• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2021

КИБЕРБУЛЛИГТЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат мазмұнында балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғау мақсатында білім туралы, бала құқықтары туралы, байланыс туралы, ақпараттандыру тарлы заңнамаларға бірнеше өзгеріс енгізу көзделген. 
Білім және ғылым министрлігі оқу үдерісінде буллингтің алдын алу ережелерін әзірлейтін болады.Сонымен қатар осы түзетулер шеңберінде мемлекет аумағында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін реттеу, оның ішінде желілерді Қазақстанда тіркеу, бөлімін ашу, бөлім басына Қазақстан азаматын қою туралы талаптар бар. Осыған байланысты қоғамда, әсіресе әлеуметтік желіде көзқарас екіге айырылды. 

 

КИБЕРБУЛЛИНГ ДЕГЕН НЕ?

Жобада ол туралы: «Жәбірлеу (буллинг) – адамның немесе адамдар тобының кәмелетке толмаған адамға қатысты кемсіту сипатындағы, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын (кибербуллинг) қолдана отырып жасаған әрекеті», – деп жазылған. Яғни түрлі әлеуметтік желі арқылы, телефонмен, смс-хабарлама арқылы қорқытып-үркіту, кемсіту кибербуллинг деп аталады.

2020 жылы Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік желілерде 70 мыңнан астам заңбұзушылық анықтаған. Ал 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында мыңнан астам дерек анықталды. «Бұл әлеуметтік желі әкімшілерінің порнография, суицид, экстремизм мен терроризмді насихаттау, есірткі мен қару-жарақты интернет арқылы сату сияқты материалдарды шектемейтінін көрсетеді», – дейді министрлік.

Министрліктің мәліметінше, ақпарат ағыны интернетке көшкен кезде буллинг көрінісі кибербуллингке айналған. Желіде ересектер мен балаларға қатысты қорқыту фактілері тіркелген. Мысалы, «Вконтакте» желісінде суицидке итермелейтін #синийкит, #тихийдом сынды әртүрлі хэштегтер пайда болды. Министрлікке осы материалдарды желіден өшіру үшін бірнеше ай қажет болған. 2019 жылдан бастап министрлік осындай өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттауға қатысты 250-ден астам факті анықтаған.

 

ЗАҢ ЖОБАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Бұған дейін желідегі буллингке қатысты нақты жауапкершілік жүктейтін заң нормалары болған жоқ. Қорлау, жала жабу, басқа адамдардың фотосу­реттерін, бейнелерін және хат алмасуларын тарату сынды жекелеген түрлері бөлек-бөлек қаралатын.

Газетіміздің өткен санында берген пікірінде құқықтанушы Халида Әжіғұлова қорлау үшін тек қылмыстық жауапкершілік бар екенін, алайда оған сәйкес жауапкершілікке тарту өте қиын екенін айтқан еді. «Полиция мұндай істерде көмектеспейтіндіктен, зардап шеккен адам өзі дәлелдер жинап, сотқа баруы керек. Сондай-ақ ­нотариалды куәландыруға және қудалауды тексеруге көп ақша жұмсау керек. Кибербуллинг үшін, телекоммуникация желілері, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы ар-намысы мен абыройын қорлау үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қажет деп санаймын. Қылмыстық жауапкершілікке қарағанда әкімшілік жауапкершілікке тарту оңайырақ. ­Сонымен қатар полиция әлеуметтік желілерде кибербуллинг үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарта алады. Егер кибербуллерлер айыппұл төлейтін болса, мысалы, 10-15 АЕК, онда олар өздерін ұстап қалады және қудалау жасамайды», – деген еді құқықтанушы.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін әлеуметтік желіде кибербуллингке тап болған азаматтар әлеуметтік желідегі заңсыз хат алмасуды тез арада жою үшін Білім және ғылым министрлігіне де жүгіне алады. Министрлік тәртіп сақшылары жіберген хабарлама немесе азаматтың өтініші негізінде әлеуметтік желіні тексеріп, қажет болған жағдайда ақпаратты өшіру немесе шектеу жөнінде шара қолдану қажеттілігі туралы тапсырыс дайындайды.

Сонымен қатар заң жобасы күшіне енгеннен кейін әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлер Қазақстанда өкілдігін ашуы керек. «Бұл кибербул­лингті тоқтату мүмкіндігін тездетеді», – дейді БҒМ. Ал өкілдігін ашпаған желілер елде бұғатталады.

ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ

Әлеуметтік желіні елде тіркеу немесе тыйым салу туралы заңнамалық нормалар Германия мен Түркияда бар.

Германияда осыған ұқсас Netzwerkdurchsetzungsgesetz (NetzDG) заңы 2017 жылы күшіне енген. Ол бойынша, 2 миллионнан астам қолданушысы бар әлеуметтік желіде жарияланған материал Германия заңдарын ашық түрде бұзатын болса, 24 сағаттың  ішінде өшірілуі тиіс. Талапты орындамаған желілерге 50 миллион еуроға дейін айыппұл салуды қарастырған.

Ал Түркияда «Интернет желісінде хабар таратуды реттеу және осы хабарлар арқылы жасалған қылмыстармен күресу туралы заңға өзгерістер енгізу туралы» заң (Sosyal medya yasası) 2020 жылдың 1 қазанынан бастап күшіне енді. Ол бойынша, 1 миллионнан астам аудиториясы бар әлеуметтік желілер елде өкілдігін ашуға міндетті, әйтпесе 10-30 миллион лира көлемінде айыппұл салынады.

Екі елде де осы заң қабылданар алдында наразылық танытушылар болды. Германия заң жобасын ұсынған кезде, тіпті БҰҰ-да дауға кірісті. БҰҰ-ның көзқарас еркіндігі құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Дэвид Кэй ел үкіметіне хат жазып, мүмкін болатын зардаптар туралы ескерткен еді. «Үлкен бір компания екеніңізді елестетіп көріңіз. Сіздің айыппұл алғыңыз келмейді және компания беделін де түсірмеуді ойлайсыз.  Сіздер ұсынып отырған 24 сағаттық және жеті күндік мерзімдерде жағдай келесідей болады: шағым түседі – сіз бірден жазбаны «өшіресіз». Себебі тәуекелге барудың қажеті қанша? Менің ойымша, бұл жобаның нәтижесі цензураға әкелуі мүмкін», – деген болатын БҰҰ өкілі. Ал Түркияда наразы топ пікірін «әлеуметтік желіме жолама» (#SosyalMedyamaDokunma) хэштегімен білдірді.

Қазақстанда да Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған кезде көзқарас екіге жарылды. Депутаттар жобаның қоғамға қажет екенін айтып жатыр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «Фейсбук» желісіндегі парақшасында кибербуллингтің балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екенін жаза келе статситика мәліметтерін келтіреді. Депутаттың жазуынша, 2020 жылы бала мен жасөспірімдер арасында 143 суицид, 193 суицидке талпыну тіркелген. 2021 жылдың бірінші жартысында 105 суицид, 105 талпыну тіркелген. 2018 жылы  балалардың 60 пайызы өмірінде бір рет, 17 пайызы бірнеше рет ұшыраған.

«Кибербуллингпен күресу әлеуметтік желіні реттеумен тікелей байланысты. Елімізде тек 2021 жылы ғана желіде 140 мың заң бұзу /фейк, кибербуллинг, экстремизм/ фактісі тіркелген! Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің желі платформаларына 1700 хат жазылған, соның 20-30 пайызы ғана қанағаттандырылған, яғни алып тасталған. Осы саланы реттеудің халықаралық тәжірибесін қарастырайық.

2017 жылы Германияның Бундестагы «Әлеу­меттік желі жөнінде» заң қабылдады. Бұл заң бойынша, 2 млн қолдаушысы бар Әлеуметтік желі Платформалары Германияда азаматтық істер мен айыппұлмен айналысатын өкілді тағайындауы керек. Әлеуметтік желі платформасы түскен арыз-шағымдарды 24 сағаттың ішінде қарап, контентті тексеріп, адамды балағаттау, жек көру экстремистік бағыттағы жазба болса, шағым түскеннен кейін бір жетінің ішінде алып тастауы керек. Заңды бұзғаны үшін 50 млн евро айыппұл қарастырылған.

 Францияның Ұлттық жиналысы да осындай заң қабылдаған. Бұл заң бойынша, Онлайн-Платформа Франция территориясында заңды өкілін тағайындауы тиіс. Онлайн-Платформа арыз-шағым жасаудың электронды түрін енгізуі тиіс.Заңды орындамағаны үшін 112 500 евро айыппұл қарастырылған.

Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей, Түркия, ЕО басқа да елдері өзінің заңдарын осы мәселе бойынша күшейтіп жатыр. Жаңа Зелландия, АҚШ-тың 50 штатының 44 штатында кибербуллинге қылмыстық қатаң жауапкершілік қарастырылған. Америка Құрама Штаттары, әзірше, кибербуллингке қарсы заң қабылдаған Германия, Франция, Сингапур, басқа да елдерге, өзінің штаттарына ешқандай санкция қабылдаған жоқ. Өйткені әлеуметтік желінің ішіндегі фейк, буллинг, экстремизм проблемасы АҚШ-тың қоғамын да толғандырып отыр. Өздері де әлеуметтік платформаны реттеп отыратын заңдарды ойластырып жатыр.

Қазақстандағы кибербуллинг мәселесінің «күйіп» тұрғанын есепке алсақ, Ауғанстанға байланысты діни экстремизм мәселесінің өзекті екендігін ескерсек, осы проблемамен айналысатын мемлекеттік өкілетті органның болғаны дұрыс.

Мемлекет бүгінде экономика, әлеуметтік қорғау, қаржы салаларын күнделікті реттеп отырады. Оған біздің көзіміз үйреніп кеткен. Сондықтан назар аудармаймыз.

Ал енді, әлеуметтік платформалармен қарым-қатынас мәселесіне келетін болсақ, бұл жөнінде әлі талқылаулар болары сөзсіз. Менің ойымша, Әлеуметтік Платформалардың біздің еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде де болуы ықтимал. Яғни сол платформалардың штаб-квартирасында қазақ-орыс тілін еркін меңгерген біздің жастар «әлеуметтік желінің ұлттық модераторы» рөлін атқарып, біздің мелмекеттік өкілетті органмен әлеуметтік платформа арасында «дәнекер» рөлін атқарса да артық-кемі болмауы ықтимал. Ол азаматтар бейтарап болуы да мүмкін.

Еркіндік, тәуелсіздік пен басбұзарлық, зорлық-зомбылықты шатастыруға болмайды. Демократия дегеніміз норма, процедура, этика және мораль. Адамның ар-ұжданын сыйлайтын, заңның ала жібін аттамайтын, мәдениеті жоғары, парасаты биік азаматтарға бұл өзгерістерден қорқатын, үркетін ештеңе жоқ. Керісінше, бұл өзгерістер сондай азаматтарды басбұзар, экстремисттерден қорғайтын норма және процедура», – деп жазды депутат.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы:

– Әлеуметтік желілерді тіркеу мен Қазақстанда өкілдіктерін ашу, келіспесе оларды шектеу жайлы ұсыныс қоғамда қызу талқылануда. Бір жағынан тиісті талаптар заңдық күшке ие болса, сөз бостандығын бұзады деген алаңдаушылық айтылуда. Екінші жағынан ғаламторды, әсіресе әлеуметтік желілерді жаулап кеткен фейк, алауыздық, қылмысқа айдап салу сияқты келеңсіздіктерге көз жұму, әлгілерді тайраңдатып қою қайта болмас. Себебі демократия – аузыңа не келсе соны көпіру емес, айналадағы әлеуметпен санасып, оған нұқсан келтірмеуді білдіреді. Қысқасы, екі ұстаным да әбден негізді. Оның үстіне «интернет тазалығын» сақтауды сылтау етіп балама пікірді тұншықтыру тәжірибесі Қазақстанның өткен тарихында, бүгінгі Ресейде тағы бар. Менің ойымша, қандай да салада айқын да әділ ойын ережелері керек-ақ. Онсыз шындықтың орнына түбі айқайшылдық, тәртіп пен мәдениеттің орнына жала жабу мен әлімжеттік салтанат құрады. Алайда тиісті жұмыс оң нәтиже беру үшін жекелеген шенді емес, қоғамның өзі нақты критерий бойынша бақылап, қате шешім қабылданса, оны дұрыстай алатын біржақты да түсінікті ережелер керек. Ал ол үшін қоғам белсенділері, журналистік орта, басқа да мүдделі азаматтар мен тараптар қызбалыққа салынбай мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп барып оңтайлы нұсқаның қабылдануына үлес қосқан жөн. Меніңше, қазіргі Қазақстанда ондай мүмкіндік бар.

Шалқар НҰРСЕЙІТОВ,

саясаттанушы:

– Мемлекеттік органдардың балалар арасындағы буллинг және кибербуллингпен күреске назар аударғаны құптарлық жағдай. Алайда кибербуллингпен күрес азаматтардың саяси құқығын шектеуге айналмауы тиіс.

Қазір Қазақстанда мемлекеттік органдар бүкіл байланыс операторларын қатаң бақылауда ұстап отыр. Бір ғана мысал – елде митингілер өтетін уақытта азаматтар телефондағы байланыссыз және интернетсіз қалады. Осындай жолмен құқықтарының шектелгеніне казақстандықтардың бойы әбден үйреніп те кеткен секілді. Әрине, бұл өте өкінішті жағдай.

Мәжіліс депутаттарының аталған заңға ұсынып отырған толықтыруы қазақ­стандық мемлекеттік органдардың әзірше сөзі жүрмей тұрған шетелдік танымал әлеуметтік желілерді бақылауға талпынысын заңдастыру қадамы. Егер заңның осы жобасы қабылданып кетсе, Түркиядағыдай Tik-tok, Linkedin, VKontakte секілді платформалар Қазақстанда заңды тұлғаны немесе өкілдікті тіркеуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал заңға ұсынылып отырған толықтыруда өкілдіктің басшысы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы керек деген талап бар. Қазіргі билік Қазақстанның өз азаматтарының өмірін әлеуметтік желілер арқылы да бақылай алатын немесе бақылауды қатты қалайтын Қытай, Ресей және Түркия секілді елдердің жолымен жүргенін қалап отыр.

 

1648 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы