• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

МӘН МЕН МАҒЫНА

Қазіргі қазақ тілінің активті лексикалық қорының 15 пайызын араб және парсы сөздері құрайтынын кезінде Л.Рүстемов атап өткен еді. Бүгінгі ғалымдар, бұған қоса, бұл тілдерден енген пассивті кірме кәлималардың 7 пайызға жететінін айтады. Ал кейінгі 10-15 жылдың мұғдарында бұл көрсеткіш өсе түспесе, азая қойған жоқ. Өйткені кейбір мер­зімді басылымдарда қазақ лексикасына синоним ретінде шығыс сөздерін қолдану жиілеп келеді. Әлбетте, мұндай ауыс-түйістердің орын алу­ларының әртүрлі себептері бар. Негізі, әдетте кез келген кірме элементтің тілде орын алуына лингво­мәдени қарым-қатынастар нәтижесі әсер етеді. 

Бір замандарда қазақ жерінде ислам дінінің ықпалы, басқа туыстас көрші ұлттарға қарағанда, едәуір төмен болғандықтан, араб және парсы сөздерінің біздің тіліміздегі үлесі айтарлықтай аз болды. Мысалы, өзбек жұртының пассивті лексикалық қорының кемінде 40 пайызы осы тілдер сөздерінен тұрады. Әзербайжанның ахуалы да осы шамалас. Себебі олардағы ислам факторының күшті екенінен бөлек, иран жұртшылығымен мейлінше етене араласып жатыр. Қазіргі таңда біздегі жағдайда да біршама өзгерді. Сондықтан қанша қаламасақ та, бізге де ыңғайға соғатын, жобаға келетін арабизм мен фарсизмге келісуге тура келеді. Бірақ біз мұндай жағдайда өзімізбен бір тілдес, бауырлас түркі халықтарынан алшақтап кетпеу үшін белгілі бір лексемалардың оларда қалай аталатынына ұдайы мән беріп отыруымыз керек.

Ендеше, бүгін сол миллеттер арқылы біздің тілімізге ауысқан бір термин туралы сөз қозғайық.

 

СЫНЫП

 

Сынып. 1. а) Жыл көлемінде бір ортақ бағдарлама бойынша бірге оқитын мектеп оқушыларының тобы («Бүгін біздің сынып экскурсияға барады»); ә) белгілі бір оқытушының басшылығымен немесе белгілі бір пән бойынша оқитын көркемөнер мектебінің оқушылар тобы («Пианист Омаровтың сыныбы», «Бұл – композиция сыныбы»); б) мектеп курсы жүйесіндегі оқу жылына сәйкес келетін бөлімше («Оқушы 5-сыныпқа көшті». 2. Бір топ оқушыларының сабағы өтетін бөлме, кабинет («Оқушылар сыныптан дәлізге шықты»).

«Сынып» лексемасы бұрын бізде қолданыста жүрген, латын тілінің «classis» деген сөзінен алынған «класс» сөзінің баламасы. Арабтың «сұрып, түр, мамандық» мәндес ұғым беретін, мағыналық мәні «цех», «бөлім», «бөлімше» болып келетін «синф» деген сөзінен шыққан. Бұл лексема Орталық Азия аумағында орта ғасырлардан бері қолданыла бастаған. Бұған академик В.В. Бартольдтің «Синф» термині моңғол шапқыншылығына дейінгі Самарқандта және XVI ғасырдағы Самарқанд пен Бұхарада қолданысқа енді, ал XII ғасырдағы Иранда ресми құжаттарда кездесті» деп жазғаны да бір дәлел.

Қазіргі түркі халықтары арасында «сынып» лексемасының тарау деңгейі қандай, енді соған келейік. Бірден айтып қояйық, өте жоғары. Атап айтқанда, өзбек пен ұйғырда ол – синф, түрік пен әзербайжанда – sinif, түрікменде – сынп, қарақалпақ – сынып, татарда – сыйныф. Айтқандай, Иран жеріндегі афшар, қашқай, халадж, қарадағ «синиф» нұсқасын пайдаланады. Ал қырғыз, башқұрт, шуваш, құмық, хакас, алтай, тува халықтары «класс» деген вариантты ұстаса, сахалар «кылаас» дейді.

Жоғарыдағы «класс» терминінің «Өндіріс құралдарына қаты­настары мүдделес болуына және экономикалық мүдделері қарама-қарсы топтарға бірге қарсы тұратынына байланысты бір қауымдастыққа біріккен адамдардың әлеуметтік тобы, қоғамның бір бөлігі» деп толғайтын үшінші жағы да бар. Бұл сөздің «сынып» ләміне еш қатысы жоқ. Біздің тілімізге бұл термин «тап» деп аударылады.

Серік ПІРНАЗАР

1274 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы