• Руханият
  • 24 Желтоқсан, 2021

«Ана тілі» газеті публицистикалық мәтіндер кіші корпусына енді

 ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті  Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында  «Қазақ тілі ұлттық корпусы  публицистикалық мәтіндер кіші корпусының» тұсаукесер рәсімі өтті.

Публицистикалық мәтіндер корпусының арқасында бұқаралық ақпарат құралдары материалдары бір базаға жинақталып, теориялық және қолданбалы зерттеулерге пайдалануға, түрлі сөздіктер құрастыруға, тілді оқытуда қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді болады. Бұл корпусқа «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Түркістан» газеттерінің соңғы жылдардағы материалдары дереккөз ретінде алынған.

Корпустың тұсаукесер рәсімін Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба ашты. Ол өз сөзінде: «Алдағы уақытта қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемін арттырамыз. Корпус – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шет тілі ретінде үйрету үшін де маңызды», деді.

Таныстырылым барысында жоба жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова технологиялық дамудың арқасында ақпаратты іздеу жеңілдегенін айтты. «Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады. Ұлттық корпус алдымен тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет. Қазіргі технологиялық дамудың арқасында ақпаратты іздеу оңтайландырылды», деді ол.

Ал, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ тілінің ұлттық кіші корпусын құру – үлкен бастама екенін атап өтті.

«Әлем цифрландыруға көшіп жатқанда көштен қалмай ілесу, қазақ тілінің матрицасын жасау – үлкен қадам. Жалпы жоба болашағынан үлкен үміт күтіп, сәттілік тілеймін», деді ол.

Таныстырылымға Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан ғалымдары қатысып, жобаға өз баға, ұсыныстарын білдірді.

Жобаны Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірледі. 

Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова, ІТ жабдықтау бойынша жетекшісі – Мөлдір Бақытқызы.  Жоба жұмысына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университеті, Байішев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС-ы  мамандары мен ғалымдар, тіл білімі және ІТ  саласы мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара соңы пікір алмасып, ұсыныстар білдірумен жалғасты. Мамандар жаңа жобаға жоғары баға беріліп, жұмысына сәттілік тіледі. 

1658 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы