• Қоғам
  • 20 Қазан, 2022

МӘДЕНИЕТ МӘНІ

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

Адамға біліммен бірге қажет болатын негізгі құндылықтың бірі – мәдениет. «Мәдениет адам қолына бір-ақ күнде қазіргі күйде келіп түсе қалмағаны һәркімге мағлұм. Мәдениетке негіз салушы адамның ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі» депті Мұхтар Әуезов. Кемеңгер тұлға мәдениет пен ұлтты бірге қарастырады. Мәдениетке ұмтылуды, дамыған жұрттардың өркениетті қоғамы жасап отырған істерден (қажеттісінен) өнеге алуды, өнеге алып қана қоймай, оны әркім өз тұрмысына ыңғайлап түрлендіруді меңзеп: «һәр бір ұлт мәдениетін ұлттық қылып салуды енді иман қылатын күйге келді» дейді.

Мәдениет те уақытпен бірге өркендеп, дамып отырады екен. Анығы, оны дамытатын – адам. Көшпелі қазақтың өмірінде мәдениет баяу дамыған себебін жазушы халық тұрмысымен түсіндіреді. Қала өркениеті ерте қалыптасқан Еуропада мәдениет жүз жылда емес, тіпті он жылдың ішінде түрленіп отырғанын мысалдайды. Мәдениет ғылыммен егіз. Түптеп келгенде, ғылым мәдениетке қызмет қылатын көрінеді. Адамзаттың дамуын алға жылжытқан астрономия, зоология, биология, микробиология, телеграф, телефон жайларын тексеретін ғылымдар мәдениеттің игілігіне қызмет етіп отырғанын жеткізеді. Соның бәрі де айналып келгенде адамды «барлық дүниенің сыр-сымбатымен таныс қылып, көкірегін ашып, ақыл ауданын кеңейтіп, бір жағынан, дүниені адам ақылына құл қылу». 

Бір ғасыр бұрын кемеңгер Әуезов ұлттар мәдениетін осылай түсіндіреді. Ал содан бері не өзгергеніне көңіл бөліп қарайықшы. Қазақ жүз жылдан кейін мәдениеті қарыштап дамыған ұлттар қатарына қосыла алды ма? Білім, ғылым тұрғысынан қазақ көштен қалып қойды деп айту қиянат болар еді. Зымыран жылдамдығымен жылжымаса да, басқа ұлттардан қалып қоймауға
тырысып келеді. Бұның бәрі мәдениеттің жалпыұлттық сипаты. Білім, ғылым барлық елде бар. Даму жолдары әрқалай демесеңіз, негізгі мақсаты біреу: адамзаттың игілігіне қызмет қылу.

Мәдениеттің тағы да бір сипаты – жеке адам бойындағы мәдениет. Жеке адамның бойында мәдениет болмаса, қанша жерден білімді көрінгенімен, оның қадірі кетеді. Әуелі өз ортасында, одан кейін ел алдындағы абыройынан айырылады. Қазақ арасында оқыған, білімді азаматты көрсе әлі күнге  «мәдениетті жан екен» деп жатады. Бәлкім, бұл бұрынғылардан қалған әдет шығар. Қазақ не себептен оқыған адамды мәдениетті деп санаған? Жоғарыда Әуезов айтқандай, мәдениет пен білім ұштасқандықтан осылай десе керек. Әйтсе де, бүгінгі уақытта оқымаған адам қалмады деуге болады. Сонда да ауыздағы сөзі мен іс-әрекетіне ие бола алмай, ел алдында шерменде күй кешіп отырған жандар жетеді. Қазіргідей әлеуметтік желі қарыштап дамыған уақытта жеке адам мәдениетінің қай дәрежеде екені айдан-анық көріне бастады. Ашық алаңда кей адамдар бірін-бірі мұқататын, келемеж етіп, әуелі сол әрекеті арқылы өзі мәдениеттен жұрдай екенін әшкерелейтін күн туды. Халық бұндайда «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деуші еді. Адамның өз әрекетіне есеп бере алмауы, ең бірінші кезекте ішкі мәдениеттің жоқтығынан. Жеке бас мәдениетінің төменге құлдырауынан.  

Қазақ әуелі адамның жеке бас мәдениетіне мән беретін халық: «киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады». Алғаш көрген жанның
киген киімі мұнтаздай таза, бойына қонымды болса, ол сенімдірек көрінеді. Бұл адамның жеке бас мәдениетіндегі тазалық, ұқыптылық. Одан кейінгі мәдениеттің ең салмақты көрінісі – ұстамдылық. Бұл адам бойындағы мінездің ең жағымды сипаты. Ұстамды адам көп арасында бейпіл сөйлеуден бойын аулақ салады. Асып-таспайды, өзіне ұят келетін жерді түсіне біледі. Ұстамды адамды жеке бас мәдениеті жоғары жандардың қатарына қосамыз.

Жеке мәдениетке адам бойынағы мінездің сипаттары әсер етеді екен. Адам тумысынан бекзат болмысты боп жаратыла салмаса керек. Оған тәрбие мен орта да үлес қоспай қоймайды. Мінезді қалыптастыратын әуелі ата-ананың тәрбиесі, одан соңғы ұстаз бен құрбы-құрдастың әрекеті. Демек, жеке адам бойындағы мәдениет те түрленіп, дамып отырады. Яғни, Әуезов айтқандай, «мәдениетке негіз салушы адамның ақылы һәм жүрегінің көрген нәрседен әсер алғыш сезімділігі». Адам баласы сезімтал жаратылыс екені рас. Ол жақсыға да, жаманға да иілгіш. Әсіресе жаман әдеттер кісі
бойына тез жұққыш келеді. Қазіргі жастардың мәдениетіне мән беріп қарағанда, түрлі жайттарға кезігесіз: киім киісінен бастап, сөйлеген сөзіне дейін бір-біріне ұқсас. Әлеуметтік желідегі трендттерден қалмау үшін барын салады. Оның сыртқы нәтижесі – ұлттық мәдениетке жат болмыс. Бұл бүгінде қалыпты жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Оған бас қатырып, мән беріп те жатпаймыз. «Заманның ағымы» дейміз де, бар нәрсені уақыттан көреміз. Тұрмысымыз бен әдетімізді де уақыт түзеткенін қалаймыз. Мәдениетімізді де уақыт өзі реттеп беретіндей. Ұлттық мәдениетті айтпағанның өзінде, жеке бас мәдениетімізге мән беріп жүрміз бе? «Мәдениет те мысқалдап кірді» дейді Әуезов. Осылайша, халықтың мәдениеті бірте-бірте қалыптасады. Жеке адам бойындағы мәдениет те солай. Мысқалдап кірген нәрсенің шығуы қалай боларын кім білсін.

985 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы