• Руханият
  • 26 Мамыр, 2022

ХАТ ЖАЗЫП ТҰР

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Сонымен, хатты көп жаздық және үйге де көп хат келетін. «Сәлеметсіз бе... деп басталатын хатта ауыл-үйдің жағдайы, күн райы, бақшаға не егіп, нені екпей қалғанымыз, қыста қандай отын тасып, мектепке қалай барғанымыз, кімнің туған күні қалай өткені: түгел жіпке тізген моншақтай тізбектелетін. Әрине, хатты жолдаған соң оның жауабын күтесің. Көп күтесің. Себебі біздің ауыл мен нағашылардың ауылы ортада Алматыға автобус жеткізіп тастар сегіз сағаттық жолды қоспағанда пойызбен үш күндік жер. Енді «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» уақытта хаттың адресатқа жетіп, кері жауабын алып келуі үшін бір-бір жарым ай уақыт кетеді. Бұл дегеніңіз, жылына ары кетсе он хат. Міне, сол оншақты хат біздің жүрек жылуымыз еді. Он шақты хат бізге хат жазушының да жүрек жылуы-тұғын. Он шақты хат екі тараптың да сағынышы ­болатын. Он шақты хат ауыл мен ауыл арасын жалғайтын туысқандық жіп те еді.

Хатты біз көптеу жазған сияқтымыз. Ол кезде «Ұлан» газеті арқылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен дос табу да бір мақтаныш. «Мен мынадай кітапты, мынадай әнді немесе әншіні ұнатамын. Мынадай арманым бар. Менімен дос болғыңыз келсе хат жазыңдар» дейсің де, редакцияға хат жібересің. Редакция әлгі хатты баса қояды. Сондай хаттардың себебімен Абра­лының Лаура есімді қызымен құрбы болдық. Ол Жаркентке мен Абралыға хат жөнелтеміз де жатамыз. Бір-бірін көрмеген, біл­меген, жүзі фо­тосуреттен ғана таныс, Қазақ­стан­ның екі ­бұ­ры­шындағы жас­өспірім қыз бір-біріне не жазуы мүмкін? Шыққан кино, оқылған кітап, жазғы-қысқы демалыс, кім болғың келетіні туралы екі-үш беттік, таусылмас сыр әлгі хатқа түседі. Хатты жөнелтіп жіберген соң пошта жаққа мойныңды жиі созып қоясың. Ол кезде поштаға жүгіріп бару әдеті де жоқ. Пошташы келе жатқанда «Әй, осы хат кеп қалды-ау» деген қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Біздің хатты да солай күткеніне күмән жоқ. Әлгі хатты ашасың да әуелі қанша парақ қағаз екенін санап аласың. Сосын тезірек соңына жеткенше асығып-аптығып оқисың. Одан кейін баппен, әр сөйлеміне мән беріп қайыра қарап шығасың. Одан әрі... Әлгі хатты мұқият сақтап, өзің ғана білетін құпия жәшігіңе тығып қоясың. Содан хат келмей кеткен күндері сол қағазға қайыра соғып отырғаның... Біздің хатты да солай оқығанына сенімдіміз.

Жаңа жыл, 8 және 22 наурыз және туған күн сынды ерекше күндері жіберетін ашықхаттарды жазу және әрлеудің өзі, қазіргінің сөзімен айтсақ жеке бір мәдениет еді. Әуелі ең тамаша ашықхатты таңдап аласың. Әрине, сатып алып беруші үлкендер болғандықтан, әуелі олардың да көңілін аулап, үй жинап, дала сыпырып дегендей жұмыстарды реттейсің. Одан кейін жазар сөзіңді ойша жұптайсың, сосын оны қағазға түсіресің. Тексеріп алып, ашықхатқа ең әдемі сиямен (ол әдетте ауылда көп қолға түсе бермейтін жасыл, қызыл сия) әрлеп, асықпай тілегіңді жазып шығасың. Ең соңында, ашықхаттың төменгі бұрышына жақсылап гүлдің не жақсы бір дүниенің өрнегін сызасың. Өзіңе келетін ашықхаттар да сондай қызылды-жасылды әлемнің хабарын айта жөнелетін.

Ыстық ықылас, жып-жылы сезім әлгі хаттарда жасырынып тұрғандай көрінетін. Қазіргідей күнде сөйлесуге мүмкіндік болмағандықтан да шығар, хат жазушы да, хат алушы да ықтиятты болатын. Хаттағы жазуды оқып қызы мен жиендеріне деген сағынышын басатын нағашы әжеміз бірде «осы хатты жазған саусағынан айналдым» деп сәлем айтып жіберіпті. Хат арқылы. Хатты жазушы бұл тараптан – біз, ол тараптан – бір жас айырмашылығы бар әпкеміз еді.

Сол сөз ұзақ уақыт ұмытылып барып, бүгін аяқ асты еске түскені қызық. Сірә, хат жазбай кеткен шығармыз. Күнде сөйлесіп жүргендіктен, жүректің бір түкпірінде жасырынып қала берер жылуымызды дұрыс жеткізе алмай жүрген болармыз. Хат жазған мен хат алғанның арасындағы жып-жылы байланыс жібі жалғана берсе деген көңіл біздікі.

Ал сіз соңғы рет қашан хат жаздыңыз?

906 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы