• Қоғам
  • 16 Маусым, 2022

ҚАЗІРГІ БАЛАЛАР «ЗАМАНЫНАН ӨТЕ ТУҒАН», АҚЫЛДЫ

Бәріміз бала болғанбыз. Сол баланың бүгінгі арманы қандай, нені мақсат етеді? «Балалар жылы» аясында бірқатар маманға хабарласып, «Ана тілінің» сауалнамасына пікір жинаған едік. Сол сауалнаманы оқырман ­назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қазіргі балалар нені армандайды?
Балалар арасында қайсысы көп сұранысқа ие: кітап, әлеуметтік желі, музыка, ойын, фильм, мультфильм?
Сіздің пікіріңізше, қазіргі әкелер мен балалардың ара қатынасы қаншалықты зерттеліп жатыр?

Бану ДӘУЛЕТБАЕВА,

«Мазмұндама» ҚҚ  бас редакторы, баспагер:

1. Қазіргі балалар біздің заманы­мыздың балаларындай емес, мүлде ерекше. Қоғамның кез келген саласын­дағыдай, мұнда да даму деңгейлері арасында үлкен алшақтық бар. Бір бала ғарышты зерттеуді қызық көріп, соны армандап жүрсе, бір бала тойып тамақ ішуді армандайды.  Бір баланың материалдық жағдайы, бір баланың рухани жағдайы төмен. Бұл мәселе жалғыз бала тәрбиесіне қатысты емес, жалпы қоғам дамуында орын алып отыр. Дамушы мемлекеттердің бәріне тән құбылыс ретінде қарастырған күннің өзінде, біздің мақсатымыз – осы алшақтықтың арасын жақындату.  Әрине, бала болған соң, арман да әртүрлі болады. Алайда қарапайым күнкөріс деңгейіндегі дүниелер балаларға арман болмауы керек. Бала­лар­дың арманын асқақтату – қазіргі қоғамның алдындағы ең маңызды жұмыстың бірі.  Қазіргі балалар ­«заманынан өте туған», ақылды балалар. Кейде қоғамдағы келеңсіздіктерге көңілің жабырқаған сәтте, балалармен, жастармен сөйлесіп қалсаң, елдің ертеңіне үмітпен қарай бастайсың. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» немесе «Мен жастарға сенемін» деп те ойланатын сәттер болады. Бірақ ­жалпы алғанда сенім басым.

2. Балалар арасында осы айт­қаныңыздың бәрі де сұранысқа ие. Тек, мәселе осылардың қай тілде екенінде. Көбіне әлеуметтік желі болсын, интернеттегі контент, музыка, компьютерлік ойындар, фильмдер  мен мультфильмдер болсын, барлығында орыс тілінің үлес салмағы басым. Біз көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан балаларды бұлардың ешқайсысынан қорғай алмаймыз. Тыйым салуға мүлде болмайды. Біз тек осының барлығының ана тілінде сапалы нұсқасын ұсынып үлгеруіміз керек. Баланың ұлтына, еліне, жеріне деген махаббаты осы ойындар, кітаптар арқылы қалыптасады. Өзге жұрттың контентіне қарап, «осындай дүние біздің қазақта неге  жоқ?» деп өз ұлтын кем санамайтын деңгейге, керісінше, «шетелдікін қойшы, біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанышпен айтатын деңгейге жеткізе алсақ ең бақытты балалық сыйлар едік. Сәйкесінше, елдің ертеңін бақытты ұрпақтың қолына ұстатар едік.

Олқылықтың орнын толтыруға барынша тырысып жатырмыз. Сөзімнің басында айтқандай, қазіргі балалар тым ерекше, әрі оларды бұрынғы бізді қызықтырған иллюстарциялармен еш таңдандыра алмайсың. Сол себепті қазір жаңаша ойлайтын, балалар кітабына иллюстрация салатын суретшілер тым қат. Қазір «Мазмұндама» қоры балаларға арналған кітаптардың құқығын шетелдік иллюстраторлардан сатып алып, ұсынып көріп жатырмыз. Бастама жаман емес секілді. «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті» деген серия бастап, бұл сериямен де біршама кітап ұсындық. Бұл серия да қазақша кітаптарға сұраныс көп екенін көрсетті. Сұраныс аз болған күнің өзінде, балалар әдебиетінде бос вакуум болмауға тиіс. Алдағы уақытта балаларға қызықты аудио-видеолар, аудио-кітаптар жасап шықсақ деген жоспарымыз да жоқ емес.

3. Бұл өзі мәңгілік тақырыптардың бірі ғой. Қанша зерттесе де артықтық етпейді. Әсіресе бала тәрбиесінде әке рөлінің маңызы зор. Бір кездері «Бәрі анаға байланысты» деп, әйелдің иығына өте үлкен жауапкершілікті жүктеп қойдық. Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі төмендеген сайын, әке мәртебесіне деген бір кездегі сакралды көзқарас та бәсеңдей бастады. Ал бұл қауіпті тенденция. Бұлай бола бастауына қоғам дамуындағы бірнеше фактор әсер етті. Оны әлеуметтанушылар терең зерттеуі керек. Қазір қаншалықты зерттеліп жатқанынан хабарсыз екенмін. Алайда жеке өзім бала тәрбиесіне өте үлкен мән беретін әкелерді де, мүлде мән бермейтін әкелерді де кездестіріп жүрмін. Өкінішке қарай, екіншілері көбірек. Әке бала тәрбиесіне жеткілікті мән бергенде, өзі де дұрыс тәрбие бере алатындай деңгейде дамығанда, ертең «Мынадай бала қайдан шықты?» деген сұраққа жауапты тез тауып алуға болады.

 

Серікбол ХАСАН,  балалар ақыны:

1. Негізі оны балалардың өзінен сұрау керек. Балалармен жиі кездесіп, сұхбаттасып жүрген кезде байқағаным, қазіргі балалардың арманы асқақ, қиялы шексіз. Өзімнің де балаларым бар, олардың да қызығушылығын, мақсат-мұратын там-тұмдап сұрап отырамын. Ұлым биыл төртінші сынып бітірді. Ол адамдарға пайдасы тиетін жаңа бір заттар ойлап тапсам дейді. Сурет салғанды, лего құрастырғанды ұнатады, робототехникаға барып жүр. Соған қарағанда арманына жету жолында аздап болса да еңбектеніп жатқан секілді. Қызым әр кезде әртүрлі нәрсені армандайды. Бірінші сыныпты биыл бітірді. Бірде спортшы болғысы келеді, бірде дәрігер болғысы келеді. Кейде ол армандарынан айнып қалады да, басқа бір нәрсенің шетін шығарып отырады. Айтайын дегенім, баланың арманшыл, қиялшыл болғаны жақсы. Үлкен табыс­тар кішкентай мақсаттардан ­басталады. Армандау және сол арманның ­жолында іздену, тер төгу, еңбек ету міндетті түрде мақ­сатқа жеткізеді. Балалармен кездес­кенде үнемі осыны айтып отырамын.

2. Мынау маңызды деп тап басып айту қиын. Себебі талғамға талас жоқ. Бір бала кітап оқығанды жақсы көреді, енді бір бала мультфильм көргенді ұнатады. Әр баланың қызығушылығы әртүрлі. Бірақ әр нәрсені өз шегімен тұтынған дұрыс. Таңнан кешке дейін мультфильм көре беруге болмайды. Кітаптан бас алмай, соны сылтау қылып, үй шаруасына көмектеспесе, ол да жақсы емес. Сондықтан әр нәрсені белгілі бір уақытта, өзінің шама-мөлшерінен асырмай орындау керек. Әсіресе телефондағы ойындардың зияны көбірек. Ойындарға күніне 30 минуттан ғана уақыт арнаса жеткілікті. Әлеуметтік желі де солай. Әрине, баланың желіге тіркелгені, пайдалы ақпарат алмасқаны дұрыс, бірақ күнұзақ желіге жабысып отыруға болмайды. Әр нәрсе шегінен асса, денсаулыққа да, өмірге де зиянын тигізеді. Ата-аналар осыны ескеруі тиіс.

Қазір әлеуметтік желілер мен телефондағы ойындар бала уақытын көбірек ұрлап жатқандай көрінеді. Дегенмен балаларға арналған фильм­дер, мультфильмдер, әдебиеттер де қарқынды дамып келеді.

3. Белгілі бір институттар бұл тақырыпты зерттеп жатқан болар, одан хабарым аз. Алайда бұл қоғамдағы өткір мәселе деген пікірдемін. Жалпы қазіргі қоғамда Отбасы институты ақсап тұр. Оның себебі жастар үйленер алдында белгілі бір жауапкершілікті сезінбейді, әке болуға, ана болуға өздерін дайындамайды. Содан келіп отбасындағы түйткілдер де көбейіп жатыр. Мұның зардабын көбірек тартатын, әрине, үйдегі бала. Бала үшін әкесі де, анасы да қымбат. Бала екеуін де жақсы көреді, екеуінен де мейірім күтеді. Ал анасы мен әкесі екі жаққа кетсе, бала үшін одан ауыр қасірет жоқ. Біз осыны сезінуіміз керек. Бала үшін ананың орны қандай болса, әкенің де орны сондай ерекше. Бала тәрбиесінде әкенің рөлі жоғары. Әке тәрбиесін көрген бала, мейлі ол ұл болсын, қыз болсын, еркін, батыл, жігерлі болып өсетіні ақиқат. Менің балаларға арналған «Әкесінің қызы» деген кітабымды жазудағы мақсатым да осы еді. Әкесі мен баласы бір-бірімен үнемі сырласса, бір-біріне қолдау білдірсе, онда отбасына бақ-береке қонады. Балаға одан артық бақыт жоқ.

 

Шынар ЫСҚАҚОВА,

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі:

1. Қазіргі баланың арманы, менің ойымша, жаңа техника. Әсіресе, телефондар, гаджеттер мен планшеттер.

2. Мұғаліммін, балалардың көбіне көркем шығармаға бет бұр­ғанын қалаймын. Әрине, баланың жас ерекшеліктеріне байланысты сұраныстары әртүрлі. Мысалы, бас­тауыш сынып балалары көбі­несе мультфильмдерді, ал 5-8-сынып оқушылары телехикаяларды, ойын­­дарды ұнатады. 8-11-сынып оқушы­лары музыка тыңдау, би билеу, кейінгі кезде тик-ток түсіруге жақын жүреді. Ұстаз ретінде жас ұрпақтың әдеби-көркем туындыларға қызығушылығын оятқанды жөн деп білемін. Осы мақсатта көркем шығарманың ең қызықты бөлігін мазмұндап беремін. Олар «әрі қарай оқиға қалай жалғасады екен?» деп кітапты оқи бастайды. Бұл балаларды кітап оқуға ынталандырудың бір жолы деп білемін.

3. Менің ойымша, әкелер мен балалардың ара қатынасы әлі де көп зерттеле қоймады. Мектепішілік ата-аналар жиналысын алып қарасақ, жиындарға көбіне аналар келеді, әкелер келмейді. Балалардың бойынан байқалатын тағы бір жайт, айталық жаңа телефон немесе қажетті затын алғысы келсе анасына бірінші болып айтады. Әкесіне тікелей өтініш жасай бермейді. Бұл әкеге бата алмаудың бір көрінісі болар. Әкелер балалардың материалдық қажеттілігін қамтамасыз етумен ғана шектелмей, олардың немен айналысатынын, не нарсеге қызығатынын аңғарып, балаларына көп уақыт бөлсе, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас жақсара түсер еді.

 

Мадияр СЕРІКҰЛЫ,

8-сынып оқушысы:

1. Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Қазіргі таңда мемле­кетіміздің туы әрқашан тек қана биікте болғанын қалаймын және ата-анамның үмітін ақтайтын азамат болуды армандаймын.

2. Біз Қазақстанның жаңа ұр­пағымыз. Бізге берілетін мүмкін­діктер көп. Соның көпшілігі әлеу­меттік желілер арқылы жүзеге асады. Ал радио, теледидар, кітаптар жайлы айтсам, олардың дәуірі өтіп бара ­жатыр. Бұл менің жеке пікірім.

3. Бала мен әке арасындағы ­қа­рым-қатынас деңгейі туралы нақты айта алмаймын. Бірақ менің әкем­мен қатым-қатынасым өте жақсы.

 

Кәусар НҰРЛАНҚЫЗЫ,

7-сынып оқушысы:

1. Дәл қазір мектепті жақсы біті­ріп, жақсы жұмыс табуды армандаймын.

2. Менің құрдастарым көп уа­қы­тын музыка тыңдауға арнайды. Мен де  музыка тыңдағанды жақсы көремін.

3. Балаларын тастап кеткен әке туралы көп естимін. Мұндай жағдайды түсінбеймін және дұрыс емес деп есептеймін. Өз отбасымда ондай ­жаман мінез жоқ, әкем де, анам да бізге үлгі, өнеге.

Әзірлеген

Ұлжан БОЛАТОВА,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және

әлем тілдері университетінің

3-курс студенті

1935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы