• Ақпарат
  • 18 Тамыз, 2022

ПРЕЗИДЕНТ СИНГАПУРҒА БАРАДЫ

Сингапур Республикасына алғашқы ресми сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сингапур Республикасының Сыртқы істер министрі Вивиан Балакришнанмен және Еңбек ресурстары министрі, Екінші сауда және өнеркәсіп министрі Тан Си Ленгпен келіссөздер жүргізді.

Қазақстандық делегация құрамына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, «Астана» Халықаралық қаржы орталы­ғы­ның басқарушысы Қайрат Келімбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ төрағасы Мейіржан Юсупов кірді.

Сингапур СІМ басшысымен келіс­сөздер барысында тараптар екіжақты ын­ты­мақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, жоғары дең­гейдегі сапарлар кестесі  айқындалды және сауда-экономикалық, инвестициялық көлік-логистикалық және мәдени-гу­манитарлық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективалары қаралды. Қазақстан мен Сингапурдың Еуразия мен Оңтүстік-Шығыс Азияның транзит-логистикалық хабы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.

–Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы басты саяси серіктестерінің бірі. Үш онжылдық ішінде біз сенімді саяси диалог пен маңызды экономикалық және мәдени байланыстар орнаттық, – деді М.Тілеуберді. Қазақстан мен Сингапур басты халықаралық мәселелерге ортақ және жақын көзқарастарға ие деп қосты ҚР СІМ басшысы.

Министрлер алдағы жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойының маңыздылығын атап өтіп, осы мерейтойды мерекелеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылады.

Тараптар екі ел арасындағы тауар айналымы артуының оң трендін атап өтті, осылайша 2021 жылы ол 1 млрд астам АҚШ долларын құрады және биыл 3 есе өсім күтілуде. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында ғана екіжақты сауда көлемі 926 млн АҚШ долларға жетті.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні Сингапурға жасаған ресми сапарының екінші күні Сингапур Республикасының Президенті Халима Якуб Истана ресми резиденциясында қабылдады.

Тараптар елдеріміз арасындағы қаты­настарды одан әрі нығайту және эконо­микалық байланыстарды кеңейту мәсе­лелерін талқылады. М.Тілеуберді Сингапур басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен сәлемін жеткізді. Мемлекет басшысының Сингапурға алдағы ресми сапарын ұйымдастыру мәселелері қозғалды.

Министр сұхбаттасын Конс­титуцияға толықтырулар мен түзетулер енгізу бойынша елде өткізілген жалпыхалықтық ре­ферендумның нәтижелері, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша саяси және эко­номикалық реформалары туралы егжей-тегжейлі таныстырды.

Х. Якуб ҚР Президентіне жылы ле­бізін білдіріп, Қазақстан мен Сингапур ара­сындағы сенімді диалог пен өзара қолдауға негізделген саяси диалог пен өзара тиімді серік­тестіктің жоғары деңгейін атап өтті.

Сингапур Президенті Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге ұмтылудағы, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің алдағы саммиті және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберіндегі Қа­зақ­станның қызметін жоғары бағалады.

Сол күні СІМ басшысы М.Тілеуберді Сингапур Республикасы Премьер-Ми­нистрінің орынбасары – Қаржы министрі, Халықтық іс-қимыл партиясының төртінші буын (4G) командасының саяси көш­басшысы Лоуренс Вонгпен келіссөздер жүргізді.

Қазақстанның Сингапурмен ынтымақ­тастығының маңызды элементі көліктік, сауда-эко­номикалық және инвес­ти­циялық өзара іс-қимыл болып табылады. Осыған байланысты тараптар экономикалық кооперация жобаларын және өзара тиімді ынтымақтастық бағдарламаларын ілге­рілету мәселелерін егжей-тегжейлі тал­қылады.

Еркін ҚАЛДАН

4021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы