• Қоғам
  • 13 Қазан, 2022

АҚЫРЗАМАН

Дағжан Белдеубай
«Ana tili»

Апокалипсис ұғымын қазақ ақырзаман немесе заманақыр деп те атайды. Негізінен,  қазір ақырзаман атауын көбірек қолданғанымызбен, қазақ ақын-жыраулары заманақыр сөзін (заманақыр кезінде, ұл сыйламас атасын – Шортанбай) қолай көргенін байқаймыз. «Заманақыр – жер тақыр» немесе «Қарап тұрған жігітке қыз артылар» деген сөздердің бәрінен ата-бабамыз адамзаттың ақырын – ұлттың азып-тозуы мағынасында түсінгені көрінеді. 

Діни мистикалық тұрғыдан «Жерден Мәді шығып, Көктен Қайса (Иса) түсетін» алапатты жыр қылып айтар еді. Одан бөлек «Ақырзаман болады екен…» деп дүрліккен кезеңдерді өз көзімізбен де көрдік. Бірнеше жылдың алдында «Жарықтың бәрі өшіп қалады екен…» деп Алматыда да жұрт дүкендердегі майшам атаулыны түгел сатып әкеткеніне куәміз.

Ал ғылыми тұрғыда үшінші дүниежүзілік соғыс болса, жер бетінде ақырзаман орнайтынын ғалымдар жоққа шығармайды. Әсіресе қазіргі Украина жерінде болып жатқан соғыстың соңы, ядролық апатқа апаруы мүмкін деп әлем халқы алаңдаулы. ­Ресей тарапының басып алған жерлерін қорғау үшін «қолдағы бар мүмкіндікті түгел пайдаланамыз» деген ескертуі  қажет болса, жаппай қырып жоятын каруларды да қолданамыз болып қабылданғаны анық.

Бір мемлекетте соғыс болып жатса, өз еліңді ойлайсың. Кезінде «КСРО-ның жаназасы Алматыда шығарылды» деп сүйіншілеткеніміз есте. Сонда ТМД құрылып, сол Тәуелсіз мемлекеттер бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындайтыны – «Алматы декларациясы» болып тарихта қалды. Қол қойысып, қауқылдасқан топтың жуан ортасында Ресейдің де, Украинаның да басшылары болды. Оны айтасыз, Қазақстан секілді Украина мен Белоруссия да ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Оларға осы бейбітшілік сүйгіш қадамдары үшін ядролық қарулы державалар кепілдік бердік десті. Ал енді сол декларация мен кепілдік деп желпіндірген әрекеттер, құр жел сөз болып қалғанын көріп отырған жоқпыз ба? Қазақстан жағдайында Семей полигонының жабылғанын ешкім бұрыс деп айта алмайды. «Бірақ қолда бар ядролық қарудан бас тартпау керек еді» деп ойлайсың. Рас, ол кезде оны ұстауда қиындықтар болған шығар, дегенмен әлемдегі қарусыз елдердің хәлі қалай екендігін сараптау жетіспегендей. Қазіргі Пәкістан, Израиль секілді елдердің өз мүдделері үшін соғыса кетуге дайын еркіндігін көріп қызығасың. Олар біз секілді ең аяғы мемлекеттік тілін төрге шығара алмай бүгежектеп отырған жоқ. Мемлекеттер де – жеке адам секілді. Сені бөгделер басынбау үшін де қолыңда қару болуы керек.

Қазір Украинада атом электр станциясы болғанымен, ядролық қаруы жоқ. Олар әлемдегі қаруы бойынша екінші армия атанған Ресей әскерін шегінуге мәжбүрлесе, артында тұрған АҚШ пен Еуропаның арқасы. «Спектакльдің басында сахна төрінде мылтық ілулі тұрса, соңына дейін әлгі мылтық атылуы керек» деген қисын кейде дұрыс болмайды. Қаруы бар үйге жұрт баса көктеп кіре алмасы да өмірлік тәжірибеде бар шындық. Ядролық қарудан бас тартқан Украина жер бетінен жойылып кету қаупімен бетпе-бет келіп тұр.

Бүгінде саяси стратегтер мен сарапшылар күні бұрын әлемнің қай шегінде, қандай соғыс болуы мүмкін екендігін болжайды. Болжап қана қоймайды, соны айту арқылы адамдардың санасын, түсінігін алдын ала дайындайды. Ол жерде белгілі бір елдің, белгілі бір топтарының мүдделері болатыны анық. Мұны соғыс технологиясының алғы шарты деуге де болар. Украинаға Ресей соғыс ашатынын Ельцинмен соғысып опат болған Жохар Дудаев та айтыпты. Путинге бірден-бір саяси бәсекелес бола алған, тапа-тал түсте оққа ұшқан Борис Немцов та дәл болжапты. Солар секілді Владимир Жириновский, тіпті болашақта болатын соғыстың себеп-салдарын жіліктеп тұрып түсіндіргеніне бүгін көз жеткізіп жатқан жайымыз бар. Владимир Вольфовичтің тәпсірлеуінше, дүниежүзілік екінші соғыста КСРО басшылары дұрыс істемепті. 1939 жылы немістер Польшаны басып алған кезде-ақ соғысты Кеңес Одағының өзі бастауы керек екен. Себебі көп. Орыс халқының жағдайын ойлап қабырғасы қайысып өткен Жириновскийдің арманы орындалып, бұл жолы соғысты Ресей өзі бастады. Немен аяқталарын әзірге дөп басып айту қиын.

Дегенмен Қырым көпіріндегі жарылыстан кейін, Украина­ның үлкен қалаларына зымырандар жауып кеткеніне қарап, ядролық соғыстың жақын қалғанын болжай беруге болар. Қырым демекші, сол бір жұмақтай өлкенің кезінде Алтын Орданың, онан кейін Осман империясының иелігінде болғанын қазіргі оған таласушылар айтуға құлықсыз болғанымен, біз айтуға құқылымыз.

Егер Украина жағы Қырымды өздеріне қайтарса, Мәскеу оған төзе алмайтын сыңайлы. Біздіңше Кремль үшін басып алынған өзге облыстар бір төбе де, Қырым бір төбе. Доқ көрсету үшін жиі айтылатын «қызыл сызық» Қырым болар. Ары қарай Еуропаға ядролық ақырзаман орнауы ғажап емес. Батыстың үлкен-үлкен сөйлейтін саясаткерлері неге сеніп отырғанын түсіну қиын. Бір тұрғыдан жападан жалғыз қалған Ресейді сол алапат апатқа итермелей түскен секілді. Бірінші болып Ресей ядролық қару қолданса, Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Украинаға НАТО-ның әскері енгізіледі. Нағыз ақырзаман сонда басталмақ.

Соғыстың аты – соғыс. Адамзат тарихын – соғыстар тарихы деп те атайтынымыз бар. Онда зардап шегетін, қырылатын тек қарапайым халық. Бұл жолы да Украинаның бейбіт тұрғындары қасірет шегуде. Қару да, әскери адамдар да негізгі мәселені шешпейді. Қырғын соғысты бастайтын да, аяқтайтын да – саясаткерлер.

Ядролық қарудың әлемдегі ең алғашқы патентін алған Фредерик Жолио-Кюриді немесе «атом қаруының атасы» деу­ге толық негіз бар, америкалық ғалым Роберт Оппенгеймерді бүгінде ешкім еске алмайды. Тек сол қаруды қолдануы мүмкін саясаткерлердің ісіне әлем халқы алаңдаулы. Мұндайда қазақ «патшаларға сабыр берсін», – дейді.

Иә, сабыр, сабыр!

1408 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы