• Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2021

ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЖОЙҚЫН ВИРУСТАРДЫҢ ТАРИХЫ

Соня Шах (Sonia Shah) – америкалық журналист, публицист, жұқпалы аурулар және олармен күрес жөніндегі бірнеше кітаптың авторы. Оның ғылым, саясат және адам құқықтары тақырыбындағы мақалалары New York Times, The Wall Street Journal, Foreign Affairs, Scientific American басылымдарында жарияланып тұрады. Пандемия: Жер бетіндегі жойқын вирустардың тарихы (Pandemic: Tracking Contagions, from Cholera to Ebola and Beyond) кітабы соның бірі. 
Адамзатты алаңдатқан бүгінгі індеттің және жалпы адам баласы кезіккен індеттердің тарихын білу – бүгінгі күн үшін өзекті. Ендеше, Соня Шахтың кітабынан індет тарихы туралы негізгі мәліметтерді ықшамдап, ағылшын тілінен аударып ұсынып отырмыз.

 

Тырысқақтың «ізін басатын» жаңа дерттер. Неге тырысқақтың шығу тарихы, оның таралу моделі үлгі ретінде алынған?

Жаңа індет түрлерінің таралу жолдарын, осы процеске әсер ететін негізгі факторларды айқындап алуға қажетті мәліметтерді (ішінара болса да) тырысқақ дертінің таралу тарихын оқып білу арқылы алуға болады.

Жер-жерде мыңдаған адамның өмірін жалмаған оба, шешек, тұмау сияқты індеттердің қатарында аталатын тырысқақ ауруының орны бөлек. Мысалы, адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) мен шошқа тұмауы секілді жаңа патогендер тудырған пандемиялар өлім-жітім және таралу қарқыны көр­сеткіші бойынша тырысқақтың ширегіне де жетпейді. АИТВ – өлімші вирус болғанымен, баяу таралады; ал 2009 жылғы шошқа тұмауы (H1N1) пандемиясы осы дертке шалдыққандардың небары 0,005 пайызының ғана өмірін қиған.

Осы уақытқа дейін дүниежүзінде тырысқақ пандемиясы жеті рет (кейінгі рет 2010 жылы Гаитиде) болған екен. Қазір біз «кедей елдер дерті» деп жүрген бұл кесел XIX ғасырда Нью-Йорк, Лондон, Париж сияқты алдыңғы қатарлы қалаларды жайлап, миллиондаған адамның өмірін әкеткен.

Тырысқақ ауруын қоздыратын Vibrio cholerae атты вибрион бастапқыда Британияның Оңтүстік Азия­ны отарлау кезеңінде осы аймақ халқы арасында, теңіз жағалауынан қашық елді мекендерде ғана таралған. Тырысқақ вибрионы өнеркәсіптік революция нәтижесінде іске қосылып, қарыштап дамыған жаңа көлік құралдары (теміржол, пароход) мен тасымал жолдары арқылы Еуропа мен Солтүстік Америкаға жетіп, халық тығыз қоныстанған үлкен қалаларда адамнан адамға тез жұғып, ақырында пандемия тудыратын қауіпті патогенге айналды.

Адам баласы тап болған жаңа жұқ­палы аурулар сирек кездесетін әрі кездейсоқ пайда болған құбылыстар емес

Қазір адамға зияны жоқ микробтың пандемия тудыра алатын қауіпті патоген дәрежесіне жеткенге дейінгі жүріп өтетін жолын – вирус өріс алатын көпсатылы тізбекті ашып көрсетуге әбден болады. Тырысқақтың және оның «ізін басатын» жаңа дерттердің таралу тізбегі жабайы аң-құстардан бас­талады екен (аталған патогендер осы аң-құстардың ағзасында тіршілік етеді).

Табиғи ортада жүрген микробтың патогенге айналуына адам өзі жағдай тудырады. Бізге мәлім патогендердің 60 пайызы бастапқыда жабайы аң-құстар мен үй жануарларының ағзасында пайда болған. Патогендердің көбі адам ауыл шаруашылығымен айналысқан, жануарларды қолға үйреткен кезден (шамамен 10 000 жыл бұрын) бастау алады. Мысалы, адамға сиырдан қызылша мен туберкулез, шошқадан – көк жөтел, үйректен – грипп сияқты дерт түрлері келген.

Тырысқақ та жануар ағзасында түзілген. Оның иесі – теңіз зоопланк­тонының бір түрі – ескекаяқты шаяндар. Тырысқақ вибрионы осы ескекаяқтылардың ішіне еніп, денесіне жабысып тіршілік етеді. Теңіз суы көтерілгенде, ескекаяқтылар жағалауға тиіп тұрған жерлерге, құмды ормандарға жайылатын. Жер бетінде қаптап жатса да, тырысқақ вибрионы адамға қауіп төндірмеген, өйткені бұл аймақтарды (мысалы, Бенгал шығанағы) жабайы аңдар (улы жылан, қолтырауын, явалық мүйізтұмсық, енеке, бенгал жолбарысы) ғана мекендеген.

Қытайдағы аң-құс базарлары – жаңа вирустардың инкубаторы. Атипиялық пневмония неге жабайы аң-құс базарынан шыққан?

Гуанчжоу қаласында (Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясы) жабайы аң-құс базарлары көп. Қытайлар бұл базарлардан өзіне керегін тірідей сатып алып, үйге әкеліп, сойып, тамақ пісіріп жейді. Тағам дайындаудың бұл дәстүрі е-вэй («жабайы тағам») деп аталады. Мұндайда экзотикалық жануарлардың түр-түрін (жылан, тасбақа, жарғанат, т.б.) асқа жаратады. Жабайы аң-құстарды тамаққа жарату – дәстүрлі қытай мәдениетінің ажырамас бір бөлігі. Қытайлар адам мен жабайы табиғат арасында осылайша байланыс орнайды, аң етін жеген адам одан күш-қуат алады, ғұмыры ұзақ болады деп сенеді. Cирек кездесетін жануарлар – ең құнды энергия көзі деген наным бар.

Қытай базарларында сатылатын ­алуан түрлі құстар, төрт аяқты мақұлықтар мен жылан-шаяндар көршілес Азия елдерінен де келеді. Қытай үшін негізгі импорт көзі – Оңтүстік-Шығыс Азия мем­лекеттері. Қытайда сұраныс өсіп, сау­даның осы түрінің етек жаюы табиғи ортада жүрген вирустан адам пато­ге­нінің өсіп шығуы процесіне түрткі болды.

Табиғи ортада жабайы аң-құстардың мекендеу ареалдары бір-бірінен алшақ: үңгірлерді мекен еткен жарғанаттар пальма басында тіршілік ететін циветтерге жақындамайды. Бұл екеуі адамнан алшақ жүретін жануарлар. Ал Гуанчжоу базарлары – адам да, жабайы аң-құс та бір жерге топтасқан ығы-жығы инкубатор іспеттес. Бұл – вирустың бір ағзадан басқа ағзаға көшуіне ең қолайлы орта.

Қытайдан шыққан SARS (атипиялық пневмония)

2002 жылы адамзатқа кезекті пандемия қаупін төндірген вирус дәл осы Гуанчжоудағы аң-құс базарларының бірінен шыққан деседі. Бұл вирустың табиғи жағдайдағы тасымалдаушысы – сүйір тұмсықты жарғанаттар. Коронавирустар тобына жататын бұл вирус көбінесе жеңіл респираторлық ауруларды қоздырады (жалпы, адам жұқтыратын тұмау түрлерінің 15 пайызы коронавирустардан болады).

Алайда Гуанчжоу базарынан шық­қан жаңа вирус өзгеше еді. Ол әлгі жар­ғанаттардан базар сөрелерінде тұрған жанат тәрізді иттерге, борсықтарға, жыландар мен циветтерге түскен. Вирус осындай жолмен бір ағзадан басқа ағзаға өтіп, мутацияға ұшыраған.

Сөйтіп, 2002 жылғы қараша айында сүйір тұмсықты жарғанаттар арасынан шыққан вирустың мутацияланған түрі адамға жұға бастаған. Коронавирустар, әдетте, адамның тыныс алу жолдарындағы шырышты қабыққа жабысып, көбейіп, денсаулыққа нұқсан келтіреді. Алайда жаңа вирус коронавирустың бұрынғы түрлеріне қарағанда адамның иммундық жүйесіне айтарлықтай зақым келтіре алады: вирус зақымдаған жасушалар сау жасушаларға ағзаға вирус енгені туралы сигнал бере алмай қалады. Салдарынан, әуелде адамның тыныс жолдары қабынады, ауру тез арада асқынып, ауыр пневмонияға ұласып, адам өміріне қауіп төндіреді. Осы вирусты жұқтырған 8000 адам атипиялық пневмонияға (SARS) шалдыққан, олардың 774-і қайтыс болды.

Сарапшылар жаңа пато­геннің жабайы аң-құс базарынан шыққанын анықтаған бойда, Қытай үкіметі сауданың осы түріне қатаң шектеу қойып, базарларды жауып тастауды бұйырды. Араға бірнеше жыл салып, сол базарлардың кейбіреулері құпия түрде қайта ашылған-ды.

Жаңа вирустардың таралуы: жарға­наттардың рөлі

Жер бетінде сүтқоректілердің 4600 түрі бар, соның 20 пайызы – жарғанаттар. Бұлардың иммундық жүйесі ерекше, өзге сүтқоректілердікі сияқты емес. Атап айтқанда, олардың сүйектері құстардікіндей қуыс болып келеді; олардың кеуек майында иммундық жасушалар түзілмейді, сондықтан жарғанаттардың ағзасында басқа жануар түрлері тасымалдай алмайтын микробтар көп.

Африканың бірқатар еліне зардап шектірген Эбола безгегін тудыратын вирус адамға жарғанаттан жұққан. Бұл вирус тіпті гориллалар мен шимпанзелер популяциясын да жойып жібере жаздаған (жарғанаттар жейтін жемістерді приматтар да жейді – маймылдарға вирус осылай жұққан).

Жарғанаттар ағзасындағы Нипа (Nipah) вирусының адам арасында таралуы: Малайзиядағы шошқа фермаларының саны, аумағы ұлғайып, олар жарғанаттар мекендейтін аймақтарды қамтыған кезде, бір-бірімен бұрын ұшыраспаған осы екі биологиялық түр байланысқа түседі. Жарғанаттар қонақтайтын жеміс ағаштарына тиіп тұрған астауға жарғанаттардың нәжісі түсіп, қолқанаттылар ағзасындағы микроб шошқаға, одан адамға жұққан.

H5N1 құс тұмауы – жаңа вирус түрі

H5N1 – зоонозды патоген (тауық, үйрек, қаз ағзасында болады), адамнан адамға жұқпайды. Дегенмен, осы сияқты вирустардың эволюциясы, мутациясы бір сәтке болса да тоқтамаған. Мұндай вирустар жедел рекомбинацияланып, өзге вирустармен ген алмасып, патогендік қасиеттері өзгеріске ұшырап, тікелей адамға жұға алады.

Адамтектес және құстектес ви­рустардың ген алмасуына мүм­кіндік туғызатын делдал («инкубатор») – шошқа. Вирусолог ғалымдардың пайымдауынша, адамға жұға алатын жаңа тұмау штаммдары шошқа ағзасында жақсы өсіп-өнеді.

1918 жылғы ең жойқын тұмау эпидемиясы 40 млн-нан астам адам өмірін жалмаған. Сол пандемияға себепші болған H1N1 вирусының таралуы тоқтаған кезде, ол жойылды – енді қайтып келмейді дегендер болды. Шын мәнінде, ол ешқайда жоғалып кеткен жоқ, ғалымдар сол вирус жүз жылға жуық уақыт бойы шошқалардың ағзасында жасырын жатқан деген тұжырымға келді.

Патогендер адамға ғана қауіп төндіріп тұр ма?

Жаңа патогендер өсімдіктер мен жануарлар әлеміне де кесірін тигізіп, жекелеген биологиялық түрлердің толығымен жойылуына әкеп соқтыруы ықтимал. Вирустың жануардан адамға өтуіне жол бермейтін, табиғи буфер (қорғаныс шебі) рөлін атқаратын фауна өкілдері бар.

Мысалы, жыл құстары тасымалдайтын Батыс Ніл вирусының АҚШ-та таралуына тоқылдақ пен шәукілдек сияқты жергілікті құстар ұзақ уақытқа дейін кедергі болған. Алайда урбанизация, агроөнеркәсіптік кешен­нің дамуы, климаттың өзгеруі, т.б. факторлар жергілікті биологиялық әралуан­дыққа үлкен нұқсан келтіріп, құстар популяциясының күрт азаюына әкеп соқтырды. Табиғи барьер осылай бұзылады.

1999 жылы жазда Нью-Йоркте ­Батыс Ніл безгегін жұқтырғандардың саны 8000-нан асып, он жыл ішінде бүкіл АҚШ бойынша науқастар саны 1,8 млн-ға жеткен.

Вирустың қауіпті екенін қалай анықтайды?

Патоген эпидемия не пандемия тудыруы үшін тікелей адамнан адамға жұғуы керек. Басқаша айтқанда, патогеннің таралу көрсеткіші (базалық репродукция көрсеткіші, R0) бірден көп болуы тиіс.

R0 – науқастанған бір адамнан инфекция жұқтырған адамдардың орташа саны.

Мәселен, сіз тұмауратып, ұлыңызға және оның досына (яғни өзіңізден басқа екі адамға) тұмау жұқтырдыңыз делік. Тұмаудың осылай таралу реті, жалпы алғанда, халықтың қалған бөлігіне де тән болса, онда бұл тұмаудың репродукция көрсеткіші екіге тең (R0 = 2). Бұл көрсеткіш бірден аз болса, яғни ұлыңыз және оның досы тұмауды басқа ешкімге жұқтырмаса, онда аурудың таралуы өздігінен тоқтайды.  

Жаңа вирустардың таралуы: әуе қатынасының рөлі

Әуе қатынасының дамуы патоген­дердің әлем бойынша бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен және бұрынғы кезеңдермен салыстыруға келмейтін ауқымда таралуына жол ашты. Қытай аумағында пайда болған індет арадағы басқа ел аумақтарына тарамай-ақ бірден Еуропа мен Солтүстік Америкаға жете алады. Картаға түскен әуе қатынасы бағыттарына қарап, қауіпті вирустың індет ошағынан дүниежүзінің басқа түкпіріне қалайша жететінін аңғару қиын емес.

Тырысқақ бір құрлықты өзге құрлықпен байланыстыратын теңіз жолдары (үлкенді-кішілі кемелер, пароходтар) арқылы тараса, оның «ізін басатын» жаңа індеттер халықаралық әуе жолдары арқылы тарайды. Жұқпалы ауру қоздырғыш бактериялардың құрлықтар мен мұхиттарды кесіп өтіп, шекараларды елемей, жылдам таралуына тосқауыл қою қиын; бұған қоса, шетелде жұқтырған патогендерді емдеу де қиынға соғады. Мысалы, Үндістанның микробтық ортасында өсіп-өнген бактериялар антибиотиктер мен антисептиктерге төзімді келеді. Олар ­Батыс елдерінде кеңінен қолданылатын дәрілерге дес бермеуі ықтимал.

Урбанизация және пандемиялық ­потенциалы бар патогендер

Санитарлық нормалардың сақ­талмауы, қоқыс пен тұр­мыстық қалдықтарды жою, кәдеге жарату жүйесінің болмауы/дұрыс жұмыс істемеуі (мысалы, Үндістанда бес мыңнан астам қала болса, солардың 232-де ғана нәжісті сумен ағызып, алысқа алып кететін кәріз жүйесі бар; жұрт көбінесе көшеде үлкен дәрет сындырады), адамның жеке бас тазалығына салғырт қарауы салдарынан патогендердің шапшаң көбейіп, басқа микробтармен араласып, сыртқы факторларға төзімді қасиеттерге ие болуына өте қолайлы жағдай туады.

Экономиканың даму деңгейінің жоғары болуы мен жұқпалы аурулардың аз болуы арасында байланыс бар ма? Бар, бірақ экономикалық даму эпидемиялардан арылудың кепілі емес.

Қазір «дамыған елдердің медицинасы біраз жұқпалы дерттің көзін құртты, індет енді қайтып келмейді» деген пайымға күмән келтірушілер көбейіп барады. Рас, 1940-2004 жылдар аралығындағы кезеңде бұрын болған 300-ге жуық инфекциялық ауру түрі қайта шыққан, олар тіпті бұрын-соңды болмаған аймақтарға жеткен екен. Қазіргі таңда жұқпалы патогендер халқы әрең күнелтіп жүрген шалғай өңірлерде ғана емес, сонымен қатар тұрмысы жақсы, ауқатты елдерде де бар. Осылайша, экономикалық дамудың елді жұқпалы аурулардан құтқара алмайтынына көз жеткізгендей болдық.

Авторға сұрақ: Адамзат тарихында пандемиялардың көбеюіне түрткі болған бір ғана саланы, себепті атай аласыз ба?

Автордың жауабы: Біреуін ғана (ең елеулісін) көрсету керек болса, адамның пайдалы қазбаларды игеруін; көмір, мұнай және газ сияқты қазба отын түрлерін өндіруін атар едім.

Жаңа энергия көздерін игеру адамзат өркениетінің бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуіне мүмкіндік берді: сауда, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы қарыштап дамыды; жаңа технология түрлері пайда болды; урбанизация үрдісі белең алды. Қазба отын түрлерін көптеп жағу салдарынан атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері күрт өсті, бұл климаттың өзгеруіне әкеп соқтырды. Жаһандық жылыну, өз кезегінде, мұхит, теңіз суларының көтерілуіне, ондағы микроағзалардың жағдайына кері әсер етпей қоймады. Өзгерген биологиялық орта (жылы су) патогендердің көбеюіне қолайлы болды. Нәтижесінде әлемде вибриондық инфекциялар да көбейді.

Дайындаған

 Ерлан ЫСҚАҚОВ

 

1450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы