• Мәдениет
  • 21 Қазан, 2021

«Хас өнерге халтура ілесе алмайды»

Әдетте, кез келген шығармашылық туындыны, мейлі, ол қандай жанр немесе қандай өнер болсын, жекелеген адамдар жасайды да, кейін көптің игілігіне айналатыны шындық. Сондықтан әдеби шығармашылық, өнер туындысы туралы сөз қозғағанда бір ғана, қарапайым талапты есте ұстаған жөн екенін назарға алу керек сынды. Әрбір туынды – оны дүниеге келтірушінің халық алдындағы есебі. Дәлірек айтсақ, шығармашыл адамның талабы мемлекеттік емтиханнан да жоғары және күрделі кезекті сынақ. Ал бұл сынаққа ешқандай көңілшектіктің, ағайыншылықтың жүрмейтіні әмбеге аян. 

Бәлкім, сондықтан шығар осындай зілмауыр жауапкершілікті мойынға алу екенің бірінің қолынан келе бермейтіндігі, екінің бірі ақын, жазушы немесе өнер адамы бола алмайтындығы. Қазіргі қазақ поэзия­сының дүлдүлі, марқұм Есенғали Раушановтың «хас өнерге халтура ілесе алмайды» дейтіні.

«...Көктем туар

іңгәлап бесігінде,

Көзін ашар

мүлгіген кешірім де.

Пәк нәресте

талпынса жөргөгінде,

Ұмытылар

сейіліп өкпе мүлде», –

немесе

«...Аппақ ғалам,

аласұрған

Қайда бейнең кешегі?

Жұмбақ тұнған

Жаратылыс –

Қиял-ғажап ертегі!

Еркелеген

бала бұлақ

Сақ-сақ етіп күледі.

Еміренген

Жер-Ананың

Лүп-лүп соқты жүрегі».

Бұл – кітапты ашқан беттегі көзі­мізге түскен өлеңнен іріктеп-сара­ламай, ойып алған өлеңнің шумақтары. Оқыныз, пайымдаңыз. Бұл – «өлең емес» деуге аузыңыз бара ма?

Құдайшылығымызды айтайық, бұл – мөлдіреп, жапыраққа тұрып қалған таңғы шықтан түзілген тамшыдай шынайы сезім, жылы да жинақы көңіл-күй лирикасы.

«Тіршіліктің

құпиясын ұғар кім,

Мыңнан бірін

біліп жүрген шығармын?

Жауындатып,

дауылдатып

бір күні...

Сыр бұлағын

сарықпастан тынармын».

Біз келтіріп отырған өлең шумақ­тары ақын Гүлсамал Аймаханованың «Көкемарал» атты Жыр жинағынан алынған.

ҚР Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Гүлсамал Аймаханованың есімі әдеби ортаға көптен таныс.

Жасыратыны жоқ, балаң адами албырт сезім – алғашқы махаббат тақырыбына қалам тартпаған ақын жоқ. Белгілі ақындар да өз естеліктерінде осы бір құдіреттің арқасында өлең жазуды бастап, қаламгерлік жолға түскенін мойындап жазған мысалдар баршылық. Бір тақырып – миллион жыр, әлде одан да көп пе екен? Мәселе арнау жырдың санында емес, кімнің қалай жырлағанында шығар... Ал Гүлсамал бұл тақырыпқа қай қырынан келді екен?

«Алғашқы махаббатым!

Аманбысың?

Алынбас бүгін маған

қамалмысың,

Шырайы солғындаған

жанармысың?

Құр бәлкім қолды сермеп,

Сен, бір күн сүйгеніңнен

танармысын?

 

Алғашқы махаббатым!

Аманбысың?

Қайырылып бір уақ

қарармысың?

Амандасып тұруға жарармысың?

Құланиек сүмбілтал

дара мүсін

Жауапсыз махаббат боп

қалармысың?»...

Бұл – ақынның аталған кітаптағы «Алғашқы махаббат» атты алты шумақ өлеңінің бірінші және соңғы шумақтары. Ортасындағы біз алмай отырған бөліктерін оқырмандардың іздеп оқуы үшін әдейі қалдырдық. Бұл өлеңде де өзіне тән биязы әдептілік пен ішкі көңіл күй көрінісі көңілге шуақ ұялататын иірімдермен беріл­гені сүйіндіреді. «Сүйдім-күйдім», «өлдім-талдым» жоқ. Сарабдал өрім, Гүлсамалға тән тиянақты көркем-ой.

Ақын қыздың үш бөлімнен тұратын екінші жыр кітабы араға сегіз жыл салып, 2008 жылдың аяғында Алматыдағы «Атамұра корпорациясы» ЖШС-нің баспасынан жарық көрді.

«Жарығын сүйген едім дүниенің...» деп өзі жазғандай, бұл жинақта да оқырман қиялын сан алуан сәулетті де шырайлы ойларға жетелейтін, көңіліңді бірде мүңға, бірде асыл құндылықтарға алдыңнан жер бауырлап ұшқан қарлығаш сынды жетелеп отыратын ақжарма жырлар жетіп-артылады. Отыз төрт жасында өмірден өткен Бейбіт есімді анасына арнаған «Әзиз анам» атты өлеңін тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес.

«Өмір өңкей...», «Өткінші ой», «Тағдырым!», «Толғай да толғай...», «Намыс» толғауы сынды өлең-жырларының қайсысын талдап үлгеру мүмкін? Бірін айтсаң, бірі қалып қояды. Сондықтан тек қолымызға іліккенін ғана жазып отырмыз. Анық байқалатын бір жай, кезекті кітабында Гүлсамал шығармашылық тұрғыда өскен, есейген. Осы жазғандарыма мына төрт жол мысал жетіп жатыр:

«Дүние бос...

түршіктерген түндері,

Күреңіткен құбылмалы күндері.

Бастауынан туажатқа айналған

Мағынасыз аласүргін дүрмегі».

Бұл – құлқынқұмар, ашкөз, туа сала туажатқа айналған қорқау пенде, қатыгез қоғам, бүгінгі күннің суреті. Бұл – ақын айтатын ақиқат, бұл –Гүлсамалдың ұстанымы.

Менің ойымша, Гүлсамал аз жазатын, саз жазатын, өзіндік шығар­машылық әлеміне кез келген нәрсені тықпалай беруді жаны сүймейтін, талғамның ақыны. Ал талғам аясы кеңейген сайын, ақынның өзіне деген талабы да күшейе беретіні белгілі. Гүлсамал – «екі қазақтың бірі – ақын» деген қарабайыр пайымнан әлдеқайда жоғары, кестесі – келісті, сырбаз ақын. Теңіздің суын тамшысынан танитын, азаматын сөзіне қарап сынайтын қазекең немесе әдеби орта бұл пікірімізді қолдайды деп сенемін.

Бұл – тек қана менің пікірім емес, қазақ сөз өнерінің тұлғалары: филология ғылымының докторы, профессор Есет Құдайбергеновтың, қазақ лирикасының королі, ақын Тұманбай Молдағалиевтің, боз даланың бозторғайы, үлкен жүректің иесі, ­дарабоз ақын Есенбай Дүйсенбаевтың, Ақтөбе жұртының қадірлісі, сырбаз шайыр Мұхтар Құрманалиннің берген баталары.

Нұрлыбек ҚАЛАУОВ,

Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі

2303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы