• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

Нұрханның немересі

Бұл әулет жайлы көптен бері қалам тартсам деп жүр едім. Соның сәті жақында ғана түсті. Өйткені  руханиятымызда Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахмет­бековты білмейтіндер кем де кем. Ол кезінде киелі Торғай өңірінде алғаш рет ауданаралық театр құрып, оның басшысы болғаны зиялы қауымға аян. 

Атамыз қанды майданнан кейін бірқатар жауапты қызметте де болды. Қазағы қалың Торғайдағы Амангелді Иманов мұражайына жетекшілік етті. Үлкен сенім артылып, ауылдық кеңеске төраға болып тағайындалды. Ал айтыс өнеріндегі орны ерекше. Қаншама құнды поэма­лар мен күйлердің авторы атанды. Баспадан бірнеше тағылымды жинақтары да жарық көрді.

Міне, осы айтулы тұлғаның ұрпақтары да қазіргі таңда еліміздің түрлі аймақтарында әу баста таңдаған мамандықтары бойынша жемісті қызмет атқарып жүр. Бүгін біз бабамыздың туған немересі Райхан Мәлікзадақызы жайлы сыр шерткелі отырмын. Кейіпкерім дәріс беретін Қостанай шаһарындағы №11 аралас мектебіне атбасын бұрдым. Байқағаным, Райхан осындай қайталанбас руханият саңлағының ұрпағы болса да өзін өте қарапайым ұстайды екен.

Ол – Нұрхан Ахметбековтың туған перзенті Мәлікзаданың ­ая­­­улы қызы. Өзі Жангелдин ауданына қарасты Торғай селосында айналасындағы ағайындарына аса сыйлы отбасында дүниеге келді.Сұхбаттасым шаңырақтағы өскен сегіз баланың кенжесі болып шықты. Жалпы жанұядағы балалардың бәрі де ән мен күйге, әдебиет пен мәдениетке, өнерге ынтызар болып қалыптасты. Жанұядағы қыздар Зәуреш, Ғайнеш те – педагог. Оған белгілі дәрежеде ардақты әкелері Мәлікзаданың әмбебап қырлары әбден ықпалын тигізген секілді. Өйткені ол тәлімі мол ұстаз, журналист, театр қызметкері болумен қатар, ауданда жас домбырашылар мектебін ұйымдастырып, қазақ өнерін биікте асқақтатуға барын салған қажырлы азамат-тын. Оның бойындағы осы асыл қасиеттер отбасындағы перзенттеріне де жұқты. Ал шаңырақтың ырыс-берекесін келтірген анасы Тұрағал да білім ордасында кітапханашы болып, жастарға білгенін үйретуден жалыққан емес.

Осы өзіміз бүгін сыр шертіп отырған Райхан мектеп табалдырығын аттағаннан бастап,  абыз атасы Нұрхан Ахметбековтың классикалық шығыс үлгілерінің желісіне орайластыра шығарған бірнеше дастандарын ынта қоя оқыды.Олардың арасында «Есім сері», «Қарға», «Күләндам», «Амангелді» секілді шығармаларының мазмұнына, көтерген өзекті мәселелеріне айрықша ден қойды. Көрнекті ақынның «Жасауыл қырғыны» дастаны оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып, 1951 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны белгілі.  Балауса қыз мектеп қабырғасында жүргенде бабасының «Күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» секілді күйлерінің халық арасында үлкен сұранысқа ие болғанын мақтаныш тұтты.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне оралды. Осы жерде табан аудармастан 24 жыл Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен балаларды оқытып, өз саласы бойынша талай биіктерді бағындырды. 

Қасиетті Жангелдин ауданының орталығы Торғай селосындағы жылдардың Райхан үшін бергені мол. Өзінің таңдаған мамандығының нағыз хас шебері дәрежесіне көтерілді. Ұзақ жылдардағы атқарған жауапты жұмысы атаусыз қалған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ Жангелдин аудандық әкімінің, жергілікті білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бірақ ол өзі үшін үлкен награда – шәкірттерінің жоғары жетістігі, халықтың көрсеткен шынайы ілтипаты деп түсінеді.

Білікті маман қазіргі таңда облыс орталығындағы аралас орта мектепте ұстаз. Жаңашыл әрі ізденімпаз мұғалім. Мұнда 5 сыныптарға қазақ тілі және әдебиетінен, 5-6 орыс сыныптарына қазақ тілінен дәріс береді. Аталмыш білім ордасының басшысы Айбек Молдабеков те өз саласын жетік білетін азамат. Ол да мемлекеттік тілдің өз тұғырына көтерілуіне, ұжымның жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуіне тікелей ұйытқы болып отыр.

Райхан қарындасымыз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы қарсаңында білім ордасындағы әріптестерімен бірігіп, «Ұлттың ұлы ұстазы» деген тақырыпта маңызды кездесу өткізді. Оған көрнекті ақын Серікбай Оспанов, ахметтанушы, белгілі қаламгер Ибраһим Ағытайұлы, қалалық білім бөлімінің әдіскері қатысты. Кеш өте әсерлі өтті. Ұстаздар мен оқушылар руханияттың құндылығын арттыруға ықпалын тигізіп жүрген беделді азаматтардан ой-толғаныстар мен естеліктерді естіп, жан сарайларын байытты.

– Қазіргі таңда біз әрбір шәкіртімізге заманға сай дәріс берумен қатар, оларды тәуелсіз мемлекетіміздің нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуге бүкіл қажыр-қайратымызды арнауымыз керек, – деді Райхан Мәлікзадақызы.

Қостанайлық Райхан Мәлікзадақызы еліміздегі өнеге тұтар әрі беделді ұстаз ғана емес, Мағжан есімді ұлдың сүйікті анасы. Оның есімін ата-әжелері сәби жарық дүние есігін ашқанда, ертең үлкейгенде қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтай ел ардақтысы, ұлт мақтанышы болсын деген ырыммен қойған екен. Олардың сол тілектері қабыл болған секілді. Жиырма үш жастағы Мағжан оңашада өлең жазып, жыр жолдарын ақ қағаз бетіне түсіргенді жаны сүйеді. Бірақ ешқашанда басылым беттерінде жариялауға асыққан емес. Соған қарағанда орынсыз мақтанды ұнатпайтын секілді. Тектіден жақсы қасиет дариды. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың ғұмырын жалғастырып жатқан шөбересі Мағжан ертең атасының мәртебесін бұдан да биікке көтеріп жатса, қуанатынымыз ақиқат.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

 

503 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы