• Білім және ғылым
  • 02 Желтоқсан, 2021

Білім – ұлттық идеямыз болуы керек

Кез келген ел ғылым, білім арқылы дамиды, яғни тәуелсіздіктің тұғыры – ғылым, білім, тәрбие. Елдің тәуелсіздігі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланысты. Айта кетсек, 1991 жылдан бері қарай, елімізде отандық ғылым, білімнің жаңа кезеңі басталып, ұлттық жетістікке жету үшін жоспар, бағдар­лама құрылды. Нақты айтсақ, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы» заңның қабылдануы – алғашқы баспалдақ­тың бірі. Ел тарихын тұлғалар жасайды, демек, Тәуелсіз Қазақстанның басты тұлғасы да – Н.Ә.Назарбаев. 

Тәуелсіз ел болу, қазақ елі – әлемнің, әлем – Қазақ­станның интеллектуалдық әлеуетімен кешенді танысу мүмкіндігіне жол ашты. Әсіресе Қазақстанның 1992 жылы БҰҰ-на мүшелікке қабылдануы ерекше тарихи оқиға болды. 1993 жылы еліміз БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО құрамына 164-ші мемлекет болып енді. Тағы да бір білім саласындағы елеулі оқиға, 2001 жылы 2 ақпанда Алматы қаласында бiлiм және ғылым қызметкерлерiнiң съезi өтіп, мұнда Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, «Елдiң әлеуметтік-экономикалық рухани дамуы факторында отандық ғылымды қайта құру өмiрлiк маңызды мәселе», – деп мәлімдеді.

2010 жылдың 11 наурызынан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында алғашқы болып еуропалық білім беру кеңістігінің толыққанды мүшелігіне, Болон процесіне енді. Еліміздің алдыңғы қатарлы ел болуы үшін көптеген тактикалық, стратегиялық жобалар, жоспарлар жүзеге асырылды. Президент жыл сайын халыққа Жолдауын ұсынды. Алғашқы, 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» тақырыбындағы Жолдауында «Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды» және елдің дамуы үшін бірнеше тапсырмалар жүзеге асырылуы қажет екендігі» баяндалды. Соның ішінде ғылым, білім, тәрбие мәселелеріне қатысты шаралар аталып өтті. Айталық, тиімді оқыту жүйесін құру және түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету, Қазақстандағы адам капиталының сапалы өсуі, бұл білім беру және денсаулық сақтау мәселесімен тікелей байла­нысты» деп көрсетті.

Тәуелсіз Қазақстан білім, ғылым саласына айтарлықтай өзгеріс алып келді, «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңдар және сұраныстарға сай бірнеше реформа қабылданды. Соның негізінде білім беру мазмұны өзгерді, білім беруді дамытудың үдерісі өзгерді, білім беруді демократияландыру, жаһандандыру, гуманитаризациялау, ақпараттандыру, компьютерлендіру, технологияландыру т.б. процестер жетілді­рілді. Болон үдерісіне енгеннен кейін жоғары мектепте оқыту бакалавриат, магистратура, PhD докторантура деңгейі бойынша жүзеге асырылды. Академиялық ұтқырлық жолға қойылып, бірлескен, қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асты.

Елбасы: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстан­дықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», – деп көрсетті.

Еліміздің 2016–2019 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы білім беру, ғылым саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру тұрғысында жүзеге асырылуда. Елбасының тікелей басшылығымен жүзеге асырылып отырған «Болашақ» бағдарламасы да жастарға жаңа мүмкіндік беріп, ғылымға бет бұруына түрткі болды. Сондай-ақ елімізде ғылым мен білімге ұмтылған жастарды қолдау, елімізде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында «Назарбаев университеті» ашылды, бұл оқу орны инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған заман талабына сай, мықты ғылыми инфрақұрылымы бар іргелі оқу орны ретінде танылды.

Елбасының білім, ғылымға қатысты ұстанымы, педагогикалық мамандықтарға қатысты өзекті бастамалары жастарға жоғары жауапкершілікті жүктеп отыр. Олар з­аманауи біліммен қаруланып, еліміздегі жоғары оқу орындарымен қатар, қос диплом алуға, шетелдің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне де ие, мұндағы басты мақсат дұрыс білім мен тәрбие бере отырып, оларды болашақта ұлттық потенциалдың негізгі көрсеткішіне айналдыру. Бұл Көшбасшымыздың көрегендігін сипаттаған, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында анық байқалады.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ­жобасында төртінші бөлім, «Білімнің салтанат құруы» деп аталған, мұндағы негізгі ой – білім салтанат құрған жағдайда біз бәсекеге қабілетті бола аламыз. Сөзінің соңында, Елбасы: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басым­дық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деген қорытынды жасаған. Білімді болу біздің оқу бағдар­ламаларымыз, оқу жоспарларымыз, оқулықтар, оқу құралдарына тікелей байланысты. Ұлттық білімді жетілдіру тұрғысында жаңа оқулықтар, оқу құралдарының жаңа легі қалыптасты, олардың мазмұны ұлттық идеологиямен толықтырылды. Оқулық, оқу құралдарына қойылатын талаптар өзгертілді, арнайы оқулықтану бойынша ғалымдар жұмыс істей бастады. «Мәдени мұра», «100 кітап» жобалары жүзеге асырылды. Оқытылатын пәндердің қазақ тілінде қамтамасыз етілуі жолға қойылды.

Әр ғасырдың ұлы данышпаны, ғұламаcы, кемеңгерлері болады. ХХІ ғасырдың ірі тарихи тұлғасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Оның «Білім біздің ұлттық идеямыз болуы керек» деп атап көрсетуінің өзінде ұлттық білімге, ел болашағына қамқорлық анық байқалады.

Н.Әлқожаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

педагогика және білім беру

менеджменті кафедрасының

меңгерушісі, профессор

2648 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы