• Ақпарат
  • 09 Қараша, 2022

Англиядан ақжолтай хабар

Қазақ қызы Жаннат Алшановаға Ұлыбританияның Кино және телевизия өнерінің Академия­сынан арнайы хат келді. Арнайы жолданған хатта қазақ қызының Ұлыбритания режиссерлер қауымдастығына мүше болғандығы туралы  ақжолтай ақпарат бар. Академия қысқашалай айтқанда, «BAFTA Connect» деп аталады. 

– «BAFTA Connect қауым­дас­тығына мүше болу – сіздің киноиндустрия саласына қосқан үлесіңіз. Қауымдастыққа мүшелікке өту болашақ қадамыңызға жарқын жол ашады және шығар­ма­шылығыңыздың дамуына үлкен көмегін тигізеді деген ойдамыз. BAFTA қауымдастығына қосылу арқылы сіз киноиндустрия сала­сындағы жетістіктерге куә бола аласыз және әлемдік жетекші қайы­рымдылық ұйымының бір бөлігіне айналасыз», – делінген жолданған құттықтау хатта. 
Нақты айтар болсақ, Британия­ның кино және телевизия өнері академиясы – аталған елдің тәуелсіз қоғамдық-қайырымдылық ұйымы. Сондай-ақ аталған академияның киноиндустрия, телевизия өнері сонымен қатар компьютерлік ойын мен ба­ла­ларға арналған өнер саласында табыс етілетін арнайы марапаты бар. 
Академияның өз тарихы да бар. 1947 жылдың 16 сәуірінде Дэвид Линнің жетекшілігімен құрылған академия 1976 жылдан бастап, Британия кино академиясы деп аталады. Кейін оған телевизия саласы қосылды. Академияның лауреаттарына сыйлық ретінде алтын маска тапсырылады. Нақты айтқанда, әлемдік кино саласында үлкен орны бар Академия мен қауымдастыққа қазақ қызының мүше болуы – бұл үлкен жаңалық. 
Ал қауымдастықтың алғашқы жүлдесі алғаш рет 1948 жылы Лондонда берілгенін айта кету керек. 
Оқырманға таныстыру үшін айта кетейік. Ұлыбританияның BAFTA Connect қауымдастығына мүше болып отырған Жаннат Алшанова кім? Жаннат 2007 жылы Қазақстан Менеджмент экономика және болжамдау институтын біңтірген. Мамандығы – іскерлік әкімшілік және бугхалтерлік есеп. 2009 жылы Испаниядағы маркетинг және жоғары бизнес мектебін маркетинг мамандығы бойынша магистратурасын бітірді. Бірнеше жыл бизнесті жоспарлау, маркетинг және менеджмент саласында жұмыс істеді. 2001 жылдан бастап, Жаннат Алшанова кино саласына біржола бет бұрады. «Марко Поло» түсірілімінде ассисент, сосын Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмінің түсірілім аумағында фотограф болып жұмыс істейді. Сонан кейін кішігірім әңгімелер мен сценарий жазып, өзін драматургия, кино және актерлік шеберлік саласында көрсете бастайды. 
2015 жылы Жаннат Лондондағы Лондон кино мектебіне түсіп, киноөндірісі саласының шебері бойынша бітіріп шығады. Ол оқып жүргенде-ақ, бірнеше қыс­қаметражды фильмдерге (АҚШ, Түркия) продюсер болады.  Бір­неше фестивальге қатысады. 
Киноиндустрия саласын жетік меңгерген маман сөйтіп, Ұлыбритания режиссерлер қауым­дас­тығының мүшесі атанды. Біз қазақ қызын айтулы жетістігімен құттықтаймыз. Ал Жаннат Ал­шано­ваның сүйікті отандық киносы Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі екендігін айта кетейік.
Локарнода өткен кинобайқауда Жаннат Алшанованың «Өркениет тарихы» фильмі «Күміс сілеусін» марапатын жеңіп алды. Ал 2018 жылы «Біз разылығымызды білдіреміз» фильмі Оңтүстік Африкадағы байқауға қатысты. 2019 жылы Жаннат Алшанова тағы бір фильм түсіріп, Локарнода оның таныстырылымы өтті. Сондай-ақ аталған фильм «Сандэнс» фестиваліне қатысты. 

478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы