• Қоғам
  • 25 Қараша, 2021

БИЛІК ПЕН ҚОҒАМ ДИАЛОГЫ

Қазақстанның X Азаматтық ­форумы басталды. Форум биыл «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» тақырыбында ұйымдастырылып отыр.

Форумды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева ашты. ­Министр X Азаматтық форумның Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдағы  жолы мен жетістігін қорытындылауға арналған маңызды оқиға екенін атап өтті. Елдегі азаматтық секторы ондаған Үкіметтік емес ұйымның жұмысынан басталып, бүгінде Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналғанын айтты. Мәселен, жыл ­сайын қазақстандық «үшінші сектордың» қатарына орта есеппен 150 адам қосылады.

«Қазіргі таңда азаматтық белсенді бастамалар араласпаған қоғамдық сала жоқ. Бүгінде елімізде 6 саяси партия, 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым, 18 конфессиядан тұратын 3738 діни бірлестік, мемлекеттік және жекеменшік нысандағы 5 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралы, 249 қоғамдық кеңес, 58 әртүрлі деңгейдегі кәсіподақ бар», – деді ведомство басшысы.

Министр Азаматтық форум билік пен қоғамның ашық диалог құратын, бірінші басшыларға тікелей сұрақ қоятын дәстүрлі алаң екенін атады.

«Биыл да форум шеңберінде түрлі тақырыптық секциялар, арнайы кездесулер мен сарапшылардың дәрісі өткізіледі. Оның тиімділігі мен нәти­жесіне біз әр форум сайын көз жеткізіп жүрміз. Сөз жоқ, бұл тұрғыда мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасындағы әріптестікке артылар сенім зор. Ең бастысы, бізде бұл салада бірлескен жұмыс, ортақ түсінік, жүйелі жол бар», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр форум жұмысына сын тағатындарға қатысты пікір білдірді.

«Азаматтық форум – кейбіреулер дәйексіз айтатындай «ҮЕҰ өкілдерінің декларативті-хаттамалық жиыны» емес, ол қолданбалы идеялар мен бастамалар туындайтын, министрлер мен әкімдер азаматтық белсенділермен тең дәрежеде бірлескен іс-қимыл жоспарларын ­жасайтын, жекелеген әлеуметтік проблемаларды шешуге мемлекет ҮЕҰ-ды тартатын нақты жұмыс процесі», – деді министр. Айта кетейік, X Азаматтық форум жұмысына тұңғыш рет Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Фридрих Эберт қоры, ЮНЕСКО, ЮСАИД сияқты халықаралық серіктестері қатысып отыр. А.Балаева олардың қазақстандық азаматтық қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Бұл миссияларға сындарлы диалог пен құнды ұсыныстар үшін, өзара түсіністік пен қолдау үшін, адамгершілік пен ашықтық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді», – деді министр.

Қазақстанның Азаматтық альянсы­ның президенті Б.Нұрғазиева форумның қоғам, билік пен бизнестің сындарлы диалогын құратын еліміздің басты алаңы екенін атап өтті.

«Бүгін Азаматтық форум жалпы­ұлттық сипатқа ие болды. Ол халық пен билік арасындағы кері байланыстың тиімді механизміне айналды. Үкіметтік емес сектор нақты қоғамдық күш ретінде  қалыптасты деп пайымдауға барлық негіз бар», – деді ол.

X Азаматтық форумның жұмысы 22-26 қараша аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бес күн бойы өтеді.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

 

2113 рет

көрсетілді

45

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы