• Қоғам
  • 03 Қараша, 2022

20 ЖЫЛ: КЕДЕЙЛІК 9 ЕСЕ ТӨМЕНДЕДІ

Халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі белсенді шаралардың арқасында 2001–2021 жылдар кезеңінде Қазақстанда кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Әлеуметтік саясаттың негізгі міндеті және оның тиімділігінің ­басты өлшемі Қазақстан халқының әл-ауқатын ұдайы арттыру. Елдегі кедейлік деңгейінің серпінді төмендеу үрдісі 2000–2005 жылдар кезеңінде қолданыста болған республикалық бағдарламаларды іске асырудың нәтижесі болды. Бұл үдерісте 2002 жылы күшіне енген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңның қабылдануы ерекше рөл атқарды. Бұл құжатта қандай да бір объективті себептерге (жасына, уақытша еңбекке жарамсыздығына, денсаулық жағдайына, жұмыстың болмауына және т.б.) байланысты өз тыныс-тіршілігі үшін жағдайларды қамтамасыз етуде қиындық көріп отырған табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсетілді.

Елдің индустриялық дамудың жаңа кезеңіне өтуі жағдайында қол­даныстағы ең төменгі әлеу­меттік стандарттарды қайта қарау, АӘК күшейту, өмірлік қиын жағдайды еңсеру үшін отбасылардың еңбек белсенділігі мен күш-жігерін ынталандыратын белсенді саясатқа көшу қажеттілігі қа­лыптасты. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі түзетілді. Негізгі бағдар еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстары мен мемлекеттік қолдау мөлшерлерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болды. Енгізілген шараларды іске асыру кешенде жүзеге асырылады және көпбалалы аналарды қолдауды, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілдік берілген әлеу­меттік топтаманы қамтиды.

Атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің (АӘК) жаңа тәсілдері мыналарды көздейді:

1) табысына қарамастан 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға отбасындағы балалардың санына байланысты сараланған мөлшерде төленетін мемлекеттік жәрдемақы. 2022 жылы 4 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы мөлшері 16,03 АЕК – 50 975 теңге, 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК – 63 727 теңге, 6 баласы бар 24,05 АЕК – 76 479 теңге, 7 баласы бар 28,06 АЕК – 89 231 теңге, 8 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға – әр балаға 4 АЕК-тен болды.

2) АӘК көрсетудің қолданыс­тағы жүйесін жаңғырту:

– АӘК тоқсан сайынғы тағайын­дауы қайтарылды;

– еңбекке қабілетті АӘК алу­шы­ларға қойылатын талаптар күшейтілді;

– учаскелік комиссиялар институты күшейтілді.

3) оқу орны бойынша тегін тамақ­тануды, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, мектеп нысаны мен керек-жарақтарымен қамтамасыз етуді, мектеп жасына дейінгі балалар үшін – азық-түлік жиынтықтарымен және гигиеналық керек-жарақ­тармен қамтамасыз етуді көздейтін 1 жастан 18 жасқа дейінгі табысы аз отбасылар қатарындағы балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді.

Осы жылдың 1 қазанына АӘК 129 мың отбасына немесе 668 мың адамға тағайындалды, жалпы алғанда АӘК алушылардың 22%-ы шартсыз ақшалай көмек, 78%-ы шартты ақшалай көмек алды.

Шартты ақшалай көмек алатын еңбекке қабілетті АӘК алушылар қатарынан жұмыспен қамтылғандар және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандар саны 70 пайызды құрайды.

2022 жылдың 1 қазанына әлеу­меттік топтама алушылар саны 343 мың баланы құрады, оның ішінде азық-түлік пакетін 1 жастан 6 жасқа дейінгі 178,4 мың бала алды, «Жаппай оқыту» қоры шеңберінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі 164,6 мың бала көмек алды.

Жалпы республика бойынша 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 43 млрд теңге төленді. Еңбекке ынталандыруға және табысы төмен отбасылардың өмірлік қиын жағдайды еңсеруіне бағытталған, енгізілген шаралар АӘК алушылар санын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 1,4 есеге төмендетуге мүмкіндік берді.

Жалпы жаңа тәсілдер табысы аз аза­маттарға көмек көрсетудің атаулы­лы­ғын, ашықтығын және әділ­дігін қам­тамасыз етуге мүм­кіндік берді және оларға еңбекке жаңа серпін береді.

738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы