• Руханият
  • 29 Шілде, 2021

КӨЗ ЖАСЫ, ЖҰМБАҚ ЖҮЙРІК ЖӘНЕ ЖІГЕР

Елдос Сметов кілемнен түсе сала көз жасына ерік берді. Бапкер Ғалымжан Жылгелдиев басу айтқан жоқ. «Болды енді» деген сөзін шәкірті ғана естіген болар. Басқа басқа емес, Жылгелдиев Елдостың бұлай жылауының себебін жақсы түсінеді. Рио Олимпиадасынан кейінгі бес жыл осы Токио татамиіндегі жеңіске арналған еді. Жартылай финалда Такато жолықты. Осыған дейін Елдостың жолына бес рет тосқауыл қойған мықты. Амал қанша, ол өз еліндегі айтулы додада да біздің балуанның алдын орап кетті. Екеуі «алтын ұпайға» он минут бойы ­таласты. Бәрібір Такато қапысын тапты. Содан кейін Елдос үшін бір сәт әлем бар мәнінен айырылып, ештеңенің қызығы қалмағанын бапкер толық сезінді. Бірақ қолда тұрған қоладан айырылмау керек. Нидерландылық Тсакадеа да қатты қарсыласты. Төрешілер ұзақ кеңесіп барып «алтын ұпайын» есепке алғанда да Сметов сыр берген жоқ. Қарсыласына құрмет көрсетіп, төрешілерге алғысын білдіріп, кілем шетіне келді де... босаңсып қоя берді. 

Бұл алтынның қазақ спортына қаншалықты маңызды екенін білсек керек-ті. Елдос ­Сметов – екі Олимпиаданың жүлдесін алған тұңғыш дзюдошымыз. Бұған дейін А.Житкеев (Бейжің, күміс) және О.Галбадрах (Рио, қола) олжа салса, Сметов Рио мен Токиода да үздік үштікке енді. Сондықтан Елдостың көз жасының ар жағында қазақ баласының «дзюдодан ­Олимпиада чемпионы атансам...» деген ­арманы қалып бара жатқанын да терең түсінуге тиіспіз.

Токиоға небәрі екі зілтеміршіміз аттанды. Бізді Олимпиаданың алтын-күмісіне әбден қарық қылған спорт түрі ғой бұл. Иә, Ильин, Подобедова, Манеза, Чиншанло төрттігінің алтын жүлделері кейін қайтарылып алынғаны рас, бірақ Алла Важенинаның (2008, Бейжің) және Нижат Рахимовтың (2016, Рио) бас жүлдесі бар емес пе? Ендеше, Токиоға аттанған екі мықтыдан неге жүлде күтпеске дегенбіз.

Бапкерлер алдында екі таңдау тұрды: ­ерлер арасында Игорь Сон ба, әлде Ибрагим ­Берсанов па? Елге Олимпиаданың бар-жоғы екі жолдамасы берілген соң, додаға жүлдеге қол соза алатын спортшыларды ғана апару керек. Демек, соңғы кездері тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп жүрген, олимпиадалық рейтингтегі орны жоғары Сонның жолын неге ашпасқа!

Міне, Сон сенімді ақтады! Қызығын айтайық: Олимпиада бағдарламасындағы 56 келі салмақ дәрежесі алынып тасталды да, ерлер доданы 61 келіден бастайтын болды. Ал Игорь болса, 2019 жылы дәл осы 56 келіде әлем чемпионатының жүлдегері атанған. Спортта бес емес, бір келі салмақтың өзі үлкен маңызға ие. Бірақ бапкерлер құрамы тәуекелге барды. Игорьдің тізесінде жарақат барын да ешкімге сездірген жоқ. Үштөбелік зілтеміршінің кейінгі нәтижелері төмендей бастаса да, ұлттық құраманың бас бапкері Бақыт Ахметов оған деген сеніміне селкеу түсірмеді. Токио төрінде И.Сон бұрын өзі тәуекел етіп көрмеген салмақты көтерді. Әрине, Ли Фабин (Қытай) мен Еко Юли Ирауанның (Индонезия) қарқынына төтеп беру оңай болмаған шығар. Бұл екеуі екі бағдарламада да қарсыластарынан ұзап кетіп, алтынды өзара сарапқа салды. Дегенмен, Игорьдің жұлқи көтерудегі үшінші мүмкіндігіне, серпе көтерудегі екінші мүмкіндігіне төрешілер кенедей қадалмай есепке алғанда, біздің ауыр атлет күміске де қол созып қалар ма еді?.. Дегенмен, бапкерінің «көтер!» деп қазақ лепеспен рухтандырғаны жанымызға жағып тұрды. Игорь Сон жапон және саудтық спортшылардың ерен қарсылығына қарамастан, Токио Олимпиадасынан қола жүлдемен қайтты.

Зүлфия Чиншанлоның қоласы да – адам ерік-жігерінің жеңісі. Лондондағы алтын жүлдені қайтарып берген соң, Зүлфия екі жыл айыбын өтеп оралды. Бірақ нәтижесі көңіл көншітерлік емес еді. Токиоға аттанып кеткенде де ол жайлы болжамдарымызды қорқа-қорқа айтқанымыз рас. Төрешілер мұнда да Зүлфияны аяқтан шалғандай көрінді қарапайым жанкүйерге. Бір емес, екі емес, үш мүмкіндігін санамады. Ал соңғы мүмкіндікте алға кеткен екеуді қуып жету үшін 130 келіден көп көтеруге тура келетін-ді. «Жаттығуларда көтеріп жүрген салмағым ғой. Бірақ Диас пен Ляоны енді қуудың мәні қалмады. Мен үшін бұл жүлде өте маңызды. Париж Олимпиадасына дейін спортта қаламын ба, әлі шешкенім жоқ. Лондонда өнер көрсеткенде, 19 жаста едім. Қазір жасым 28-ден асты. Көреміз» деп жауап берді Чиншанло журналист сұрағына.

Сонымен, әзірше қоржынымызда үш қола жүлде бар. Аса қанағаттанбай отырғанымыз да рас. Бес боксшымыз жеңілді, Елдостан басқа дзюдошылар да, велошабандоздар да, садақшылар да, мергендер де қуанта алған жоқ. Бірақ бәрібір үміт үзбейміз. Токио Олимпиадасының алауы сөнген күні абыройымыз асқақтап тұрса, одан артық не керек?

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

 

2090 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы