• Мәдениет
  • 14 Қазан, 2021

«ҚАЗАҒЫМ» КҮЙТАБАҒЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде Шәміл Әбілтаймен кездесу өтіп, «Қазағым» атты күйтабағының таныстырылымы болды. 
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасының алпыстан астам домбырашы студенттері қатысқан басқосуда сахна төріне көтерілген күйші-композитор Ахмет Жұбановтың «Би» күйін төгілтіп, ұстазына деген ұлылықтың, сыйластықтың үлгісін көрсетті. Құрманғазының «Ақбай» күйімен жалғасқан күйшінің орындау шеберлігі, домбыра қағысы, әр туындыға деген ілтипаты мен махаббаты тыңдарманын ұйытып, мәнді де мағыналы естелік әңгімелері көңілді көтерді. 

Күйші кездесуге құр қол келмеген екен. Өзінің Польшада жарық көрген «Қазағым» атты күйтабағын ала келіпті. Күйтабаққа «Қазағым», «Тоқай тағдыр», «Матай», «Айжарық», «Өрікгүл», «Керуен», «Жігер» атты жеті күйі енген.

«Бір алқалы жиында «Сіз Шәміл ағасыз ба?» деп елудің ішіндегі жігіт ағасы келді. Мені мектепте оқып жүрген кезінен біледі екен. Қаракерей Қабанбай батырдың сегізінші ұрпағы. Өзі меценат та емес, мемлекеттік қызметкер. «Қазақтелекомның» Ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры. Аты-жөні – Марат Әбділдәбеков. Сол таныстығымыз, кейін достыққа ұласып, қазақ қандай болуы керектігін сол жігіт арқылы күй тілімен жеткіздім. «Қазағым» күйі дүниеге келді. Қазақтың күйіне, домбыраға деген ықылас-ниеті ғой, менің жеті күйім енген күйтабақты осы азамат Польшада шығарды», – деп, күйдің шығу тарихына тоқталып, ризашылығын жеткізді.

«Жастардың құлшынысы қандай керемет, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Демек, бұл біз бос жүрмегеніміз. Қазақтың қазақ болып қалуы, елдің бір-бірімен араласуынан», – деп әсерімен бөліскен күйшінің сөзін жары Өрікгүл апамыз былай жалғады: «Балалар Шәмілдің әңгімесін өз аузынан естіп, күйді тарту шеберлігін көзбен көрді. Бұл оларға өмір бойы азық. Қанша тыңдағанмен, күйшінің өзін көргенінің әсері бөлек, әр баланың есінде қалады».

Ал «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Төлеп­берген Тоқжановтың айтуынша, бұл «Орындаушылық өнер тарихы» сабағы аясында ұйымдастырылған кездесу. Көзі тірі қазақтың мэтрларын қонаққа шақырып, балалар көкейіндегі сұрағын қояды. Конспект жазып отырғаннан гөрі, бұл өте қызық. Әр күйшілік мектептің бір-бір өкілін шақырамыз. Емтихан кезінде әр өңірдің ерекшеліктеріне, күй қағысына назар аударамыз. Мұның барлығы қазақ балаларының көкейіне білім қонса деген ізденістен туған дүние», – деді ол.

Консерваторияның 1-курс студенті Нұрзада Сайлау: «Құрманғазының Қызыл кітабында Шәміл ағаның орындауындағы күйлердің нотасы бар, соны ойнап жүремін. Ал бүгін мен үшін тарихи кезеңге толы сәт. Күйшінің орындау шеберлігін, даралығын көрдім», – десе, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келіп, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжді төрт жыл оқып бітіріп, биыл консерваторияның студенті атанған Төлеген Жапарұлы: «Құрманғазы, Дина апамыздан бері қазақ өнерінің, соның ішінде күй дәстүрін жеткізіп келе жатқан Шәміл Әбілтай атамыз, қазіргі кездегі тірі аңыз адам», – деп бағалап, «конспект жазып отырған студент пен мұнда отырған студенттің айырмашылығын өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Сондықтан Төлепберген ағамызға рақмет», – деп салмақты сөзін түйді.

Кездесу соңында Шәміл күйші бата беріп, өзінің күйтабағын «Домбыра» кафедрасына сыйға тартты. Қонақты құрметпен шығарып салған оқушылардың сабағы әрі қарай жалғасты.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

1399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы