• Руханият
  • 09 Қараша, 2022

ЖАС БАЛА ТУРАЛЫ ТҰРАН АҢЫЗЫ

Бозторғай

И.М. Стеблин-Каменский аударған «Авестадағы» Ардвисур яшттың ХХ-шы аятында былай делінген: 81. «Құрбандық шалды оған, Фриянның ұлы Тур Йошта да, байтақ Ранха өзенінің ағысындағы аралда, Жүз жылқы және мың сиыр және он мың мириад қойларын» 82. Ол Ардвиден былай сұрады: «Игі Ардви-Сура, Тұнған зұлым Ахатьяның тоқсан тоғыз қиын жұмбағын, Жамандық сұрап қойғанда, Таба алуға жауабын, Жеңе алуға зұлым Ахатьяны, Сәттілікті бере көр 83. Оған Ардви Сура мынадай сәттілікті береді: Кім құрбандықты әрқашан дұрыс жасаса, сәттілік соған» (Авеста, 188 б.).
Ал Брагинскийдің аудармасында дәл осы мағына сәл басқаша аудармамен берілген: «Және мен зұлым Ахатьяның қиын әрі шатастыратын тоқсан тоғыз сұрағына жауап беруім керек» (Авеста, 213 б.).
«Авестаның» орысша аударма­ларын құрастырушы И.В. Рак «Фриян­ның ұлы Явишта туралы ертегі» пехлеви композициясы эпизодтарының бірі ғана деп көреді. Профессор А. Амбарцумян 1996 жылы «Петербург шығыстануы» басылымының 8 шығарылымында жариялаған мақаласында осы аңызға егжей-тегжейлі тоқталған. Оның айтуынша, үнді парсыларының бірнеше қолжазбаларында сақталған бұл аңыздың бізге кейінгі парсылық өңдеуі жеткен, олардың ең алғашқысы 1269 жылдан бас-талады. Хикаяттың орта парсы тіліндегі мәтіні Ирандағы сасанидтер әулетінің билігі кезінде құрастырылған және оның жазылған уақыты VI ғасырдан ары болмаса, бері емес.
Профессор А.Амбарцумянның зерттеулеріне қарағанда, «Йойште Фриян туралы хикаяттың» мазмұны басқа халықтар әдебиетінде де өзіндік көрініс тапқаны сөзсіз. Ол 1870 жылы түркітанушы В.В. Радлов жазып алған қазақтың «Бозторғай» атты кітаби өлеңінен қызықты салыстыруларды табады. Бұл салыстыруларға алғаш рет неміс шығыстанушысы Р.Кёлер назар аударған (қараңыз: Köhler R., 1876. Б. 633 — 636). В.В. Радлов жазғандай, қа­зақ­тың (қырғыз) кітаби өлеңдері өз атауын әншілердің өлеңдерді жатқа айтуынан емес, жазылған кітаптан оқуынан пайда болғандығын айтады. Бұл жырда баяндалған аңыз мұсылмандардың «пайғамбары» Әлі (Әзірет Әлі) заманынан басталады.
«Әзірет Әлі мүмін кедейдің қа­рызын өтеуге уәде береді. Осы мақ­сатта ол алтын іздеуге шығып, бозторғай кейпінде кәпірлер тұратын қалаға ұшып келеді. Молданың он сұрағына жауап бермесең, кәпірлер өлтіреміз деп қорқытады. Ол он сұраққа да дұрыс жауап беріп, өзінің кезегі келгенде молдаға үш сұрақ қояды. Молда сұрақтарға мүдірместен дұрыс жауап беріп, өзінің ислам дінін жақтайтынын жариялап, молдамен бірге қала тұрғындарының барлығы исламды қабылдап, иманға келеді. Алтын-күміске көмілген Әлі бозторғай кейпінде ұшып келіп, кедейдің қарызын өтейді. Молданың он сұрағы да сиқыршы Ахаттың он тармақшадан тұратын он үшінші жұмбағын еске түсіреді: «Бір, екі (яғни таңбалар)... және осылай онға дейінгі сандар нені білдіреді?» Молданың сұрақтары да дәл осыған ұқсас: «Екеу емес, біреу ғана бар болса? Мен нені меңзеп тұрмын?» – осылай онға дейін жалғасады. Сандық таңбалардың шешімдері төмендегідей (кестеде):
Р.Кёлердің айтуынша, Әли пайғам­бар мен имансыз молда арасындағы бәсе­келестік тарихы Фриянның ұлы Йойшта мен сиқыршы Ахат арасын­дағы бәсекелестік оқиғаның әсерінен пайда болған.
Біздің ойымызша, бұл сәйкестіктер кездейсоқ емес. Турдың, тұрандық Йоштаның аты авеста тілінен yöista «ең жасы, ең кішісі» (йошты, жашты) – қазақтың «жас, жасөспірім, жастық» деген сөзіне жақын екендігі көрініп тұр.
Йошта Ранхи өзенінің жағасында дүниеге келген, ол бүгінде Еділ өзені деп сенімді түрде айтылады, ал әкесі Фриянға мол құрбандық шалынған арал қазіргі Волгоградқа қарама-қарсы орналасқан және бұл Сарпинский аралы деп айтуға болады. «Сарп» (сарп ету) сөзі қазақша құрбандық шалу дегенді білдіреді. Йошта жап-жас бола тұра, әкесі Фриянға арнап құрбандық шалып, сиқыршы Ахаттың жұмбақтарын тапқырлықпен дұрыс шешіп, (ары қарай Жас бала) тапқыр, ерекше бала болғандығына байланысты ел арасында көптеген аңыздар пайда болған. Аталған жер кең байтақ Тұран патшалығына (солтүстік-батыс шеті) тиесілі болды. Кейбір болжамдарға сәйкес, Ахт немесе Ахат бұл оның лақап аты болуы мүмкін. Фриян – Пір жан немесе Бір жан шығар. Пазенд, пехлеви, орта парсы, парсы тілдерінде бұрмаланған сөздер аз емес. Бұл ретте палеолингвистика, тарихи салыстырмалы лингвистика көмекке келуі керек. Шығыстану институтының Санкт-Петербургтегі филиалының профессоры О.М. Чунакова басып шығарған зороастризм терминдерінің пехлеви сөздігі біраз жұмбақты шешуге қолғабыс жасайды.
 Тамыры «Авеста», Заратуштра дәуіріне дейін бойлаған Тұран аңызы­ның қазақ тіліндегі аудармасы біздің ұлттық тарихымызды түгендеуге де септігі тиюі мүмкін. Сондықтан төменде сол аңызды оқып көріңіз:

Тапқыр бала

Сиқыршы Ахат 7 мың әскерімен тұрғындары жұмбақ шеше алатын патшалыққа қарсы аттанып: «Жұмбақты шешушілердің патша­лы­ғын пілдермен таптаймын!» – деп ашуланып айқайлаған екен. Ол патшалыққа келіп, жасы он беске толмағандарды шақыруды талап етіп, оларға жұмбақтарын жасырады. Жұмбақты шеше алмағандардың әрқайсысын ұстап алып өлтірген. Сол заманда Жұмбақты шешушілердің патшалығында Мараспанд деген бір кісі өмір сүріпті. Ол сиқыршы Ахатқа: «Жұмбақты шешушілердің патшалығын пілдермен таптама және бұл бейкүнә адамдарды өлтіруші болма, осы жұмбақты шешушілердің патшалығында жасы он бестен аспаған Жас бала бар, ол сенің жұмбақтарыңды шешеді» – депті. Сонда сиқыршы Ахат Жас балаға хабар жібереді: «Мен жасыратын 33 жұмбақты шешу үшін сарайға кел, егер жауап бермесең немесе жұмбағымды шеше алмасаң, мен сені дәл сол сәтте өлтіремін» – депті.
Жас бала сиқыршы Ахаттың сарайына келіп, сарайға кіргісі келмейді, себебі сиқыршы Ахаттың төсегінің астында адам қалдықтары жатқан еді. Сонда ол сиқыршы Ахатқа хат жібереді: «Төсегіңнің астында адам қалдықтары жатыр. Мен сарайға кірсем, Өлмес әулиелер менімен бірге адам сүйегі жатқан жерге кіреді, олар мені қорғай алмайды және мен сенің жұмбақтарыңды шеше алмаймын»  – дейді.
Сосын сиқыршы Ахат ескі төсекті жинап әкетіп, жаңа төсек салуды бұйырады. Содан соң Жас баланы шақырып: «Осы төсек пен жастыққа отыр да, менің жұмбақтарымды дұрыстап шеш», – дейді.
Жас бала: «Зұлым, күнәһар қанаушы! Мен бұл жастыққа отырмаймын, өйткені бұл жастықта адам қалдықтары бар. Құдайдың өлмес әулиелері менімен бірге, олар – менің қорғаушыларым. Егер мен осы жастыққа отырсам, онда менің рухани қамқоршыларым мені қорғай алмайды және сенің сұрақтарыңа жауап беруге менің күшім жетпейді». Сиқыршы Ахат жаңа жастықты әкелуді бұйырады, Жас бала таза жастыққа отырады.
Сиқыршы Ахаттың Жас балаға алғашқы жұмбағы: «Жұмақтың қайсысы жақсы – жердегі ме, әлде көктегі ме?» Жас бала: «Өмірің мұқтаж­дықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Жердегі жұмақ көктегіден жақсырақ. Бұл жердегі өмірінде тақуа амал жасамағанға [адамға] олар [көкте] көмекке келмейтіні дәлел. Екінші дәлел мынау: егер сіз жердегі болмысыңызда бір жамандық жасасаңыз, сол үшін де жұмаққа кіре алмайсыз». Сиқыршы Ахат бұл сөздерге құлақ салып, үнсіз қалды. Және ол былай дейді: «Мен саған қатты ашулымын, сен мені ең батыл адам батырды жеңгендей, ең батыл ат батыл атты жеңгендей, ең күшті өгіз күшті өгізді жеңгендей жеңсең, сен жердегі аспан сияқты патшасың, өйткені мен бұл жұмбақпен 900 сиқыршыны өлтірдім, олар ұзақ уақыт бойы құдайларға табынған, олардың денелері парахоманың көптеген әдісімен сарыға айналды. Мен әміршілерден алтын мен інжу-маржандарды алып сенімді [зороастриялық] мадақтағаны үшін Спитама тегінен шыққан тоғыз қызды өлтірдім. Олардан сұрағанымда, олар: «Көктегі жұмақ жақсы», – деп жауап берген еді. «Егер сендерге сондай жұмақ жақсы болып көрінсе, сонда барғандарың дұрыс» – дедім. Мен оларды ұстап өлтірдім».
Сиқыршы Ахаттың «Ормаздтың (Ахыра, Ахура Мазда) арқасымен отырғандағы туындысы жоғары ма, әлде аяқпен тұрғандағысы ма?» деген жұмбағына, Жас бала: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым және күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Бұл – ит» – деп жауап берді.
«Ормаздтың қандай жаратылысы қадам жасамай жүреді?» деген оның үшінші жұмбағына Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Жүре алған­мен, қадам жасамайтын ол – торғай».
«Ормаздтың қай жаратылысында мүйізді тіс пен етті мүйіз бар?» деген оның төртінші жұмбағына Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Бұл – шыншыл Сраоштың құсы деп аталатын әтеш (Сраош авест. «мойынсұну, тыңдау»). Әтеш шақырғанда, Ормаздтың жаратылыстарынан өмірдің дұшпандарын, яғни жындарды қуады».
«Қайсысы жақсы: кішкене пышақ па, әлде аз мөлшердегі тамақ па?» деген оның бесінші жұмбағына Жас бала былай дейді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Кішкентай пышақ аз мөлшердегі тамақтан жақсы, өйткені кішкентай пышақпен барысты союға болады, ал аздаған тамаққа қарның тоймайды, сөйтіп аш қаласың».
«Кім кемел адам, кім жартылай кемел, кім ешқашан кемел бола алмайды?» деген оның алтыншы жұмбағына Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Мұнда (жердегі тіршілікте) құдіретті және гүлденген адам кемел; өмірден өткенде оның жаны таза болады. Жартылай кемел адам – өмірі ауыртпашылыққа толы, кедей адам; өмірден өткенде оның жаны таза болады. Ешқашан кемел бола алмайтын бос адам – ​​өмірі ауыртпашылыққа толы кедей адам; өмірден өткенде оның жаны күнәһар болады».
 «Адамдар жасырғысы келетін, бірақ жасыра алмайтын ол не?» деген оның жетінші жұмбағына Жас бала былай дейді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Қанша жасыр­ғанмен, жасыра алмайтын ол адам­ның жасы, себебі жас өзін көр­сетеді».
Оның сегізінші жұмбағы: «Астви­дадтың (Аствидад, авест. Асто-Видату «Шайқалған сүйектер»), өлгенін көріп, қайтадан өмір сүргісі келетін, Аствидадты қайта көріп өлу оған оңай көрінетін тірі адам кім?»
Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Бұл маздаяснийлер қауымдастығына қабылдау рәсімінен өтпеген және парахомаларды (хаомдарды) ішпеген адам. Бұл неке кезеңіне жеткен, бірақ үйленбеген адам. Бұл – Зиндагруван рәсімдерін орындамаған, садақа беріп, Құдайға құлшылық етпеген адам. Ал садақаға келер болсақ, ол бауырластарына айтады: «Мен [садақа] беремін, бірақ [іс жүзінде] бермедім дейді. Ол қайтыс болады және бір күні қайта тірілгісі келеді және ол қайтадан өліп, Аствихадты көреді, бұл оған оңай болып көрінеді».
 «Піл, жылқы, түйе, есек, сиыр, қой, әйел, ит, мысық неше айда туады?» деген оның тоғызыншы жұмбағына Жас бала былай деп жауап береді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң, тозаққа түсесің! Сонымен, піл үш жылда, ал жылқы, түйе, есек он екі айда, сиыр мен әйел тоғыз айда туады. Қой бес айда, ит пен шошқа төрт айда, ал мысық қырық күнде туады».
 «Бәрінен де көңілді және алаңсыз өмір сүретін қандай адам?» деген оның оныншы жұмбағына Жас бала былай деп жауап береді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Бәрінен де көңілді және алаңсыз өмір сүретін адам – ештеңеден қорықпайтын және қанағаты бар адам».
 «Жердегі тіршілікте Ормазд (Ахыр Мазда) пен Өлмес әулиелерге кім тең келеді?» деген оның он бірінші жұмбағына Жас бала былай деп жауап береді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Жердегі тіршілікте наменгер Ормазд пен Өлмес әулиелермен тең, наменгердің отыратын орны нұрлы жұмақ секілді. Наменгердің нөкерлері Өлмес әулиелер мен Плейадалар деп аталатын шоқжұлдызға ұқсайды (сөзбе-сөз «Парвиз жұлдызы»). Діни заңдарды ұстанған сеніміне берік адамдар аспандағы басқа кішкентай жұлдыздарға ұқсайды».
 «Ең жағымды әрі дәмді тамақ қандай?» деген оның он екінші сұрағына Жас бала былай деп жауап береді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Ең жағымды әрі дәмді тағам – ізгілікпен, еңбекқорлықпен келген және одан қайтадан игілік нәр алынатын тағам».
«Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он нені білдіреді [таңбалар]?» деген оның он үшінші жұмбағына Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Бір дегеніміз – бүкіл әлемді нұрландыратын жақсы күн; екі дегеніміз – дем алып, дем шығару; үш дегеніміз – жақсы ой, жақсы сөз бен жақсы іс; төрт дегеніміз – су, жер, өсімдік және мал; бес дегеніміз – берекелі бестік; алты дегеніміз – гаханбардың алты кезеңі; жеті дегеніміз – жеті Өлмес әулие; сегіз дегеніміз – татулық пен бірлік; тоғыз дегеніміз – адам денесіндегі тоғыз тесік; он дегеніміз – адам қолындағы он саусақ».
...... Жиырма сегізінші жұмбағы: «Әйелдерді сонша бақытты ететін не?» Жас баланың жауабы: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Ол сен ойлаған нәрсе емес, мен білетін нәрсе, әйелдер үй иесінің дәрежесіне сәйкес түрлі сәнді киім кисе, бақытты болады деп ойлайсың. Әйелдер күйеуімен бірге өмір сүрсе, бақытты». Сонда сиқыршы Ахат: «Сен өтірік айтасың, осы жұмбақты дұрыс шешпегенің үшін мен сені өлтіремін. Қазір Хуфрихке барайық, сенің әпкең, менің әйелім ешқашан өтірік айтпаған, өтірік айтпайды да, қалай жасайтынымызды сол шешсін». Жас бала келісіп, сиқыршы Ахатпен бірге Хуфрихке барады. Олар оған: «Отыр да, мына жұмбақты дұрыстап шеш», - дейді. Жас бала айтады: «Әйелдер үй иесінің дәрежесіне сәйкес түрлі сәнді киімдер кигенде бақытты болады немесе күйеуімен бірге өмір сүрсе бақытты». Сонда Хуфрих ойланып: «Мені бақытсыздыққа ұшыратты, өйткені бұл жауыз және күнәһар залым мені өлтірмейінше тынышталмайды, егер мен өтірік айтсам, ол менің бауырымды өлтіреді және мен күнә жасаймын, сол үшін шындықты айтқаным дұрыс, өтірік айтсам, мен өзім күнәһар боламын және [сиқыршы Ахат] заңды, дінді және дәстүрді бұзады. Егер ол мені шындық үшін өлтірсе, мен [одан да] әділірек боламын». Ол бетін орамалмен жауып: «Әйелдің үй иесінің қадір-қасиетіне лайық түрлі киімдер киюінің қуанышы зор, бірақ оның жарасатын адамы болмаса, бұл бақытсыздықтан басқа ештеңе әкелмейді. Ал егер оның жарасатын адамы болса, ол әлдеқайда бақытты болады» дейді. Сиқыршы Ахат оның сөздеріне ашуланып, Хуфрихты дереу өлтіреді. Хуфрихтың жаны бірден жұмаққа барып: «Мен бақыттымын, өйткені мен осы уақытқа дейін әділ болдым, бірақ енді [бұдан да] әділірек болдым. Сен зұлымсың, сиқыршы Ахат, сен осы уақытқа дейін күнәһар болдың, ал енді одан әрі күнәһар боласың». 
Жиырма тоғызыншы жұмбағы: «Он аяғы, үш басы, алты көзі, алты құлағы, екі құйрығы, үш жыныс мүшесі, екі қолы, үш мұрны, төрт мүйізі, үш арқасы бар ол не және бүкіл әлемде оның өмірі мен өркендеуі қандай?». Жас бала былай деп жауап береді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Сенімдегі жазбаларда [зороастрлық] зәр шығарғың келсе, жұмбақты шешу әдепке жатпайтыны туралы жазылған». Сонда сиқыршы Ахат: «Жақын жерге бар да зәріңді шығарып тез қайтып келіп, жұмбақты дұрыс шеш, өйткені өтірік айтсаң немесе [жауабын] білмейтін болсаң, мен сені сол сәтте-ақ өлтіремін». Жас бала жақын маңдағы шұңқырға барып ойланады: «Басыма бәле келді, бұл жауыз, күнәһар залым [қазір] мені өлтірмейінше тынышталмайды, себебі бұл жұмбақты өлілер де, тірілер де, қайта тірілгендер де шеше алмайды». Сонда Ормазд құдайы Нэрйосанг құдайын Жас балаға хабармен жібереді. Нэрйосанг айтады: «Сұраққа былай деп жауап бер: бұл егін алқабын қос өгізімен өңдеп жатқан ер адам». Жас бала мұны естігенмен ешкімді көрмегендіктен, ойланып қалады. Мүмкін бұл мені өлтіргісі келіп жүрген Ахреман мен зұлым рухтар болса, осы жауабым үшін жауыз, күнәһар залым мені өлтіреді. Сонда Нэрйосанг құдайы [өзі] Жас балаға қайта келіп айтады: «Қорықпа, саған келген, бұл мен – Нэрйосангпін». Ормазд құдайы айтты: «Сұраққа былай деп жауап бер: бұл егін алқабын қос өгізімен өңдеп жатқан ер адам». Бұл сөздерді естіген Жас бала қатты қуанып, сол сәтте-ақ сиқыршы Ахатқа барып: «О, жауыз және күнәһар залым, бұл сұрақтың жауабы мынау: бұл егін алқабын қос өгізімен өңдеп жатқан ер адам». Бұл сөздерді естіген сиқыршы Ахат бірден есінен танып, үш күн бойы сол күйде жатады. Үш күннен кейін ол есін жиып, Жас балаға: «Бәрекелді, сен дер кезінде көмекке келген Ормаздға сендің», – дейді.
«Жылқының ең жақсысы қандай болады?» деген оның отызыншы жұмбағына жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Ең жақсы жылқы – асыл тұқымды, үйретілген айғыр, оны патшаның жылқыларымен бірге ұстау керек».
«Құрғақ болса да жанбайтын, дымқыл болса жанатын ол не?» деген оның отыз бірінші жұмбағына Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Құрғақ болса да жанбайтын – күл, ал дымқыл болса да жанатын ол – май». 
Оның отыз екінші жұмбағы: «Ең жақсы билеуші қандай болуы керек?». Сонда Жас бала былай деп жауап берді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Сонымен ең жақсы билеуші көмегін аямайтын, мейірімді, ақылды, білімді және қамқор әмірші».
«Сенің қанша байлығың бар?» деген оның отыз үшінші жұмбағына Жас бала былай деп жауап береді: «Өмірің мұқтаждықпен өтсін, зұлым, күнәһар қанаушы, сен өлген соң тозаққа түсесің! Менің үш байлығым бар, бірі – жегенім; екіншісі – менің киетінім; ал соңғысы – тақуа кедейлер мен лайықтыларға беретінім». 
Содан соң Жас бала айтады: «Сен маған отыз үш жұмбақ жасырдың, мен бұл жұмбақтардың барлығын дұрыс шештім. Енді мен саған үш жұмбақ жасырайын, егер шеше алмасаң, мен сені дәл сол сәтте өлті­ремін». Сонда сиқыршы Ахат: «Жасыр [жұмбақтарыңды] мен оларды шешейін» дейді.
Жас бала айтады: «Бір уыс тұқым үшін жердің бағасы қанша?». Екінші: «Егінге жарамды өгіздің бағасы қанша?». Ол сұраған үшінші жұмбақ: «Туысқандық некені насихаттайтын жеңілдіктердің құны қандай?». Сиқыршы Ахат ешқай­сысының жауабын білмей: «Зәр шы­ғарарда, жұмбақты шешу әдепке жатпайды» – дейді. Жас бала: «Жақын жерге бар да тез қайтып келіп, осы үш жұмбақты дұрыс шеш, егер білмейтін [жауабын] болсаң, мен сені сол сәтте-ақ өлтіремін». Сиқыршы Ахат сиқыршылығымен тозаққа жетіп, Ахреманға (Аныра ман) барып айтады: «Бір уыс тұқым үшін жердің бағасы қанша?». «Егінге жарамды өгіздің бағасы қанша?» «Туысқандық некені насихаттайтын жеңілдіктердің құны қандай?».
Қарғыс атқан Ахреман сиқыршы Ахатқа: «Мен бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын, өйткені мен жауап берсем, менің барлық туындыларым двитармен, жындармен және париктермен бірге шашырайды. Мен сені өз туындыларымнан артық жақсы көрмеймін. Егер мен сенің сұрақтарыңның бәріне жауап берсем, менің барлық туындыларым күшін жоғалтып, мен Ормаздтың туындыларына қарсы ештеңе қолдана алмай қаламын, сол сәтте өлімнен қайта тіріліп, жаңа дене пайда болады. Келісімді бұзғаның үшін бар да басыңды и, себебі оны істеу қабылданған. Уақыт келгенде оны артқа қайтару мүмкін болмайды. Сондықтан сенің орның тозақта, ал сенің жазаң [жазалардан] барлық [өзге] күнәһарлардан ауыр. Үмітін жоғалтқан сиқыршы Ахат тозақтан қашып шығып, есін жиып, Жас балаға келеді. Сиқыршы Жас балаға: «О, Фриянның жас ұлы, құдай жарылқаған жансың, өйткені сенімен Ормазд пен Өлмес әулиелер бірге» – деді. «Олар саған сен білмегеннің бәрін айтып берді. Ал мен Ахреман және дивтарға сендім, оларға үш сұрақ қойдым, алайда маған жауап бермеді». Сол сәтте Жас бала [зороастриялық] сенім дұғасын оқып, барсомды (барсман) кесуге арналған пышақпен сиқыршы Ахатты [өмірлік] күшінен айырды да, оның денесіндегі жын әлсіреді.
Егер Заратуштра да, Фриянның ұлы сияқты Ранха өзенінің жағасында өмірге келген болса, онда онымен байланысты оқиғалар оның отаны – солтүстік-батыс Тұранда болған жастық шағына қатысты екені сөзсіз. Оның маздаянизмді уағыздау қызметі кайанидтерде болған уақытты білдіреді. Алайда, бұл аңыздық кезең ескі, дәстүрлі сенім әлемінде – әруақтар әлеміндегі жаңа сенімнің пайда болу уақытына қатысты болуы мүмкін. Бұл Ахаттың өз жұмбағымен құдайларға табынған 900 сиқыршыны өлтіруі мен [зороастриялық] сенімді мадақтағаны үшін әміршілерден алтын мен інжу-маржаннан жасалған диадемалар алған Спитама (Заратуштраның әкесі) руының тоғыз қызын өлтіру сюжетінен байқалады. Мараспанд есімі кейінірек Авеста мәтінінің бір нұсқасын шығарумен әйгілі болған Мараспандтың ұлы Адурбад атты бас діни қызметкер мен министр ІІ Шапур патшаның (309 – 379жж.) қызметі үшін алғыс ретінде енгізілген болуы мүмкін. 

Рахман Алшанов, 
Тұран университетінің 
ректоры, профессор

768 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы