• Руханият
  • 23 Желтоқсан, 2021

ҰЛТ ҰСТАЗЫНА ОРАЛУ

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

Біз Ахаңның бейнесін ұлт ұстазы деп қадірлейміз. Шындығында ұстаздан қадірлі кіміміз бар? Ал Ахаң секілді тұтас ұлттың ұстазы атану екінің бірінің қолынан келе бермейтіні тағы рас. «Кезінде кеңестік билік қазақ қоғамын, әсіресе жас буынды Әлихан Бөкейхан мен Ахаңдардың ықпалынан алып кетуге көп күш жұмсады. Қазақ жұрты жетекшіл, өзге жұрттан жеткен идеологиялық ықпалға алаңсыз берілді. Сөйтіп, алданды, рухани тоналды. Ендігі жағдайда қазақ қоғамы Ахаңдар көрсеткен табиғи арнаға түсіп, өз жолын табуы керек. Олай болмаған күнде тағы да біреулердің жетегінде кетеді. Ахаң ұлы ағартушы болуымен бірге үлкен ­саясаткер ретінде де көрінді. Оның тұлғасы әрқашанда биік азаматтықтың үлгісі болып қала береді» дейді академик Мәмбет Қойгелді. 

Міне, біз Ахаңа осылай ораламыз. Оның биік азаматтық үлгісін кейінгіге ұмыттырмай жеткізу – оралудың басы ғана. Сол оралудың бірі – биыл Ұлттық арна «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты сериал түсірді. Ахаң кейпіне жаңа ұрпақ осы ­сериал арқылы үңілгені де құрметтің, оралудың негізі шығар. Ахаңның бейнесін сериалда қалдыру арқылы да біраз жастың жүрегінде ұлт ұстазының келбетін қалдырармыз. 
Алдағы жыл – Ахаңның жылы. Оның 150 жылдық ­мерейтойын Алаш баласы ғана емес, ­ЮНЕСКО деңгейінде әлем жұртшылығы үлкен құрметпен атап өтпекші. Он жылда бір келетін ұлттық санақ нәтижесіне үміттене қарап, ат төбеліндей қазақтың саны артып келе жатқанына шүкір етіп қоятын бір мінезіміз бар ғой. Өткен ғасыр басында да Ахаң бастаған игі жақсылар ұлттың саны мен сапасы өсуі жолында ғаламат тер төкті. Тер ғана емес, бүгінгі қазақтың аман қалу жолында жанын берді. Ендеше сондай қадірлімізді, аяулымызды бүгінгі ұрпақ жүрегінде қанша­лықты орнықтыра алды? Ахаңның көркемсуреттегі, сәулет өнеріндегі, әдебиеттегі, театрдағы, кинодағы образы қалай қалыптасып келеді? Бұл да кейінгі ұрпақтың бізге қояр сауалының басы ғана. Ахаңа оралуды оның азаматтық ұстанымына, ғазиз басының құрбандығына бас июден бастағанымызды ешкім жоққа шығара алмас. Ендігі жол – Ахаңның бейнесін жан-жақты әрі әділ етіп көрсете білуде. 
«Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында ұлттық жаң­ғыруды бастап, оны бір арнаға салушы топтың басында тұрды. Олар бастаған қоғамдық қозғалысты қазір біз «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Алаш қозғалысы бұл, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалыс, сонымен бірге, екіншіден, ұлттық жаңғыру қозғалысы да» дейді академик Мәмбет Қойгелді. 
Ахаңның ұлттық жаңғыру қоз­ғалысы – ұлт болашағының айқын бағдары. 

1844 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы