• Мәдениет
  • 23 Маусым, 2022

«САЗГЕН САЗЫНЫҢ» ҒАЖАЙЫП КЕШІ

«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі маусымның әдемі бір кешінде ата-бабаларымыздың көне мұрасын жаңғыртып, керемет концерт өткізді. Жамбыл атындағы филармонияның үлкен залында өткен есептік кеш зал толы көрерменнің еңсесін көтеріп, шексіз ықыласын туғызды.

 

Қылқобыз, нарқобыз, сырнай, домбыра, шертер және басқа аспаптармен қазақтың классикалық әндері мен күйлерінің осы за­манға сай аранжировкамен орындалуы көрерменге ерекше әсер етті. Музыканттар әрбір көне аспапты қапысыз шеберлікпен, жоғары кәсіби деңгейде меңгеруінің арқасында және музыкаға деген шынайы ықыласымен әрбір шығарманы тыңдарман жүрегіне жеткізе білді.

Ансамбльдің тағы бір ерекшелігі, танымал халық әндерін жеке шығарма ретінде инструменталдық нұсқада орындайтыны. Бұл шығармалар жетіген, қылқобыз, сазсырнай, сыбызғы сынды көне аспаптардың мүмкіндігін одан әрмен аша түседі. Эстрадалық тасыр-тұсыр дыбыстар емес, ұлттық аспаптарымыз – қылқобыздың, сазсырнайдың, үскіріктің баяу да анық дыбысы көңілге ғажап әсер сыйлады. Халық әні «Бүлдіргенді» атақты әншілердің орындауында тыңдап жүрміз, ал Арайбек Асқардың сыбызғымен орындауы тілмен айтып жеткізгісіз әсем. «Бүлдірген» әнінің аранжировкасын жасаған Бейбіт Ақоштың кәсіби шеберлігі тәнті етті.

1960-70 жылдары өнертанушы ­Болат ­Сарыбаев қазақ мәдениетінде үлкен серпіліс жасап, көптеген көне аспаптарымызды тірілткені белгілі. Ғалым жаңғыртқан аспаптардың ішінде сазсырнай да бар. Бұл үрлемелі аспап ежелгі Отырар қаласының орнындағы қазба кезінде табылған. Жергілікті қариялар «Фараби сазсырнайы» деп атаған аспап қазір ұлттық ансамбльдер мен оркестрлерімізде қолданылып жүр. «Сазген сазы» ансамблінің репертуарындағы сазсырнаймен орындалатын шығармаларды тыңдаса Болат Сарыбаевтың өзі керемет риза болар еді деп ойладық. Концертте халық композиторы Естайдың «Құсни-Қорлан» әнін Ләйла Махшархан сазсырнаймен орындады. ХХІ ғасырда, заманауи концерт залында ежелгі аспаптың әдемі әуезді, қою әрі құлаққа ­ерекше жағымды үнін естігенде бабаларымыздың аманатымен қауышқандай сезімде болдық. Оркестрге лайықтап түсірген ансамбльдің музыкалық жетекшісі Марат Жалбыров ұлттық музыкамызды терең меңгерген нағыз кәсіби маман екенін байқатты.

«Сазген сазы» концертінде жас әншілердің дебютіне де орын берілді. Латиф Хамидидің әйгілі «Бұлбұл» әнін атақты әншілеріміздің орындауында тыңдап жүрміз, ал ­концертте жас әнші Әзиза Әбдірейім ­орындауында тыңдағанда танымал шығарманы жаңа қырынан таныдық. 

Ансамбль Сүгірдің күйі «Шалқыма» орын­далғанда залда отырған халық қыбыр етпей, бір деммен тыңдады. Әрбір нотамен бірге халқымыздың тарихын шолып қайт­қандай болдық. Концертте Дәлел Уашев, Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ержанов сынды әншілер танымал әндерді орындады. Көрермен ықыласпен қол соқты. Осы ретте ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Тілегеновке, бас дирижер Ықылас Нұрғалиев пен музыкалық жетекші Марат Жалбыровқа шексіз ризашылығымызды жеткізгіміз келеді.

Айгүл ИСМАҚОВА,

филология ғылымының

докторы, профессор

1763 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы