• Қоғам
  • 20 Қаңтар, 2022

COVID-19: ЕЛДЕГІ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Апта басындағы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда коронавирус пневмониясына қатысты 43 жаңа жағдай және 2 науқас өлімі тіркелсе, 75 адам емделіп шыққан. Бұл сандар елдегі жағдайдың орташа екенін көрсетсе керек. Жалпы 2020 жылдан бастап барлық ауырғандар саны 84 733 болса, 5 237 адам өлімі тіркелді. Ал жазылып шыққандардың саны 77 878-ге жетіп отыр. 

ЖАҒДАЙ КҮРДЕЛЕНЕ ТҮСУДЕ

Сонымен бірге еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуде. Бұл ретте Алматы облысында соңғы тәулікте 410 адамнан коронавирус анықталғанын, оның ішінде 351-і симп­томды және 59-ы симптомсыз жағдай екенін айта кеткеніміз жөн. Оның 45-і 14 жасқа дейінгі балалар (10,9%), оқушылар арасында – 11, студенттер арасында – 5, мұғалімдер арасында 11 жағдай анықталды. Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге сүйенсек, 2022 жылғы 17 қаңтардағы жағдай бойынша облыста зертханалық расталған 59 672 короанвирус жағдайы тіркелген. Оның ішінде 44 867 жағдай симптомды. «Облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы екі аптаны салыстырғанда 0,03%-дан 0,4%-ға дейін өсті», – делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Дәл осы сияқты Нұр-Сұлтан қала­сында да коронавирус індетінің тез таралуына байланысты эпидемиоло­гиялық жағдай күрделене түскен. Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат ­Бейсенованың айтуынша, соңғы тәулікте вирусқа шалдығудың 4 639 жағдайы зертханалық расталған (симптомдары бар – 3192, 1447 – симптомсыз), өсім – 2,5 пайызды құрайды.

«Омикрон» коронавирусының жаңа штамы вирустың басқа мутацияларына қарағанда тезірек таралады. Сол себепті COVID-19-бен ауырып шыққандар және 2021 жылдың наурыз-қыркүйек айларында вакциналанған тұрғындар да әбден жұқтыруы мүмкін. Қала бойынша қазіргі уақытта 244 824 адам ревакцинациядан өтуі қажет (ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде айларында вакцинаның толық курсын алғандар), олардың 27 874-і немесе 11,3 пайызы қайта вакциналанған адамдар», – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Оның айтуынша, қаңтардың 16 күнінде 36 347 дерек анықталды. Бұл 2021 жылғы желтоқсанда тіркелген 2 737 жағдайдан 12 есе жоғары.

 

ВАКЦИНАЦИЯ МЕН РЕВАКЦИНАЦИЯ  ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Бүгінде вирустан қорғанудың жалғыз жолы – ол СOVID-19-ға қарсы толық вакцинация және ревакцинация. Дәрі­герлердің айтуынша, қорғанған адамдар ғана «Омикронды» жеңіл қабылдайды.

Апта басындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-компонентін 9 062 324 адам, 2-компонентін 8 620 751 адам салдырған. Оның ішінде жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды вакцинациялау бойынша ақпаратқа сәйкес Pfizer вакцинасының І-компонентін 353 537 жасөспірім, 24 255 жүкті әйел, 61 700 бала емізетін әйел салдырса, вакцинаның ІІ-компонентін 182 257 жасөспірім, 11 886 жүкті әйел, 31 853 бала емізетін әйел салдырған.

Бір ғана облыстан мысал келтірсек, Түркістан облысы санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау департа­ментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған облыс тұрғындары 100% коро­навирусқа қарсы вакцина алып үлгеріпті. Облыста Covid-19 инфекция­сына қарсы вакцина салдыруға жататын азаматтардың саны – 1046130. Науқан басталған 2021 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін, І-компонентті салдырғандар саны 100% жетті. Ал вакцинаның ІІ-компонентін алған тұрғындар саны 98,7% құрап отыр. Бү­гінде Түркістан облысында ревакцина алғандар саны 58 809-ға жетті. Айта ке­тейік, Түркістан облысы екпе салдыру көрсеткіші бойынша алдыңғы үштік қатарында.

«Жанұя» отбасылық амбулатория ­ди­ректорының орынбасары Замира ­Бор­лықбаеваның айтуынша, ревакциналау медицина үшін ревакцинация ұғымы бұрыннан бар.

«Мәселен, жаңа туған балаларға «АКДС» вакцинасы екі айлығында, үш айлығында, төрт айлығында үш рет салынады. Бір жарым жасында бірінші ревакциналау және алты жасында екінші ревакциналау болады. Одан кейін 12 және 16 жасында, кейін әр 10 жыл сайын салынып отырады. Сонымен қатар ревакциналау ағзадағы ұмытылған антиденелерді қайта жандандырады», – дейді ол.

Еліміздің азаматтары бұған дейін «Спутник» вакцинасын алса, 9 айдан кейін, QazVac, Hayat, Sinopharm алғандар – 6 айдан кейін ревакцинация алуы тиіс. Қазіргі таңда ревакциналау үшін QazVac, Verocell, және 60 жастан асқандар мен медициналық қызметкерлерге – Phizer вакцинасы тегін қолжетімді.

 

БАЛАЛАР САУЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

Қазіргі таңда Алматы қаласының инфекциялық стационарларында жалпы 1 094 адам, оның ішінде 149 бала емделіп жатыр. Жалпы реанимация мен қарқынды терапия бөлімшесінде – 57 адам ем алуда. Медициналық-санитариялық ал­ғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбу­ла­ториялық бақылауында 5 413 пациент бар.

Бұған дейін дәрігерлер жағдайды тұрақтандыру үшін оқушыларды да вак­цина алуға кеңес берген болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тамақтану, тәрбие және білім беру объектілерін бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Марал Рахымжанованың ­айтуынша, бүгінде 12 мен 18 жас аралығында 353,5 мың оқушы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған.

«Бұл еліміз бойынша екпе алуға рұқсат етілген жасөспірімдердің 27,7 пайызын құрайды. Екінші компонентті 182 257 оқушы алды. Пайызбен шаққанда 14,5 құрайды. Жасөспірімдер арасында вакцина алу жағынан көшті Түркістан облысы бастап тұр. Ондағы оқушылардың 90 ­пайызы екпенің бірінші компонентін алды. Одан кейін ШҚО тұр. Аталған ­облыста жасөспірімдердің 82 пайызы вакцина салдырды», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ал Алматы қалалық қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компа­ниясының екпесін 33 510 адам салдырды. Оның ішінде 1842 жүкті әйел, 6 908 бала емізетін ана және 24 760 жасөспірім бар. Сонымен қатар 83 815 қала тұрғыны ревакцинациядан өтті.

Дәрігерлер Коронавирустың «омикрон» штамы балалар арасында қанша­лықты жиі кездесетінін айтып отыр. Оның негізгі симптомдары – бас ауруы, мұрыннан су ағу, құрғақ жөтел, мұрынның бітелуі, дене қызуының 2-3 күн бойы көтерілуі, бұлшық еттің ауыруы. Сондай-ақ ентігу, құсу, диарея болуы мүмкін. Инкубациялық кезең 3-4 күн. «Омикрон» жұқтырған балалардың 15% денесіне бөртпе шығуы ықтимал. Сонымен қатар пневмония мен бронхиолит дамуымен өкпенің зақым­далуын тудырады.

«Омикронды» жұқтырған кәмелетке толмағандарды ауруханаға жатқызу қаупі алдын ала мәліметтер бойынша, «дельта» нұсқасына қарағанда 20 пайыз жоғары. Бұл ретте ең жоғары қауіп 5 жасқа дейінгі балаларда (ДДҰ деректері бойынша) тіркелді. Балалар мен жасөспірімдер бронхиолит, пневмония сияқты асқы­нулармен ауруханаға жатқызылады. Жиі диарея, құсу байқалады.

Сол үшін дәрігерлер балалардың саулығына аса мән беруге кеңес айтады. Сонымен қатар ересектер коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, ревакцинация жасатқан жөн.

 

963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы