• Мәдениет
  • 23 Желтоқсан, 2021

Көңілге көркемдік ұялататын көрме

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруы және Қазақстан авторлары қоғамы мен Ұлттық кітапханасының қолдауымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ­«Тәуелсіздік тағылымы – 30» атты фотокөрмесі ашылды.
Көрмеге еліміздің егемендік алғаннан бергі тарихи оқиғаларды, ұлттық салт-дәстүрді, өңірлердегі тіршілікті назардан қалт жібермеген үздік фотожурналистердің туындылары қойылды. Шараның мақсаты – егемен ел ретіндегі отыз жыл ішінде фотосуретшілердің объективіне ілінген мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды келер ұрпаққа шежіре түрінде қалдыру.
Фотокөрмеге ұсынылған әрбір құнды суреттен халқымыздың азаттық алған жылдағы «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышынан бастап, оны қалыптастырудағы сан қатпарлы жұмыстар мен сезімді селт еткізер қас-қағым сәттерді көрермен тамашалауына болады. 

Асылхан Әбдірайымұлы,

«Фотоөнер» ҚБ-нің төрағасы:

–  «Тәуелсіздігіміздің 20, 25 жылдығынан бастап «Тәуелсіздік тағылымы» атты ­жобамыз сәтті жүзеге асып келеді. Бұл жолы 33 фотосуретшінің 100-ге жуық жұмысы қойылды. Көрмеде тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сәттер, ұлттық салт-дәстүр, мәдени т.б. әртүрлі салалардың фотолары ұсынылды. Көрмеге қойылған Қайрат Мұстафин, ­Сайлау Пернебаев, фотожурналистиканың ардагері Нұрманбет Қизатұлы, Қалиғұмар Қабдешұлының жұмыстары тарихи құндылығымен ерекшеленеді. Сонымен қоса, биылғы фотокөрмеде аймақтан қосылған жастар Салауат Жәнібекұлы (Маңғыстау облысы), Серікболсын Шерінің (Түркістан ­облысы) жұмыстары да көңілден шықты. Бұл жеке адамның фотокөрмесі емес, топтық, кең ауқымдағы жұмыс. Сондықтан әр фото­су­реттің өзіне тән бай тарихы, айтары бар».

 

Нұрманбет Қизатұлы,

ардагер фотожурналист:

– «Көрме – көңілге көркемдік ұялататын дүние. Керемет дүниелер қойылған! Осыдан 50 жыл бұрынғы еңбек ерлері, ақын-жазушылар және т.б. өнер тарландарын көріп, солардың тосыннан түскен керемет көріністерін тамашалап, рахатқа баттым».

Көрмеде келушілер назарына ұсынылған 100-ге жуық туындының авторлары қатарында қазақстандық фотографияның ардагерлері Иосиф Будневич, Рахымбай ­Ханалы, Мұрат Мәмбетов, Нұрғожа Жұбанов, Жүнісбек ­­Пайызов, Сиез Бәсібеков, Қайрат Мұстафин, Дендербай Егізов, Сайлау ­Пернебаев, Қалиғұмар Қабдешұлы, ­Анатолий ­Устиненко, Есімхан Орынбаев, Болат Омарәлиев, Нұрманбет Қизатұлы, Жақсылық Тұрлыбеков, Александр Павский, Шүкір Шахай, Юрий ­Беккер, Айтжан Мұрзанов, Фархад Қабдықайыров және бүгінгі жас буын өкілдерінен Ерлан Омаров, Жеңіс Ысқабай, Мақсат Шағырбай, Досжан Балабекұлы және тағы басқа талантты азаматтар бар.

Еркін ҚАЛДАН

1322 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы