• Cұхбаттар
  • 02 Желтоқсан, 2021

Жақсылық ОМАР, Өскемен қаласының әкімі: ҚАЗАҚЫ ҚАЛА КӨШЕ АТЫНАН БАЙҚАЛАДЫ

Біздің бүгінгі кейіпкер – Жақсылық Омар мырза. Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2013–2016), Алматы облысы әкімінің орынбасары (2016–2018) болып қызмет еткен уақытта көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгені де жасырын емес. Жақсылық Мұқашұлы 2018 жылдың тамыз айынан бері Өскемен қаласының әкімі. Өскемен қаласының тізгінін ұстағалы шаһардың біршама әлеуметтік-экономикалық мәселесі шешімін тауып келеді. Қаланың тыныс-тіршілігі туралы ақпарат беретін жергілікті газеттер мен сайттарға үңілгенде де бірқатар істің атқарылып жатқанын байқадық. Мәселен, қаланың Ахмер, Меновное сияқты жер үйлер орналасқан ­аудандарында ауыз су құбырын жеткізу мәселесі толық шешіліпті. Жөндеуі жеті жылға созылған көпірді қолданысқа беріпті. Орталық көшелер түгелімен жаңарып, автокөлік көп жүретін Шәкәрім, Жібек жолы даңғылдары кеңейтіліп, жаңа жолдар салыныпты. Қала орталығында жаяу жұрт дем алатын, заманауи, көрікті арбат та пайда болыпты. Шет жақтағы көшелерді жарықтандыру, тротуарлар салу мәселесі де толық шешіліп жатыр екен. Соңғы үш жылда Өскеменде оннан аса балабақша ашылып, екі мектеп салынып, көптеген мәдени, спорттық, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткен... 

ҚЫРЫҚТАН АСА КӨШЕГЕ  ҚАЗАҚША АТАУ БЕРІЛДІ

– Өзге ұлты көп Өскеменде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге жол ашып жүрсіз. Қазір қалада қазақ тілінің кеңге құлаш жаюы тарапында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Қазіргі өзекті мәселеленің бірі көрнекі ақпарат жағдайы болған­дықтан барлық мейрамхана мен кафе мәзірінің, баға көрсеткішінің, көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнаманың мағыналық аудармасын бақылау мақсатында жарнама агенттіктері сыртқы жарнама төлқұжатын Мәдениет және тілдерді дамыту, Сәулет және қала құрылысы бөлімдерімен келісіп отырып жасайды.

Биыл «Тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес деректеме мен көрнекі ақпарат тілін бақылау мақсатында рейдтер, түсін­діру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қате жазылған, заңға қайшы кемшіліктерді жою барысында нысан иелеріне түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетіліп келеді.

Өскемен қаласында қазақ тілінің мәртебесін өсіру мақсатында қаланың Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан Өскемен қаласы әкімдігінің «Тіл мен мәдениетті түлету мектебі» КММ құрылып, басқа ұлт өкілдеріне, қала тұрғындарына қазақ тілін үйретуге, тіл үйренушінің тілдік қабілетін дамытуға арналған тегін курстар ұйымдастырылды. Ана тілімізді орта деңгейде меңгергендерге арналған диалог алаңы болып саналатын «Таным» клубы құрылды, қаланың ірі кәсіпорындары мен мекемелерінде қазақ тілін жетілдіру бойынша жұмыс топтары құрылды.

Жыл көлемінде өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін насихаттау мақсатында Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірге ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атының жазылуын тарихи дәстүрге сәйкестендіру мақсатында «Ата-тек – ұлттық құндылығымыз» айлығы, өзге ұлт өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы, «Әлем таныған – ұлы Абай» сынды іс-шаралар ұдайы өткізіліп жатыр.

Ономастика саласында да жүйелі жұмыс жасалып келеді. Соңғы бес жыл ішінде жиырмадан аса көшеге танымал тарихи тұлғаларымыздың аты берілді. Қырықтан аса көшеге қазақша атау қойылды. Он бестен аса білім беру ордасына, мәдениет нысанына белгілі тұлғалар есімі берілді. Бұл – ең әуелі Тәуелсіздігіміздің жемісі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құрметіне осындай дүниелер жасалды деп ауыз толтырып айта аламыз. Өзге ұлттың саны басым шаһарда бұл оңай жұмыс емес. Қазір қаламызда идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген көшелер мен нысандардың саны жыл санап азайып келеді.

 

ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНА  ОРАЛХАН БӨКЕЙ АТЫНДА

– Сізді әдебиетке, өнерге жақын адам деп білеміз. Шағын ортада домбырамен ән де айтады екенсіз. Мәдениет саласын да басқардыңыз. Осы тарапта бір сұрақ: Өскемен қаласынан, қала төңірегінен шыққан қаламгерлердің, өнер адамдарының еңбектерін жарыққа шығарып, олардың шығармаларын насихаттау жұмыстары қолға алынды ма?

– Ұлттық өнер мен мәдениет жанашырлықты қажет еді. Қазақ ән әлемінде  Тұрсынғазы Рахимовтың орны бөлек. Биыл Өскеменде Тұрсынғазы ағамызға арналған үлкен фестиваль өткіздік. Секен Тұрысбеков ағамыз бастап, Шығыстан шыққан танымал әншілер мен күйшілер түгел қатысып, елдің ортасына келіп, өнерін көрсетіп қайтты. 

Сондай-ақ елге шығармашылық сапармен келген Алмас Ахметбек, Айтмұханбет Бейсенбаев қатарлы ақындарға құрмет көрсеттік. Жергілікті ақындар мен өнер иелерінің шығармашылық кештерін үнемі қолдап отырамыз. Нұр-Сұлтан, ­Алматы қалаларында тұратын өнер, әдебиет саласындағы белгілі жерлестеріміздің шығармашылық кештеріне арнайы қатысып, туған жерінің ықыласын жеткіземіз.  

Қазақтың белгілі ақыны Қалқаман Саринды қалалық Мәдениет бөлімін басқаруға әкелдік. Жазушылар Одағының облыстық филиалымен бірлесіп, 2020 жылы республикалық жас ақындар мүшәйрасын өткіздік. Қаламыздағы жас ақындардың шығармашылығы әлеуметтік желілерде, ғаламторда насихатталды. Арнайы  фотосессия жасалып, өлеңдері жарияланды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биылғы Наурызда айтыс және мүшәйра ұйымдастырылды. Өнер және мәдениет саласындағы азаматтарды қолдау, басқару ісіне араластыру – маңызды дүние. Сондықтан ақын, драматург Әскерхан Ақтай қалалық мәслихат депутаттығына сайланды. 

Қаламызға ақындардың ұлағатты сөздері жазылған әдеби аялдамалар бар. Арбатқа жергілікті ақындарымыздың жинақтары қойылған кабина-кітапханалар орнатылды. Өскемен облыс орталығы болғандықтан барлық іс-шара бізден ­бастау алдады.

– Өскеменнің төрінде қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің қоладан құйылған кеуде-мүсінінің ашылу салтанаты өткен екен. Осы мүсіннің қоладан құйылуына өзіңіз мұрындық болыпсыз.

– Биыл біздің қалада көрнекті ­жазушы Оралхан Бөкейдің жаңа ескерткіші бой көтерді. 2016 жылы қалалық кітапханаға Оралхан Бөкейдің есімі берілген еді. Былтыр кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, түбегейлі өзгертіп, заманауи келбетін жасадық. Қазір жазушы есіміндегі осы кітапхана жаңашыл жұмыстарымен танылып отыр. ­«Оралхан Бөкей әдеби залы» салтанатты түрде ашылды. Қазір жастардың жиналып сұхбаттасатын рухани орталығына айналған.

Сонымен бірге игілікті жұмыстың бірі – осы Әдеби залда оқырманға «BOKEI.KZ» электронды кітапханасы ұсынылған. Оралхан Бөкейдің әдеби және қолжазба мұрасы, жазушының ағылшын, қырғыз, болгар, эстон, француз тілдеріне аударылған еңбектерін, Оралханның сөйлеген сөздерінің бейнежазбаларын, қылқалам шеберлері Б.Урманче мен Б.Исиннің туындыларын, жазушының фотосуреттері тәрізді құнды мәліметтерді табуға болады.

Енді қаламыздың орталық көшелерінің біріне Оралхан Бөкейдің атын беру жұмысын жүргізіп жатырмыз.

 

ҚАРЫ ҚАЛЫҢ ҚАЛАНЫҢ  ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫ

КӨКТЕМНЕН БАСТАЛАДЫ

Жақсылық Мұқашұлы, Сіз екі ­облыс әкімінің орынбасары болып, екі үлкен аймақтың идеология саласына жетекшілік ­еткен тәжірибелі басшысыз. Өскемен қаласына әкім болып келгенде қаланың коммуналдық-шаруашылығын игере алмайды-ау деп күмәнданғандар болды, бірақ бұл тарапта да шаруа ­жайын жақсы білетін іскер басшы екеніңізді көрсеттіңіз. Әйтсе де, қысы қатты қаланың коммуналдық-шаруашылық саласы ауыр тиген кездері болды ма?

– Әкім болу – ең әуелі коммуналды шаруашылықты басқара білу. Бұған дайын болмасаң, әкім болудың қажеті жоқ деп санаймын. Сондықтан қаланы басқаруда осы жұмысқа тас-түйін дайындықпен келдім. Қысы ұзақ, қары қалың, аязды Өскеменде ерекше қиын екенін түсіндім. Себебі Өскемен қаласында көп уақыт тұрып, қызмет атқардым. Әрине, коммуналдық шаруашылықтың қордаланған мәселесі шаш етектен. Жыл сайын түрлі мәселе күн тәртібінде тұрады. Мысалы, мен 2018 жылы тамыздың соңында қызметке кіріскенде қаламыздың орталық көшелерінде күрделі жөндеу әлі аяқталмай, астан-кестені шығып жатқан. Сол уақытта осы айтылған мәселені шешу керек болды және оны біз шештік те. Жұмыстар қар түскенге дейін аяқталды. Жалпы коммуналдық мәселемен жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен айналыссаң, көп қиындық туындамайды. Қазіргі уақытта біз алдағы қысқа дайындықты көктемде, жылу маусымы аяқталған күннің ертеңінде бастап кетеміз. Жолдарды жөндеуге тендерлерді қаңтар-ақпанда өткізіп, сәуірде күн жылына бастап, көбінде жаздың ортасына жет­кізбей аяқтап қоямыз. Бұл жерде, әрине, мықты мамандар да қажет. Бір қуан­­тар­лығы, қаламыз жақсы мамандарға кенде емес.

– Сіз әкім болып келгелі, яғни 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін осы қалада көп қабатты 58 ғимарат және 297 жеке тұрғын үй құрылысы салыныпты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Биыл қала тағы да көп қабатты 25 тұрғын үйді және 85 мың шаршы метр жеке тұрғын үйді пайдалануға беруді ­жоспарлап отыр екен. Бұл тарапта басқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Үйдің санын, жалпы дұрыс көрсетіп отырсыз. Әрине, бұл жоспарды артығымен орындауға тырысамыз. Жақын аралықта «Нұрлы жол» және спорт кешенінің жанынан жоспарланған шағынауданға 80 көп қабатты үй салу көзделіп отыр. Қазір «Нұрлы жол» кешенінде 14 үй бой көтеріп, алғашқылары қолданысқа беріліп те жатыр.

Бұл тұрғын үйлер толыққанды кешен болмақ. Бірінші қабатта түрлі коммерциялық нысандар, үйлер көп шоғырланған жерлерге мектептер мен балабақшалар, емхана салу жоспарланды.

Жалпы көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салғанда, саябақтар мен аллеяларды абаттан­дырғанда, ойын алаңдарын орнатқанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Теңгерімді ау­мақ­тық даму» ұстанымына сай «шетсіз қала» қағидасы басшылыққа алынып келеді.

Сонымен бірге «Бір қабатты Шығыс» атты жобаның аясында сексенге жуық үй салынып, 7 ша­ғынауданға инженерлік коммуникация тартылып жатыр.

Салынған тұрғын үйдің көпшілігі түрлі мемлекеттік бағдарламаның аясында жеңілдікпен сатылады. Көп балалы отбасылар да жеңілдікке ие. Осы ретте қаламыздағы қарқынды тұрғын үй құрылысы 2019–2020 жылдары ұзақ уақыт кезекте тұрған 750 отбасын пәтер иелері атандыруға мүмкіндік берді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ 2008–2018 жылдар аралығында, яғни 10 жылда жалпы саны аталған санаттардағы отбасыларға бар жоғы 834 пәтер берілген екен. Яғни үш жылда оған дейінгі 10 жылдың көлеміне тең пәтер берілген.

 

ТРАМВАЙЫ БАР ШАҺАР

– Өскеменнің газгольдері мерзімі келіп, тозып, істен шығып жатыр. Олардың орнын не басады? Жалпы Өскемен қаласына газ құ­бырын тарту мәселесі күн тәртібінде тұр ма?

– Дұрыс айтасыз. Қаламызда газ құбыры қолданылмайтыны белгілі, ал солардан қалған газгольдерлер біраз мәселе туындатты. Көбінде көпқабатты тұрғын үйдің ауласында орналасқан мұндай қондырғылардан үнемі газдың иісі шығып тұратын. Бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырады, әрине. Әрі қолданылмайтын газгольдерлердің орындарын тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыру туралы көп өтініш түсіп жатады. Сондықтан біз былтыр және биыл 102 газгольдерді алып, орындарын түзетіп, алаңқай жасап қойдық. Кейін әр ауланың жағадайына қарай әлгі жерлерге жаңа нысандар салынуы мүмкін.

– Өскеменде, сонымен бірге биыл трамвай күтетін аялдаманың бәріне павильон салып жатыр екенсіздер. Қалада трамвайдың 60 аялдамасы бар дейді, солардың бәріне жабық павильон салына ма? Трамвайлар да ескіріп тұрғаны белгілі, олардың орнына жаңасын алу ойда бар ма? Трамвай паркінің қожайындарымен осы тарапта келісім жүргізілді ме?

– Қаламызда трамвайлар мен автобустардың аялдамалары ортақ. Трамвайдың жолдары автобус маршруттарымен сай келгендіктен трамвай күткен жолаушылар автобустардың аялдамаларын да қолданады. Жалпы қаламызда соңғы үш жылда 170-ке жуық аялдама павильоны орнатылса, оның 10-ға жуығы жылытылатын аялдамалар кешені. Трамвайлардың ескіргеніне келсек, 2018 жылдан бастап трамвай паркінің мемлекеттің меншігіне өткенін атап өту қажет. Көп жағдайда бізде мемлекеттік менеджементті сынап, жеке меншіктегі дүниені мақтап жатады. Бұл көзқарастың өскемендік трамвай паркінің жағдайында 100% дұрыс емесін дәлелдеуге болады. Себебі қоғамдық көліктің бұл түрі инфрақұрылымымен бірге жеке кәсіпкердің қарауында болғанда тоқырауға түсіп, тозып кеткені жерлестерімізге мәлім.

Мемлекеттік менеджменттің оң тұстарын айшықтайтын мына фактілерді келтірейін. Ең әуелі көрсетілген қызметтен төленетін салық көлемі еселей артқан. Салыстырмалы түрде айтар болсақ: парк жеке меншікте болғандағы соңғы жылдары орташа есеппен жылына 2 млн теңге салық төлеп келген. Ал мемлекеттің қарауына өткен 2018 жылдан бергі үш жылда бюджетке 200 млн теңгеге жуық салық төленген.

Жеке қожайындар басқарған уақытта трамвайларды жаңартпақ түгілі, вагондарға ағымдағы жөндеу жүргізілмеген. Техниканың бар мүмкіндігін сүлікше сорып, құр сүлдесін ғана қалдырған деп айтуға болады. Жолдар мен желілерді жаңарту туралы ой мүлде болмаған.

Соңғы үш жылда Алматы қаласында қолданыста болып, бірақ кейін біздің қалада қолданылып келе жатқан вагондардан әлдеқайда жаңа, жақсы вагондар әкелінді. Ал жергілікті ескі вагондарды толық жөндеп, бір стильге келтіріп, қайта жолға салдық. Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдығына орай трамвайдың бір вагонын бас ақынымызға арнап, сыртына суретін салып, ішіне шығармаларынан үзінділер жаздық.

Сонымен қатар елу жыл бойы жөндеу көрмеген инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Жолдардың апатты бөліктері күрделі жөндеуден өткізілді. Яғни рельстер ауыстырылды, подстанциялар жөнделді, байланыс желілері жаңартылды. Мұның барлығы трамвайдың жолдан шығып кету оқиғасының санын азайтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Алдағы уақытта трамвайды тиісті инфрақұрылымымен барынша жаңарту көзделіп отыр. Себебі біздің қаламыз үшін бұл көлік түрінің маңызы айрықша. Әуелі, әрине, экология тұрғысынан, содан соң зауыттарға таңның атысынан түннің ортасына дейін жұмысшыларды таситын қоғамдық көлік ретінде қадірі бар.

Тағы бір айта кететін жайт: қаламыздың қоғамдық көліктеріне электронды билеттендіру жүйесінің енгізілуі трамвай паркінен басталған. Нәтижесі жақсы болған соң, бұл тәжірибені автобустарға тараттық.

– Жол ақысын төлеудің заманауи тәсіліне қоғамдық көліктің жаппай көшуі қиындық туғызып тұрған жоқ па?

– Электронды билеттендіру – заман талабы. Бұл, ең алдымен, ақша айналымын ашық көрсететін жүйе. Өскеменде жолаушыларды автобуспен тасымалдаумен жеке меншік компаниялар айналысатындықтан бұл жүйенің маңызы зор. Яғни жергілікті бюджеттен субсидия бөлінгенде әр компанияның тасымалдаған жолаушылар санын электронды түрде көріп, сәйкесінше төлемдер жүргізе аламыз. Сондықтан ешбір қиындықтарға, қарсылықтарға қарамастан, бірнеше жылға, бірнеше кезеңге бөле отырып, осы жүйені қалалық қоғамдық көлік маршруттарына енгіздік.

– Қоғамдық көліктердің, оның ішінде автобустардың ескіргені де байқалады, оларды жаңалау бастамасы қолға алынған екен, бастама баяулап қалған жоқ па?

– Бұл жерде, жоғарыда атап өткендей, автопарктердің жеке меншікте екенін ескеру қажет. Яғни бюджеттен қаржы бөліп, жаңа автобустар алу мүмкін емес. Сондықтан автопарктердің иелерімен электронды билеттендіруді енгізе отырып, жергілікті бюджеттен субсидия бөле отырып, кезең-кезеңімен автобустарды жаңарту көзделген. Бұл жұмыс биыл басталып кетті. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, кезең-кезеңімен төлеу ­басталды. Осының арқасында жақында бір компания 13 жаңа автобус сатып алды. Келесі жылдың ақпан айында осы компания тағы 7 автобус алуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда, қаламыздың бірнеше автопаркі алдағы екі-үш жылда 110-нан аса жаңа автобус сатып алуды көздейді. Осылайша қаладағы автобустар кезең-кезеңімен жаңармақ.

– Қоқыс проблемасы, қай қаланың болсын, өзекті мәселесі екені рас. Өскеменде жақын арада қоқыс төгетін жаңа орын іске қосыла ма? Қоқыс зауытын салу ойда бар ма?

– Иә, бұл мәселе біздің қаламыз үшін өте өзекті. Себебі бізге қарасты 1957 жылы ашылған жалғыз полигон дәл қаланың іргесіне тиіп тұр. Оның жобалық қуаты таусылып келеді. Қазіргі уақытта 2022 жылдың соңына дейін ғана қолдануға рұқсат бар. Сондықтан Өскеменде қоқысты сұрыптап, өңдейтін зауыт құрылысын салу басталып кетті. Оның жобалық қуаты жылына 100 мың тонна қоқыс болмақ. Бұл жұмыс «Оператор РОП» ЖШС-імен бірге жүргізілуде. Зауыттың құрылысын бұл салада тәжірибесі бар, грециялық компания салып жатыр. Нысан жақын уақытта іске қосылады ­деген жоспар бар. Бұл завод жұмысын толық бастағанда қоқыстың 30%-ын сұрыптау мүмкін болмақ. Сонымен бірге жаңа қоқыс полигонын салу жұмысын да жалғастыра береміз.

ЖЕРДІ ЗАҢДАСТЫРУ  МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ ДЕ ӨЗЕКТІ

– YK-news.kz порталы «жаздың басында Өскеменде бір ер адам әйелін кепілге алыпты, сөйтіп, қала билігінен әлденені талап етіпті» деп жазыпты. Қолында балтасы бар екен дейді. Сол адамның үйіне барып, әйелді босатуды сұрапсыз. «Олардың нақты не туралы сөйлескені белгісіз. Алайда қала әкімімен сөйлескеннен кейін ер адам балтаны терезеден лақтырып жіберген екен. Үйден әкіммен бірге шыққан. Содан кейін ер адам үйді қоршауға алған полицияға ерікті түрде өзі барды» деп жазады. Осы оқиғаның жай-жапсарын өз аузыңыздан естісек...

– Әуелі, айта кету керек, мен оның үйіне кірмедім, ашық терезе арқылы сөйлестік. Себебі, біріншіден, ол ешкімді кіргізбеді, екіншіден, бұл өте қауіпті еді. Полиция мұндай қадамға рұқсат бермейді. Бұл жерде маған сол жігітпен сөйлесуге мүмкіндік берген орган адамдарына алғыс білдіру керек. Көп жағдайда мұның өзіне де рұқсат берілмейтін. Бірақ сол жолы әйелін кепілге алған жігіт қала әкімінің келуін талап еткен соң, жағдайдың қиын екенін ескере отырып, өзім барып сөйлестім. Не мәселені сөз еттіңіз деп сұрасаңыз, жанжалға себеп болған нәрсе – көршісімен жер дауы екен. Сол кезеңде жүйкесі сыр беріп жүрген жігіт өзінің іс-әрекетін толық бақылай алмаған болуы керек. Әуелі оны сабырға шақырып, құзірет шегімдегі іс-шараны жасайтынымды айттым. Содан соң бірден жер теліміне барып, дауға түрткі болған, ауытқыған сызықты көріп қайтуға келісіп, үйден алып шығып, әйелін қауіптен арашалауға мүмкіндік алдық.

Кейін даудың барлығын шешіп, әлгі жігітке жер телімін заңға сәйкес рәсімдеп бердік. Қазір ол отбасының жағдайы ­жаман емес.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

3522 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы