• Қоғам
  • 17 Қараша, 2022

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ БАРЫНША КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ

Осыдан бір-екі жыл бұрын еліміздегі балалардың рухани дамуына, соның ішінде кітап оқуға  көңіл бөлу мәселесінің қолға алынғаны көзі қарақты жұртшылыққа жақсы мәлім. Бұл маңызды шаруаға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан бастап, біраз лауазым иелері бастамашы болды. Осындай игі ниеттің нәтижесінде балалардың толыққанды өмірі мен құқықтарын қорғауды жақсарта түсу үшін  мақсаткерлікпен жұмыстар жүргізілуде. Бұл істе Мәдениет және спорт министрлігі атқарып жатқан шаруаларға біздер – жазушылар қауымы да куәгер болып келеміз. 

Мемлекет «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» ісі бойынша республикалық бюджеттік бағдарлама аясында кітап басып шығаруды жақсы жолға қоя бастағанын атап айтқан жөн. Аталған бюджеттік бағдарлама аясында қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қызметі бұған дейін де, яғни нақтырақ айтатын болсақ, 2017 жылғы 18 шілдедегі №210 бұйрықпен бекітілді. Соның нәтижесінде, «Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекет­тік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құ­қықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі қағидаларында» көрсетілген 9 әдебиет түрі бойынша жүргізіліп келеді. Оның ішінде өзге де маңызды әдебиет түрлерімен қатар, балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиеттің де бар екені қуантады.

Нақты фактілерге жүгінер болсақ, министрлік аталған әдебиет түрі бойын­ша 2010 –2020 жылдары 400 млн қаражатқа жалпы таралымы 207 мың дана болатын балалар кітаптарын басып шығарып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратыпты. Оның ішінде, қазақ халық ертегілер, мақал-мәтелдер, балалар энциклопедиясы, «Әлем балалар әдебиеті» сериясымен жарық көрген халық ертегілері бар. Сонымен қатар бүгінгі күндері Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Жақан Смақов, Оспанхан Әубәкіров, Ақселеу Сейдімбек, Марат Қабанбай, Асылбек Абдрахман, Шәкен Күмісбайұлы, Қастек Баянбаев және тағы басқа қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің дүниелері де жарық көрді. Сондай-ақ балалар әдебиетінің Байбота Қошым-Ноғай, Баянғали Әлімжанов, Әбдірайым Толымбек, Әлібек Файзуллаев және т.б. танымал авторларының шығармалары да ұмыт қалған жоқ.

Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылы 227 млн теңгеге жалпы таралымы 120 мың дана болатын 40 аталым бойынша балалар әдебиетінің кітаптары шыққан екен. Әлем балалар әдебиеті авторларының қазақ тіліндегі аудармаларын арнайы логотиппен басып шығарып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратты. Бұл дүниелерді көпшілікке таныс-тыру, ақпараттандыру мақсатымен жас оқырмандар, зиялы қауым өкілдері және БАҚ қатысуымен тұсаукесері өткенінен де хабардармыз.

Мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан балалар әдебиетінің жас оқырмандарға барынша қолжетімді болуы үшін, олардың электронды нұсқалары Ұлттық академиялық кітапхана порталында (ҚазҰЭК) орналастырылға­нын байқадық. Бұл да болса, заманауи талаптарға жаңаша ілесудің бір тәсілі екендігі сөзсіз.

Сонымен бірге соңғы жылдары елімізде бала психологиясына тән қызықты кітапқа деген сұраныстың өскені, кітап дүкендерінде, соның ішінде, ірі сауда орталықтарындағы кітап желісі дүкендерінде қазақ балалар әдебиетінің жеткіліксіздігі қоғамда көтеріліп келеді. Министрлік бұл мәселенің бала тәрбиесі үшін маңызды екенін ескере отырып, балалар әдебиетін стратегиялық тұрғыда қарастырып, бірқатар жұмыстарды жүзеге асырғанын біреу білсе, біреу білмес.

Бұрыннан қалыптасқан қазақ балалар әдебиеті мұраларын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу мақсатымен 2019 жылы «Балалар әдебиетінің алтын қорын» құрған да осы ведо­моствоның қызметкерлері екен. Аталған қорға Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мұра­ғатында 1937–2019 жылдар аралығында жарық көрген әдебиеттердің тізімі жасақталып, арнайы құрылған комиссия шешімімен 2582 шығарма енгізіліпті. Олар батырлар жыры, қазақ халық ертегілерінен бастап, балалар әдебиетінің классик жазушылары С.Бегалин, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев шығармалары енгізілген.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 22 қазанда өткен Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің төр­тінші отырысында, 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жария­­лағаны есімізде. Соған орай, ми­нистрлік мүдделі мемлекеттік органдар мен облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, 2021–2023 жылдарға арналған іс-шаралар бекітті.

Көрсетілген шара аясында 2021 жылдың желтоқсан айында «danabala.kz» балалар әдебиеті сайты іске қосылды. Сайтта өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері жарыққа шыққан қазақ қаламгерлерінің 22 кітабы цифрлық нұсқаға аударылып, орналастырылған. Қарап отырсақ, порталға отандық балалар қаламгерлерінің және шетелдік ақын-жазушылардың 200-ге тарта толық мәтінді шығармалары жүктеліпті.

Министрлік 2022 жылдан бастап, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын та­ғайын­дағаны мәлім. Мақсат – XXI ғасырда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай кемел ұрпақ өсіруде, әсіресе, қазіргі жастарды адал­дыққа, еңбекқорлыққа, отан­сүй­гіштікке тәрбиелеуге бағытталған әдебиеттермен қамтамасыз ету. Аталған сыйлық төл әдебиетімізді тың дүниелермен то­лықтырып, ұлты­мыздың әдеби мұра­сын молайтуды, сол арқылы отандық әдебиетке тың серпін беруді көздейді. Күз басында сол сыйлықтың нәтижесі де жарияланды.

7 номинация бойынша өткізілетін бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады және әр жеңімпазға 5 миллион теңгеден сыйақы табысталатын көрінеді.

Бұдан бөлек, жалпы таралымы 72 мың данамен басылып шығып, соңына дейін 24 түрлі балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап рес­публикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратылады. Бұл да бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылмақшы. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 маусымдағы №940 Жарлығына сәйкес Министрлік 2023 жылдан бастап, «Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық» тағайындалмақ.

Президенттік сыйлықты тағайын­дауда «проза», «поэзия», «драматур­гия» номинацияларымен қатар, «Балалар әдебиеті» номинациясы да ен­гізілген. Аталған сыйлық бұрын-соңды халықаралық және ұлттық конкурстарға қатыспаған шығармалары үшін Қазақстан Республикасының 18-29 жас аралы­ғындағы қаламгерлерге беріледі.

Мәдениет және спорт министр­лігінің балалар әдебиетін дамытуға қатысты жасап жатқан іс-шаралары жөнінде бізге жеткен мәліметтердің ұзын-ырғасы осындай.

Нұрдәулет Ақыш,

М.О. Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы

Балалар әдебиеті кеңесінің жетекшісі

1068 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы