• Қоғам
  • 26 Мамыр, 2022

Тіршілік нәрін тиімді пайдалану – табиғаттың талабы

Алматы облысындағы трансшекаралық өзен саналатын Сүмбенің қазіргі жай-күйі алаңдатып отыр. Ойқарағай тауының кезеңінен бастау алатын Сүмбе өзенінің, Шартастың құлама тұмсығы мен Қасен сайының бергі саласы түйіскен қысаңында Кеңес үкіметі кезінде үлкен су қоймасы болған. 

Совхоз тарамай тұрғанда іске жараған су қоймасы бүгінгі заманауи талапқа сай болма­ғанымен, кезінде 8500 гектардан астам «Жайыл­маның жазығы» деп аталатын суармалы жерді ылғалдандыруға еркін жеткен болатын. Ендеше, сол су қоймасын талапқа сай дамытып, қайта қалпына келтіру мына заманда аса бір қиын шаруа емес. Дамыту қажет дейтін себебіміз, аталмыш су қоймасының екі жағындағы қысаңданып келетін екі таудың тұмсығының биіктігін есептеп, су қоймасын тиімді пайдалану жан-жақты ойластырылса, цемент науалар тарту арқылы «Қызылшекара», «Сарыбастау» ауылдарына да су жеткізуге болады. Ол ауылдардағы қазір су тапшылығынан қуаңданып жатқан суармалы жердің көлемі «Жайылманың жазығынан» артық болмаса кем емес. Сол екі ауыл да кезінде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын өркендеткен іргелі елді мекен болған.
Кезінде шекара шегенделгенге дейін Абай атындағы совхоздың мал қыстайтын бір жайылымы болып келген «Қасен сайы» көршінің еншісіне кетті. Енді Қасен сайы шекараның арғы жағында қалғандықтан, су қоймасын қайта қалпына келтіру жобасы халықаралық маңызы бар құрылыс болады деген сөз. Бұл аймақта осындай үлкен жобалар атқарылып жатса, ол шекараның нығая түсуіне, жұмыс орындарының ашылуына қосылған үлес те болар еді. 
Сүмбе өзенінің суын ҚХР-мен бөліп пайдалану мақсатында жасалған компьютерленген су бөлу жүйесі екі жыл бұрын іске қосылды. Бірақ бөліп пайдаланатын су көлемін тоспа жасау арқылы көбейту назарда болған-болмағаны бізге беймәлім. 
Тағы бір айта кететін жайт, Нарынқол өңіріндегі айтулы Текес Байынқол өзендері ­бастауын Тянь-Шань тауларынан бастайтын өзеншелер мен бұлақтардың суын жиып, шекарадан ары ағып өтіп Ілеге құяды. Іле дариясы шекарадан бері ағып өткен кездегі су көлемі тоналған керуеннің кебін киіп, жұпыны өзенге айналып отырғанын көпшілік біледі. Демек, Іленің суын көршілер қажетінше пайдаланып отырғаны анық. Жоғарыда айтылған Сүмбе өзені де шекараны бойлап келіп, Текес өзенінің көрші елге қарасты тұсынан құяды. «Сүмбенің құйғаны» аталатын жерде тарихи оқиғалар өрбігенін көнекөз қарттар айтып отыратын. Ол жердегі балбалдар қаншама сырдың куәсі болып әлі тұр.
Бұл мәселе осы уақытқа дейін талай мәрте көтеріліп, аудандағы мамандарға жеткізілгенімен, сөз жүзінде қалып келе жатқаны шындық. Жергілікті халықтың осы ұсынысы билік органдары тарапынан назарға алынып орындала қалса, шекара аймағын дамытудың пайдалы бір жобасы болар еді. Қазір су Текес өзеніне еркін ағып құйылып жатыр. Ал көрші ел судың өзіне тиесілі бөлігін су қоймасына жинап, көктемде пайдалану жұмысын жолға қойып алғаны белгілі. Сондықтан бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. 
Бұл жобаның тағы бір тиімді жағы, ­«Шартас» деп аталатын тау – көненің құнды жәдігері, ­туризмге таптырмас тарихи орын. Ал бөгесін салынып теріскейі көлге айналса, тау арасында тағы бір туристік нысан пайда болар еді. Шартастан тартып сонау тақалмаға дейінгі шекаралы аймақта әйгілі Жібек жолы асуларының сілемі жатыр. Тарихи өлкенің әр тасы шежіре шертіп тұр. Инвестиция тартылса көптеген жобаны іске асыруға әбден ­болады. Болашақта «Шартас» көлінде қайық жүзіп, «ескегіңді маған берші, мен есейін...» деп ән салып жүретін күн болса, қанеки. Бірақ бұл қазір кедейдің бітпес кеңесіне айналып тұр. 

Серік СҮЙІНДІК 
 

510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы