• Ақпарат
  • 04 Тамыз, 2022

«РЕСЕЙ АРАЛЫ»

Байқоңыр десе, жалпақ Қазақстанның ортасындағы «Ресей аралы» елестейді. Өйткені Қызылорда облысының басшылары да Байқоңырға емес,   шетелге барып келісімшарт жасағандай әсер қалдырады. Қала халқы Ресей заңдарымен өмір сүріп, рубльмен сауда-саттық жасайды дегенде тіпті таңғаласыз.

 Сонау екі мыңыншы жылдардың басында, Петропавл қаласындағы теміржол вокзалы Ресей меншігі саналатынын естігенде, тіпті еліміздің тәуелсіздігіне күдіктеніп қалғанымыз бар. Бірақ мәселе басқада. Егер Қазақстанның ортасында Америка Құрама Штаттарының меншігіндегі бір құрылым пайда болса, алаңдауға негіз жоқ. Ал бұрын Қазақстанды отарлаған елдің меншіктік құқы, сепаратистік әрекеттерге негіз болуы әбден мүмкін. Ондай пиғылдарды қазірдің өзінде көріп-біліп отырмыз. «Солтүстік Қазақстанда қазақтар тұрмаған» дегенді көңсітіп жүргендердің нені армандайтыны белгілі. 
Дегенмен қазір әлемде шұғыл өзгерістер болып жатыр. Кей жаңалықтар Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін болғанымен, кейісі оң ықпал етуі ғажап емес. Мысалға, жақында     «Роскосмос» ғарыш агенттігінің  жаңа басшысы Юрий Борисов Ресей Президенті Владимир Путинмен есеп беру кездесуінде, Ресейдің 2024 жылдан ары қарай Халықаралық ғарыш станциясынан кететінін мәлімдеді. Кремль қожайыны бұл шешімді құптаған. 
Халықаралық ғарыш стан-циясындағы АҚШ пен Ресей ынтымақтастығы 1998 жылы басталыпты. Юрий Борисовтың мәлімдемесін естіген америкалық мамандар таңғалыпты әрі өкініш білдірген. Бірлескен талай шаруа аяқсыз қалуы мүмкін. 
Тек шетелдіктер емес, Ресейдің өз мамандары да бұл шешіммен келіспейтінін білдіре бастады. Себебі жеке ғарыш станциясын жасақтау өте қиын шаруа болса керек. Оған ондаған жыл уақыт, өте көп қаржы әрі жоғары технология қажет. Санкцияның астында қалған Ресей ол қиындықтарды еңсере аларына күмән көп. Олай болған жағдайда, біраз жыл Ресей өзінің мақтанышына айналған ғарыштық ұшуларды тоқтатады. Демек жалға алып отырған Байқоңыр да оларға қажет болмай қалуы мүмкін. Ресей Байқоңырды жалдауын доғарса, Қазақстан басқа ғарыштық державалармен ынтымақтасуға мүдделі болмақ. Ол, әрине, Қазақстан үшін қалайда тиімді. 
Жалпы алғанда, Байқоңыр мәселесінде жергілікті халық үшін ұтқанымыздан ұтылғанымыз көбірек. Ғалымдардың болжауынша, Арал теңізінің тартылуына да Байқоңыр ықпал еткен. Ракеталар  ұшырылмаған айларда өңірдің экологиясы жақсара қалатынын тұрғындар да жиі байқап, айтып жүр. Қысқасы, Байқоңыр ғарыштық апаттардан құлаған, төгілген улы заттары бар, басқасы бар, күні бүгінге дейін Қазақстан үшін зиянды болып келеді. Ғарыш айлағы өз мамандарымызбен өз экономикамызға жұмыс істеуі үшін әлі ондаған жыл қажет көрінеді.
 

4664 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы