• Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

Күлкіде де күлкі бар...

Абай шығармалары кезіндегі қазақ қоғамын, оның тіршілігінің барлық саласын қамтығаны бәрімізге белгілі. Бірақ Абайдың айтқан кейбір сөздері мен  сыни ойлары  тек сол заманға ғана қатысты  емес,  бүгінде де өзекті. Абайдың қазаққа қатысты көптеген сыни ойларынан мен оның күлкіге қатысты сөздеріне тоқталып өтсем деп отырмын. Себебі, бұл да – әлі өз мәнін жоймаған, «созылмалы аурудай» қазақтың бойына тарап, мысқалдап шыға алмай жүрген нәрсенің бірі. Қазіргі кезде теледидар мен әлеуметтік желіні қарап отырсақ, күлкілі, күлкі тудыратын нәрселер көп-ақ! Қаншама хабарлар, кинолар, әзіл-сықақ театрлары бар, әзілкештер бар жұртты күлдіру үшін, көрермен жинау үшін олар жасамайтыны жоқ. Еркек әйел болып киініп, қыздар кемпір болып, жастар жаппай қарттарды күлкі қылып, қазақша айтқанда «ойына келгенді» істеуде.  Міне, осындайда тағы да Абай еске түседі, күлкі жайлы ескертпе сөздері де тілге оралады. 

Абай шығармалары арқылы күлкіге қатысты этнотанымдық, этномәденилингвистикалық бағыттағы көптеген ойлар, тұжырымдар, тіркестер береді. Әрине, бұл заңды да, себебі Абайдың адамға, адами қасиеттерге байланысты қалам тербегені белгілі. Ал адамның қасиеттері, мінез-құлқы туралы айтқанда, тек адам баласына ғана тән қасиет – күлкіні айтпай кету мүмкін емес. Абай  Қара сөздері мен жеке өлеңдерінде күлкі табиғатын ашып, оның когнитивтік сипаттарын, күлкіге қатысты ойларын береді.  Ол 4-қара сөзінде мынандай тұжырым жасайды: «Әрбір байқаған кісі білсе керек, күлкі өзі бір мастық екенін... бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр». Абайда күлкіге салыну негативті, келеңсіз қасиет ретінде қаралады. Осы жерде айта кету керек, «күлкі бақты», «күлкі күйледі», «күлкіге салынды» тіркестері фразеологиялық сөздікке қосылған ақынға тән фразеологизмдер.  «Жастықтан бір күлгенің – бір қаралық,  күлкі баққан бір көрер бейшаралық».  Бұл жерде орнымен бір күлген бір қараға тұрарлық үлкен сезімдік нәрсе болса, күлкі бағу – шектен шыққандық болып табылады. Академик Рабиға Сыздық: «бағуды» – жаңа етістік, дерексіз ұғым ретінде күлкіні бақтыру Абай жиі қолданған «синкреттік амал, яғни, семантикалық мәндері жағынан бір-біріне үйлеспей тұрған сөздерді тіркестіру орын алған» деп көрсетеді.  

Абай айтқан күлкінің келесі бір түрі – күлкіні қайғыға қарсы элемент ретінде қолдану. Ол: «Орынсыз күлкімен азайтпа қайғыны, орынды харакетпен азайт» дейді. Күлкі қайғыны азайтпайды. «Неге?» деген сұрақ туады. Оған жауап ретінде Абай былай дейді: «Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рақаттанып күлме, ыза болғандығыңнан  күл, ызалы күлкі өзі де – қайғы». Осы жерде ол «ызалы күлкі»  тіркесін қолданады. Бұл – ерекше эмоциялық, тіпті психологиялық күйді білдіретін күлкі. Тілші ғалым Қ.Жаманбаева: «Ызалы күлкі. Жалғыздықты күлкімен тұншықтыру күйі» дейді. Осы 4-ші қара сөздің мәтінінде Абай қолданған тағы бір күлкіге қатысты сөз тіркесі бар, ол – «бояма күлкі». Оның ерекшелігі: «Орнымен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты мен бет-аузын түзеп, ...әдемілік үшін күлетін бояма күлкі». Демек, «бояма күлкі» – шын ниетті жасырып тұрған маска күлкі. Одан басқа рахаттана күлу де бар: «әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рақаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл» дейді Абай.

Абай 9-шы қара сөзінде «күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі әлдекімдікі» деген өкініш білдіреді.

Жоғарыда келтірілген  мысалдардан басқа, Абай шығармаларында кездесетін күлкіге байланысты  көптеген сөз тіркестерін атап өтуге болады: «күлкі сату», «ыржиып күле алмай», «арымас әдет», «жыртың-жыртың күлу», «ойыншы күлкішілдік», «жалған күлмейтін», «шын күлерлік», «күліп сықылдап». Міне, Абайдың қоғамға көзқарасында адам күлкісінің маңызды рөл атқарғанын осыдан көруге болады. Күлкінің түрінің әлеуметтік қатынастардан, адамның ішкі жан дүние құбылыстарынан туғанын да ақын дәл сипаттап берген. Адамның ішкі жан дүниесін білдіретін күлкі, сыртқы қатынастардан туған күлкі, адамның адаммен қатынасын білдіретін күлкілер.

Абайдың жан дүниесін қинаған ызалы күлкі оны қапаландырған әлеуметтік қатынастардан туғаны сөзсіз. Абайдың «ызалы күлкісі» сол кездегі қоғамдық ортаның керітартпа көріністерінен туып, сол жағдайға өзінің қатынасын білдіреді. Бұл күлкі оның «мыңмен жалғыз алысқан» көңіл күйінен туғаны сөзсіз. «Жыртың-жыртың» күлкі – надандықты, «ойыншы-күлкішілдік» – еріншектік, даңғойлықты елестетеді. Осы жерде назар аударатын нәрсе – күлкінің бұл формалары жеке адамға қана тән құбылыс емес екені, себебі ондай уақ-түйек нәрсеге Абай сияқты «тілдік тұлға» назар аудармас та еді. Абайдың қолданысындағы күлкі – полисемантикалық ұғым ретінде этнопсихологиялық, лингвомәдениеттанымдық сипатқа ие, ерекше, әмбебап адами құбылыс.  Менің ойымша, күнделікті тұрмыстағы жиі кездесетін құбылысты Абай жоғары моральдық, психологиялық  дағды, типтік құбылыс деңгейіне көтере білген. Абай көп нәрсені жағымсыз қабылдап, күлкіні сыни метафора түрінде көп қолданған.  Оның бәрі, әрине, оның өз ортасына деген сыншыл қатынасын білдіреді. Қарап отырсақ, Абайдың күлкіге берген сипаттамасы, ол сынаған адамның күлкісі, оны қолданысы, олардың түрлері тек сол заманда  болып өткен нәрсе емес, қазіргі әлеуметтік ортамызда кеңінен тараған құбылыс екенін байқаймыз. Осындай келеңсіз күлкі  – Абай ойлағандай тек надандық заманына ғана емес, пиғылы, түсінік деңгейі, сана-сезімі төмен адамға қай дәуірде де тән болып келетін нәрсе екен. Оның мысалдарын алысқа бармай-ақ, күнделікті қатынастан, осы ортамыздан таба аламыз. Жымысқы «арам күлкіні», жағымпаз «өтірік (бояма) күлкіні» күнде кездестіре аласыз. Ал мен басында айтып өткен, толып жүрген әзіл сықақшылар арзан, мағынасыз күлкіні саудаға салып, Абайша айтқанда, мал тауып жүргені де ақынның күлкіге қатысты ой-пікірінің өміршеңдігінің бір куәсі деуге болады. Сондықтан сөзді Абайша айтқанда: «Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер, Күлкіні онша күйлеп, шуламалық!» деп аяқтағым келеді.

Жұмазия АБДРАХМАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі,

филология ғылымының кандидаты

1939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы