• Білім және ғылым
  • 05 Мамыр, 2022

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ

Есімі қазаққа танымал батыр қыз – Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі – қазіргі уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыретті маман даярлауды өзінің басты межесіне айналдырған байырғы оқу орындарының бірі.  
Білім ордасы өзінің уақыт ағымындағы әрбір жетістіктерін оқу орны мен батыр қыздың даталы күндерінде елмен бөлісуді жақсы бір дәстүрге айналдырған. Білім шаңырағының тәуелсіздікке дейінгі, егемендіктің алғашқы онжылдығындағы тағылымды тарихы оқу орнының – 70, Мәншүктің 80 жылдығына орай жарық көрген «Ұлағат ұясы» кітабында тереңінен сыр тартылған.
Ал білім ұясының 80 жылды­ғына арналған «Білім нұры», батыр қыздың 90 жылдығына орай «Ерлік шамшырағы» атты еңбектер шықты. Іргетасы сонау 1932 жылы қаланып, тарих қойнауына кеткен 1952 жылы Мәншүк есімін иеленген білім ұясы тәуелсіздіктің 30 жылын да лайықты еңсеріп, батыр қыздың – 100, өзінің 90 жылдығын да толағай табыстармен қарсы алып отыр.

Педагогикалық училищеден ­бастап, тарихтың талай шырғалаң кезеңінен өтіп, кейбір уақыттарда аз мерзімге болса да, жоғары және өзге оқу орындарымен де біріктіріліп кеткен сәттері болған ұлағат ұясы барлық сынақтан да байыпты шығып, республикада алғашқылардың бірі болып колледж статусына ие болды. Оқу орны халықаралық білім кеңістігіне де еркін қанат жая бастады. Оған, әрине, жаңа ашылған мамандықтардың да зор ықпалы болды. Колледждің оқу-материалдық базасы кеңейді, жаңарды. Уақыт сұранысына сай ақылы негізде білім ­алушылар саны жылдан-жылға артты. Мұның басты себебі, оқу орнындағы мамандардың тұрақтылығынан, сапалы маман ­дайындаудан, ең бастысы – колледждің заманауи жабдықталуынан да болар. Тағы бір айта кететін жағдай, оқушылардың оқудан шығып кетуі секілді көріністер өте сирек болыпты және бірде-бір оқытушы немесе қызметкер қысқартуға түспеген. Мұны колледж мұрағатындағы нақты құжаттар мен естеліктер дәлелдейді. Осы жол бүгінге дейін жалғасып келеді.

Облыстық білім басқармасы және кәсіподақ комитеті ­тарапынан «Білімнің ­алтын қазынасы» ­номинациясын алған, республикалық ­конференция ­аясында ұйымдас­тырылған «Кәсіптік білім беру жүйесін ­модернизациялау. Негізгі үрдістер» атты тақырыптық көрме экспозициясына қатысқаны үшін сертификат иеленген, «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны» байқауының жеңімпазы, Қазақстанның үздік колледждері арасында «Қазақстанның үздік гуманитарлық-экономикалық колледждер рейтингісі – 2016» Тәуелсіз қазақстандық агенттіктің жүргізген сараптамасы бойынша 100 балмен 1-орынға ие болған оқу орнының беделі қашанда жоғары.

Білім шаңырағы, сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық бизнес-рейтинг Одағының сараптау қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасы кәсіпорындары арасында «Даму динамикасы» номинациясы бойынша алтын рейтингке, «Темп роста» номинациясы ­бойынша күміс рейтингке ие болған ұлағатты білім ордасы. Білім сапасын қамтамасыздандыру ­бойынша тәуелсіз ­агент­ті­к­тің «Қазақстандағы педа­гогикалық колледж­дер­дің рейтингі – 2019» қорытын­дысымен 4-орын иеленді.

Уақыт ағымына сай жыл сайын жаңарып, жаңғырып келе жатқан оқу орны қазіргі уақытта М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі деген мәртебелі атауға ие. Колледж 2021 жылдың қорытындысы ­бойынша облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитеті тарапынан «Үздік идея­лар жаршысы» номинация­сымен марапатталды. Мұның бәрі ұжымдағы оқытушылар мен студенттердің бірлескен, үндескен жұмыстарының нәтижесі.

Колледжде уақыт талабына сай білім берудің үлгі қалыптарын өзгерту мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға талапты күшейту, студенттерге тәжірибелік-бағытталған кәсіби даярлықтың сапасын арттыру мәселелері ешқашан күн тәртібінен түскен емес. ­Сонымен қатар оқытушылардың өз пәні, жаңа педагогикалық технология, педагогика-психология, жаңартылған білім беру мазмұны, IT құзіреттіліктерін қалыптастыру бағыты бойынша арнайы курстардан өтілуі ұдайы қамтамасыз етіліп отырды, жалғасып келеді.

2016 жылдан бері колледж оқытушылары деңгейлік оқыту бағдарламасы мен жаңартылған білім мазмұны бойынша ­«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы курстарынан өтіп, сертификат алды. Ал «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Бастауыш білім беру» мамандықтарына жалпы кәсіптік және арнайы пәндерден дәріс беретін оқытушылардың 100 %-ы жаңартылған білім мазмұны бойынша курстардан өтті.

Қазір колледжде 13 мамандық, 23 біліктілік бойынша мамандар даярланып келеді. Жыл ­сайын мамандықтар қатары еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтармен толығуда. Сон­дықтан да колледж бітірушілерінің әрі қарай оқуын жалғастыру және жұмысқа орналасу әлеуеті жоғары. Әлеуметтік, кәсіби әріптестер тек аймағымызда ғана емес, ­республика көлемінде, шет елдерде де бар. Олармен үнемі тығыз байланыстамыз. «Педагог мәртебесі ­туралы» заңы қабылданып, қоғамда мұғалім рөлі артқандақтың әсерінен де соңғы жылдары талапкерлер сапасы да жоғары. Колледждегі кейбір оқу топтарының мектепті тек үздік бітірушілерден құралып отырғанын да мақтанышпен айта аламыз. Мұның өзі алдағы уақытта мектептердегі білімді, білікті ұстаздар қатары көбееді деген сөз.

Колледждегі білім алушылардың басым бөлігі қыздар болғандықтан, олардың тәрбиесі басты назарда. Бүгінгі біздің алдымызда отырған қаракөз қыздарымыз тек маман ғана емес, әрқайсысы ертеңгі бір – бір отбасының отанасы, ұрпақ өрбітуші – Ана. Сондықтан оларға берілер білім мен тәрбие еліміздің ертеңгі болмысын да айқындайды.

Оның үстіне бұл оқу орны ұрпақтың болашағына бірден – бір жауапкер мамандар дайындайтын ұстаздар ұстаханасы. Сонау қиын – қыстау шақта ашылғандықтан үзілмей келе жатқан тәрбиенің дәстүрлі сабақтастығы бар.

Қазіргі бағыты сәт сайын өзгеріп жатқан алмағайып заманда адам баласы үшін еш өзгермейтін құндылықтар болса, соның ең бастысы – білім. Ұлт келешегі, қауіпсіздігі – елдегі білім беру ісімен тікелей байланысты дейтін болсақ, ұрпақ болашағын ойлаған әрбір мұғалім, әрбір оқу орны білім саласындағы бүгінгі өзгерістерден қалмай, жаңашылдық танытып, ізденіп, замана көшіне ілесе отырып, уақыттан оза жүруі керек деп ойлаймын.

Мерейлі мерекеге де санаулы күндер қалды. Облысымыз ғана емес, еліміздің түрлі аймақтарынан да қолдау білдіріп әріптестеріміз де келеді. Арада қаншама уақыт өткен соң өзінің ұшқан ұясына сағына келе жатқан табысты, жұлдызды түлектеріміз де баршылық. Колледж ұжымы да келген қонақтарды лайықты қарсы алып, табыстарымен бөлісудің сан түрлі бағыттарын жоспарлап отыр. Оқу орнының сыртқы келбеті архитектуралық әсем кейіпке еніп, ішкі мазмұны заманауи үлгіде жабдықталды. Оқу орнындағы ұрпақтар, педагогикалық сабақтастықты паш ететін «Білім нұры» галереясы, «Инновациялық жетістіктер», Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған «Ерлік», «Ақпараттық технология» залдары қайта жаңғыртылып, «Құзіреттілік орталығы» ашылды.

«Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республи­калық жас­тар форумы аясында А.Қ.Мәметова мен Т.Әліпқалидың «Мәң­гілікке маздаған қыршын ғұмыр» кітабының желісі бойынша хореографиялық спектакль қойылымы болса, бұл жолы осы еңбек негізінде «Моншақ» атты мюзикл көрерменге ұсынылмақ. Ерлік сабақтары, әдістемелік сағаттар, ­дебат клубы, колледж тыныс-тіршілігі ­туралы бейнеролик, студенттің цифрлық технология бағытындағы жаңа заманауи жобасы, конференция, тағы басқа да жұмыстарымыз қатысушылар көңілінен шығады деген ойдамыз.

Оқу орнының табыстары мен жетістіктерінен сыр шертетін, Мәншүктің бойындағы ерлік, қайсарлықпен бірге адалдық, мейірімділік, ұқыпты­лық, тазалық қасиеттерін де жас ұрпаққа өнегелеу мақ­сатындағы колледж іс-тәжірибелерін паш ететін «Білім шамшырағы» атты кітап, ­форум аясындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция материал­дарынан жинақ та жарық көрді.

«Ғылым мен өнер көбейген сайын бейнет кемиді. Білімі көп адам – құралы сай ұста секілді: не істесе де келістіріп істейді. Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға бірлік ­керек!» ­деген  ­Ахмет Байтұрсынұлы. Олай болса, осының бәрі бүгін де керек! Өзінің даму сатысында талай сындарлы сыннан абыроймен өтіп, әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырта білген ұжымның бүгінгісі – байыпты, келешегі – кемел.

Жақсыгүл ТОҒАНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директоры

3747 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы