• Руханият
  • 11 Тамыз, 2022

«МЕНІҢ ӘУЕЗОВІМ» ТҮРІКШЕГЕ АУДАРЫЛДЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай академик ­Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің түрікше аудармасының тұсаукесер рәсімі өтті.  Алқалы жиынды ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрілігі бірлесіп ұйымдастырды.

Келелі басқосуға ҚР Мәдениет және спорт  министрі Дәурен Абаев, Халықаралық  ТҮРКСОЙ ұйымының  бас хатшысы Сұлтан Раев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Зейнолла Қабдолловтың ұрпақтары, Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы,  ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, «Benim Auezov’um» кітабының құрастырушысы Амантай Шәріп, әуезовтанушы ғалым, Мұхтар Әуезов  музей-үйінің директоры Дияр Қонаев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Светлана Ананьева және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен белгілі ғалымдар қатысты.

Өнегелі өмірін қазақ ғылым-біліміне арнаған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жайлы жазылған роман-эссе ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты баяндайды. Мұхтар Әуезовтің университет аудиториясында оқу шеберлігін, шешендігін көрсетіп, лекцияның танымдық табиғатын, тәлімдік мәнін сипаттай отырып, ұстаз образын жасайды. Кітаптың таралымы – 1000 дана.

Туындыны түрік тіліне қазақтың айтыскер ақын қызы Әсем Ережеқызы аударған. Ол бұрын ресейлік ғалым Виктор Козодойдың «Әлихан Бөкейхан» атты шығармасын да түрік тілінде сөйлеткен еді. Сондай-ақ ­Зейнолла Сәніктің әңгімелерін де түрік оқырмандарына ұсынған.

Шараға жиналған зиялы қауым түрік тіліндегі туындыға бағасын берді.

«Әуезов жайлы іргелі еңбектің тәжімалануы – бауырлас түрік халқы үшін де үлкен олжа. Ендігі уақытта осы  кітап арқылы түрік тілі қауымдастығы, оның ішінде жас буын Әуезов әлеміне еркін саяхаттап, тұшымды ой түйеріне сенімдімін. Орайлы жерде айта кеткен абзал, Мәдениет және спорт министрлігі жыл соңына дейін Мұхтар Әуезовтің 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарады. Ұлы даламызда ғұмыр кешкен, түгел түркі жұртына ортақ данышпан тұлғалар қашанда кеңінен дәріптеле берсін», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сондай-ақ министр кітапты аударған ақын Әсем Ережеқызына, шығармашылық-редакциялық ұжымға, бауырластық ниетпен бастама көтерген ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевқа алғыс білдірді.

Сұлтан Раев та өз кезегінде кітап авторы мен аудармаға үлес қосқан ұжымға алғыс білдірді.

 «Бүкіл қырғыз халқының ұлттық мақтанышына айналып отырған атақты «Манас» эпосы Мұхтар Әуезов болмаса, жарық көрмес еді. Тағдыр айдап, дана Мұхтар жолықпаса, атақты Шыңғыс Айтматов бүгінгі биігінен табылар ма еді, кім біледі. Біз бас иіп, тағзым етеміз», – деді ол үлкен тебіреніспен.

Сонымен бірге Сұлтан Әкімұлы жазушының есімі Анкара қаласындағы үлкен бір көшеге берілетінін мәлімдеді.

«Мұхтар Әуезовтің көптеген әңгімелері түрік тіліне аударылған. Бұл үлкен мағынасы бар күн. Біздің негізіміз және болашағымыз түрікшілдікпен байланысты. Сондықтан неғұрлым түркі бауырларымызды осы жақсы қасиеттеріміздің, іс-әрекеттеріміздің арқасында өзімізге тарта білсек, солардың ортасында бола білсек, соғұрлым болашағымыз ашық болады деп ойлаймын. Соны түсінген, бүгінгі тұасаукесерді ұйымдастырып жатқан азаматтарға мың да бір рақмет», – деді қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов.

Жиында сөз алған Түркі академиясының  президенті Дархан Қыдырәлі де түгел түркіге ортақ тұлға жайында айтып, ұйымның Мұхтар Әуезов жылы аясында жоспарлаған іс-шаралары туралы баяндады.

Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан ­Раевты Түркі дүниесінің мәдени-әдеби байланысының нығаюына қосқан зор үлесі үшін Халықаралық Түркі академиясы тағайындаған Әлішер Науаи атындағы алтын медальмен марапаттады. Сондай-ақ жиын барысында әуезовтануға елеулі үлес қосқан зерттеушілер ТҮРКСОЙ ұйымының халықаралық деңгейдегі Мұхтар Әуезов медалімен марапатталды.

Ал академик-жазушының немерелері – Абай және Абылай Қабдоловтар әулет атынан сөз алып, басқосуға жиналғандарға ризашылық білдіріп, алғыс айтты.

Айта кетейік, «Benim Auezov’um» кітабының құрастырушысы – ­Амантай Шәріп, әдеби редакторы – Фазыл ­Бисенбаев, ғылыми редакторы – Сәуле Ержанова. Бұған дейін М.Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген болатын.

Майя  МҰРАТБЕК

971 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы