• Мәдениет
  • 10 Ақпан, 2022

ТЫЛСЫМ «ТҮН»

Кез келген әйел отбасын сақтап қалу үшін күреседі. Күйеуі опасыздық жасаса да, ішімдікке салынып, отбасының шырқын бұзса да, бала-шағасын шырқыратып, өзіне қол көтерсе де әйел  бөліне алмай азапқа түседі.  Іргені аулақ салмауға болмайтындай жағдай туғанда сырт көзге оңай ажырасып жатқандай көрінуі де мүмкін. Бірақ әйелдің жан арпалысы өзіне ғана мәлім. Ондай жолайрықта тұрған сәттерде сұрықсыз өмірден арашалағысы кеп «Осы күйеуден не таптың, ажыраспайсың ба?» деген жанашырлар сұрағына да жауап беруден қашқалақтайды. Отбасының бүтіндігі үшін бәріне төзіп, өзін құрбан етуге дейін барады. Неге?

Тағдыр қосқан қосағынан қанша теперіш көріп, қалай қиналса да, әйел үшін отбасы құндылығы бәрінен биік пе? Түсініксіз...

Қазақ әйелі осындай.

Осы қазақы ойымызды жалаулатқан қалпымызда басқа жұрттың терезесінен үңілсек ше? Дұрысы, экраны арқылы зерделеп бақсақ.

Өткен ғасырдың 60-жылдары түсірілген Италияның аты аңызға айналған режиссері Микеланджело Антонионидің «Түн» деп аталатын фильмінде әйел жанының бір жұмбағы жасырынған. Бас-аяғы бір тәулікте болған оқиға арқау етілген фильмде автор сезімі суыған, ажырасу алдында тұрған отбасының сұрғылт күндерін көрсетеді. Бірақ бұл бір отбасының қасіреті деген шеңберге сыймайды. Режиссер бұл туынды арқылы көрерменге өздерін қоғамның қаймағы санайтын зиялы қауымның жасанды салтанатпен бүркемелеген өмірлерін, жан дүниелеріндегі азапты күйзелістерін там-тұмдап алдыға тартады. Думанды түнге жараспас қалың мұңға көрерменді бастап кіреді.

Әу баста әйнек терезелі зәулім ғимарат көрсетіліп, титр көрініп жатады. Ұзақтау сцена. Бірақ айна секілді терезелерден шаһар көрінісі дөңгелене сырғығанда, көрермен алда бір қызықты оқиға күтіп тұрғандай ынтығады. Алайда әрі қарай кино көңілсіз диалогпен жалғасады. Сонда да жан дүниеңдегі әлдебір сырды суыртпақтап шығарып, шешімін таба алмай жүрген сұрағыңның жауабын қолыңа әкеп ұстатардай, экраннан көз алмайсың.

Киноның бас кейіпкерлері егде жастағы ерлі-зайыптылар – жазушы Джованни мен оның сұлу әйелі Лидия. Екеуі ауыр науқасқа шалдығып, ауруханада жатқан отбасылық досы Томаззоға келеді. Сымбатты әрі ақылды Джованнидің бет-әлпетінен не ойлап тұрғанын аңғару мүмкін емес. Эмоция­сыз, тас мүсін секілді сұлу да суық жаратылыс. Ал әйелі Лидия болса әсем жүзін мұң торлаған ерекше ұстамды, эмоциясын көрсете де, жасыра да білетін сұңғыла әйел. Бірақ мұңды жүзінен жанын мазалаған бір нәрсе бары аңғарылады. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген салқын да немқұрайлы қарым-қатынасы көрерменді алаңдата бастайды.

Бір кезде бір-біріне ынтық болған жандардың күн өткен сайын алыстап және соған мойынсұнып, қалыпты жайттай жайбарақат өмірге көшкеніне көндіккің келмейтіндей күйге түсесің.

Әсіресе жас әрі сұлу қыздарға көз салып, әйелі жанында жүрсе де қымсынбай, жанұшыра көңілінің қалауын іздеген Джованнидің қылығы көңіліңді жабырқатады. Ал, керісінше, «сөнген қоламтаны жан ұшыра үргіштеп», Лидияның күйеуімен жас кезінде қол ұстаса бірге шарлаған қала көшелерін кезіп, жанұшырғаны, күйеуін сол жерлерге шақырып, сөнген сезімнің жұрнағын табарына үміттенгені бәрі-бәрі таныс көрініс секілді...

Бар болғаны бір тәулікте ауруханаға одан кітап презентациясына барып, тіпті қала көшелерін аралап, түнгі клубқа да үлгерген екеу неге оңаша қалғысы келмейді?

 «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» деген осы шығар бәлкім?!

Түнгі клубтан соң қонаққа барып, шын бет бейнелерін көрсетпей көлгірсіген зиялы адамдар ортасында жабырқау күйге түскен Лидия Джованнидің жас қызбен құшақтасып тұрғанына куә болады. Селт етпейді. Қызғаныш сезімі де өшкендей.

Ерлі-зайыптылар жұбаныш іздеп барған жер сыртынан қарасаң зиялы адамдар бас қосқан ғажап кешке ұқсайды. Сыпайы әрі еркін қарым-қатынас. Салиқалы пікірталас алаңы. Көңілді ойын-сауық, сән-салтанаты жарасқан ғажап мекен. Бірақ мұның ешбірі көрермен көңілін көтермейді. Керісінше жаныңды мұңға орайды. Себебі суреткер осынау ойын-сауықтың артында батпандай зіл барын самаладай жарықтың өшіп қалып, әп-сәтте қараңғылық тұмшалайтын сәтімен шебер ұқтырады.

Бұл жай бір түннің оқиғасы емес, жан күйзелісінің үдеп, үміттің күйрегенін, интеллигенция өкілдерінің жасандылыққа әбден бой алдырғанын, тоқырағанын көрсететін астарлы оқиға.

Түні бойы есірік көңілмен күлісіп, шуласқан жұрт таң ата тарасып жатады.

Ұзаққа созылған түнгі оқиғадан сілелей шаршаған көрерменнің жанын сібірлей атқан таң ғана жайландырады. Осы сәтте жан дүниелері қаңыраған ерлі-зайыпты екеудің жайын ойлайсың.

...Қонақтан қайтқан Джованни мен Лидия оңаша қала сыртына шығып, таңды қарсы алады. Сол сәтте Лидия күйеуіне бір кездері өзіне арналып жазған хатын оқып береді. Джованни ұйып тыңдайды. Шынайы сезіммен жазылған хат жүрегіңді лүпілдетіп, ерекше әсерлендіреді. Бір қызығы, Джованни «Бұл хатты кім жазған?»деп сұрайды. Лидия «Бұл сенің хатың» деп жауап береді. Сезім суынып, тіпті жүрегіңді өртеген кездер және оның хатқа түскен сәттері де ұмытыла ма деп әрі-сәрі күйге түсесің. Сенгің келмейді.

Лидия күйеуін бұрынғыдай сүйе алмайтынын, ажырасуы керектігін сол жерде айтады. Бірақ бұрынғы хатты оқып, жас кезде жүрген жерлеріне қайта оралып, күйреген сезімдерін тірілту үшін жанталасқан әрекетіне қарап, Лидияның іштей ажырасудан гөрі отбасын сақтауға бейілді екенін сезесің.

Әлгінде байқағанымыздай, көз алдында жас қыздарға құмартқан күйеуінің әрекеті, өзіне немқұрайлы қарым-қатынасы ешқайсысы да Лидияның жанын ауыртпайды. Бірақ сонда да сезімдерін «тірілту» үшін күреседі, Джованнидің сезімінің суығанына көңіл де аудармайды. Сірә Лидияға қымбат бір дүние бар-ау... Жоғалтқысы келмейтіні сол – бастапқы саф сезім, таза көңіл болса керек...

Лидияның қарым-қатынастары туралы ашық айтқысы кеп талпынған сәтінде, Джованни оны құшақтап әрі қарай сөйлетпей қояды. Бір қарағанда бұл да оның ашық сөйлесуден ­басын алып қашқан әрекеті секілді. Осы ерлі-зайыптылардың қарекетіне ұқсайтын көрініс ­туралы даңқты режиссер А.Тарковский: «Суға батып бара жатқан жандардың соңғы құшақтасуы» деген байлам жасайды...

Режиссердің бұл «Түн» фильмі 1961 жылы Берлин кинофестивалінде «Алтын аю» жүлдесін иеленген. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, көрерменді әйел жанын тұмшалаған «тылсым түнге» сүңгітуден танбай келе жатқан туынды.

Айнұр МҰРАТОВА

 

2810 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы