• Руханият
  • 14 Қазан, 2021

АЛАШТЫҢ АРЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ МҰРАЖАЙ-ҮЙІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ӨТТІ

Алматы қаласындағы ­зиялы қауым кеше бір серпіліп қалды. ­Шынында, Алаш зиялыларын ақтау, олардың туындыларын жарыққа шығару сонау тоқсаныншы жылдары қауырт бір қолға алынды да, кейін қайта бәсеңси бастағандай әсер қалдырған. Қазақ басылымдары айтудай-ақ айтып жатса да еститін құлақ жоқтай көрінетін. Соның бірі «Қазақстанның қасиетті мекендері» тізіміне Алматы бойынша енген санаулы құндылықтың бірі Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін мемлекеттік қамқорлыққа алу ісі 28 жылдан бері шешілмей келген. Кеше қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған музейге арнайы барып, музейді қала меншігіне алу туралы қаулыны мұражай-үйінің директоры Р.Имаханбетке табыстады. Ұлт көсемінің бюстіне гүл шоқтарын қойды. Бұйыртса ­музей қасындағы гүлзарда Байтұрсынұлының ескерткіші бой көтермек. Бақытжан Әбдірұлы мұндай тұлғаларға тек ­мерейтой қарсаңында емес, үздіксіз лайықты құрмет жасалып тұруы қажет екендігіне тоқталды. Иә Алаш ­арыстарына құрмет – Тәуелсіздікке құрмет. Себебі олар сол жолда құрбан болды.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТОВ, Қазақстан Жазушылар

одағының төрағасы:

– Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Жазушылар одағына арнайы келгенде, жазушылар қауымы біраз талап-тілектер айтқан болатын. Кітап шығарудан бастап өзге де мәселелер. Сонда айтылған үлкен тілектің бірі – осы Байтұрсынұлы музей-үйін қала қамқорлығына алу. Бақытжан Әбдірұлы сол кездесудегі көтерілген мәселелерді біртіндеп шешіп ­ке­леді. Анау-мынау емес, 28 жыл бойы шешілмей келген мәселе. Бүгін музейге әкім өзі барып, қаулыны табыстап, Ахаңның ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, өз ой-пікірін білдірді.   Зиялы қауым ұлт ұстазына, ұлттың рухани көсеміне, оның мұрасына жасалған қамқор­лық үшін ризашылығымызды білдірдік. Бұл күнді – тарихи күн деп атау керек. Музей аумағы түгел абаттандырылмақ. Сондай-ақ музей қасындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябаққа еңселі ескерткіші қойылса деген ұсынысымызды да қабыл алды. Ширек ғасырдан астам алаштанушылардың, зиялылардың арманы болған шаруа еді. Өлі разы болмай, тірі байымайды. Аруақтың бір шаттанған күні деп есептейміз. Ұлы ағартушы, халқын білім-ғы­лымның сара жолына салған адам. Алдағы 150 жылдығына дайын­дықтың басы жақсы басталды. ЮНЕСКО деңгейінде лайықты ата­лып өтеріне сенемін.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

– Бүгін Алматы жұртшылығы үшін бір зор рухани жаңалық күні болды. Ұлы ағартушымыздың музей-үйі қала әкімдігінің қарамағына берілді. Музейдің материалдық жағдайы өте қиын болатын. Сол енді түзелетін түрі бар. Өйткені әкім қол қойған қаулы шықты. Яғни енді музейдің арнайы қызметкерлері болады. Өзіне шақталған бюджеті белгіленеді. Сондықтан бұл ұлт көсемінің рухына жасалған үлкен сый. Музей қасындағы шағын баққа, бұйыртса үлкен ескерткіш қойылмақшы.

Өйткені Байтұрсынұлының ­келер жылы мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтпек. Музей бар қазақтың жас ұрпағы тағзым ететін, жалпы Алаштың тарихымен, ұлт көсемінің өмірбаянымен танысатын  музейге айналғалы тұр. Сондықтан біз қатты қуандық. Бүгінгі күн Ахмет Байтұрсынұлының күні.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, Мұхтар Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының директоры:

– Музей ашылғалы Алаш рухы­ның орталығы болып тұрған жер. Қаладағы біздің рухани, мәдени шараларымыздың көбі Ахаңның бюстінің қасында өтеді. Музейге келетіндер де көп. Жалпы ­Алматы қаласында Алаш ­арыстарынан қалған тарихи ескерткіштер өте аз. Бірден-бір көзге көрінетін мұра – осы мұражай. Бұл үйде Алаш арыстарының көбінің табанының ізі, қолының табы қалған, талай тарихи мәжілістер болған қазақ үшін қастерлі орын. Қалада Алаш арыс­тарынан қалған мұралардың дені қиратылып кеткен. Қала өскен сайын көнеден көз жазып қалу жиілейді. ­Тарихи мұра ретінде маңызды тағы бір ғимарат бар, ол Достық пен Төле би көшелерінің қиылысындағы үй. Сол үйде кезінде Халел Досмұхамедұлы мен Санжар Асфендияров тұрған деген мәлімет бар. Оны-дағы тарихи орынға айналдыру қажет. Қала әкімі жақсы жоспарларын айтты. ­Музей күрделі жөндеуден өтіп, тарихи орталық болатын түрі бар. Жалпы Алаш арыстарына құрмет көрсету, олардың шығармаларын жариялау, ескерткіштерін қою, жас ұрпақтың жүрегіне жеткізу мәселесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында қолға алатын шара болуы тиіс. Алда бұл бағытта істелетін шаруа көп.

Райхан ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы

музей-үйі директоры:

– Бүгін тарихи күн. Осыдан 28 жыл бұрын ашылған ­Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне мемлекеттік мәртебе берілмей келіп еді. Сан мәрте бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтерілген. Соның нәтижесі деп ойлаймын. Осыдан екі жыл бұрынғы қала мәслихатының депутаттары, академик ағайлар мен апайлар қол қойған хат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған болатын. Соның арқасында «Алматы қаласы коммуналдық меншігінің кейбір мәселелері туралы қаулыны» қала әкімі табыстады. Ақ түйенің қарны жарылған күн. Алда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық ­мерейтойында мемлекеттік мәртебесі бар мекеме ретінде қызмет етуге мүмкіндік алдық. Алаш арыстарын тану, оқу, зерттеу ұрпақты ұлттық болмыста тәрбиелеудің қайнар көзі деп білемін.

Бигелді ҒАБДУЛЛИН,

Қазақстан ПЕН-клубының президенті:

– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музейдің әкімшіліктің қарамағына берілуі республикамыздың мәдени-тарихи өміріндегі маңызды жаңалық.

Бұл музейдің дамуында  ғана емес, барлық салада, ғылыми және тарихи тұрғыдағы  үлкен жетістік болып ­саналады. Әсіресе жаңа, жас ұрпақты тәрбиелеуде бұл музейдің орны өте үлкен.  Ахмет Байтұрсынұлының өзі қазақ ұлтының рухын көтерген «Алаш Орданың» мойындалған көшбасшыларының бірі болды.  Өзінің  көпғасырлық дамуында  халық  ұлы тұлғалардың маңайына топтасты. Қазақ даласындағы бұл жаңғыру кезеңі туралы біз  келер ұрпаққа кеңінен айтуымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда музей қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің орталығына айналады деп ойлаймын. 

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Ana tili»

1421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы