• Қоғам
  • 28 Шілде, 2022

КЕЛЕШЕК ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен өткізген кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты. Президент мемлекеттеріміздің келешек экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас екенін атап өтті.

Президент Сауд кәсіпкерлерімен кездесу барысында Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді.

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы барлық өзге елдер экономикасының жиынтық көлемінен асып түседі. Орталық Азиядағы тауар айналымының 60 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің халықаралық резерві – 90 миллиард доллар және ТМД ­бойынша жан басына шаққанда ең жоғарысы саналады. Шетелдік инвес­торлар еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан аса қаржы құйды. Бұл Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызын құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Сауд Арабиясының қолдауымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 миллион доллардан асатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылғанын жеткізді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты.

– Біз жүргізген талдауға сәйкес,  Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі,  сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны, шамамен, жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден аса түрін ұсына алады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит  және логистикалық  мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті.

Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады.

– Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1-орын, уран мен хром ­бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, ­мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвес­тиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан аса кен орнын ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.

– Біз Корольдіктің Saudi Vision – 2030 стратегиясы аясында өзінің ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық базасы бар.  Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Біздің компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды.

– Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастырып көруді ұсынды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды.

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында 13 құжатқа қол қойылды.

Айта кетер бір жайт, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Король Салман бен Әбделәзиз Әл Саудты еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Сауд Арабиясындағы ресми сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам әлемі үшін қасиетті мекен  Мекке қаласында кіші қажылық рәсімін жасады.

Еркін  ҚАЛДАН

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы