• Руханият
  • 22 Шілде, 2021

ҚЫДЫРУ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ         

«Ana tili»

 

Арқаңда зәулім-зәулім үйлер. Алдыңда теңіз, дұрысы – мұхит жатар шалқып. Шалқар айдынға түскен аспанмен таласқан ғимараттардың көлеңкесі тіптен зор. Жағаға салқын самал есер мұхит иісін аңқытып. Нью-Йорк таңының самалы. Су бетінен ылпып көтерілген бу шығандап, дүрілдеп-гүрілдеп қайта жан біткен қарбалас қаланың түтінімен қауышар көкте. Жағажайдағы жайлы орындарға жайғасқан, түрлі-түсті адамдардың қарасы көбейе берер.  Фастфудтарын, өзге де тағамдарын әзірлеп зыр қаққан даяшы қыздар, жігіттер әлгі бу мен шуды қыздыра түсер.     

Мұхтар Әуезов «аспанға жазылған тас-өлеңдер», атаған заңғарларға бұрылып қарап қоярсың. Бәлкім өзің жақсы білетін бір жазушының, ұшы-қиырсыз даланы – теңізге, Есілдің бойына, жерден өніп шыққандай менмұндалайтын Астананың биік-биік үйлерін, Нью-Йоркке балап жазғанын есіңе алып, жымиярсың...

Сосын ас мәзіріне үңілерсің еріксіз: гамбург бифштексі, итальян пиццасы, клэм чаудер, текс-мекс, fried chicken, country-fried steak, crab soup, cakes, boiled dinner...

Алшаң-алшаң басқан (толықтығынан үлкен көрінетін), америкалық ақсары жігіт, анадайдағы бос орынға шалқая кетер де, елпектеген қараторы қызға «мұзды шай» әкелуін өтінер. Таң атпай ішін не қарып бара жатыр екен, дерсің қазақы логикаға салып. «Мұздай шай» дегенде, туған ауылыңдағы жарықтық үлкендердің буы бұрқырап, сарқылдап қайнаған ып-ыстық шайды, терлеп-тепшіп ішкендері келер көз алдыңа. Америкаға мүлдем кереғар. Қазақтікі дұрыс қой, дерсің өзіңді құптап...

Сен биіктік атаулыға құштарсың. Нью-Йорктің тас үйлеріне қызыға беретінің де содан. Енді бірде Жер шарының келесі қиырындағы Фудзиямаға телмірерсің. Шыңның бұлттан ашыла қалған  сәтіне, ересек жапон қыз-жігіттер балаша алақайлап қуанар. Сонда осынау жұмбақтау халықтың өзіңе жақындығын сезінерсің. Сен де Алатау мен Хантәңірін, Алтай шыңдарын аңсайсың. Бірақ Фудзияма олардай саған ыстық емес. Тамсанарлығы – ұқсайды әлемдегі шыңдар бір-біріне...

Онымен тоқтамайсың. Киш, рататуй, клафути, нисуаз, тартифлет, касуле. Кейбіріне тілің әрең-әрең келетін француз тағамдарын татып отырып та Эйфель мұнарасына жалтақтарсың. Жеткенше асығарсың...

Ұшар маңдайшасында  ысқырынған қызыл әждаһа. Иіліп бүгілген тағы да шығыстық менталитет. Бітиген көздері күлмеңдеген ханзу даяшылар. Нюроумян дегені – кәдімгі сиыр етінің сорпасы, ­жиуазы – пельмен, хоңшауиаңпай – қойдың қабырғасы екен-ау деп таңырқарсың.

Дүниенің төртбұрышы деген, міне, осы болар – Америка, ­Жапония, Франция, Қытай. Бұдан басқа сандаған мемлекеттерді шарлағаныңа, шарлайтыныңа күмән болмақ емес.

Алайда таңғажайыпқа толы жердүниені қанша араласаң да, небір кереметтерге көз тойғызсаң да, дәмі тіл үйірер тағамдарын тамсана жесең де, өз ұлтыңның жерін, салт-дәстүрін, тағамдарын аңсайсың. Бұл – Құдай бұйыртқан қажеттілік.

 

***

Марқұм Зардыхан Қинаятұлы есімді ғұлама тарихшы, кез келген халыққа атауды көбіне көршілері (әйтуір өзгелер) таңатынын жазғаны бар. Қазақты қай дәуірде, кімдер қазақ атағаны беймәлім.

Қазақтың Құдайға шүкір Бостан ­отаны бар демесең, бауырларымыз қазір де әлемнің отыз қанша елінің босағасында жүр. Олардың ішінде көшпенділік ғұрыпты сақтап келе жатқандары – қазақ үшін өте қымбат. Өйткені біз өткенін, тіптен аты-жөнін де отаршылар ұмыттырған халықпыз. Күні кешеге дейін олар тарихың – қараңғы, надансың деп үйретіп келді. Жадымызды біржола өшіруге тырысты. 

Жоқ, олай емес екен. Көзіміз ашылды. Қалың-қалың тарихымызды былай қойғанда, этнографиямыздың өзінде терең білім-білік жатыр.

Бәзбір әдебиеті әлемдік классикаға баяғыда-ақ көтерілген ұлттардың (ағылшын, француз, орыс, испан, ­жапон, т.б.) жазушылары этнография деп мұрнын шүйірер, бірақ қазаққа киіз үйі, көшпенді мал шаруашылығының қыр-сыры баға жетпес байлық. Жетілген астам ұлттарда, этнография әлдеқашан сүрленген тарихқа айналғаны рас. Әдебиетінде тіптен өткен шақ. Ал менің халқымда хатқа түсіріп үлгермеген құндылықтар аз емес.

 ***

Басқа ұлттарды қайдам, қазақтың бәлен мыңдаған жылдан бері Алтайдан табан аудармағаны рас-дүр. Ат шаптырым аңғарлар. Қоңырайған қолаттар. Өрлеген сайын арқаңды қоздырып, сарайыңды жаңғыртып, жарық дүниенің тақ пен тақытындай мерейлендіретін тұлғалы, тұғырлы биіктер. Тұяқты қоңыр аң ғана жортатын құлама құздар. Іркес-тіркес, ирек-ирек жоталар. Алты ай жазда да, сүрі қарымен күллі дүниенің үстінен үңілуден танбайтын ақ шулан шыңдар.

Монғол-Алтай азаматтары да қалбырақтаған ақ көңіл. Құдды арындап ақтарылып жататын өзендеріндей. Ойқастаған тоқ жарау, қамыс құлақ ат мінеді тегісі. Аңқылдап әңгіме соғып, екпіндетіп бір мойнақтан аса қалғанда, ақ боз үйлер көрінер жамырап...

 Таулы өңірдегі салқын сабат ­жайлауда, қазекең етжақын ағайын тума, құда-жекжатымен қауымдаса қоныстанады. Бес-алтыдан, оншақтыдан. Сай ортасындағы күркіреген өзенді жағалай жайлайды...

Боз үйлердегі тірлік таң қылаң бере басталар еді. Қойшы, жылқышы, сиыршылардың басқаруды қажет етпейтін, дағдылы кәсібі. Қой-ешкінің маңырағаны, сиыр, бұзаудың мөңірегені бәсеңсіп, үй іргесіндегі мал өріске ұзай бере, ауыл үстін дүбір кернейді. Кешегі ағытылған биені жылқышылардың айдап келген сәті. Жігіттердің айқайы, құлындардың шіңгірлей кісінегені, айғырлардың арқырағаны, мама биелердің оқыранғаны. Құлындарды биебаудағы желіге, өздеріне шап-шақ ноқталарынан тұқырта байлағаннан кейін, ауылдағы таңғы қарбалас байыздайды.

Бір қауым уақыт өткенде, ауыл тыныштығын сауын биенің басын ұстаған жылқышының, саңқылдаған «Құр, сал!» деген дауысы бұзар. (Мұндағы құр, –  құроулап жылқыны шақырғандағы сөздің басқы буыны, сал – шамасы, иі, сүт бер, деген бұйрық мағыналы сөз ). Бие сол сәт үш аяқтап тұрар. Жылқышы сауғанша қозғалмауы үшін, биенің мінер жақ алдыңғы аяғына «бүкпе» салады. (Бүкпе – жылқының тізесін бүгіп кигізетін, бітеу шеңбер қылып ұшын түйген кендір не қайыс.) Үш аяқпен ары-бері қозғала алмай тұрған биенің, жібектей жұмсақ емшегін, жүрелеп отыра қалған сауыншы тез-тез саууға кірісер. Қазақ ешқашан жылқының оң жағынан мініп-түспеген, саумаған. Қазаққа жылқының оңы – қамшылар, солы – мінер-түсер (сауар) жағы.

Анадайдағы ақ отаудан сәбидің іңгәлағаны естілер. Бала ұл ма, қыз ба, оны ауылдағы барлық адам біліп отырады. Өзі бір уыс қазақ болғасын да солай. Бәлкім түркілерден бері үзілмей келе жатқан бір ғадет, – алтайлықтар қыздарын «қыз» деп айтпауға тырысады. Біреудің балаларын солай атап жатқанын   ата-анасы естісе, ренжиді. Сондықтан өз ұрпағы жайлы айтса да, жалпылама «бала» сөзін қолданады.

Ерте кездегі бір ырым: туған нәресте ұл болса, кіндігін қошқардың мүйізіне, айғырдың жалына байлап жіберетін. Көбейсін, рулы ел болсын, мықты, қайратты азамат боп өссін дегені. Ал қыз екен, кіндігін әспеттеп, «ісмер болсын» деген әдемі тілектерін жаудырып, шүберекке түйіп, сандық түбіне салып қойған. Қыз – түздің емес, үйдің қазығы. Кіндігі далада, тау-таста қалмауы тиіс деп құрметтегені. Қыз – болашақ  ана, ананы ардақтағаны.

Жайлаудағы қай үйде, іркіт пісу жұмысы басталып кеткенін де күрп-күрп еткен сабаның үнінен айырасың. Іркіт пісу – білек күшін қажет  ететін ауыр шаруа. Мұндайда пысық келіндер ерте тұрып, қайынсіңлілері мен қайындарын көмекке шақырып, әзіл-қалжыңды өрбітіп, ауыр жұмысты тезірек еңсеруге тырысады.

Іркіт піспес бұрын, алдымен сабаға айран жинайды. (Саба – жылқы терісінен, піспегі –ағаштан жасалады.) Жинайды деуім, бір апта, мүмкін он күн, малды, айраны мол отбасылар үш-төрт күнгі ұйытқан айранын сабаға құя береді. Саба толған кезде, іркіт піседі. Есте болатыны – қазақта айран піседі деген тіркес жоқ. Қашан сабаны пісіп, айраннан сары майды шайқап  алады, сонда қалғаны – іркіт. Сөйте тұра іркіт сөзін қолдануы – бәлкім, жиналған айран көбірек тұрып қалса, божып ашиды. Іркіт – қышқыл тағам. Аталған тіркес содан алынса керек. Егер этимологиясына үңілсек, «түбірі ірк – артылу, көбею, жиналу». Ал «іркілудің – жиналу, көбею» мағынасы Махмуд Қашқари (ХI ғасыр) сөздігінде де кездеседі.             

 Қазақ әр нәрсенің өзінің мөлшері болады дегенді, – «Сабасына қарай піспегі» деп түйеді. (Піспек – ұзын сапты, басы дөңгелек келеді.) Піспекті сабаға батырғасын, айран жан-жағына шашырамас үшін, аузын қусырып байлап барып піседі.

Анықтап айтып кететін бір жайт –  қаймақ тек піскен сүттің бетіне жиналады. (Шикі сүттікі – кілегей). Пісірген сүттің қаймағын алмай  ұйытқан айранынан сары май шығады. Яғни қаймақ сары майға айналады.

Саба толы айран білекке, белге әжептәуір салмақ түсірсе де, жылдамдатып ұзақ-ұзақ піскенде, біртіндеп сары май іріктеліп, піспекке орала бастайды. Май жуырмаңда орала қоймаса, жылытылған сүт немесе ақ ірімшіктің сары суын қосады. Мұны – хор құю деп атайды. Май іртіктеліп шыққанымен, онша тұтаспай тұрып алса, піспекті алып қойып, саба толқу басталады. Сабаның сыртына жалпақ қақпақ секілді затты тіреп қойып:

Саба-саба май түс,

Қарын-қарын май түс, – деп әндете толқиды. Бұл әрекет айналадағы зат біткеннің киесі, иесі болады дейтін атамзаманғы түсініктің жұқанасы секілді, бізге жеткен.  

Толқығанда жиналған майды сүзіп алғасын, шұңғыл ыдысқа салып, іркітінен арылту мақсатында үстіне суық су құяды. Сұйық іркіт суға шығады да май қалады. Сумен шайқағасын да жұмыс біте қалмайды. Малды сауғанда түскен қылшық, жүн талдары сары майдан шыға келеді. «Майдан қылшық суырғандай» деп тегіннен-тегін айтылмаған. Ылжыраған майдан қылшықты теріп алуға да,  расында біршама ептілік қажет.

Қылшықталған майды жақсы сақталуы үшін тұздайды. Сақтау демекші, ежелгі қазақ сары майды сақтайтын ыдысты да оңай ойлап тапқан. Кәдімгі қойдың қарнын тазалап алып тұздаған. Тұз сіңгесін, шар құсатып үрлеп, керегенің басына не шаңыраққа іліп кептірген. Тұз сіңген, үрленген қарын сасымай-шірімей жақсы кебеді. Кәдімгі ыдыс дерлік сырты қатаяды. Оған тұздалған сары майды нығарлап салып, аузын ауа кірмейтіндей қылып жүн жіппен тігіп тастайды. Қарындағы май көгермей-сазармай ұзақ сақталады. Міне, содан да халқымыз «Сары майдай сақтап» деп мақалдайды.   

 Сабада қалған іркітті қышқыл себепті бір бөлігін сусын ретінде пайдаланады. Көп бөлігін (тай) қазанға құйып қайнатады. Ерекшелігі – қазақ мұны да іркіт қайнату демейді. Құрт қайнату деп атаған. Ол да жеңіл шаруа емес. Күн ыстық кезде, сарқылдап қайнап тұрған құрт тасып төгіліп кететіндіктен, отқа түскендей қасынан кетпей, қайта-қайта сапырып тұруды қажет етеді.

Бала күнімізде құрт қайнатқан күні, «көбік жалаймыз» деп қуанатынбыз. Қазанда сарқылдап қайнап тұрған құрттың шетіне көбік жиналады. Қасықпен алып жалайтын едік, сондай дәмді.

Құрт қайнатып жатқанда қонақ келсе, апаларымыз келген кісіге шай емес,  құрт құйып беретін. Қайнап тұрған құрттан кесеге құйып, үстіне бір қасық сары май салып ұсынады. Сөйтсе оны ішкен адамның екі беті нарттай қызарып, шып-шып терлеп шыға келетін. Әнеки, тағамның күш-қуаты.

 Құртты оттан алып, ыссылай кенеп дорбаға құйып, сүзіп алады. Дорбада құрты қалып, сары суы ағып кетеді. Сары суын тері илейтін иге пайдаланады. Дорбада бірнеше күн тобарсыған құртты, кесек қалпымен үстелге қойып, шетінен жіппен, өзге жүзді заттармен қиып, төрт бұрыш, дөңгелек түрлі-түрлі формаға келтіреді. Құрт әлі кеппеген дымқыл кезінде, қолмен әрқандай формалар жасауға оңтайлы келеді. Сосын үй сыртындағы өреге тізіп қойып, кептіреді.

Алтай десе менің қарасирақ балалық шағым еске түседі. Құрттың көбігін жалағанына мәз, қайран аңқау, албырт шақ. Ертеңнен кешке дейін жалаң аяқ, жалаң бас ойынымыз қанбайтын. Таудағы жайлау жасыл жасаң – жұмсақ шымдауыт. Аяқ киімсіз жүргесін, өкшеңнен бастап әр жері шыт-шыт жарылады. Кешкісін қан шығып ашиды. Қиналғанымды көрген шешем, азанда сауған шикі сүттің кілегейін қалқып әкеліп жаға қоятын. Жұмсарып, ауырғаны басыла қалады. Ертесінен ­бастап аяқ киіммен жүрсем, біртіндеп жазылып кететін. Кілегейдің емдік қасиетінен шығар.

Сол марқұм шүйкедей шешем, қазанда қайнап тұрған сүтке айран араластыратын. Біршама қайнағасын, кенеп дорбаға құятын, іртігі қалып, сары суы ағып кетеді. Дорба түбіне жиналып, тұтасқан іртігі – ақ ірімшік. Егер қайната берсе, сары суы суалып, ақ ірімшік қызыл ірімшікке айналатын. Көріп отырсыздар, нағыз қарапайым технология. ХХI – ғасырда да қалың қазақ тұтынса, кәні? Нағыз қазақы тағамның үлгісі.

Негізінен айранды қазақ киелі тағам санаған. Айрандай ұйыған ел, айрандай ұйыған отбасы ұғымдары соны меңзейді. Біреу масқара болыпты, дегісі келсе, «абыройы – айрандай төгіліпті» дейді. Айранның төгілуі – жақсылық емес, жамандық шақырады. Абайсыз төгіле қалса, балалардың маңдайына жағатын. Бұйырсын деген ырым. Әлі күн қым-қуыт тірлікте жолым болмай қалса, маңдайымды сипай беремін. Қайран шешелерімнің алақанын әлде айранын іздегенім...

***

Алтайда қазақ – жылқысымен қазақ. Небір темір тұлпарларды тізгіндегенмен, әңгімелері жүйрік-жорғаға бұрылып кете береді. Бүкеңдеген түлкі жүйріктер, алдыңғы аяқтары қысқалау, арты талтақ, салпы ерін, өрге шабатын қоян жүйріктер, қасқыр жүйріктер, су төгілмес жорғалар жайлы аңыздатқанды ұнатады.

Алтайлықтар жылқыны жібіне жетіп арықтатпай, бабымен малданады. Күн жүріп, түн қатып, шалғайдан қан-сорпасы шығып келген аттың ертоқымын бірден алмайды. Алса, арқасына «ыстық шығады». Томпиып-томпиып ісінеді. (Әбден суытып барып ерін алады, отқа жібереді.) Ісік ерге қажалып, жауырға айналады. Еркіндікке жіберсең, жарасы жазылғанда баран жылқы болса, жауыр орнына ақ түктер өсетіні бар. Сөйтіп «ақ қаптал ат» деген атау шығады кейде.

Малсақ қауым, ертоқымды да талғайды. О баста жасалғанда, ағашынан әлде басқадан бір қателік жіберілген болса, ол ертоқым ат арқасына жайлы болмайды. Лезде жауыр қылып жібереді. «Атқа тиеді», деп ондай ер-тоқымды пайдаланбайды. 

   Ноқта аттың басына жүгеннен бұрын кигізіледі. Ол арқандауға арналған. Арқан ұшын байлайтын ілгегі болады. Атты арқандамаса, шідерлеп, не тұсамыспен, өремен отқа жібереді. Шідер үш бұтақты. Аттың алдыңғы екі аяғына, мінер жақ артына, тұсамыс – алдыңғы екі аяғына, өре – мінер жақ алды мен артына салынады. Отқа жіберілетін ат тым алысқа кетпесін десе, әлгі өрені шадыр қылып салады. Шадыр өре – қамшылар жақ алды мен мінер жақ артына көлденеңінен келеді. Сонда жылқы қамшылар жақ артқы аяғымен өреге қайта-қайта ілініп, ұзаққа кете алмайды.

Тау-тасты Алтай өңірінде, мініс ат тез табандайды. Тағалап міну – қажеттілік. Кемінде төрт-бес жігіт жұмылмаса бітпейтін қиын жұмыстың бірі осы. Алдымен біреуі аттың алдыңғы екі аяғын қатар  қойып байлап, сол арқанның жалғасымен қамшылар жақ артқы аяғын іліп тартады. Жылқы шоңқаң етіп құлауға бет алғанда, басын ұстаған адам құлағына жармасып, тағы бір жігіт жалынан тартып, қалайда жығуға тырысады. Құлай кеткен жылқының сауырынан келесі кісі (құйрығын бұтынан өткізіп алып, тартып) басады. Жылқы аяғын берік етіп байлаудың да әдіс-тәсілдері бар. Негізінен тізесінен, тілерсегінен жоғары бір арқанмен уақытша байлап, аяқтарының басын айқастырып алғасын, келесі бір арқанмен қайта байлайды.

Тәжірибелі аттағалаушыны жұрт өзі іздеп барады. Аттағалаушыға бір жігіт, ат тұяғын ыңғайына келтіріп ұстап беріп отырады. Темір шеге қара тұяқтың арасымен кетуі тиіс. Тұяқтың ішіндегі тұрасына (сүйегіне) шеге абайсызда тиіп кетсе, не шегенің белі батса, ат ақсап қалады. Ондайда жылқы өзі де қатты бұлқынады. Тәжірибелі тағалаушы шегенің былқ еткенінен-ақ сезеді. ­Суырып тастап, басқашалау қылып қайта қағады. Шеге тиген, тимегенін білетін жалғыз көрініс, – жылқыны аяғын шешіп тұрғызып жібергенде, сілкінуі керек. Сілкінбесе ақсап қалғаны.

Алтайлықтар жүйрік жылқыны бәйгеге қосарда, құйрығына, жалына ақ не түрлі-түсті шүберек қосып өреді. Кекілін матамен көтеріп буады. Құйрығына үкі тағады. Бұл бір жағы, дүлдүл атқа көз тимесін дегені, екіншіден, қуаныштың, тойдың белгісі. Негізгісі – арыдан келе жатқан дәстүр. Үстіне томаршадай шабандоз ұл-қыз мінген, кілең жарау сәйгүліктерді, баяғы Біржан сал,  Үкілі Ыбырай заманындағыдай, күндік жерге айдайды. «Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды» деп Ақан сері жырлағандай, бәйге атының шаңы көрінгеннен-ақ мәредегі жұрттың дегбірі қашады. Абайдың «Көктен қыран сорғалап құйылғанда», «Алпыс екі айлалы түлкі алғандағы» иесінің бастан кешірер ахуалы. Үміт пен күдік тайталасқан, қазақы көңіл күйдің тасқындаған шағы...

***     

   Киіз үйді күні бүгін тұтынатын алтайлықтарға, оны тігу бәлендей күрделі емес. Керегелерді керуден бастайды. Ежелден келе жатқан түсінікте: алты керегесі болса – алты қанат үй. ­Кереге басының санына қарай; сексен, тоқсан, жүз бас үй. Бір қарағанда оп-оңай көрінгенмен, керегелерді қиюластырып таңуға келгенде, кәдімгідей тәжірибе қажет. Керегелерге есікті қосып таңғасын шыққан шеңбер ортасына, шаңырақ көтеру керек болады. Әрине, шаңырақ ауыр. Бірнеше жігіт көтере қалғанда, жан-жағынан тез-тез уықтарды шаншып байлай қою шарт.

Егер шаңырақ шеңберін қақ бөліп тұрған күлдіреуіш аталатын ағаштары, дәл есіктің маңдайшасының үстіне келмесе, нәтиже дұрыс болмағаны. Алыстау барып қарасаңыз, уықтар қисық шаншылып тұрғаны анық көрінеді. Мұны қазақ – «қыдырып кетіпті» дейді. Есік маңдайшасы мен шаңырақ алды, арнайы уықтарына дейін дәл есептеліп жасалады. Қыдыру бір-екі уықтың мөлшерінен аспаса, бір босағадан бастап түзетіп шаншып байлап шықса, шаңырақ өз орнына келеді. Бастысы – шаңырақ көтерушілер, белгіленген шаңырақ күлдіреуішін маңдайшаға дұрыс бағыттап көтеруі тиіс.

Айтпақшы, алтайлықтар жайылған кереге шеңберінің ортасына шаңырақ көтерерде, шаңырақты міндетті түрде оң босағадан асырып береді. Киіз туырлықты түркі-монғол тектілер, үй есігін тек күншығысқа қаратып тігеді. Өздерін Күннен туған, Көк түркілеріміз, Көк монғолдарымыз дейтін халықтардың, діни-космогониялық түсініктерінің іздері, әлгідей ғұрыптарында сайрап жатыр. Оны кей ғалымдар дұрыс аңғарып, жазып жүр. 

Қазақ екенсің, киіз үйде ұйқың – тәтті;

Киіз үйде ойың, бойың – сергек;

Киіз үйде өзіңді – нағыз қазақ сезінесің;

Киіз үйде отырып күмбірлетіп домбыра тартсаң, алты қырдың астына жетер болар...

Туырлықтан үзікті, үзіктен түндікті ажырата білмеу – бүгінгі ыстық үйдің қабырғасы, шатыры қайсы дегендей, күлкілі жағдай байырғы қазақ үшін.

Байырғы қазақ өмірі жайлы жазатын болашақ жазушының уықтары қыдырып тұрмасын, деген ескертумен, тәмамдалар эссені қыдыру атадық.

Азаматтың суреті

1828 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы