• Қоғам
  • 28 Қазан, 2021

Бағдат МУСИН: ЕЛДІ ЦИФРЛАНДЫРУМЕН ТЕК ҚАНА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР АЙНАЛЫСАДЫ

Берік  БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Бірнеше аптадан бері әлеуметтік желіде цифрлық жүйе egov.kz мемлекеттік ақпараттық жүйесін «СБЕР» компаниясының цифрлық платформасына өткізу туралы мәмілеге байланысты қарсы пікірлер болғаны мәлім. Осыған қатысты Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тағы да түсініктеме берді. Сонымен, министрдің ойы қандай?

Ол өз сөзінде «цифрлық даму саласындағы үрдістерге бейжай қарамайтын қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізіп, ІТ саласының дамуы мен Қазақстанның әлемдік цифрландыру барысындағы рөліне қатысты түрлі мәселелерді талқылағанын» айтты.  Бағдат Мусин «Осы орайда еліміз жаһандық даму үрдісінен қалыспас үшін цифрландыру қарқынын күшейту  керек», – деп отыр.

– Цифрлық трансформация дегеніміз, бұл – технологиялық жаңашылдықтар негізінде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Бұл мемқызметтерді жай ғана автоматтандыру емес, осы қызметтердің мән-маңыздылығын зерделей отырып, функциялар мен сервистерді түгелдей қайта қарастыру. Әйтпесе, бәрі де автоматтандырылған хаосқа айналып кетуі мүмкін. Ал платформа – бұл тек қана техникалық мәселе, оның үстіне цифрлық трансформация жасаудағы ең басты жайт емес.

Кездесу нәтижесінде біз барлық тарап­тардың ой-пікірін ескере отырып, мынадай мәмілеге келдік:

Біріншіден, біз өнімді бастапқы кодтарымен бірге аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, біз жасалу жолы мен нұсқаулығы бар конструктор мен құралдар сатып алмақпыз. Біз дайын құрал-жабдықтарды пайдаланып, қажет болса, оны әрі қарай дамытып, конструкторды барынша жетілдіре аламыз. Бұл конструктордан не жасау керектігін БІЗ шешеміз. «Қара жәшік», яғни түсініксіз әлдебір нәрсені сатып алғалы жатқан жоқпыз, сондықтан біз әлдебіреулердің айтқанына көніп, айдағанына жүре бермейміз. Тағы да қайталап айтқым келеді – бастапқы кодтар бізде болады.

Біз платформаның толыққанды нұсқасы бар түрлі компаниялармен сөйлестік, бірақ бәрі де тек қана пакеттік шешімдерді ұсынуда, ал мұндай жағдайда біз шетелдік мамандарға тәуелді болып қалуымыз ықтимал. Бұған біз жол бере алмаймыз.

Екіншіден, серверлер Қазақстанның жерінде және қорғалған контурларда сақталады. Бұл дегеніміз, оған ешкім, әсіресе шет мемлекеттер тіпті де қол жеткізе алмайды. Яғни біз Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талабына сай шетелдіктердің бұл ­процеске кірісуіне, соның ішінде техникалық сүйемелдеуіне жол бермейтініміз айдан анық.

Үшіншіден, бұл іспен (конструктордың дайын құралдарымен жасау) тек қана Қазақстан азаматтары айналысады. Оның үстіне, мен бұл норманы барлық құжаттарда бекітуге дайынмын. Бұл – жобаға бөлініп жатқан қаражаттың негізгі бөлігі Қазақстанның экономикасына құйылады деген сөз! Және қазақстандық ІТ-шылардың жалақысына жұмсалады.

Төртіншіден, бұл жұмысқа отандық ІТ-компаниялар тартылады. Компаниялар, яғни нарықтағы бір-екі ірі компанияның монополиясы болмайды.

Бесіншіден, жалпы ІТ саласын дамыту, соның ішінде платформаны жетілдіру үшін біз жоғары білікті кадрларды дайындау қар­қынын күшейтуіміз керек.

Алтыншыдан, біз алдағы іс-әрекеттерімізді ашық және жариялы етуге тиіспіз.

Бұл орайда қоғам қайраткерлерінің ұсынысын толықтай қолдап, цифрлық трансформация сияқты маңызды үрдістің барынша ашық жүргізілуін қамтамасыз ету үшін министрлік жанындағы қоғамдық кеңестің құрамын кеңейту керектігімен келісемін.

Ал сарапшылардың бағасын алу үшін біз ІТ бизнес өкілдері мен технологияны жете түсінетін мамандардан тұратын сараптамалық кеңес құрдық. Сондай-ақ бұл кеңестің құра­мында қоғамның белсенді өкілі Мұхтар ­Тайжан да бар. 

Алдағы уақытта цифрландыру барысында қандайда бір түсініспеушіліктің алдын алу үшін мұндай кездесулер көбейеді деген ойдамын», – деді Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі даму министрі Бағдат Мусин.

...Ендеше, бәрін де уақыт көрсетер. Біз үшін, ең алдымен, жеке құжаттарымыздың құпия болуы мен ақпараттық қауіпсіздігіміз қымбат.

969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы