• Руханият
  • 20 Қаңтар, 2022

ӘЛЕМДІ ТЕРБЕТУ НЕМЕСЕ БЕЙБІТ ӨМІРДІҢ ӘНІ

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Кейде Екінші дүниежүзілік соғыс болмағанда қанды майдан ­даласында шаһид кешкендердің тағдыр талайы қалай өрбитін  еді деген ой келеді. Иә, тағдыр тақтасындағы жазуды өзгерту Құдіреттің еншісінде ғана екенін білеміз, мойындаймыз. Сөйте тұра «Шынымен басқаша болса, қане?» деген пендәуи ойлар ара-тұра мазалап қоятыны бар.

Бала күннен таныс Мәншүк Мәметованың бейнесі бізге әскери форма киген, жастықтың жалыны жүзінде ойнаса да, соғыстың қатқылдығы келбетінде байқалатын кейпінде елестейді. Азан шақырып қойған аты – Мәнсия деседі. Атының мағынасы «білім сүйгіш», «білімпаз» дегенге саяды. Демек, ата-анасы перзентінің білім жолын қуғанын қалады ма екен? Мәншүкті бала күнінде Моншақ деп те атаған ­деген дерек бар. Моншақтай мөлдір сәби болғанына күмән жоқ. Сол мөлдір, сол білімпаз Мәншүк Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ­Алматы медициналық институтының студенті еді. «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», – деп өтініш жазады ол Әскери комиссариатқа. Невель қаласын азат ету жолындағы қанды қасапта ерлікпен көз жұмғанда Мәншүктің жасы небары 21-де ғана болатын. Мәншүктің моншақтай мөлдір жастығын, білім іздеген талпынысын, бейбіт өмірді орнатуға деген аппақ арманын соғыс тұншықтырды десе де болады. Бірақ ол ана атанбаса да әлемнің тыныштық деп аталатын бесігін тербетіп, бейбітшіліктің жыры қалай айтыларын бізге үлгі қылып кеткен жоқ па? Сол Мәншүк Мәметованың туғанына биыл 100 жыл толу мерейтойы.

Мерейтойы аталып өтетін екінші бір тұлға, нәзіктіктің, әсемдіктің, сұлулықтың символы деуге боларлықтай биші – Шара Жиенқұлова. Биыл оның туғанына 110 жыл. Бір әкеден он бесінші қыз болып дүниеге келген. «Әкем ­Баймолда екі әйел алған. Бәйбішесінен 14 қыз туған. Ұл болмағанға ренжіп, сақалынан жасы сорғалап жүргенде менің шешем ­Тыныбаламен кездейсоқ ұшырасады. Он бесінші қыз ­болып дүниеге мен келіппін. ­Алайда ­Тыныбала шешем оның сүйіп қосылған жары болған соң аса ренжімейді, ат шаптырып той жасайды. Он алтыншы қызы – Хадиша туғанда сақалын жұлып жылапты деседі. «Жасым болса жер ортасына келді, орнымды оңалтар ұл бермеген Құдайға не дейін?» – деп зар еңірегенде, тыңдаушының сай-сүйегі сырқырап, шешелеріміз үйден қашып шығады екен», – дейді естелігінде Шара Жиенқұлова. Кейінірек екі ұлы дүниеге келген Баймолда ақсақал өз есімі ұлдарының емес, дәл осы Шара Жиенқұлованың арқасында әлем сахналарында ұдайы айтыларын білді ме екен? Мәселе онда да емес. Әлемді сұлулығымен тербеткен Шара Жиенқұлова да өмір бойы тыныштықтың, еркеліктің, еркіндіктің жырын би тілінде төгіп, би тілінде «сөйлетіп» кетті.

Халық қаһарманы Роза ­Бағ­ланованың да биыл ғасырлық мерейтойы. Танк үстінде солдаттарға мамыражай күннің әнін салып, Арал қасіретінде де амандықтың сөзін  айтқан Розаның соңында аңызға бергісіз ән көп, шындығы мол әңгіме де жетерлік. Оның біразын 12-бетте оқырманға арнайы ұсынып отырмыз.

«Бір қолымен әлемді де тербетуді» ұмытпаған қазақтың қаһарман қыздарының әрқайсысының өмір шежіресінен мысал келтіруге болар-ақ еді. Бірақ биыл мерейтойы болатын осы үш тұлғаның дерегін ғана келтірейік деп ойладық. Әлем тыныштыққа, халық бейбітшілікке, ел амандыққа мұқтаж болып қалған тұста нәзіктігімен, өжеттігімен, қаһармандығымен, сұлулығымен «жердің жыртығын жамауға» (қазақ ертегілерінде өмір бойы «жердің жыртығын жамап отыратын әйел-ана образы бар еді ғой) жан-тәнімен тырысатын қазақ қыздары айтқан бейбіт өмірдің әнін, сол әнді біздің де айта түсуіміз үшін жасаған құрбандығын ұмытпасақ керек-ті...

1559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы