• Руханият
  • 16 Желтоқсан, 2021

«МӘСКЕУ КӨЗ ЖАСЫНА СЕНБЕДІ»

Ұлттық зиялы депк імдерді айтамыз? Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ – қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегінде жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіреді.

Мұстафа Шоқай

 

Әр халықтың тарихында ұлттық ар-намысын, құқықтары мен мүддесін қорғап қалуға, бет-бейнесін анықтауға, өз алдына ел болып, тәуелсіз дәулет құруға лайық екенін көрсететін сын сағаттар болады. Егер сол бір сын сағатта уақыт ­талабына  лайық үн қатпаса, қарсы тұра алмаса, сынып кетсе, онда ол ұлттың болашағы бұлыңғыр. Мұндай қилы сынақтан сүрінбей өтсе, бұл сәт осы халықтың тағдырында тарихи оқиға ретінде мәңгілікке қалады. Қазақ халқының тағдырында қалған сондай оқиғаның бірі – 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі.
Содан бері көзді ашып-жұмғанша арадан 35 жыл уақыт өтіпті. Қазір сол бір қайғы-қасіретке толы күндер мен түндер тарих еншісінде қалды. Бірақ қалдырған таңбасы әлі күнге тағдырымызда, тағылы­мымызда, денемізде, рухани дүние­мізде сайрап жатыр. Жүрек ауыртады. ­Ендеше, айғайлап теңдік сұрап алаңға шыққан жастар өздері көксеген арманына жетті ме? Отыз бес жыл бұрынғы халықтың батыл қадамы үмітті ақтады ма? Содан бергі уақытта не өзгерді?

 

Ең алдымен еске салатын нәрсе, Желтоқсан өзінен-өзі кездейсоқ болған оқиға емес, ол қазақ халқының көп жылғы іште тұншыққан запыраны, жүректе қайнаған көз жасы, жанайқайы. Бірақ «Мәскеу көз жасыңа сенбейді» демекші, Кремль көсемдері қазақтың көп жылғы іште тұншыққан көз жасына сенбеді. Сенбеген соң түсінбеді, тіпті түсінуге тырыспады да, өйткені түсінгісі келмеді. Соңы айтса нанғысыз ауыр қасіретке апарып соқтырды. Әрине, бұл бас көтеру Кеңес Одағындағы әкімшілдік-әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған акция болатын. Яғни біреулер айтып жүргендей бір ұлттың екінші бір ұлтқа қарсы немесе белгілі бір ұлтшылдардың ұйымдастыруымен болған көтеріліс емес, желкесінен ызғырық жел үре бастаған тоталитарлық жүйеге қарсы бас көтеру, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін болған соңғы серпіліс еді. Біздіңше, Желтоқсан тақырыбындағы мәселеде отандық ғалымдар мен саяси қайраткерлердің іс-әрекетіндегі батылдық пен ашықтық көп нәрсені шешеді деп есептейміз және әлемдік қауымдастық тарапынан бірден қолдау табарына еш күмәніміз жоқ. АҚШ-тың атынан ат үркетін саясат серкелері мен ғалымдарының айтуынша, бұған дейін бәсекелесі КСРО-ны ұзақ уақыт және тыңғылықты зерттей келіп, «Бұл елде жалпыхалықтық толқулар болса, Украина, Литва, Эстония, Латвия немесе Қапқаз елдерінің бірінде орын алуы мүмкін» деген қорытындыға келген екен.  Бұл ретте олар Орталық Азияға, оның ішінде «алыстағы бос жатқан провинция» – Қазақстанға мүлде назар аудармаған. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі күтпеген жерден бұрқ ете қалғанда АҚШ билігі «Қалайша Қазақстан?.. Неге Алматы?..» деп қайран қалыпты. Көтерілістен кейін ғана  әлем назары күрт Қазақстанға ауып, көзқарастары бірден өзгеріп сала берген көрінеді. Америка саясаткерлері  бұл пікірлерін баспасөз бетінде ашық жария етті.

Осылайша, қазақ деген ержүрек батыр халықтың қайсар ұрпағының әділдік іздеп шырқыраған жанайқайы сол замат-ақ айдай әлемге жайылды. Сонда қақ жарылған ақиқаттың салдарынан бір кездегі қаһарлы қызыл империяның қабырғасы қақырап, оның бодандығындағы 15 республика өз еркіндігін алып, ашық аспан астында қанатын еркін қағу мүмкіндігіне ие болды.

Ал Желтоқсан көтерілісінің тарихи бағасын беру үшін 35 жыл уақыт – аз ба, көп пе? Менің ойымша, Желтоқсан көтерілісінің тарихи бағасын беру үшін аз уақыт емес. Көтерілістің алғышарты мен тарихи орнын анықтап, тиісінше бағалау үшін жеткілікті. Бірақ, неге екені белгісіз, қазақ халқының осы жаппай ерлік ісін зерттеп, зерделеп, оның ақ-қарасын айқындап, түбегейлі шешім шығарып, нүктесін қоятын тиісті орындар тым жай­барақат, тым сылбыр. Міне, аталған тақырыпқа байланысты мәселенің осы жағы бізге шынымен де түсініксіз. Әлде, мұның ақиқатын ашу, шындығын анықтау, бағасын қайтару үшін міндетті түрде 50-100 жыл күту шарт па?

Шын мәнінде, Желтоқсан – қазақ ұлт-азаттық көтерілістерінің органикалық сипаттағы бір құрамдас бөлігі ретінде, сондай-ақ қазақ халқының жаппай ерлік ісі жөнінде ойлану, ой қорыту, талдау, ұлттық мүдде тұрғысынан азаматтық бағасын беру әрбір тарихшы-ғалымның кәсіби міндеті, парызы. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, Желтоқсан тақырыбына байланысты осы күнге дейін екі-ақ адам ғылыми диссертация қорғаған. Біріншісі, ғалым Нәрбин Кенжеғұлова «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің Қазақстан баспасөзінде ­жазылуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаса, екіншісі Түркиядағы қазақ диаспорасының арасынан шыққан қандасымыз Әбдіуақап Қара. Ол шетелдік баспасөз беттерінде жарық көрген Желтоқсан қозғалысы туралы деректер негізінде Ыстамбұл қаласында докторлық диссертациясын қорғаған. Бұл екеуінен басқа Желтоқсан тақырыбына бірде-бір ғылыми жұмыс жазылмады десе болады. Көріп отырғанымыздай, мұның өзі тек журналистік ізденістерден ғана тұрады. Ал бұл тақырыпта шын мәніндегі толыққанды тарихи зерттеулер әлі жазылған жоқ.

Бүгінгі негізгі мәселе Желтоқсан көтері­лісіне барлық халықаралық стандарттарға сай шыншылдықпен, сондай-ақ қазіргі тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан жаңаша объек­тивті баға беру болып отыр. Бұл не деген сөз?

Ұлтымыздың теңдік, тәуелсіздік жолындағы күрестері туралы шындықты айтып, бағасын беру, оларды ақтау тек жеке азаматтар үшін, не олардың ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы қоғамдық сананы сауықтыру, азат жадты жаңғырту үшін қажет. Мұны жанын құрбан еткендер мен жеке басының қамынан аса алмағандардың ара жігін ажырату үшін қажет шара деп қабылдау орынды. Сондай-ақ әр кезеңдегі азаматтық қоғам қайраткерлері белсенді іс-әрекеті үшін тарихтың әділ бағасы болатынын қалыптастыру жолы деп те қарастыруға болады. Сондықтан, ең алдымен, кеңестік тоталитарлық режим белгілеп беріп кеткен «Желтоқсан оқиғасы» деген ұғым-терминді қайта талқыға салып, тарқатып әлемдік құқық практикасына сай «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деп заңды анықтамасын қайтару ­керек. Бұл кеңестік-әкімшілік саясатқа қарсы бас көтергендер мен жазықсыз жазаланғандарға сұрау салу, обал-сауабын анықтау, оның ақ-қарасына көз жеткізу, ақиқи бағасын беру, ақтау  барысында жіберген қателіктері үшін ұрпақ алдында арылу парызындай болар еді. Бұл – бір.

Екіншіден, еліміздің негізгі халқы – қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын басқа да этностардың арасындағы өзара сыйластық, құрмет, төзімділік сияқты асыл қасиеттерді жоғары көтеру, сол арқылы арада қағылған қажетсіз сынадан бас тарту. Ал бұл үрдісті өз кезегінде мемлекет жүргізіп отырған саяси идеологияның жалғасы, әрі ұлтаралық, дінаралық және қоғамдық келісімді одан әрі нығайту жолындағы асыл мұраттарымызға қол жеткізудің  айғағы десе болады.

Үшіншіден, мұны оқиға құрбандарымен бірге қызметтік және қоғамдық міндеттерін жаңылыс түсіну салдарынан асыра сілтеген адамдардың да ақиқатқа бір қадам жақындауы, шындыққа мойынұсынуы, өзара татуласуы десе болар.

Бұдан шығатын қорытынды, қоғамды өзгерткіміз келсе, біз алдымен өзімізді өзгертуіміз керек. Өткенімізге деген көзқарасымызға түзету енгізуіміз қажет.

Бұл жерде, ең бастысы, үлкен мемле­кеттік деңгейдегі идеологиялық жұмыстың қазақ ұлтына бетбұрысының  кезеңі басталғанын халықтың түсінуі маңызды, жан дүниесімен сезінуі одан да маңызды. Мәселенің негізгі мәні мен өзегі осында жатыр. Халық мұны түсінбесе, сезінбесе, онда қазір жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстың құны көк тиын.

Ендігі бір мәселе – біздің арамызда осы оқиғаның құрбандары аз емес. Көпшілігінің көзі тірі. Желтоқсанға әділ баға берілуін, саяси тұрғыдан ақтауды алдымен солар күтіп отыр. Комиссияның мұны да ескергені жөн. Бұл жерде қадап айтатын нәрсе, біздің ниетіміз қара бастың қамы емес, өскелең ұрпақтың қамы, солардың болашағы. Қазақ жастарының жаппай ерлігі мен қаһармандығын тану, мойындау, ерлігіне лайық баға беру, ақтау – мұның бәрі тікелей ұрпақ қамымен байланысты әрекеттер мен қадамдар. Біз осы жаппай ерлікті үлгі етіп, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін тиісті деңгейге көтерсек дейміз. Әкелері мен аналарының, ағалары мен апаларының қаһармандық істерін біліп, танып, соған еліктеп өссін. Болашақ отан қорғаушыларымыз ынжық, бойкүйез, күйреуік болмаса екен дейміз. Осындай аса күшті адамгершілік-патриоттық негізде Қазақ елін жұдырықтай жұмылдырып, олардың келешекке қарышты қадам жасап, Отан үшін ерлік істерге баруын, әкелерінің өткен жолын мақтаныш тұтуын, еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекетке айналуын қалаймыз.

Былтыр ғана 1150 жылдығы тойланған ғұлама бабамыз әл-Фараби: «Мемлекетті басқару үшін қандай ащы шындық болса да, оны халықтан жасырып қалуға болмайды» деп жазыпты. «Шындықты жартылай жеткізу, шындықты айтудан да қауіпті» дейді сол отырарлық кемеңгер. Ендеше, шындықты күлбілтелеп жеткізу, яғни кей жерін айтып, кей жерін жасырып қалу да ұлтқа зиян әкелмесе, пайдасы жоқ. Айтайын дегеніміз, солтүстік тараптағы көршіміздің көңілін аулау, оның кез келген империялық амбициясына төзу өткен уақыт еншісінде қалды. Рас, қазақ қонақжай, толерантты халық, төзімді, сабырлы, керек десеңіз көнбіс халық. Меніңше, қазақ басқалардан көрген қорлығы мен қиянатын білуі керек. Бізден кейін келетін ұрпақ та ата-бабаларының жеңістері мен жеңілістерін, оның себептерін, басқалардан көрген қорлығы мен қиянатын біліп, жүрегіне тоқып өсуі керек. Сонда еліміз рухани шыңдалады, кемелдене түседі. Бізге басқаша жол жоқ.

Қысқасы, Желтоқсан көтерілісіне қатысты туындап отырған мәселелерге назар аударғанда ғана ол нақты шешімін табады.

Олай болса, Мемлекеттік комиссия мен тиісті жауапты орындар біздің жоғарыда айтып өткен ой-пікірімізді ескеріп, мынадай ұсыныстарымызды тыңдағаны жөн деп есептейміз.

1) 1986 жылғы Желтоқсанды Қазақ елінің орыс отаршыларына қарсы көтерілген ұлт-азаттық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі ретінде мойындау;

2) Отаршылардың ықпалымен жазылып кеткен «Желтоқсан оқиғасы» деген қазақ халқының жаппай ерлігі мен қаһармандығын төмендетіп көрсететін ұғымнан бас тарту, оның орнына халықаралық стандартқа сай «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деген заңды анықтамасын қайтару;

3) Желтоқсан құбылысының ­атауын бірізге түсіру. Яғни оқулықтарда, кітаптарда, баспасөзде және барлық деңгейдегі ресми құжаттарда осы мәтінде таңбалауды енгізу. Өкінішке қарай, әзірге біз мұндай қадамға бара қойған жоқпыз. Оқулықтарымызда әлі күнге дейін бірінде «Желтоқсан оқиғасы», екіншілерінде «Желтоқсан көтерілісі» деумен келеміз. Мысалы, 9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары» деген тақырыппен жүрсе, жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары ұлт-азаттық қозғалыстардың жалғасы» деген тақырыппен жүр. Бір қызығы, дәл осы 11-сынып оқулығында  1986 жылғы жастардың бас көтеруі «Жел­тоқ­сан оқиғасы» деп берілсе, 1989 жылғы Жаңаөзендегі оқиғаларды «Жаңаөзен көтерілісі» деп бағалаған. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 11-сыныптарға арналған оқулықта «1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деп жазылған;

4) Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Мемлекеттік  комиссия жанынан Желтоқсан көтерілісі мәселесімен мақсатты түрде айналысатын жұмыс тобын құру;

5) Желтоқсан көтерілісі болып өткен облыс орталықтарында арнайы жұмыс тобын құру;

6) Астанадағы Мемлекет тарихы институты жанынан Желтоқсан көтерілісін зерттеумен айналысатын арнайы бөлім ашу. Ол мүмкін болмаған жағдайда, еліміздегі әрбір ЖОО жанында ондаған ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жұмыс істейді, сол институт жанынан Желтоқсан мәселесімен айналысатын арнайы бөлім ашуға әбден болады. Комиссия қандай шешім қабылдаса да бірінші кезекте қазақ халқының ұлттық мүддесі ескерілгені жөн.

Бізге сырттан келіп ешкім де тарихымызды түгендеп бермейді. Желтоқсан көтерілісі – ұлт тарихындағы қатардағы бір өткінші оқиғалар тізбегі емес, тағдырлы кезеңге жатады. Сондықтан ол тағдырлы кезең жөнінде ойлану, ой қорыту, әділ бағасын беру әрбір буынның міндеті, ­парызы. Оларды ой елегінен өткізу арқылы ұлт кемелденеді, рухани өседі. Олай болса сол бір кезеңде елім деп еңірегенде етегі жасқа толған ерлердің ісі ақталсын десек, қыршынынан қиылған, жастық шағын құрбан еткен желтоқсаншылардың аруағы риза болсын десек, олардың бірде-біреуін атаусыз, іздеушісіз қалдырмау керек деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ұлттық қасиетін терең ұғынып, лайықты бағасын береді деп үміттенеміз.

Болат ШАРАХЫМБАЙ,

ақын, Желтоқсан көтерілісінің

ардагері

950 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы