• Мәдениет
  • 29 Шілде, 2021

ОЛИМПИАДА ХАНШАЙЫМЫ

Олимпиада чемпионы, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова Токиодағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында азиаттық интернетті «шулатып», Әлем назарын өзіне тартты. 

Ұлттық нақыштағы киім үлгісі мен сырт келбеті және өзінің қарапайымдылығымен жұрт тамсанатындай көптің қошеметіне бөленді. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, отандық спортшылар делегациясын республиканың туын көтеріп шыққан спортшы Ольга ­Рыпакова мен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев басқарды. Жеңіл атлетші өзінің Instagram әлеуметтік парақшасында Олимпиаданың ашылу салтанатында өзін бір сәтке ханшайымдай сезінгенін айтады. «Бұл менің есімде мәңгі сақталып қалатын ең керемет оқиғалардың бірі. Олимпиада қалашығындағы ашылу рәсімінен кейін де бізді халық қоршап алып, барлығы жақын жерде суретке түскісі, ­ерекше киімдерді мұқият қарағысы келді. Мен тіпті өзімді бір сәт патшайымдай сезіндім. ­Жалпы ашылу салтанаты – бұл мүлдем ерекше оқиға, оны ешнәрсемен салыстырып, баламасын табу қиын. Мен осы жаһандық шараға қатысқаныма өте қуаныштымын» деді Ольга. Ал спортшының сұлулығына тамсанғандар әлеуметтік желіде өз пікірлерін жаудырып жатты: «Рыпакова қандай сұлу, мен басында сериалдардағы сұлтандардың ­ханшайымдары екен деп ойладым», «Костюмдері керемет және әдемі», «Жапондық бұқаралық ақпарат құралдарында сіздің киімдеріңіз бірден ­танымал болды. Нағыз өнер туындысы!», «Ең әдемі ту ұстаушылар», «Киім, имидж, зергерлік бұйымдар – бәрі де ханшайым сияқты әсер қалдырады».

Ту ұстаушылардың парадқа киіп барған арнайы киімдерін жасауға Қастеев мұражайының сәндік-қолданбалы өнер мамандары атсалысты. Дизайнері – алматылық сәнгер ­Виолетта Иванова. «Менің арманым – заманауи интерпретациядағы қазақ костюмдерінің коллекциясын жасау. Қазақтың ою-өрнектерін өте жақсы көремін және оның сұлулығын бүкіл әлемге танытқым келеді. Мұндай костюмдерді жасау – үлкен мүмкіндік. Маған шабыт берген осы ой болды. Біздің ұлттық өнеріміз қашанда құрметке лайық. Ұлттық нақыштағы киім әдемі және заманауи көрінеді. Бізде әлемге көрсететін нәрселер өте көп. Оны жасаған соң, трендке айналдыра аламыз» деді Виолетта. Әйелдер костюмі – жібек көйлек пен казмол қолмен жасалған жібек кестелерімен, жіптермен және моншақтармен безендірілген. Ал ерлер костюмі – шалбар және жартылай жүннен жасалған камзол мен қолмен кестеленген орамал.

Токиодағы Олимпиада ойындарында спортшылардың ту көтеру шеруіне алғаш рет әр елден екі спортшы қатысты – әйелдер мен ерлер. Бұл Халықаралық Олимпиада Комитетінің гендерлік тепе-теңдікке қатысты ұсыныстарының нәтижесі.

1687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы