• Қоғам
  • 27 Қаңтар, 2022

АРЗАН КӨЛІК ҚАЙДА БАР?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында «Оператор» РОП» жұмысы ­туралы айтты. Бұл шын мәнінде көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе екені белгілі. 
– «Халықтың «Оператор РОП» дейтін компанияның қызметіне қатысты күдігі мен күмәні көп. Бұл жеке компанияға қарсылық ұйымдастырып, наразылыққа дейін ұласты. Үкіметке утилизациялық алымын тоқтатуды және оны «Оператор РОП» алым жинауын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұны мемлекеттік ұйым жасауы керек, – деді Президент. Расында да,  халықты көптен бері алаңдатып жүрген алым-салықтың бірі – «утилизация» мәселесі еді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ­Жанарбек Әшімжан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали ­Брекешевке утиль алымы туралы хат жолдаған еді. «Құрметті Серікқали Аманғалиұлы! Бізге сайлаушылардан утиль алымға ­байланысты көптеген сұрақтар, хаттар сағат сайын түсіп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы сауалдар қойып жатқандар қатары аз емес. Ел алаңдаулы. Алаңдауы орынды. Сондықтан заң шығарушы палата өкілдері мен мемлекеттік органның қызметкерлері бірігіп, елдің көкейіндегі сауалдарға жауап беру – ортақ міндетіміз.Бұл – Ел Президентінің үкіметтің алдына қойған ерекше тапсырмаларының бірі. Осыған байланысты сізден мына мәселелер бойынша жедел ақпарат беруіңізді сұраймын. 1. Утиль алымдарының бағасына қатысты қандай шешімдер қабылданып жатыр? 2. «ӨКМ операторының» орнына келген «Жасыл даму» АҚ утиль алымдарының мөлшерін белгілеуді бастады. Ол үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Бәрінен хабардармыз. Бірақ елге жетіп жатқан мәлімет аз. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ «Жасыл Даму» АҚ жайлы, құрылтайшылары хақында, бұған дейінгі «РОП» құрылтайшыларына қатысты-қатыссыздығы төңірегіндегі сауалдарға жеделдетіп жауап беруіңізді сұраймын» делінген ресми хатта. Мәжіліс депутаты көтерген мәселелер де біздің оқырманның, жалпы қазақстандық көлік иелерінің назарында екенін айтып өткіміз келеді.

Иә, елімізде көліктердің бағасы көрші елдермен салыстырғанда өте қымбат. Себебі оған төленетін утильдік алым мөлшері Еуропа елдерімен салыстырғанда 25 есе жоғары. Мұның сыртында өндірістік және тұрмыстық техникалардың да утиль алымы қымбаттығын тәуелсіз сарапшылар да айтуда. Мұның бәрі жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасынан кейінгі тексеруден соң белгілі болды. Осыған дейін ел тұрғындары шетелдік автокөлік немесе кейбір тұрмыстық техниканы Қазақстан аумағына кіргізу үшін «Оператор РОП» атты жеке утильдік компанияға салық төлеп келді. Утильдік алымның негізгі мақсаты экологияны қорғау және отандық автоөндірісті қолдап, автопаркты жаңарту болатын. Президенттің соңғы мәлімдемесінде бұл жеке компанияның жұмысы тоқталып, толығымен мемлекетке өтетіні жария­ланды. 2016 жылдан бері Қазақстан аумағына кірген әрбір автокөліктің кедендік салығынан бөлек, двигателінің көлеміне қарай 437 мың теңгеден, 5,9 миллион теңгеге дейін утильдік алым төлеп отырған. «БайтақБолашақ»экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай аталмыш соманың 10 пайызы ғана қайта өңдеуге кетіп, қалған 90 пайызы жеке компанияға аударылып отырғанын Президентке баяндаған. Осыған орай, утильдік алымға қарсы «Утильалымға жол жоқ» атты тәуелсіз қозғалыс құрылған болатын. Ұйым мүшелері утильдік алымның сомасы өте үлкен және қисынсыз логикамен жұмыс істейтінін алға тартады. Ұйым мүшесі Нұраддин Садықов осыдан 5-6 жыл бұрын елде 10-ға тарта ірілі-ұсақты автокөлік құрастыру компаниялары қызмет еткенін айтады. «Қазір солардан қос компания ғана қалған. Оның бірі «AllurAuto», екіншісі «AstanaMotors». Белсенді осы екі компания ғана бар.Қалған көлік құрастыру кешендері нарықтан күштеп ысырылды. Бұл – біржақты шешім болды. Елдегі автоқұрастырушы компанияларға мемлекет тарапынан зауыт салуға грант берілді, «Қазақстан Даму Банкінен» 0,5 пайызға дейін несие қарастырылды және төлей алмай жатқан жағдайда кешірім де жасалды. Субсидия да берілді. Алты жылдан бері бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай жатқан болса, онда нарықты босатқаны жөн», – дейді белсенді Нұраддин Садықов.

Автобөлшектің 30 пайызына жетер-жетпесі ғана Қазақстанда өндіріліп, қалғаны шетелден кіргізілетіні жасырын емес. Шеттен әкелінген авто бөлшекпен көлік құрастырып, сыртына «Қазақстанда жасалған» деген жапсырма жабыс­тырып, ол үшін мемлекеттен «қайтарымсыз» үлкен қаржы алу қаншалықты дұрыс? Бірқызығы, Қазақстанда жасалған кей көліктер ел ішіне қарағанда, Ресейде арзанырақ сатылуда. Бәсекеге қабілетсіз отандық автоөндіріс үшін, утильалымның төленуі, ірі қалалардың түзелмес экологиясына қосымша утиль алым төлеу тіптен миға қонбайды. 2016 жылға дейін, Қазақстанға жылына 350 мыңға тарта көлік кіргізіліп отырса, утиль алым құрылғалы бұл цифр 10 есе азайып, 30 мың автоға дейін кеміді. Ал 2016 жылдан Қазақстан аумағына 800-ге тарта ғана жүк көлігі кіргізілген. Белсенді Н.Садықовтың пікірінше, елге жылына ең төменгі көрсеткішпен 800-1000 жүк көлігі қажет. Демек, утильалымның шамадан тыс қымбат болуы логистика мен құрылыс саласына да үлкен кері әсерін тигізіп отыр. Тиісінше, көлік тапшылығынан бағаның қолдан көтерілгені мәлім болды. Осы жағдайлардан кейін «Утильалымға жол жоқ» қозғалысы «Оператор РОП» утильдік компаниясына қарсы петиция жариялап, Facebook парақшасында 11 мыңға жуық дауыс жинады.

Нәтижесінде 2022 жылдың 11 қаңтар күні Президент жарлығымен жеке иеліктегі «Оператор РОП»  өз жұмысын тоқтатты. Бұдан былай «Оператор РОП» компаниясының активтері толығымен  «Жасыл даму» акционерлік қоғамына өтті. Енді утильдік алым сомасы қайта қаралатын болады. Демек, алдағы уақытта тиісінше шарықтап тұрған көлік бағасы біршама арзандауы тиіс. Әрине, ол нақты қадам мен уақытты қажет етеді. Алайда, халық Президент пәрменімен жүзеге асып жатқан бұл шараға үлкен  үмітпен қарап отыр.

Думан НҰРТАЙҰЛЫ

969 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы