сезімге емес, сергек ақыл-ойға жүгініп, қажет жерінде баладан да үйреніп, тәжірибе жинақтаудан жалықпау керек. Белгілі балалар жазушысы Б.Соқпақбаев кітаптарының аттарын «Біз де бала болғанбыз», «Балалық шаққа саяхат» деп тегін атамаған.  Ол жазушы көзімен балалар жан дүниесінің өзгеше картинасын жасайды. Балалар әдебиеті классиктерінің артықшылығы сонда олардың дүниеге балалар көзімен қарай алуында. Біз есейгенде өзіміздің балалығымызды ұмытамыз. Шындығына келгенде, балалар әлемін өте нашар білеміз немесе менмендікке салынып, оларды көзге ілмейміз. Ал тәрбиемен айналысатын адам, өз объектісінің қыры мен сырын жете білуі тиіс. Баламен бала болып араласқанда ғана олардың жан дүниесіне бойлай аласыз. Ақиқатына келсек, үлкендердің балалардан үйренері де өте көп. Демек, сіз сәбилі болған сәттен бастап, өз балалық шағыңызды есіңізге түсіргеніңіз артық болмайды. Бұл орайда балалық шағыңыздағы келеңсіз оқиғаларды емес, ата-анаңызбен болған ең жақсы оқиғаларды, жылы жағдайларды, өнегелі іс-әрекеттерді еске алғанның пайдасы зор. Сәби кезіңізде сүйіп ойнаған ойындарды, бірге өскен құрбы-құрдастарыңызбен табиғат аясында бірге өткізген бал дәурен шақтарды еске алудың да тәрбие ісінде жәрдемі болып жатады.

Бұл орайда, биология, медицина, философия, педагогика, психология сияқты ғылымдардың ашқан жаңалықтары да балалар әлемінен көп хабар береді. Әрине, ата-аналардың барлығы бұл ғылымдарды тегіс оқып-үйренсін деген ұғым тумайды, дегенмен, балалар әлемін жете танып, өз мінез-құлқы мен іс-әрекетін сергек бағалау үшін олардың басты ұстанымдарынан хабардар болғаны жөн. Сондай-ақ өз балаңның  мінез-құлқы мен сезімін де шынайы бағалай білуің шарт. Мұндай жағдайда ана үнемі тәрбие жұмысында жолбасшы болатын жаңалықтар ашып отырады.

Үшінші қағида. Уыз тәрбиеде әке – отбасының қорғаны, отанасының сенімді арқасүйері. Ал ата мен әже – отбасының берекесін одан сайын арттыра түсетін адамгершілік тәрбие абыздары.

Ананы асқақтата отырып, әрине, сәби тәрбиесіндегі әкенің орнын жоққа шығаруға болмайды. Баланың сәби шағындағы әкенің көмегі мен қолдауы, әсіресе анасына қажет. Материалдық қолдаудан басқа, бала бағуда жарына көмектесу, оның тауқыметті жұмысының бір жағына шығу отбасының берекесін нығайта түседі.

Ер адам екендігін алдыға тартып, жұмысбастылығын сылтауратып, өз баласынан қашық жүретін әкелер де аз емес. Бұл да жақсылыққа жатпайды. Сәбиге ананың мейірімді құшағы қалай әсер етсе, әкесінің ыстық ықыласы мен айбарлы мінезі, үлгі-өнегесі де сондай қажет. Әсіресе күн санап өскен сайын баланың әкеге тартылысы күшейе түседі. Бір жастан асып, тілі шығып, жүре бастаған сәттен бастап әкенің орнын ойсыратуға болмайды. Бұдан әрі әке бала алдындағы тәрбиелік жауапкершілікті әйелімен тең бөлісуі тиіс. Бұл тұста, ананың мейірін – шектен тыс шарықтатып, әкенің қаттылығын – қатыгездікке ұластырып алмау керек.  

Қазақы ұғымда, «бала анасын үш күннен соң, әкесін апта өткесін таниды» деген сөз бар. Қалай болғанда да сәби жүрегі анасынан кейін әкесін аңсайтыны табиғи заңдылық. Әке мен бала арасындағы нәзік байланыс күн сайын тамырланып, жуандай бергені жөн. Бала шираған сайын әкесінің қолына алып, күлдіріп,  ойнатып, «сөйлесіп», еркелеткеніне мәз болып, оған тартыла түседі. Міне, осы сәттен бастап әке жауапкершілігі біртіндеп өсе береді.

Әкенің анаға қарағанда балаға қоятын талабы «қатқылдау», жоғары болады. Ол сәбидің тезірек отырып, тұрып, жүріп кеткенін қалайды. Қашан тілі шығып, айтқанды ұғып, адам қатарына қосылады деп асығады. Ол үшін әке, сөз жоқ, баласымен бірге көп жұмыс атқаруы тиіс. Демек, анасының мойнындағы ауыр жұмыстармен бөлісуі қажет болады. Тәжірибеге қарағанда бала тәрбиесінде анамен қоса әкенің араласуы қаншалықты белсенді болса, сәби тәрбиесіне соншалықты тиімді болады екен. Мәселен, әкесінің сәбиге дауыстап сөйлеуі немесе ән айтуы оған анасының дауысынан басқа да дауыстың бар екендігін аңғартып, тілінің тезірек шығуына ықпал ететін көрінеді.

Әдетте біз балаға әке тәрбиесі есейген шағында көбірек керек болады дегенге бейілміз. Өмірде олай емес, сәби әке қамқорлығына туған сәтінен бастап зәру. Анасымен бірге әкесінің дауысын естіп, бейнесін көріп, аялы алақанын сезіну бала танымына ерекше әсер етеді. Тіпті, психологтардың зерттеуінше, бала жүрегі анасы мен әкесінің сыйластығы мен араздығын да сезінеді. 

Демек, сәби әке қамқорлығын алғашқы айларда анасының қас-қабағы, көңіл күйі арқылы сезінетін болса, бір жастан кейін онымен тікелей қарым-қатынас орнатады. Енді үш-бес жасқа дейінгі аралықта сәбиге әкелік қамқорлық, еркекке тән мінез-құлық, іс-әрекет қажет болады. Мұндай дағдыларды әкесі «әлі де өссін, уақыты келгенде қатырамыз» деп кейінге ысырмай, дер кезінде қолға алуы керек.

Бұл деген әкесі үнемі қалбалақтап, анасының қасында жүрсін деген сөз емес. Әр нәрсенің реті, жөні болатыны сияқты, әке де сәбиіне ретіне қарай, жүйелі түрде көңіл бөле білуі керек. Ең бастысы, ол шынайы көңілден, риясыз ықыласпен жасалуы тиіс. Уыз тәрбиеде, әйтеуір парызын түсіру үшін махаббатсыз жасалған шаруа оң нәтиже бермейді. Сәби жүрегі бәрін де сезеді, әкелік қамқорлыққа, бал-бұл жайнап, нұр шашқан күлкімен жауап береді. Бұл кезеңдегі әке бақыты – сәби күлкісіне мейірлене масаттану. 

Біздің балаларымыз ересек тартқан кезде әкелерімен бірге болған жағдайларды дәл бір мерекедегідей қуанышпен естеріне алатын сәттер жиі кездеседі, өйткені әдетте мұндай жарқын қарым-қатынас көптеген отбасыларында өте сирек болады. Сенбесеңіз ер жеткен балаңыздан сыр тартып сұрап көріңіз. Жүрекжарды әңгіме өрбіте алсаңыз, ол  кезінде сіз онша мән бермеген, тіпті, есіңізден шығарған елеусіз оқиғаны жырдай қып айтуы мүмкін. Өйткені ол оқиға оның бала көңіліне ерекше әсер еткен, сондықтан оны ешқашан ұмытпайды.

Дәстүр бойынша әкеге отбасында авторитарлық рөл тиесілі. Ол өзіне тиесілі қатаң тәртіпке бағынышты, отбасындағы балалардың тәрбиесіне өте сирек араласады. Егер бала әкесін сирек көретін болса, оның өзінде тек қана кезекті ақыл-кеңесін тыңдаумен шектелетін болса, бала оны шұғыл жағдайда шақырумен келіп-кететін жедел жәрдем дәрігері сияқты жат, бөтен адам ретінде есінде еміс-еміс қана ұстауы мүмкін. Әке бейнесі жүрегіне берік орнамаған, қамкөңіл бала әкесіне деген жылылықты да терең сезінбейді. Ғайыптан тайып «қаһарлы әке» тәрбиелеген бала «ғұлама», «данышпан» болып шығуы да мүмкін,  бірақ қалай дегенде де ол әкесіне шер-мұңын ішіне бүккен, томырық, момын, жасық, жігерсіз күйінде қалады. Ал, енді бір жағдайда, әкесі маскүнем, әйеліне қатыгез, бала тәрбиесіне мүлде араласпайтын болса, мұндай отбасынан бұзақы, тіпті қылмыскер бала өсіп шығуы мүмкін. Өмірде мұндай жағдайлар аз кездеспейді.

Сәби тек әке-шешесімен ғана емес, ата-әжесімен, аға-бауырларымен, апа-қарындастарымен де жиі қарым-қатынаста болса, көп нәрсені ұтар еді. Егер үйде атасы мен әжесі немесе басқа да ересек адамдар сәбимен тығыз қарым-қатынаста болатын болса, тәрбие тиімділігі одан сайын арта түсетін көрінеді. Бұл оның ақыл-ой өрісінің кеңеюіне, қарым-қатынас дағдыларының қалыптасуына, қамқорлық, жанашырлық сезімдерінің дамуына, көпшілдікке, ұйымшылдыққа үйретеді.

Әдетте, қазіргі жас отбасылар көп балалы болуды, ата-аналарымен бірге тұруды қаламайды. Тіпті атасы мен әжесінің анда-санда келіп араласуы қосымша салмақ, кедергі сияқты көретіндер де жоқ емес. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бүгінгі қоғамда кең етек алып барады. Кейде, тіпті «қариялар немерелерін тым еркелетіп жібереді, кейіннен біз оларды «түзете алмай» әлек боламыз» деген сөздер де айтылып жатады.

Әсіресе мұндай сөзге өздерін заманауи, жаңашыл, білімпаз санайтын аналар бейім тұрады. Атасы мен әжесінің ортасында сәбилеріне оң тәрбие бере алмаймыз деген сылтаумен ата-аналарының кең сарайдай үйінен безіп, қуықтай бір бөлмеде қысылып-қымтырылып тұрып жатқан жастар да бар.

Егер бұл жағдайды бала тәрбиесіне қатысты қарастырсақ, астары мол сұрақ туындайды. Әрине, кейде келінін қақпайлап, орынсыз ақыл айта беретін, өз баласын аспанға көтеріп, басқаларды адам санатына қоспайтын ата-ене де кездесіп қалады. Осындай күні бүгінге дейін қалмай келе жатқан феодалдық қоғамның қалдықтары да жоқ емес. Бұл жекелеген отбасында кездесетін келеңсіз жағдайлар. Ал, шындығында, бірнеше ұрпақ өкілдері қатар өмір сүретін отбасыларының өзіндік артықшылықтары өте көп. Біз дәстүрлі мәдениет пен даналықты тек сол қариялардан ғана мұраға ала аламыз, ал ұрпақтар арасындағы үндестік жастардың жан дүниесін барынша байыта түседі. Үлкендердің баланы еркелету үрдісі оған деген сүйіспеншілікпен, қызықты ертегілермен, тағылымды әңгімелермен, нақыл сөздерімен сәбидің өмірін түрлендіретін басқа да ынталандыру тәсілдерімен үйлесім тауып, жағымды ықпал етеді.

Қазақ арасында бойында ұлттық қасиеттерді көбірек сақтаған аға буын өкілдерінің «мен кемпір-шалдың» баласымын деп орынды мақтанатындары бар. Ол, шынында да, солай. Мәселен, қазақ ғылымы мен мәдениетінің көрнекті өкілдері Т.Шарманов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, А.Әшімов, С.Оразбаев, С.Қасқабасов, И.Тасмағамбетов сияқты тұлғалар өз естеліктерінде ата-әжелерімен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен жылдарын мақтанышпен жазады. Ал қазіргі қазақтың атын әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергеннің өзі атасы мен әжесін аузынан тастамайды. Бәлкім, олар байыптылық пен тыңғылықтылықты, ұқыптылық пен төзімділікті, еңбекқорлық пен ел үшін қызмет етуді, көпшілдік пен жайсаңдықты солардан үйренген болар!

Төртінші қағида. Уыз тәрбие ата-ананың қиялындағы «ғажайып» адамды тәрбиелеудің құралы емес. Сәбиіңізден өзіңіздің атыңызды шығаратын «данышпан», «кемеңгер» тәрбиелеуді мақсат етпеңіз.

Әдетте, ата-аналар балаларының болашағын болжап, олардың ертең кім болатындығына тон піше бастайтындығы үйреншікті жағдай. Дегенмен, осы бір бейкүнә жақсы тілектің тәрбиенің тар өрісті мақсатына айналып кетуі ғажап емес. Олар: «Мен оның музыкант болғанын қалаймын», «Ол өскенде  үлкен әнші болады», «Мен одан мықты кәсіпкер дайындап шығарамын» деген сияқты қияли сөздерді көп айтады.

Ал сіз өмірге баланы өзіңіздің  қол жеткізе алмаған арманыңыздың өтеуі болады деп ­немесе қатарластарыңыздың бәйгесіне қосу үшін әкелдіңіз бе? Олай болмаса, неге оның болмысын өзіңіз қалағандай қолдан жасағыңыз келеді?

Өмірге қарасаңыз, осындай қиялдың тәрбие мақсатына айналғанда көбінесе кері әсер беріп жататын жағдайы аз емес. Сол сәтсіздіктердің барлығын балалар өскенде ата-аналарынан көріп жатады. Сірә, олардікі жөн болып шығады. Шындығында да, сәби ер жетіп, оң мен солын танып, өз бетімен өмір сүретін деңгейге жеткенше ата-ана оның тағдырына толығымен жауапты емес пе?!

Өкінішке қарай, бұл сияқты, балаға өзінің жеке меншік мүлкіндей қарау сезімі өте кең таралған. Айналып келгенде, оның түпкі себебі баланың табиғатымен санаспай, тірі жан ретіндегі еркін жоққа шығарып, өктемдік ­жасауда жатыр.

Мұндай қарым-қатынастың нәтижесі баланың өзіндік «Менін», ішінде бұлқынып жатқан ерік күшін тұншықтырып, өмір ­бойына өз күш-жігеріне сенбейтін, басқаның айтқанынан шыға алмайтын пендеге айналдырады. Өз балаңыздың болашағы жөнінде бал ашқаннан гөрі, ең алдымен, оның табиғи болмысына, жан дүниесіне бойлаңыз және онымен санасып, құрметпен қараңыз.  Ата-ананың қасиетті борышы – оның кім болып шығу еркін таңдай білуге баулу, оған қажетті дағдылар мен білім-білікті үйрете отырып, дұрыс таңдау жасауына барынша мол мүмкіндік туғызу. Ертеңгі болашағына – ата-анасы емес, баланың өзі қожайын болуы тиіс. Бұл дегеніңіз, әрине, бала болашағына ­бейжай қарау деген сөз емес, қайта оған барынша қамқор болып, барлық асыл қасиеттерінің бүр жаруына жәрдемдесу.

Менмендігі зор, өзімшіл, мақтан сүйгіш ата-аналар бала тәрбиесіне олай қарамайды. Баланы жастайынан дамыту ақсүйектер мен байшыкештердің ғана еншісінде деп санайды. Шындығында, мұндай ата-аналардың балалары белгілі бір өнер мен кәсіпті шын жүрегімен, табиғи түрде таңдамайды, тек ата-аналарының мәжбүрлеуімен, солардың құлағына сіңірген қалауы мен бәрінен үстем боласың деген жаңсақ түсіндіруімен таңдайды. Осылайша, баланы ерте жастан дамытуға тиісті алтын уақыт баланың жан азабына айналады.

Белгілі бір кәсіпке баулу – уыз тәрбиенің  басты шарты емес, ол үлкен мақсатқа жетудің бір қыры ғана.  Сіз неге баулысаңыз да баланың одан не алып жүргенін және сол арқылы қандай қабілетін дамытып жатқаныңызды анық білуіңіз керек. Жеке алып қарағанда балаға жастайынан берілетін қандай кәсіптік бағдар болса да, өз алдына адамзаттық жоғары құндылыққа ие емес.

Ал белгілі бір ананың баласының басқа балалардан артық болуы жөніндегі тілегін қанағаттандыру үшін әлдеқандай кәсіпке бейімдеуі – бос әурешілік. Ондай ана не  өзінің менмен, жымысқы ойынан бас тартуы тиіс немесе баласын тар жолға итермелеуін тоқтатқаны жөн.

Баланы белгілі өнерге жастайынан баулудың, әрине, ешқандай оғаштығы жоқ. Қайта, ол баланың жан-жақты дамуына тиімді ықпал етеді. Бірақ одан ұлы тұлға тәрбиелеу мақсатын қоймауы тиіс. Ол, ең алдымен, сәбидің өз күшіне деген сенімділікті бойына дарытуы тиіс, содан соң барып ол кәсіптік  жетістіктерге жетелейді. Егер баланың балғын қабілеттері толығымен ашылып, ойлау дағдылары мен сезім мүшелері түгел уақытылы іске қосылса, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына барынша молынан сіңірсе, ол қандай мамандықты болмасын, қандай қиын кәсіпті болмасын, өнердің қандай түрі болмасын жедел игеріп, дөңгелетіп алып кететін «жеті қырлы, бір сырлы» адам болып өседі.

Бесінші қағида. Уыз тәрбиені тиімді жүргізу үшін алдымен, ата-аналардың өзі тәрбиелі, білімді, парасатты болуы шарт. Әрине, ол оңайшылықпен келетін шаруа емес.

Біз ғасырлар бойына отарлық езгіде болған халықпыз. Осы жылдар ішінде қаншама ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалдық. Жетпіс жылдық Кеңестік идеология  да адамзаттық бағдардан көз жаздырып, жасанды Кеңестік педагогиканың қалпына салуға тырысты. Бұл идеология балабақша мен мектепке, қоғамдық тәрбиеге дендеп енгенмен, отбасы тәрбиесінің негізгі дәстүрлі ұстынын жоя алған жоқ. Қалай болғанда да ауыл балалары, балабақшаға дейінгі кезеңде отбасының тәрбиесінде болды. Әсіресе ауылдарда дәстүрлі тәрбие тамырынан ажыраған емес. Қазіргі аға ұрпақ бойындағы адамгершілік, ұлттық қасиеттер осы дәстүрлі тәрбие арқылы қалыптасты. Бүгінгі жас ата-аналар да осы дәстүрден көз жазып қалмауға ұмтылуы қажет.

Әрине, бүгінгі жас ата-аналардың бала тәрбиесіне аса ыждаһаттылығы қуантады. Олар сәбиіне барлық жағдайды жасағысы келеді, қолынан келгенше жақсы тәрбие, сапалы білім бергісі келеді. Бұл қоштарлық жағдай. Бірақ жас ата-аналардың сол ізгі ниеттерін қолдап, қолтығынан демеп, қанаттандырып алып кететін жағдай бүгінгі қоғамда бар ма?! Бұл сауалға  күмілжіп қалатынымыз сөзсіз.

Демек, бұл шытырманнан жол тауып шығудың ауыртпашылығы тағы да ата-аналардың өздерінің мойнына келіп түседі.

Соңғы кезде таңдау көбейді. Біз әлемдік қауымдастыққа дендеп енген сайын, тәрбие түрлерінің қалың орманына кіргендей, бағдарымыз көмескіленіп, жол тауып шығуымыз қиындай түскен тәрізді. Міне, қазіргі қазақ ата-аналарының жағдайы нуы да көп, суы да мол, жемісі мен жидегі де жетерлік, сондай-ақ улы, заһарлы дәмдері де аз емес қалың орманның ішінде жүрген тәрізді. Олар осы шытырманнан өздеріне керегін дәл тауып, аман-есен жол тауып шыға ала ма?!

Жас отбасылары тәрбие мәселесіне қаншалықты алаң болған сайын, алдарынан тарам-тарам жолдар андыздап, әртүрлі ағымдардың ықпалы да менмұндалай бастайды. Міне, осы сәттегі адастырмас темірқазық – өз халқыңның рухани құндылықтары. Оны қаншалықты жақсы білсең, соншалықты бағдарың айқын. Соған қоса әлемдік ғылым жаңалықтарынан қаншалықты хабардар болсаң, жұмысың соғұрлым жемісті бола түседі.

Қазір орыс, ағылшын тілінде кітаптар мен оқу құралдары өте көп. Олардың іші толған түрлі теориялар мен ағымдар. Ал ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі ақпаратта тіптен шек жоқ. Облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында осындай теорияларға негізделген оқу орталықтарынан аяқ алып жүргісіз, әрине, басым көпшілігі орыс тілінде.

Жас ата-аналар осындай бой көрсеткен жаңалықтың қандайын болсын пайдасына жаратуға тырысады. 

Әрине, сізге пайдалы болып көрінген тәрбие әдісін неге байқап көрмеске?! Міне, осы тұста ата-аналар тағы да үлкен сынақтың алдында тұрады. Бұл – өте жауапты, күрделі шаруа. Бұл жерде жас ата-анаға «мынау дұрыс, мына жолға түс» деп нақты кеңес бере қоюдың өзі қиын.

Демек, тәрбие жүйесін таңдауда аналар, ең алдымен,  өз танымдары мен сарабдал санасының ыңғайына сүйенуі керек. Бұл орайда, қылаң берген жаңалыққа ессіз еліктеп, сынақтан өтпеген дүмбілез теорияға ұрыну бала тәрбиесіне орны толмас зардабын тигізеді. Тәрбие жұмысында өзіне деген берік сенім мен байыптылық зор маңызға ие. Дегенмен, ана аңдаусызда қате ағымның ықпалына түсіп, ол қателігін тоңмойынданып мойындамаса, оның ақыры баланың қасіретіне айналады.

Сондай-ақ ана бала тәрбиесіне аса мән бермей, немқұрайды қараса, ол да жақсылыққа апармайды. Бала тәрбиесі – ана өміріндегі ең маңызды, қасиетті парыз және онда ешқашан оңай, жеңіл жол болмайды. Аналар желбуаз ағымдар мен дайын қалып пен жеңілдетілген әдістерден бөлек, тек өз жүрегінен өткен өзіндік тәрбие тәсілдерін саралап таңдап, берік қалыптастырып алуы керек. Міне, осы орайда, қазақ жас ата-аналарына жәрдемге келетін еңбектер аса қажет. Оны мемлекет жүйелі түрде өз қамқорлығына алғаны жөн болар еді. Әзірге біздің айтарымыз ағылшын тіліне шамаңыз келмесе, орыс тіліндегі еңбектерді пайдаланған жөн. Олар шетел әдебиеттерін де орыс тіліне аударып тастаған. Солардың ішінде: ағылшындық педагог Симон Дэвистің «Монтессори для малышей. Полное руководство по воспитанию любознательного и ответственного ребенка» (Москва, 2020), Жапондық ғалым Масару Ибуканың «После трех уже поздно» (Москва, 2019), американдық балалар дәрігері, педагог Глен Домонның әдістемесіне негізделген «Методика раннего развития Глен Домана. От 0 до 4 лет», американдық педагог Пенни Уорнердің «160 развивающих игр для детей от рождения до трех лет» (Москва, 2017), «Ақылды бала» деп аталатын еңбектерімен таныс болғанды ұсынған болар едік.

Сонымен қоса, қазақ фольклоры мен этнографиясына б­айланысты еңбектер, әрине, алдыңғы кезекте болуы тиіс.

(Жалғасы бар)

 

6632 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы