• Руханият
  • 09 Қараша, 2022

Ақжелең күйдің ақиығы

Алматы қаласындағы Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында күйші-композитор, Қазанғап күйлерін жеткізуші Сәдуақас Балмағамбетовтың 80 жылдығына орай «Ақжелең күйдің ақиығы» атты күй кеші өтті. Мерейтойлық іс-шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Шәміл Әбілтай, Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Жанаманов, оқытушы Асылбек Енсегенов және жас домбырашылар қатысты. 

Кешті жүргізген ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы. Ол қазақ күй өнерінде өзгеге ұқсамайтын сара жол салып, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырған саңлақ күйші– Қазанғап Тілепбергенұлының мұрасының бізге жетуінде Сәдуақас күйшінің орны бөлек екеніне тоқталды. «Өз заманында «Күйдің пірі» атанған Қазанғап қазақтың күй мәдениетінің інжу-маржаны іспетті шығармалар қалдырумен қатар, көптеген ізбасар шәкірттер тәрбиелеген. Соның ішінде Қазанғап Тілепбергенұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан күйші Сәдуақас Балмағамбетовтың орны бөлек. С.Балмағамбетов – Қазанғап күйлерінің аса көркем, озық нұсқаларын жеткізуші, әрі асқан шебер орындаушы» дей келе, күйшінің өмірбаянына тоқталды. 
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында 1941 жылы дүниеге келген Сәдуақас бала кезінен Қазанғаптың көзін көрген шәкірттерінен күй үйренген. Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде «бала күйші» атанады. 1960–1963 жылдары Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде оқыған Сәдуақастың өнер жолына түбегейлі бет бұруына Қазанғап күйлерінің майталман орындаушысы Жәлекеш Айпақов ықпал етеді. С.Балмағамбетов 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, 1978 жылдан өмірінің соңына дейін (1999 ж.) осында ұстаздық етті. 
Бұдан кейін сөз бен күй кезегі белгілі домбырашы, сазгер Шәміл Әбілтайға берілді. С.Бал­ма­ғам-бетовпен консерваторияда қатар оқыған күйші-сазгер өнер ақиығының орындаушылық шеберлігі мен адами қасиеттеріне тоқталды. 
– Сәдуақас ағайдың өнердегі орны өз алдына, адамгершілігі де зор тұлға болды. Кафедра меңгерушісі Қабидолла Тастанов Сәкеңді төбесіне көтеріп құрметтеді. Ахмет Жұбанов күйін тыңдап, жоғары бағалады. Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген артист атағын берді. Сәкеңнің тағы бір қасиеті – жаңашыл, уақытпен бірге адымдайтын еді. 1961 жылы Ю.Гагарин алғаш ғарышқа ұшқанда Сәкең «Космос» дейтін күй шығарды. Осы бір ерекше күйді де қазіргі жастар ұмытпай, насихаттап жүруі тиіс. Жалпы Сәдуақас ағамыздан үйренген дүниеміз көп. Бірақ 62 «Ақжелеңді» тарту үшін Сәдуақас Балмағамбетовтей болуың керек. Мен өзім Қазанғаптың «Көкіл» күйін Сәкеңнің өз қолынан үйрендім. «Сен өзіңше тартасың» деп риза болып, осы күйді тартуға рұқсатын берген еді, – деп Шәміл Әбілтай жиналған қауым алдында Қазанғаптың «Көкіл» күйін орындады. 
Жуырда С.Балмағамбетовтың 80 жылдығына орай, Ақтөбе қаласында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен күйші атындағы республикалық конкурс өткен болатын. Күй кешіне осы өнер байқауында топ жарған жас домбырашы-шәкірттер қатысып, С.Балмағамбетовтың күйлерін орындады. Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясының 2-курс студенті Дастан Құлтанов «Шашу» күйін, Құрманғазы атын­дағы консерватория студенті Ләззат Ақиқат «Жас отау» күйін тарту етті. 
Күй кешінің арнайы қонағы – С.Балмағамбетовтың туған інісі, Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы музыка мектебінің оқытушысы, домбырашы Нұрболат Жанаманов Қазанғап күйлерінің насихатталуы-на тоқталды. «1975 –1980 жылдары Қазақстанның Ғылым академиясы кешенді экспедициямен ел аралады. Бек Сүлейменов, Мардан Байділдаев сынды ғалымдар 1978 жылы Шалқар ауданына келді. Қазанғаптың бейітіне белгі қойды, күйшінің кіші қызы Ақілгекке жолығып, домбырасын алды. Қазанғап күйлерінің осы заманға жетуі Жәлекеш Айпақов, Сәдуақас ағаларымыздың және аталған ғалымдардың арқасы» деп сөзін түйін­деген Н.Жанаманов Қазанғаптың Балжан қызға арналған күйін орындап берді. 
Өнер зерттеуші Мұрат Әбуғазы өзі оқыған консерватория қабырғасында С.Балмағамбетовтен дәріс алғанын, бірнеше күйді күйшінің өз қолынан үйренгенін айтты. «Сәдуақас аға табиғатынан ерекше дарынды күйші еді, екі қолдың үйлесімі ерекше, қағысты алуан түрлі құбылтып алғанда тыңдаушысын еріксіз тәнті ететін» деді ол. Сондай-ақ Қазанғап күйшінің және оның шәкірті С.Балмағамбетовтың домбырасы Ықылас атындағы саз аспаптары мұражайына қалай тарту етілгені жайлы айта келіп, бұл киелі аспаптардың қазір осы мультимедиалық музейде тұрғанын жеткізді. Мұрат Әбуғазы күй кешін өз орындауындағы Қазанғаптың «Бозжорғаның бөгелек қағуы» атты күйімен тәмамдады. 
Ш.Әбілтай жиналған қауым атынан күй кешін ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Сәдуақас күйшінің мұрасын насихаттаушы жастарға батасын берді. Күйші-домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовтың шығар­машылығы мен орындаушылық шеберлігі – дәстүрлі өнеріміздегі ерекше құбылыс. Сондықтан да күйші мұрасын сақтау және насихаттау жөніндегі осындай іс-шаралардың маңызы зор. 

Дина ИМАМБАЙ 

1752 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы