• Қоғам
  • 14 Қазан, 2021

БІЗ КЕЛЕР ҰРПАҚТЫҢ АЛДЫНДА ҚАЛАЙ АҚТАЛАМЫЗ?

Адамзат баласы саналы ғұмыр кешіп қалыптасқаннан бері руханилық пен руханияттық, адамгершілік пен мораль сынды адам болмысының ішкі дүниесімен орайласатын және тіршіліктің мәнді жалғасуына септігін тигізетін осындай бір түйткілдерді қалыптастыру аясында мәңгі толғанып келеді. Ол – «Руханилық пен адамгершілік болмаса не болар еді?», «Оны неліктен біз мыңдаған жылдар бойы толғап келеміз?», «Бұны неліктен мемлекеттік деңгейде реттеп отыруға болмайды?», «Жаратқан неліктен әлемдегі зұлымдықты жойып жібермейді?», «Жалпы адамгершілік деген не өзі?», «Ол жеке адамның өзіне қатысты «дұрыс» деп түсінетін ұғымдар мен құндылықтар жүйесі ме?», «Әлде барша адам баласына ортақ бір нормалар бар ма?», «Олай болса неліктен заман өзгерісіне сай немесе әрбір ұлт пен ұлыс өзіндік бір өлшемедерін сақтайды, ал ол келесі бір халықта дұрыс норма болып табылмайды?», «Осы рухани құндылықтарды біз бүгінгі күнге дейін сақтай алып жүрміз бе?», «Адамзат прогресінде ол бүгін қандай деңгейде?» деген сияқты сан-алуан сұрақтар арасында лабиринттенеді, оған тереңірек бойласақ, сұрақтар мен жауаптардың шырматылған кейпіне тап боламыз. 

Біз бүгінгі өркениеттенген ізгілік пен руханилықтың белгілі бір кемелденген қоғамында өмір сүріп келеміз деп өзімізді-өзіміз мақтанышпен әйгілейміз. Оның үстіне қазіргі адамзат қоғамында гуманизм мен әділеттіліктің, адамгершілік пен ізгі ниеттің идеологиясы әбден орныққан, діннің өркендеп, оның моральдық қағидаларын барынша толыққанды сақтап келеміз, тіптен болмаса, оны заңдық-құқықтық негізде орнықтырып, арнайы жазалау институттарын құрдық, бүкіләлемдік даму аясында жалпыадамзатты белгілі бір руханияттыққа кіріктіруде Біріккен Ұлттар Ұйымын құрдық және өткенге, арғы тарихқа көз жіберіп, «Ол кездің адамдары жабайы болған, адами қасиеттері төмен болған» деген қорытынды жасап масайрадық. Бірақ осындай ресми институттар мен ресми емес түрде қызмет етіп келе жатқан адамгершілік қағидаттарын бойымызға сіңіретін әртүрлі қоғамдық құрылымдардың қарқынды жұмыс істеп келе жатқандығына қарамастан, жер бетіндегі аштықтан (ресми ақпараттарға сенсек, жер бетіндегі дайындалған тағамдардың үштен бірі тасталады екен) немесе емделуге қаржы таба алмай аурудан қырылып жатқан, әсіресе Африка, Үнді елдерінде, миллиондардың тағдырын тек статистика ретінде ғана бағалаймыз, сонымен қатар хайуанаттарды есепке алып, арнайы қорықтар құрып, олардың ауырып-сырқап қалмауын қадағалап отырамыз; жер бетінен мәңгілікке жойылып бара жатқан ұлттар мен ұлыстарға аса мән бермейміз, сөйте тұра, жойылып бара жатқан хайуанаттарды қызыл кітапқа енгізіп қоямыз; адамды, тіпті ер жетіп үлгермеген, есін жетік білмейтін балаларды тауарша сатып, одан ақша таптық деп мақтанамыз, оны кейде мемлекет тарапынан заңдастырып та қоямыз, олардың «ертеңгі өзіміз» және «өзіміздің бұрынғы сондай» екендігімізді «Аяз бише әлімізді білмей» ұмытамыз, сөйте тұра, сирек кездесетін хайуанаттарды сатқандығы үшін адамдарды ресми түрде жазаға тартамыз; о дүниелік болған адамдардың дене мүшелерін саудаға салатын және шейіт болған сәбилердің еті мен сорпасын ішетін деңгейге де келіп жеттік (мәселен, Қытайда), сөйте тұра, көгершіннің, маймылдың т.б. кейбір хайуанаттардың етін жеуді «обал» деп терең ізгі ниетті болғымыз келеді т.б. Бұндайларды тізе берсек, бұл дүниенің өзі өңі айналған әлемдік келбетін ашады, терең қайшылықтар туындайды. Сонда адам ­хайуан құрлы болмағаны ма? Біржыныстылардың некелесуіне, трансгендеризмге өркениеттілік белгісі деп санап, оны арнайы рәсімдейміз, сөйтіп, жаратылыстың Ұлы бұлжымайтын заңдарына өзгерістер енгізгіміз келеді!

Бұларға қаржы жоқ емес, ол бар: мемлекеттер бюджетінің шамамен 50-80 пайызына дейін қарулануға жұмсайды, миллиардтаған қаржы шығындарымен ғарышқы самғайды, осы миллиардтар ешқашан адамзат эволюциясында қолданылмайтын, қолданылуға тиісті емес, қолданыла қалған жағдайда Жер планетасын бір емес, қайта-қайта бірнеше рет жойып жіберуге қабілетті қазіргі кезеңдегі ядролық-атомдық қаруларға жұмсалады. Полигон аймағындағы мутант адамдардың тағдыры мен өмірі ешқандай да ақшамен өлшенбейтіндігін түсіну қиын емес. Солай бола тұра, ауру хайуанды іздеп тауып алып, оны емдеп, олардың қоғамын құрып, өзімізше дамыған-өркениетті ізгілікті-адамгершілікті табиғат сүйгіш болып көрінгіміз келеді.

Неліктен бір адамды екінші бір адамның тек қана балағаттағаны үшін он бес күндік қамауға алып жазалаймыз, ал өліп бара жатқан миллиондардың тағдырына ешкім жауап бермеуге тиісті? Неліктен, екі адамның сәл-пәл келіспеушіліктері үшін, мәселен, сол мемлекеттердің басшылары, болатын соғыстарда миллиондаған адамдардың өлімі құрбан етіледі де, олардың өздері масайрап, дін аман өмір сүре береді. Майданда шейіт болғандардың тағдыры мен қаны кімнің мойнына жүктеледі. Кейіннен жай ғана: «Е, дұрыс болмаған екен» дей саламыз. Неліктен, бір ғана адамның мақсаты үшін миллиондар құрбан болуы тиіс?

Туғанда адам баласы бәрі тең болып туатындығын, қартайған шағында өлім алдында бәрі де табиғаттың әділетті заңдылығына сәйкес, қайта­дан теңесетіндігін, ал белсенді өмір деп аталатын екі аралықта біріміз «қоян» болсақ, екіншіміз «қасқыр», ал біріміз «түлкі», біріміз «аю» болып қорбаңдап өмір сүреміз. Сөйте тұра, сондай мазмұндағы мультфильмдерді тамашалап, оларды мысқылмен келемеж етеміз, оларға аянышпен қараймыз, шындығында, кей сәттерде, солардың рөлін орындап жүргендігімізді өзіміз аңдамаймыз.

Сөйте тұра, «мен адалмын», «халық пен адамзатқа көмектесіп жүрмін», «менің қайы­рымдылық істерім көп», «мен қоғамның зиялы қайраткерімін» деп өзімізді-өзіміз мақтан тұтамыз. Жетімдер үйі, қарттар үйіне бір рет те бас сұқпастан, шетелге сатылып жатқан балаларға, аурудан қаржылық жағдайына байланысты емделе алмай жүрген адамдарға қол ұшын берместен Меккеге ұшақпен ұшып барып «қажы» атанамыз, тіпті қайта-қайта қажы боламыз. Өзімізді-өзіміз алдаусыратып, бұндай нәрселерге көз жұма қараймыз, мүмкін түсінбейміз, тіптен түсінгіміз де келмейді. Бірақ осы тұста: «Түсінбеген кінәлі емес десек те, Қылмыспен тең түсінуге тырыспау», – деген М.Шаханов ағамыздың толғауы еске түседі.

Жер бетіндегі мыңдаған жылдар бойы сақталған табиғи қорлардың 50-100 жылдан кейін сарқылатындығын біле тұра, оны жанталаса өндіруге талпынып келеміз. Келер ұрпақтың «50 жылдай уақыт ішінде бізге де үлес қалдырмай табиғи қорларды неге жойып жібердіңдер?» деген сауалына қалай жауап беретінімізді ойламаймыз, әрі кетсе «Жасыл экономика» өндірісін ойлап таптық. Сіздерге цифрланған өмір сүру салтын ойлап таптық» деп ақталармыз. Бірақ ол келер ұрпақ Мүлде бейтаныс өзге тіршілік иелері емес, «марстан қоныс аударатындар» да емес, өзіміздің, сіз бен біздің тікелей ұрпақтарымыз, немерелеріміздің, шөберелеріміздің, шөпшектеріміздің тағдыры. Ұрпақтар табиғат заңдылығымен алмаса береді, ең бастысы мұндай жауапкершілік миллиондаған жылдар бойғы адамзат эволюциясындағы бүгінгі біздің буынға ғана артылып тұр. Бұл ресмиленген жауапкершіліктердің барлығынан басқа, адамзат эволюциясы мен тұтас табиғат алдындағы жауапкершілік. Неге экологиялық зардаптардан, адамның, біздің 50-70 жылдай ғана шалқып өмір сүруіміз үшін, басқа тіршілік иелері мәңгілікке құрдымға кетуі тиіс? Ақиқатында, олар да жер байлығынан өзіндік үлесін алып, қалыпты тіршілік етуге жаралған емес пе еді?

Әлем адамзатсыз-ақ өмір сүруін, бар болуын жалғастыра береді, бірақ адамзат шексіз кеңістік пен шексіз уақыт аясында өзінің өткіншілігін сезініп, сол ренжулі күйінде қала бере ме, әлде өзінің шынайы мәнін танып, болмысын өзгерте ала ма? Мүмкін, ондаған, жүздеген, мүмкін мыңдаған жылдардан кейін қазіргі біз өмір сүріп тұрған кезең «адамзаттың рухани тағылық дәуірінің техногендік өмір салты аясындағы бір сатысы» ретінде артта қалатын шығар. Иә, ол кезеңде, «техногендік», «электронды», «цифрлы» деген сияқты түсініктер, бір уақыттардағы келер заман адамдары үшін балта мен шеге сияқты еміс-еміс еріксіз еске алатын құралдар сияқты болып қана қалатын шығар?

Өйткені адамдар қаншама ғалым болмасын, қаншама көріпкел болмасын тек өз заманы тұрғысынан ғана ойлай алады, қоғамды, заманды, әлемді тек өз дәуірінің призмасынан бағалауға ғана арналған, бұл біздің ми қатпарларамыздың табиғаты.

Бұл қарапайым айтқанда, «ХХ ғасырды электр ғасыры» деп атайық деген пафостан анық байқалады. Ендеше, түсінікті болды: ХХІ ғасырды тұтастай алғанда, цифрлы заман деп атамай-ақ қоялық, өйткені бұл ғасырда цифрдан да әлдеқайда маңызды әлі талай жаңалықтар ашылғалы тұр ғой!

Әлде, бәрі керісінше, осы әл-Фарабидің: «Әлемде даналық бар, адамда балалық бар» ­деген нақыл сөзі адамзат өмір сүруінің мәңгілік формуласы ма?

Онда қазіргі өмір салты туралы ең озық, игілікті деп саналған үлгілер, ашылған ғылыми жаңалықтар балаға айтылған ертегілер ғана сияқты болып тұрғаны ма?

Б.АТАШ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ философия кафедрасының

ұстазы, философия

ғылымының докторы

1542 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы