• Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2022

ШЕКАРА АСЫП КЕЛГЕНДЕР ШЕТІН МӘСЕЛЕНІ ТҮСІНУІ ТИІС

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»   

    Ресей Президентінің жартылай ішінара жұмылдыруға қатысты жарлы­ғынан кейін Қазақстанға ағылған көршілерде есеп жоқ. Көбейді. Әлі де болса, ағылып келіп жатар. Мұның бар­лығы да қазақстандықтарды алаң­дат­қаны рас. Үш күндей үнсіз қалған үкімет ақыры тіл қатты.Қайтпек керек?
-Шетел  азаматтарына қызмет заң аясында ғана көрсетіледі. Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік. Сонымен бірге арендалық тұрғын үй бағаларының өсуінен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр. Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет.Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін басымдық. Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармауы керек. Ал  көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда, – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайлов.

БӘРІ ЗАҢ АЯСЫНДА БОЛУЫ КЕРЕК

Әрине, бәрі де заң аясында болғаны дұрыс. ­Ресейден келгендер  визасыз бір ай, жалпы қосқанда 90 күн Қазақстанда бола алады. Келгендер қазірдің өзінде Қазақстандағы Ресей елшілігінде тіркеуден өтіп жатыр. Үшінші бір елге шекара асып өтіп жатқандары да бар. Қалай айтқанда да, қазақстандықтардың алаңдауы орынды. Ал елге келіп ЖСН алып жатқан ресейліктер жетерлік. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ішкі істер министрлігі Көші- қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов Қазақстанға келген шетелдіктердің дерегін шекара қызметінің ақпараттық жүйесінен алатынын айтты.

– 21 қыркүйектен бастап 98 мыңдай ресейлік көлікпен кіріп, 64 234 ресейлік көлікпен шығып кеткен. Соңғы бір аптадан бері 8 мыңнан сәл асатын Қазақстан резиденті емес адам ЖСН алды, – деді Аслан Аталықов.

Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Пәтерін жалға беретін қазақстандықтар тиісті орындарға келген адамдар туралы хабардар етуі тиіс». Аслан Аталықовтың дерегіне сенсек, Қазақстанға келген шетелдіктер туралы хабар бермегені үшін жауапкершілікке тартылғандар азаймай тұр. 

– Келушілер туралы уақытылы хабар бермегендер заңмен әкімшілік жауапкершіліккке тартылады. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 518-бабы бар. Онда жеке тұлғаларға ескерту, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне  15, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне  20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, –деді Аслан Аталықов. Оның дерегінше, осы жылдың басынан бері келген шетелдіктер туралы дер уақытында хабарламағаны үшін 17 533 қабылдаушы адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

КЕЛУШІЛЕРДІҢ  ІС-ӘРЕКЕТІ ҚАДАҒАЛАНА МА?

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуанты­ровтың айтуына қарағанда, қазақстандықтар арасында сұраныс болмағандықтан, гастербайтерлер келіп істейтін жұмыстың бірнеше салалары бар. 

– Қазақстандықтар істегісі келмейтін маусым­дық жұмыстар жетерлік. Мәселен, құрылыс саласына жұмыс қолы қажет. Бірақ бірінші кезекте біз Қазақстан азаматтарын жұмысқа орналастыруды ойлаймыз. Ал қалғанының бәрі екінші сатыдағы мәселелер, – деді Ұлттық экономика министрі.

Рас, Ресейдегі әскери жұмылдырудан қашып, елімізге келіп жатқандарға тосқауыл қоюға бола ма? Әртүрлі чаттар ашып, Қазақстанда жұмыс ұсынып жатқандар да бар. Жалпы қауіпсіздік, сақтық шараларын да көзден таса қалдыруға болмайды. Бұл орайда олардың құрған чаттары қадағалана ма?

– Әрине, бүкіл әлеуметтік желілерге, басқа ресурсртарға да мониторинг жүргізіліп жатыр. Бірақ мынаны атап өту керек. Қазақстанда бәрі заңнамамен айқын реттелген. ЖСН алу да, сырттан келушілердің құзырлы органдарға хабар беру тәртібі де заңнамада нақты көрсетілген. Сондықтан еріктілер мен өзге тұлғалар көмектесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатса, бұл жерде біз оларды шектей алмаймыз. Дей тұрғанмен, қандай да бір көлеңкелі алаяқтық жайттар тіркелсе, әрине олардың жолы ­­кесіледі,  –  деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Әрине, келіп жатқан адамдардың барлығына жұмыс тауып беруге Қазақстан тарапы міндетті емес. Ертең олар шектен тыс көбейіп кетіп, өзіміздің отандастар жұмыссыз қалып жүрмей ме? Халықтың ойында осындай да күмәннің бары жасырын емес. 

– Біз ЕАЭО шартында көзделген халықаралық міндеттемелерді негізге аламыз. Біріншіден, бізде стратегиялық салалар бар, онда қазақстандық қызметкерлердің үлесі айқындалған. Егер шетелдіктердің саны бұл үлестен асып кетсе, біз осы салаға жұмысқа қабылдауды тоқтатамыз. Салалар тізімін тиісті органдар анықтайды. Қазір ­Ресейден де, басқа елдерден де келіп жатқандардың саны ұлттық еңбек нарығында ауыртпалық тудырмайды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстан нарығында қазір 31 мыңға жуық ресейлік жұмыс істеп жүр.

 

ҚАНДАСТАРҒА АРНАЛҒАН  «ҚАЗАҚ КАРТАСЫ»

Министр Дүйсенова еліміздің ішкі көші- қон мәселесіне қатысты да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. Оңтүстік өңірден солтүстікке көшіп келген қоныстанушыларға бірталай жеңілдіктер қарастырылған.

– Бірінші өзгеріс – көшетін азамат жұмыс орнын белгілеуі керек. Яғни жұмыс берушілер немесе сол жердегі жергілікті атқарушы органдар жұмысқа орналастырады.Екінші өзгеріс – жұмыс орны белгілі болған соң, қажетті келісімшартты жасаған соң, ынталандыру сертификаттары беріледі. Мұнда олардың алатын баспанасының 50 пайызын құрайтын шамадағы қаражат қолына бөлінеді. Бұл қаражатты азамат үй салуға немесе сатып алуға, болмаса «Отбасы» банкіне бастапқы капитал ретінде сақтап, одан кейін сатып алуына да мүмкіндік болады, – деді министр Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ этникалық қазақтарға берілетін «Қазақ картасының» да артықшылығы бар. Мұны шетелдегі қандастарымыз толық пайдалана алады. Бұл картаның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, тұру құқығымен бірдей болатын елге жеңілдетілген кіру құқығын пайдалана алады. Бұл жеңілдікке  бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу құқы кіреді.

– Қандастарымыз жөнінде еш мәселе жоқ. Олардың келуі бүгінгі таңда қолданыстағы заңда толық қамтылған. Сонымен бірге шетте жүрген, өз бизнесі бар, бірақ елмен тарихи байланыста болғысы келетін этникалық қазақтар да бар. Сондықтан «Қазақ картасы» деген әлемдік тәжірибедегі карталардың бірін қолданбақшымыз. Ондағы негізгі түйін – егер шетелдегі этникалық қазақ «сол елде тұра берем, бірақ еліме келіп, бизнес ашып, өз елімнің дамуына үлес қосам» десе, олардың келіп-кетуіне толық мүмкіндік беріледі және жеңілдетілген визалар беріледі.10 жылға дейін уақытша тұру мүмкіндігін алады, – деді министр Тамара Дүйсенова.

ПӘТЕРДІ ЖАЛҒА АЛАТЫНДАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Тағы бір мәселе, Ресейден, әскери ішінара жұмылдырудан елімізге қашып келгендердің әкөші үйді жалдау бағасын күрт көтеріп жіберді. Бұл баспанасы жоқ қазақстандық азаматтарға қиын тиді. Тіпті қожайындары ақша жасап қалуға ұмтылып, өз қаракөздерімізді үйінен шығарып жатыр. Соңғы бірер аптада мұндай оқиғалар жиі кездесті. Бұл орайда бағаны аспандатқандарды сабасына түсіріп, жалдау бағасын реттеуге бола ма? Премьер-министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жалдамалы пәтер бағасын реттеу өте қиын екенін айтты. Серік Жұманғаринің ойынша,  «әр азаматқа барып, қандай баға қою керектігін айту ақылға сыймайды». Демек, пәтерді жалдау бағасы көтеру үй иесінің ар-ұятына байланысты.Бірақ мұны қалай реттеуге болады? Премьер - Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев  бұл орайда пәтерді жалға алатындар өз құқын қорғауы үшін заңнамаға сәйкес, үй иесімен келісімшартқа отыруы тиіс деп есептейді.

– Бірнеше айға келісімшарт бекітсе, онда пәтер иесі жалдау құнын кез келген уақытта көтере алмайды. Заңға, сотқа жүгінуге болады. Сонымен қатар пәтерін жалға беріп отырған адам өзінің табысы аясында салық төлеуі тиіс. Аталған шарт болмаса, Мемлекеттік кірістер комитеті бірден тексере алмайды, заңсыздықты анықтауы қиын болады. Сондықтан барлық рәсім заң бойынша жүргізілсе, адамдардың құқығын қорғауға көмектесеміз. Пәтер иелері заңсыз әрекеттерге жол берсе, тұрғындар сотқа жүгіне алады, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Бірақ бұл мәселенің қиындығы мынада: жекелеген адам немесе отбасы пәтерді жалға алғанда үй иесімен ешқашан келісімшартқа отырмайды. Сондықтан үй иесі бағаны көтереді, ойына келгенін істейді. Ақырында пәтерді жалдағандар зардап шегеді. Ал асқынып тұрған түйінді мәселені үкімет реттей алады дегенге сену қиын. Өйткені екі жақ қағаз жүзінде келісімге отырмайды, бәрі ауызша жүзеге асады. Жалпы айтқанда, соңғы аптада Ресейден жөңкіле көшкен жұрттың көші тұрғын үй мен жалдау нарығында әлі де шешілмеген күрделі мәселелердің барын айқындап берді.

545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы