• Қоғам
  • 29 Қыркүйек, 2022

Серік ҚИРАБАЕВ: АКАДЕМИЯНЫҢ АХУАЛЫ МӘЗ ЕМЕС

Ұлттық Ғылым академиясының академигі, аса көрнекті әдебиет сыншысы, ғұлама ғалым Серік Қирабаевтан көз жазып қалғанымызға да бір жыл толыпты. Бұрнағы күні Астанада ғалымның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату рәсімі өтіп, оның ашылуына зиялы қауым өкілдері, Серағаңның шәкірттері, отбасы қатысты.

25  жасында «Қазақ совет әдебиеті» оқулығының авторы атанған ол, Сауытбек Абдрахманов айтқандай, ұлт әдебиетінің абызы мен аңызына айналған адам. Отандық ғылымның бүгіні мен ертеңіне өмірінің соңына дейін алаңдап өткен саңлақ соңына аманат сөзін де қалдырып кетіпті. «Халық арасында ғалымдарға қатысты тарай бастаған өсек-аяңды тыю үшін сапалануды бірінші кезекке қойған шарт. Жасырып не керек, билік басшылары, Парламет мүшелері, министрлер, әкімдер түгел қорғап бітті» дей келе, ғалым бұл ойына өмірдің өзінен өткір мысалдар келтіреді.Ғұламаның қолжазбаларының арасынан табылған құнды  жарияланым «Егемен Қазақстанда» («Ғылымға қамқорлық – мемлекеттің міндеті». 21.09.2022) толық жарияланды. Біз бүгін аталған мақа­ладан ұстаз алдындағы шәкірттік парызымыздың бір өтеуі ретінде, өзі өмірінің соңғы жылдарында елді елең еткізген жарияланымдарымен белсенді қатысып, жанашыры болған «Ана тілі» оқырмандарының да назарына ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.

 

...Дәстүрлі Ғылым академиямыз – ғылыми зерттеу институттарын біріктіретін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын орталық еді. Сол құрылым объективті-субъективті себептен тарауға, мәжбүр болды.

... Академияның хал-ахуалы мәз емес. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі. «Қоғамдық ұйымдарға қаржы берілмесін» деген Үкіметтің заңы бар. Қазір қоғамдық негіздегі Жазушылар, Суретшілер, Композиторлар одақтары күйреді. Ұлттық театрды да Үкімет қамқорлығынан алып тастадық. Бұл – біздің ұлттық мәдениетіміздің да­муына үлкен сын. Ұлттың болашағы, білімі мен ғылымы, мәдениеті үшін дұрыс ойласты­рылмаған шешім – орны толмас олқылық деп ойлаймын. Ерте ме, кеш пе, түбі біз осы кемші­ліктерді түзеуге ораламыз. Олардың орны үңірейіп қалғанын, хал-ахуалы жүдегенін сол кезде сеземіз.

Біз шау тартсақ та, осы академияның нанын жегеннен кейін, азды-көпті қамқорлығын көргеннен соң жұмыс істеп жүрміз. Бір кезде ең табысты адамдар – академиктер болатын. Айына мың сомнан асырып алған кездеріміз болды. Ол тұста Орталық комитеттің хатшысы 500 сом алатын. Ал қазір ғылым саласында жүрген ғалымдар ең төменгі жалақы алады. Қазіргі тиын-тебен төлейтін академияда жас ұрпақ ғылыммен айналыса ма! Ертең академияны қайта құратын болсақ, онда мамандарды қайдан табамыз?  

...Ғылым – қоғамдық сананың өзіндік ерекшеліктері мол ең бір күрделі саласы. Оны ғылымның қара жұмысын атқарған, проблемалары мен ішкі қыры мен сырын жақсы білетін, оны терең түсінетін адамдар ғана басқара алады. Ол шенеуніктік басқаруды көтере алмайды. Білім және ғылым министрлігінің ғылым жүйесіне іштей кіре алмай, одан ылғи да сырт қалатын себебі де осында.

...Мүмкін болса, таза ғылым жүйесінде ғылыми зерттеу институттары мен жоғары мектептерде істейтін адамдар үшін дәстүрлі диссертация қорғау секілді талап енгізген дұрыс.

Халық арасында ғалымдарға қатысты тарай бастаған өсек-аяңды тыю үшін сапалануды бірінші кезекке қойған шарт. Жасырып не керек, билік басшылары, Парламент мүшелері, министрлер, әкімдер түгел қорғап бітті. Билік жүйесінде қызмет істейтін адамдардың қалай қорғағанын зерттеу де – өзекті тақырып, бәлкім заң мен тәртіп тақырыбы. Баяғыда Әзербайжан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ахундов деген кісі болды. Сол медицинадан докторлық диссертация қорғаған кезде бір қарсыласы: «Медицинада эксперимент жасаудың өзіне 4-5 жыл уақыт керек. Және диссертация дайындау үшін сондай уақыт қажет. Егер сіз уақытыңызды шын ғылым үшін пайдалансаңыз, Орталық Комитетте жұмыс істемеген болып шығасыз. Ал Орталық Комитетте жұмыс істесеңіз, ғылым үшін уақытты қайдан таптыңыз?» деп сұрақ қойған. Осы әңгіме орталыққа жетіп, Ахундов партия жұмысынан кетуге мәжбүр болған. Мәселені осылай қабырғасынан қоятын сұраулардың жоқтығы  – біздің шенеуніктерді атақкұмар етіп жібергені шындық кой. Солардың көбі жұмысынан босай қалса, не ғылымға, не жоғары мектепке сабақ беруге бара алмайтыны да даусыз. Ондайдың талайын көрдік, көріп те жүрміз.

Ғылымға камқорлық, ғылымға жауапкер­шілік – мемлекеттің міндеті, елдің парызы. Бізді осы мәселе қатты аландатады.

2016 жыл

1020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы