• Қоғам
  • 10 Қаңтар, 2022

БАРЫС – «БАЛАЛАР ЖЫЛЫ»

Биылғы 2022 Барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Президент жаңа жылдық құттықтауында «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін», – деді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін атап өтті.

Расында, биылғы жылды өскелең ұрпақ үшін барлық жағынан қамтамасыз етуге жақсы мүмкіндік туып отыр. Мәселен, білім саласында балаларға арналған түрлі бағдарламалар, жобалар жасап, балалардың білімін арттыруға болады. Денсаулық саласы бойынша жаңа туған сәбиден бастап 18 жасқа дейінгі барлық балалар мен жасөспірімдердің тегін медициналық көмек пен қамту енгізілсе нұр үстіне нұр болмақ. Бұл туралы педиатр Жарқынай Алпысова да оң пікір білдірді.

«Мен балалар дәрігері болғандықтан, «Балалар жылын» бірінші болып қолдайтын жандардың бірімін. Себебі бізге неше түрлі балалар келеді. Барлық баланың ата-анасы балаларын 100 пайыз қамтуға, ем керек болса, емдетуге толық мүмкіндігі бола бермейді. Ал қазір кез келген медициналық қызмет жеке клиникаларда өте қымбат. Ал мемлекеттік емес мекемелерде емдеу үшін бітпейтін кезек екеніні барлығымызға белгілі. Сонымен қатар үнемі ем-дом қажет ететін балалар да бар. Олардың жағдайы тіпті ерекше. Осындай жағдайлардың барлығын ескере отырып, биылғы «Балалар жылында» барлық балаларға медициналық көмектің барлық түрін қарастырса құба-құп еді», – дейді ­педиатр Жарқынай Алпысова.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі екенін айта келе, осы жылы «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептейтінін айтты.

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өтті Президент.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – дейді Президент.

Сонымен қатар «Балалар жылында» балаларды дамытуға арналған арнайы бағдарламалар мен орталықтардың айы оңынан тумақ. Ол үшін балалар неге қызығады, немен айналысады, барлығын зерттеп, олардың дүниетанымын кеңейтуге де мүмкіндік туып отыр. «Робототехника» саласын балаларға үйретіп, олардың ойлау қабілетін арттыруға үлес қосып жүрген балалар психологы, педагог Әсем Жотаева өз кәсібінің биыл ерекше дөңгелейтінін тілге тиек етті.

«Қазір балалардың көбісі робо­тотехникаға ерекше қызығады. Мен педагогпын, өз балаларымды өмірге әкеліп, үйде отырған жылдары балалар неге қызығады, оларды қайтсем дамытамын деген ізденісте жүрдім. Осылайша, өз балаларым арқылы өзге балалардың да арманына қанат қақтыруды жөн көрдім. Міне, биыл жетінші жыл мен робототехникамен айналысамын. Арнайы орталық ашып, балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуі үшін жақсы мүмкіндік беріп отырмын. Бұрын ата-аналар балаларын өздері жетектеп әкелетін. Қазір керісінше, балалар ата-анасын алып келеді. «Мен осындай жерге келгім келеді, менің досым немесе құрбым осында, робототехниканы меңгергім келеді» деп балалардың өзі ынталанады. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Президентіміз биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады ғой. Ендеше, барлық ата-аналарға айтарым, баланы оқыту, білім беру, денсаулығын қадағалау, әлеуметтік жағдайын жасау аздық етеді. Баланың жарқын болашағы үшін оның жан-жақты дамуы, қызығушылығын одан әрі жетілдіру өте маңызды. Сондықтан бұл жылды балалармен сырласу деуге де болады», – деді педагог Әсем Жотаева.

Осылайша, 2022 Барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде балаларға ерекше назар аудару керегін, бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек екенін айтты.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

4260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы