• Мәдениет
  • 11 Тамыз, 2021

Алтынға «әудем жер» қалғанда...

Токио Олимпиадасы Қазақстан құрамасы үшін фиаско болды. Ешкім алтын медаль ала алмады. Ұлттық құраманың жарысты сәтсіз өткізгенін осы фактімен-ақ дәлелдеуге болады. Спортшыларды түгел жазғырудан аулақпыз. Олимпиадаға жолдама алудың өзі – жетістік. Бірақ кей спорт түрінен барған жүйріктеріміз тек турист ретінде есімізде қалды. Мәселен, грек-рим күресінен барған балуандар. Нәтиже туралы айтудың өзі артық. Көзге түскен жоқ, ешкім жарытып күрескен жоқ. Бәсеке жоғары дейік, бірақ жоқ дегенде бір балуан ақтық сынға шықпаса да, жартылай финалға жетуіне болар еді. Мейрамбек Айнағұлов, Демеу ­Жадыраев, Нұрсұлтан Тұрсынов деген балуандар алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалды. Ауыр атлетикадан бұл жолы екі ғана жолдама алдық. Екеуі де жүлдемен оралды. Соңғы допинг дауы Қазақстан құрамасы үшін ауыр соққы болды. Қаншама спортшы бұрынғы атағынан айырылып, әнұран шырқалғанда қуанған жұртшылық өкініп қалды. Кім біледі, мүмкін 5-6 жылдан кейін Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сонның қола жүлдесі алтын медальға айналуы әбден мүмкін ғой. Мұндай жағдайлар ауыр атлетикада жиі кездеседі. Жалпы Токио Олимпиадасында кемі екі спортшымыз финалға шығып, жоқ дегенде күміс жүлдегер атанатын мүмкіндік болды. Бірі – теннистен ­намысымызды қорғаған Елена Рыбакина. ­Жартылай финалға дейін сенімді жетіп (бәрін 2-0 есебімен жеңді), финалға әудем жер қалғанда қолда тұрған жеңісті беріп қойды. Тіпті сол жеңілісінен кейін қола жүлдеге таласта да жігерсіз ойын көрсетті. Рыбакина кемінде күміс алатын спортшымыз еді. Екіншісі – боксшы Сәкен Бибосынов. Боксшылардың алғашқы жекпе-жегін көргеннен кейін достарыма: «Олимпиада алтынын бір боксшы алатын болса, ол – Сәкен» деп айтқаным бар. Сәкеннің көзінен от көрдік, жеңіске деген ұмтылыс байқалды. Әрбір кездесуін тиянақты өткізді. Жеңіліп жатса, жеңудің жолын іздейді. Бапкердің нұсқауын мүлтіксіз орындайды. Тек жартылай финалда қарсыласы бірден «жоғары нотаны» ұстап, бастапқы секундтарда сол екпінге төтеп бере алмады. Нәтижесінде, есеп ашылып, осы бір эпизод Сәкеннің жолын кесті. Төреші нокдаун деп есептеген сәттен кейін Сәкен барын салды. Ашық текетіреске басты. Қарсыласы бір ұрса, ол екі соққымен жауап қатып отырды. Өте күмәнді нәтиже. Бибосынов финалға шығуға тиіс еді. Токио Олимпиадасының бағдарламасына каратэ спортының қосылғаны қандай ғажап болды. Дархан Асаділов пен Софья ­Берульцева финалға шығып кеткенде, қызық сонда болар еді. Бірақ екеуі жартылай финалда жеңіліп, Қазақстан қоржынына қос қола әкелді. Елдос Сметовтің де алтын медаль алатын потенциалы бар. Бірақ Елдос жартылай финалда барын салды. Қарсыласы – алаң қожайыны, дзюдоның Отаны саналатын жапон балуаны. Соның өзін тықсырды. Анық жеңбесе, төрешілер бұра тартатынын білді. Демек, оған еш өкпеміз жоқ. Нұрислам Санаев ше, ол да финалға шығуға секундтар қалғанда қарсыласына оңбай жеңіліп, елге қоламен оралды. Жалпы еркін күрестен бозкілемге шыққан балуандар грек-рим күресінен барғандарға қарағанда көш ілгері болды. Жарыстан қола медальмен оралғандардың бірі – Қамшыбек Қоңқабаев. Аса ауыр салмақ, бокстағы элиталық категория. Олимпиадада бұл салмақты Мұхтархан да, Дычко да бағындыра алмаған. Қоңқабаевтың қарсыластары шынымен де мықты еді. Алды кәсіби бокста өнер көрсетіп жүргендер. Сондықтан Қоңқабаевтың қоласы да ерлікпен пара-пар. Ол жартылай финалға дейін сенімді жетті.

Дегенмен, 8 қола еншілеп, жекпе-жек спортына қатысты ешбірінің жартылай финалдан аса алмағаны Қазақстан спортына реформа керек екенін анық көрсетті. Медаль саны аз, ешбірі кәміл фаворит бола алмады. Рыпакова мен Баландиннің жағдайы түсінікті еді. Өйткені Ольганың жасы біразға келді. Үш Олимпиада циклынан медальмен оралды (қола, алтын, күміс). Оған еш өкпе жоқ. Ал Риода күтпеген алтын медаль сыйлаған Дмитрий Баландиннің Қазақстанда бәсекелесі жоқ екенін, жүзу спорты бізде Риодан кейін еш ілгерілемегенін көрсетіп берді. Кеше Президент те батырып айтты. «Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді» деді. Расы сол. 83 орынмен оралу деген – нағыз фиаско!

Жандос БАЙДІЛДА,

спорт комментаторы

1856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы